Ақан ӘБДУӘЛИЕВ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры: ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ МӘЙЕГІ – МӘДЕНИЕТ
Еліміз егемендік алып, шекарамыз шегенделіп тұр десек те, интернет желісі іске қосылғалы жан-жақтан ағылған ақпарат көздеріндегі жағымсыз хабарлардан малтығып шыға алмай қалғанымыз сонша, ұлттық сана-сезімімізге қауіп төне бастады. Нарық бәсекесі артқан мына заманда ұлттық болмысымыздың жоғалуы шын мәнінде қауіпке айналды. Ұлтты ұлттан, халықты халықтан ерекшелеп, айқындап тұратын – тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті екендігін бәріміз білеміз, бәрі біледі. Бірақ осы жолдағы жарқын істердің толымды нәтижесі неге көңіл көншітпей жатыр?
Кей замандастарымның ұлттық сана-сезім жайлы ойлануға келгенде уақытының жоқтығына, «жаңалыққа» тым еліктеп жүргеніне, жаңару, жаңғыру деген ұғымды материалдық тұрғыдан қабылдайтынына қарным ашады. Жаңару деген сананың жаңаруы, сананың жаңғыруы – менің ойымша.
Ал қазақ өзінің келбетін жоғалтып алса не болмақ?! Қайтпек керек?
Бұл жан ауыртар мәселенің Мемлекет басшысының сұхбатында тереңінен қозғалғанына жаным сүйсінді. Бұл сұхбат мына аласапыранға шегеленген жаһандану заманында «Енді не істейміз?» деген көкейде жүрген өзекті сауалдарға дер кезінде жауап берілген сұхбат болды. Қ.Кемелұлы тәуелсіздікті сақтау, оны тұғырлы ету жолындағы тағылымды ойлардан бөлек қасіретті қаңтар оқиғасының себептері мен салдары, ел ішіндегі әлеуметтік реформалар, еліміздің сыртқы саясаттағы қарым-қатынастар туралы сауалдар бойынша ашық әрі тиянақты жауап берген. Әсіресе, мемлекет мүддесі мен ұлттық мүддені таразы басындай тең ұстай білген Президентіміз болмағанда мемлекетіміз геосаяси ойындардың ойыншығына айналып, болашағы күмәнді болар ма еді, кім білсін…
Енді сұхбаттың маған әсер еткен тұсына тоқталайын. Қара домбыраны қаршадайымнан серік еткен өнер иесі ретінде әрі бүгінде киелі шаңырақ – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының басшысы ретінде Президентіміздің ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарға, ұлттық тарихымызға, ұлттық руханиятымызға үлкен басымдық бергені көңіліме қуаныш ұялатты. Ұлттық мәдени құндылықтарын еш уақытта материалдық құндылықтан жоғары қойып көрмеген қазақ үшін бұл қуатты мемлекетке айналудың бірден бір жолы деп білемін. Мәдениет ұлттың мәйегі болғандықтан бұл рухани әлсіремеуімізге керек құрал. Иә, экономикалық әлеуетіміз де әлсіз болмауы тиіс, дегенмен рухани құндылықтың өзегі үзілмеуі маңызды.
«Егер тілің мен мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес», — деп Н.Мандела айтқан сөздің жаны бар. Сондықтан ұлттық рухтың өзегі, ұлттық мүдденің діңі – мәдениетіміздің мәйекті болуына баса назар аударғанымыз жөн. Президент айтқан ғалым Қ.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл, даңқты батырлар С.Нұрмағамбетов, Р.Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл сияқты елеулі мерейтойлардың дақпырт-даңғазасынан бөлек, сапасына, мазмұнына назар аударғанымыз абзал. Ел болашағы үшін елеулі еңбек еткен тұлғалардың өскелең ұрпақ үшін маңыздылығы сонда — сол тұлғаның еңбек жолы, шығармашылығы сол айтылған жерінде қалмай, нәтиже шығуы, жемісін беруі, қоғамда көрінуі қажет. Сонымен қоса V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айрықша оқиғалардың бірі болмақ. Байрақты бәсеке арқылы әлемге ұлттық спортымызды, қазақтың даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен құндылығын паш етуге себеп туып тұр. Мұның бәрін Президентіміз бекер айтқан жоқ, ауылдан көшіп – қалаға, қағаз бен қаламнан көшіп – компьютерге етене ене бастаған «жаңашыл жұрттың» естісін қайтара есіне салып беріп отыр.
Біз өнер ордасы ретінде мақалада айтылған мәдениеттің мәртебесін арттыруға қатысты біраз мәселелерді жұмыс жоспарымызға енгізіп отырмыз. 2025 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының құрылғанына 90 жыл және Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күйші, композитор, дирижер Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туғанына 100 жыл толғалы отыр. Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойы ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-сессиясында қаралып, атаулы күндер тізбесіне енгені қазақ руханияты үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының мерекелік күнтізбесіне енуі де қуантарлық жағдай. Атаулы даталарды өз деңгейінде атап өту үшін дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Маңызды оқиғалардан бөлек күнделікті атқарылуға тиісті жұмыстар да аз емес. Концерттік қызметтің сапасының артқаны болар бүгінде зал көрермендерге толы. Сонымен бірге ел ішіндегі барлық жауапты да беделді мәдени шараларға қатысып, халықаралық іс-шараларда абыроймен өнер көрсетіп келе жатқан өнер ұжымы сол биігінен түспек емес. Мұның бәрі ұлттық өнерді классикамен ұштастыра білген ұжымның мәдениетке қосып жатқан орасан зор еңбегі деп тануға болады.
Қысқа тіршілікте адам баласының үмітке толы өміріне нәр беріп тұратын үш күретамыры бар десек қателеспейміз. Ол күрематырлар: Кеше, Бүгін және Болашақ. Бұл үшеуі бірігіп тарихты құрайды. Тарих ешкімнің еншісі болмаса да бірде-бір басы жұмыр пенде тарихқа немкетті қарай алмайды. Бүгінгі болып жатқан жаңалықтар да ертеңгі күні тарихқа айналатыны сондықтан. Жаңа Қазақстанның жас ұрпағының бойында оң өзгерістер, көңіл қуантар нәтижелер туып жатса, ол осындай тарихтың қолтаңбасы деп білгеніміз жөн. Тонның ішкі бауындай бірлігі жарасқан жұртына батиқалы сөз айтқан басшымыздың артынан еңсемізді тіктеп, еңбек етейік. «Ит ырымға, құс қырымға» қарап жырымдатпай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңсере еңбек етсек, ұтарымыз мол болмақ.