СЫНДЫ ҰНАТПАЙТЫН АДАМ ШЫНДЫ ДА ҰНАТПАЙДЫ
07.09.2022
1236
0

Бүгінгі қазақ әдебиетінің, әсіресе поэзияның жай-жапсары туралы ешқандай келелі пікір, ордалы ой айтылмайтыны, кемшілікті айтып салиқалы сын жариялау мүлде жоқ болып кеткені, оның орнына бас салып бірін-бірі мақтау, ешқандай нақты дәлел-дәйексіз мадақтама жайлап алғаны туралы өз басым баспасөзде де, телеарналарда да жазып та, айтып та жүрмін. Мақтайтын дүниелерді мақта­дық, даттауға тұратынды даттадық. Сол мақала­ларым «Ұлт уайымы» деген үш томдық көсемсөз жинағыма енгізілді. Әрине, сын айтқан адамды кім жақсы көрсін, бірталай таныс-білістерге жеккөрінішті де болдық.

Бірде иманды болғыр Дидахмет екеуміз (Әшімхан) қазақ арасындағы күншілдік, қызғаншақтық, рушылдық туралы әңгімелесіп отырдық. Кенет оның бетіне тесіле қарап отырып қалдым. Дидахмет аң-таң қалып:
– Не болды, неге қарайсың? – деді. Мен:
– Осы сен наймансың ғой, ә? – дедім.
– Иә, найманмын.
– Ал енді мен саған таңданып отырмын. Өйткені сен найман болғанмен жақсысың, – дедім. Ол көзін сығырайтып ұзақ күлді де маған қарап:
– Ай, Мырзан-ай, осыдан кейін сені кім жақсы көрсін? – деп еді. Содан кейін сөзін жалғап: – Сен мұны күлдіру үшін айттың ғой, ал оны түсінетіндер бар, түсінбейтіндер бар. Сенің анау сын мақалаларыңды біреу дұрыс түсінсе, енді біреулердің: «Өй, ол ұнатпаған адамды ғана сынайды», – дегенін де естідім, – деді.
Дидахмет досымның сол сөзі жақында, не әдеби ортаға, не оқырман қауымға белгілі бір шығармасы жоқ Тынысбек Қоңыратбаев деген азаматтың «Бұл сынау ма, мінеу ме?» деген мақаласын («Қ.Ә.» 19.08.2022) оқығанда есіме түсе кетті. Оны пікір дегеннен гөрі, өзі айтқандай, «мінеу» деуге келіңкірейді екен. Соның алдында ғана «Қазақ әдебиетіне» менің бүгінгі поэзиямыз туралы мақалам шыққан. Редакция оның толық нұсқасы «Жұлдыз» журналында жарияланатынын ескерткен. Онда қазақ поэзиясының әр жылдардағы өкілдерінің творчествосына, тіпті осы күні Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып жүрген бір-екі ақынның шығармасындағы кем-кетікке, соның бүгінгі жастар поэзиясына әсер-ықпалы, қазіргі жас ақындар поэзиясы қазақтың ықылым заманнан қалыптасқан, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын ойшылдығынан айырылып, жасандылыққа, яғни оқырманын сендірмейтін жалған ойшылдыққа салынып, не жазып отырғанын өзі де білмейтіндей күйге түскені туралы тарқата келіп, соңында оған мысал ретінде екі жас ақынның өлеңін сынаған едім.
Иә, сынға сын айту, оған өз пікірін білдіру деген баяғыдан бар үрдіс. Ал Т.Қоңыратбаевтың менің сыныма қарсы жазған пікірінде әлгі ақындарға айтылған сынның дұрыс еместігі, өзі айтқандай, «мін іздеу» екені туралы бір ауыз не дәлел, не дерек болса, өз уақытымды өзім алып, жауап жазып нем бар?! Мен ол мақалада жас ақындардың өлеңіндегі кемшіліктерді атап-атап сөзбе-сөз мысал келтіре отырып сынадым. Тынысбек Қоңыратбаев мырзада «мына Мырзан Кенжебайдың айтып отырғаны бос сөз, оның «өрескелдік», «кемшілік» деп отырғаны кемшілік емес, өте тауып айтылған теңеу, ақынның шеберлігі, поэзиядағы жетістік» деген бір ауыз дәлел болсайшы. Қоңыратбаевтың жазып отырғаны әдеби пікір емес, әлдебір ызадан туған ұшқары пікір екенін сәл кейінірек айтатын боламын.
Иә, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі сын жанрының жоқ боп кеткені, оның орнын бірін-бірі мақтау мен марапаттау басып кеткені рас. Әлде Гельвеций ме, әйтеуір бір ойшыл: «Бір елдің президентін мақтап-мақтап, бүкіл елімен қосып жоқ қып жіберуге болады», – деген екен. Бүгін де біздің елімізде, әсіресе әдебиет әлемінде мақтау мен мақтанудың тасы өрге домалап тұр. Қазақтың өзіне кесір боп тиетін кейбір мақалдарын Ибраһим (Абай) Құнанбай баласы да айтып кетіп еді. Өз басым сондай қияпаты көп мақалдың бірі «Жақсымызды асырайық, жаманымызды жасырайық» деген деп білемін. Ақыл-есі дұрыс, салауатты пенде өзіне айтылған сынды өз кемшілігін жоюға пайдаланады. А.Пушкин «Борис Годуновты» ма, әлде, «Евгений Онегинді» ме жазып бітіргесін оған кейбіреулер қатты-қатты сын айтыпты. Сонда Пушкин сыншыларының Тынысбек Қоңыратбаевша небір доғал пікір-сын айтып, әрнәрсенің басын шалып кеткенін көрсе де: «Где нет критики, там нет и литературы», – деген екен.
Енді Тынысбек мырзаны «әр нәрсенің басын шалып…» деуіме дәлел келтіре кетейін. Ол менің сыныма қарсы пікір жазамын деп отырып, мені: «Анда-санда өлең жазатын Мырзан Кенжебай», – дегеніне қарап «бұл менің өлеңді күнде немесе кейде ғана жазатынымды қайдан біледі?» деп әрі таңғалдым, әрі күлкім келді. Сосын менің мақаламда жастардың өлеңіне айтылған сынды: «Бұл сын емес, мінеу», – дейді. Шындығына келсек, сынның басты компонентінің бірі – шығарманың міні көп тұстарын атап көрсету. Біле-білген адамға нағыз ескерту, үйрету дегеніміз сол. Ол кемсіту емес. Мен екі жас ақынның сол мінін айттым, дұрысы былай болады дедім. Тағы да айтайын, менің ол мақалам бірыңғай сын жанрында емес, қазақ поэзиясының кешегісі мен бүгініне қысқаша шолу, «жақсыны асырып, жаманын жасыру емес», керісінше, жастар поэзиясында өршіп бара жатқан кемшілікті нақты дәлелмен ескерту. Қашанда пікір айтқан болып, оны қарымта қайтарудың құралына айналдыру – әдебиетке, өнерге үлкен қасірет әкелетін нәрсе. Осыдан бір-екі ай бұрын фейсбук әлеуметтік желісінде осы Тынысбек мырзаның тіл мәселесіне қатысты тақырыпта жазған пікіріне байланысты сын, оның тілімен айтқанда мінін айтқанмын. Ол жалма-жан менің осыдан отыз жылдан астам бұрын ішіп келе жатқанымды көргенін көлденең тарта қойды. Осы ретте тағы бір жағдаят есіме түсіп, күлкім келді. Ол былай болған: Жазушы М.Мағауин «Жұлдыз» журналында бас редактор болып тұрған кезде менің бір топ өлеңім жарияланды. Сол кезде О.Сүлейменовтің қамқорлығымен шығып тұрған «Избиратель», «Аманат» газетінде қызметтемін. Мұхаң, Мұхтар ағамыз мені қызметке шақырар алдында сондағы бір-екі жігітке: «Маған мына Мырзанның өлеңдері де, мақалалары да ұнап тұр. Осыны қызметке алмақпын десе сол жерде біреу: «Ой, «ол ішеді ғой» депті. Сонда Мұхтар ағам: «Жігіттер, сондай қатын өсекті қайтесіңдер?! Ол іше ме, ойнасқа бара ма, карта ойнай ма, онда менің жұмысым жоқ. Маған оның жазғандары ұнайды», – деген екен. Тынысбек мырза менің сол осыдан 30 жылдан астам уақыт ішіп келе жатқанымды биыл фейсбугте маған қарсы пікірінің ішіне қосқаны сияқты, мына жазбасына да мені «анда-санда жазатын ақын» дегені сол Мұхаңның анау жігітке айтқанын есіме түсіріп, біраз күліп алдым.
Сөз соңында айтарым: сонау кешегі кеңес заманының алғашқы жылдарында да, орта тұсында да, кешегі Жарасқан, Кеңшіліктердің кезінде де әдебиетте қызу пікірталастар айтылып, сыни мақалалар жазылып тұрды. Тұманбай Молдағалиевтің «Сезім, шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған», – деген өлең жолдарындағы «ақ жаңбырдың» жаңа жауып басыла салмайтыны, ол сылбырап бірнеше күнге созылатыны да сын айтуға себеп болды. Оны Тұмағаның өзі де Тынысбек мырзаша «бұл сын емес, мін іздеу» деген жоқ.
Ал қазір ше? Қазір біреудің бір шығармасы туралы пікірді оқып отырсаң… автор байғұстың анадай мақтаудан қалай тұлабойы ісініп, Крыловтың өгізінше тарс етіп жарылып кетпейтініне таңғаласың.
Иә, бір ауыз сын айтпау, мінін көрсетпей бүгінгілерше мақтау, әдебиетті, әсіресе поэзияны құрдымға кетірудің бір жолы. Тынысбек менің «поэзиясы құлдыраған ұлт та құлдырайды» дегеніме қарсы «бұл дұрыс емес, қазір цифрлық технологияның заманы» деген «өте өркениетті адамның» сөзін айтыпты. Мұнымен де тоқтамай Тынысекең мені: «Біресе Жарасқанды, біресе Қасым Аманжоловты, біресе Лермонтов пен Пушкинді мысал ретінде келтіреді», – деп, поэзия мен цифрлық технологияны салыстырып, сосын «Құдайды жырлауға, мистикалық поэзияға шақырып отыр ма» деп күстаналапты. Мұндай пікіршіге не айтарсың, осымен тоқталық.
Қазақ – ақын халық. Қазақтың бүкіл ғұмырнамасы, тарихаты, өмір салты өлеңмен жазылған деуге толық негіз бар. Оған бір Абайдың өзі-ақ дәлел бола алады. Қай ұлттың да, қай елдің де экономикасы құлдырап, қайыршылық күйге түс­уі әбден мүмкін. Уақыт өте келе ол экономиканы түзетуге болады. Ал бүкіл тағдыры мен ұлттық болмысы поэзиясынан айнадағыдай көрініп тұратын қазақ деген ақын халықтың поэзиясы құлдыраса, оның ұлттық рухы да құлдырайтыны сөзсіз. Рухани құлдыраудан, рухани қайыршылықтан шығып қайтадан қалыпқа келу – экономиканы қалпына келтіруден әлдеқайда қиын шаруа. Сондықтан әдебиет, оның ішінде қазақтың төл перзентіндей поэзия жанрын қадірлеп, қастерлеу керектігін жас ақындарға ескертіп, олардың әрнәрсеге еліктеп, болмысымызға жат дүниелерге бет бұруына қатал сын айтып, мінін көрсету – ересек буынның парызы. Соны біле тұра сенің айтқан сын-пікіріңе Тынысбек Қоңыратбаевша қарсы пікір айтқан болып, өзінің ішкі ызасы мен ренішін басуға пайдалану – әдебиетке де, оның жас буынына да жанашырлық деуге мүлде келмейді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір