Хәкім Абай ілімінің шырақшысы
31.07.2023
2011
0

Қазақ даласына хәкім Абай ілімін насихаттап, ұлт мүддесін өмірінің басты мақсаты ретінде ұстанып, еліне пайда тигізер өнегелі істердің бастапқы сапында жүрген тұлғалар аз емес. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық сананы Абай ілімімен оятып, ақынның даналығын әрбір қазақтың бойына сіңіруге қадам жасап, ойшыл қарасөздерінің ерекшеліктерін зерделеп, пәлсапалық мәнін түсіндіріп, «Абайды тану – қазақты тану» деген ұғымды әрбір жүрекке жеткізіп жүрген абайтанушы ғалымдардың бірі – Шойынбет Жабал Алшынбекұлы.

Ж.Шойынбет Абайдың хәкімдік болмысы туралы пайымды тұжырымдарын айтып та (сұхбаттары, теледәрістері), жазып та (мақалалары, зерттеу еңбектері) жүретінін білеміз. Ұлтымыздың үні саналатын Қазақ радиосының «Сөз киесі» хабарында берген кезекті сұхбатында Ж.Шойынбет: «Абайды қайта-қайта оқыған адам жетіледі. Абай өлеңдерін тек тақпақ ретінде жаттатып өттік. Оның шын мәнін түсінетін уақыт жетті… Абайдың өлеңі мен қарасөзін қатар оқысаңыз, үлкен мән шығарып, ішкі мағынасын түсінесіз. Бүгінде адамзат баласы рухани құлдырауды басынан өткеруде. Абайда адамзат баласына қажетті ізгілік пен құндылықтар бар. Біз, ең біріншіден, адамзаттың Абайы деп жас ұрпаққа оның хәкімдік болмысын насихаттап, түсіндіруіміз қажет», – деді.
Ұстазы М.Мырзахметұлының көкірегі ояу, санасы сергек шәкірті Ж.Шойынбетке Абайдың қарасөздерін зерделеуді ғылыми тақырып ретінде ұсынған кезде өзінің жетекшісіне берген жауабын бүгінгі күні былай деп есіне алады: «Сен қалайда осы тақырыпты зерттеу нысаны ретінде алуың керек», –деген ұстазы Мекемтас ағаның ұсынысына ол: «Ой, ағай, Абайдың қарасөздерін негізінен М.Әуезов, Х.Сүйіншәлиев ғана зерттеген. Сол кезеңдегі идеологияның талабына сай еңбектерінде хәкімнің даналық тағылымы жайында толық зерделеуге мүмкіндіктері болмаған, айтар ойларын емеурін ретінде ғана жеткізген. Мұндай күрделі тақырыптың көтерер жүгі, салмағы өте ауыр болады» деп бұл тақырыпты алудан «қаштым». Сонда Мекемтас ағай: «Әрине оңай дүние емес, қиналасың, бірақ соңында ұтасың. Абайды қайталап оқыған сайын жетілесің, ешқашан тоқырап қалмайсың…» – дейді. «Шынында да Абайдың қазақ халқына айтқан насихаты – бүкіл адамзат баласына айтқан ой даналығы. Қазақтың Абайы ғана емес, ол ақындық жолдан хәкімдік дәрежеге көтеріліп отыр. Хәкім – бүкіл адамзат баласына жақсылық ойлап, сол жақсылықтың жолын насихаттап, өнеге көрсететін адам, ол – хәкім, ол – Абай», – дейді бүгінде абайтанудың биігіне көтерілген Жабал Шойынбет ағамыз.
Ғалым қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелер мен өткір тақырыптарды көтеріп, қоғамдық ойдың талқысына салып отырады. Бұл пікірімізге Ж.Шойынбеттің хәкім Абай ілімін, тағылымын саф күйінде насихаттауды мақсат етіп қойғанын, осы мұрат жолындағы миссиясын теле-радио бағдарламаларына беріп жүрген сұхбаттарынан, әртүрлі мерзімді басылым беттерінде үнемі жарияланып тұратын мақалаларынан аңғарамыз. Абайдың рухани әлеміне қатысты барлық құбылыстарға жіті қарап, оңы мен терісін оянған сананың жоғары деңгейімен бағамдап, бұдан шығатын дұрыс жолды көрсетеді. Ол өзі айтқандай, Абайдың «Толық адам» ілімін зерттеп, сол арқылы жүректерді ізгіліктің шұғыласымен ояту. Жоғарыда атап өткен мәселелер ғалымның ұлтқа, оның руханиятына жанашыр екенін және қайраткерлік болмысын айғақтайды.
Ж.Алшынбекұлы: «Абайдың рухани әлемін ашуда қазіргі күні өнер саласында, әсіресе отандық киноиндустрия саласында жаттандылық пен жасандылық көп. Абай бейнесі үнемі шапанын желең жамылған, алып денелі, жалғыз өзі адымдап бара жатқан адам бейнесінде сомдалады. Сонымен қатар Абай сахналық көріністерде де шапанын жамылып үнсіз отырады, ол қашанғы үнсіз отыра береді?! Данышпан даналығын сөзбен жеткізу керек қой, ал біз өзіміз сырттай мадақ-мақтау айтып сөйлей береміз, сөйлей береміз. Бұл не деген жаттандылық, не деген жасандылық?!. Абай бейнесін өнерде сомдауда, бейнелеуде алдыңғы ағалардың ісін қашанғы көшіре береміз, ізденісіміз қайда, Абайдың даналығы қайда?!» – деп көкейдегі сауалдың жауабын іздейді. Шынында да бұл ұйысқан ұлт ретінде баршамыз ойланатын маңызды сұрақ. Абайдың даналығын әрбір қазағының жүрегіне жеткізіп, қазақтың ұлттық рухын көтеріп, мүлгіген мылқау тыныштықтан оятып, құлдық санадан азат етсем деген ізгі арманы ғалымның жанын күндіз-түні жегідей жейтінін жандүниемізбен сезінеміз. Абайтанушы ғалым хәкім салған ізбенен жүре отырып, ұйқыдағы жандарды хәкім ілімінің шамшырағын жағып оятып, ақынның бір оқыған адамға түсініксіздеу көрінетін күрделі қарасөздерінің мәнін ашып, ой байламдарын тереңнен тарқатып, түсінік беріп отырады. Жалпы алғанда хәкімнің қарасөздері пәлсапалық терең мәнге ие болғандықтан, оны оқып, сырттай үңілу – ойшыл әлемінің тылсым жұмбағын аша алмайды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің: «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында оқырманға былай: «Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін біліп жазады», – дейді. Оны сан мәрте оқып, Абайдың айтпақ болған ойының түпкі мәнін түсіну, өлеңдерімен сабақтастыра отырып, ой-тұжырым жасау – өте күрделі мәселе екенін білеміз. Сондықтан данышпанның қарасөздерін зерттеушілер қатары сирек.
Аталмыш тақырыпта қалам тербеудің өзі санаға салмақ түсіріп, үлкен жауапкершілікті, асқан қырағылықты талап етеді. Бұл тұрғысынан Ж.Шойынбет Абайды мың мәрте оқу, үздіксіз талмай іздену, қиынға қарай қыранша қанат қағу арқылы өнімді еңбектің нәтижесінде қол жеткізді. Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері Ж.Алшынбекұлының өмірлік ұстанымына айналды. Ойшылдың хәкімдігі жайында ғалым: «Абайдың хәкімдігі шығармашылығынан айқын аңғарылады. Мысалы, «Отыз сегізінші қарасөзінде» Абай «адам, жарты адам, толық адам, ғалым, әулие, хәкім, пайғамбар, Алла» деп, солардың бәріне талдау жасап көрсетіп кеткен. Абай: «Дүниеде ғалым көп хәкім аз. Ал ғалым хәкім бола алмайды. Хәкім ғалым бола алады» дейді. Яғни хәкім ілуде біреу шығады. Сосын Абай: «Егер де хәкім болмаса, дүниенің астаң-кестеңі шығар еді» дейді. Яғни ғалымдар өзінің ашқан жаңалығын адамзаттың жақсылығы үшін де, жамандығы үшін де жұмсай береді. Ал хәкім жаңалығын тек қана бір-ақ нәрсеге – бүкіл адамзаттың жақсылығына ғана жұмсайды», – дейді. Ж.Алшынбекұлының абайтанушы ғалымдарға қатысты өмірде көргені мен білгенінен түйіндеген мол тәжірибесі бойынша өзіндік пікірі бар. Ғалым: «Өз басым абайтанушы деп М.Әуезовті, Қ.Мұхамедхановты және ұстазым М.Мырзахметұлын толық мойындаймын. Бұлар бүкіл шығармашылық ғұмырын Абай мұрасын зерттеуге, насихаттауға арнаған… Соңғы уақыттарда тегіне абайтанушы деген атақты өздері қосарлап жазатын абайтанушылар да көбейіп бара жатыр, кейбіреуі науқандық бір-екі мақала жазса, кейбіреуі тіпті Абай туралы бірде-бір мақала жазбаса да өздерін абайтанушы атайды», – деп шындықты айтады.
Ж.Шойынбет – абайтанушы ғалым, ұстазы М.Мырзахметұлының ізін жалғастырушы. Ұстазының бойындағы қазақ ұлтына, руханиятына, ел мен жерге деген жанашырлық пен адалдықты, бірбеткейлікті, тектілік пен өткірлікті сіңірген. Ол әлдекімнің орынсыз пікіріне құлақ аса бермейді, өмірде де, ғылымда да дегдар ғалымға тән бекзадалық пен рухани тазалықты, абзал азаматқа тән ізгі қасиеттерді өн бойына жинақтаған. Өмірде, ғылымда өзіндік ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен өрнегі бар, болмысынан кішілік пен кісіліктің шуағы тараған үлгі-өнегесі бар абыройлы азамат. «Хәкім Абайды таныту – адамзаттың бәріне қажетті даналықты таныту» болса, ақын Абай, хәкім Абай ілімінің жарық шырағы өзіңіз аңсағандай әрбір жүректерді жарықтандырып, көңілдерді тек имандылық пен ізгілік нұрына бөлей берсін деп түйіндейміз. Осындай ізгілік жолында сізге қуатты денсаулық пен қажыр-қайрат, ұзақ ғұмыр мен толағай табыстар тілейміз.

Жабал Шойынбет ұстазы, көрнекті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен «Абай қарасөздерінің жанрлық және стильдік ерекшеліктері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Ж. Шойынбет Абайдың академиялық екі томдық (1995 ж.) жинағы, «Абай мұрасының өзекті мәселелері» атты (2010ж. М.Мырзахметұлы, М.Әліпханмен бірлескен авторлықта) ғылыми еңбектің, «Абайдың дана сөздері» (2015 ж.), «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» (2015 ж.)атты монографиялардың, «Түркістан – Кентау белестері. Қазақтың соңғы биі – Шойынбет» (2022 ж.) кітабының, «Абайдың «толық адам» ілімінің зерттелуі және ұрпақ тәрбиесіне ықпалы» (2022 ж.), «Абайдың «толық адам» ілімі және қоғамдық сананы жаңғырту» (2023 ж.) зерттеулерінің авторы. Абайтанушы ғалым Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарады.

Дәурен Бақдәулетұлы,
ф.ғ.к, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір