АБАЙТАНУДАҒЫ ТҰРСЫННЫҢ ТЫҢ ТҰЖЫРЫМДАРЫ
02.08.2024
19
0

Қазір егде тартып, ой мен тәжірибе жиып, аты шыққан Тұрсынның алғашқы әдеби-сыни еңбектерімен танысып, оның жазғандарына көз қырын салып жүргеніме де елу жылдан асыпты. Жасының әр кезеңінде әр жанрды жағат­тап жүрсе де, бара-бара бауырыма тартқандықтан ба, қай қырынан көрінсе де, үнемі назарымда ұстап­пын.

Ал оның зерт­теу еңбектерімен, соның ішінде абайтануға араласқан «Абай шығармаларындағы «жан бостандығы немесе рухани тәуелсіздік» мәселесіне арналған Күйесің, жүрек… сүйесің!» ат­ты 1994 жылы жазылған монографиясынан бастап, өткен жылы басылып шыққан «Толық адам» ат­ты қос томдық зерт­теуіне де­йінгі Тұрсынның бұл тақырыпқа арналған ұзына саны сегіз кітабын қолжазба күйінде оқып, пікір білдіріп­пін. Бір тақырыпқа осыншама тұрақтылық танытып, ой қайталамай талдаудың өзі туынды иесінің таным жолындағы ізденісінің табандылығын танытады және әр монографиясының тақырыбы да тың әрі бірінің мазмұнын бірі дамытып, тереңнен тамыр тартады. Абайтану саласында қатарынан сегіз монография жазған әдебиетші әзірге, арамызда жоқ. Сол жанкешті қажырына ризалығым ретінде кеңінен толғап талдауға ниет­тенгеніммен, егделік етектен тартып, ой жинақтауға мүмкіндік бермегендіктен де, сол зерт­теулерге дер кезінде білдірген, әр жинақтың түсіндірмесі (аннотациясы) ретінде берілген пікірлерімді жинақтап ұсынуды лайық санадым. Өйткені онсыз да сирек кез­десетін мұндай мақсат­ты және түбегейлі зерт­теулердің әдеби өмірде ескерусіз қалуының өзі – Абайға да, әдеби-зерт­теу саласына да, Тұрсынның өзіне де қиянат.
Турасын айт­қанда, көрнекті жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы туралы, өзі шарт­ты түрде «…Сол шыншыл» деп ортақ атпен басын біріктірген, соңғы бес жылдың ішінде (2019-2024) жалғасты жарық көрген сегіз кітаптан тұратын әдеби зерт­теу еңбегі – жазушының жарты ғасыр бойы тиянақты және тұрақты ізденісінің нәтижесі, өмірлік-шығармашылық мақсатының қорытындысы, сонымен қатар абайтану саласындағы жаңа бағыт­тағы тың зерт­теу.
Жазушы-ғалымның зерт­теулер шоғырының атын, Абайдың өзі: «Мұны жазған – білген құл, Ғұламаһи Дауани, Солай депті ол шыншыл» – деп тағылым тұтқан ұстазына берген бағасын нысана етіп, «…Сол шыншыл» деп қоюынан-ақ, кітаптың түпкілікті мазмұн-мақсаты аңғарылады. Зерт­теулер шоғыры Абайдың өз сөзінен алынған: «Абай: соқтықпалы, соқпақсыз өмір», «Күйесің, жүрек… сүйесің», «Құнанбай немесе зәбір сұлтаны», «…Білмей мұны жазған жоқ» және «Салыстырып байқарсыз…» (1-2 кітап: Абай өлеңдерінің көшірмелері: факсимиле, текстологиялық салыстыру және мәтіндік талдау), «Ол боламын демеңдер…» (Абай шығармаларының текстологиясы), «Сол шыншыл…» (Рисала-сұхбат), «Дәрілқарап» (Абайдың рух әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау), «Толық адам» (1-кітап: Хақ және Жалғыз. Абайдың сыртқы (заһир) әлемі: әдеби-салыстырмалы рисала, 2-кітап: «…Бір кемел», (Абайдың ішкі (батин) әлемі: әдеби-салыстырмалы рисала) – деген сегіз кітаптан тұрады. Тұрсынның қойған кітап пен бөлім, тарау ат­тарынан-ақ оның ішкі мазмұны, талдайтын мәселесі және ондағы тақырыптың күрделі екені анық танылады. Сондықтан да, пікірім жалпылама шолу болып кетпеуі үшін, әр зерт­теуде көтерілген тақырып ауанына тұжырымдап қана пікір білдірумен шектелемін.

Сонымен, Тұрсынның «Абай (Соқтықпалы, соқпақсыз өткен өмір)» ат­ты басалқы зерт­теуі ұлы ойшыл ақынның өмірбаяны мен азамат­тық көзқарасына қатысты осы уақытқа де­йін теріс түсіндіріліп, не бұрмаланып келген оқиғалардың астарын ашатын деректерге негізделген. Онда Абайдың жеке өміріне қатысты зерт­теулер мен естеліктердегі мағлұмат­тар архив мұраларымен салыстырылып, бір ізге түсіріліп, авторлық көзқарас тұрғысынан сараланған. Әр тараудағы көтерілген мәселелерден: «Сүйген жүректен!..» «Арғы атасы қажы еді», «Шошынған жүрек», «Ойлану үшін илану», «Ойдан жырақ албырт жас», «Ақыл мен ашудың шырағы», «Екі күймек бір жанға әділет пе?» «Би екеу – дау төртеу», «Қысалы құсалы «ант мезгілі» деген тарау ат­тары толық мағлұмат береді. Сонымен қатар Абайдың жеке өмірі мен абайтану іліміне қатысты ке­йінгі жарты ғасырда айтылып жүрген әртүрлі сыңаржақ пікірлерге дәлелді деректер арқылы тойтарыс берілген.
Тақырыбы ауқымды әрі күрделі, пайым парасаты мол, тәлімі зор бұл зерт­теулерде ұлы Абайдың, оның әкесі Құнанбайдың жеке бастарына және олардың өмір сүрген заманы мен замандастарына, қазақтың рухани жанталасына қатысты тың архив құжат­тарын айналымға түсіре отырып, Абайдың тағдыр-талайын, күйініш-сүйінішін, ұлтының арман-мүддесін, жалпы алғанда, сонау көшпелі әлемнен бастап ХХ ғасырға де­йінгі қазақ қоғамының басына төнген зауалдар мен саяси, жағырафиялық, әлеумет­тік, рухани қысымдарды Абайдың өмірлік ұстанымымен салыстыра талдайды.
Абайды тану – ұлтымызды тану. Ол – қазақ ұлтының рухани өміріндегі толастамайтын мәдени саясат­тың мүдделі және күретамырлы тақырыбы. Даналардың жан жүйесі мен жан дүние­сі мәңгілік танымдық тылсым. Абай ілімі – ұлтымыздың ұйыған ақыл-ой парасаты, қазақ елінің адамзат­тық парасат-пайымына қосқан үлесі. Сол даналық мәйегі қандай танымдық тамырлар арқылы әлемдік көркем ойлау жүйесімен үндестік тапқан? Міне, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың философиялық еркін ойға құрылған «Күйесің жүрек… сүйесің!» (Абай: «Жан бостандығы» немесе рухани тәуелсіздік) ат­ты екінші кітабында соған жауап іздеген, жалпы көшпелі әлем мен отарлау жүйесі бетпе-бет келіп, «ақыл мен арға салмақ салған» (Абай) қоғамның қилы-қилы құбылыстарына тап болған Абайдың таным талқысы мен ол өмір сүрген күрделі әлеумет­тік ортадағы қилы қақтығыстар мен қайшылықтар талданады. Онда қаншалықты ауқымды әрі күрделі мәселелер көтерілгенін, тағы да сол тараулардың: «Қайғы шығар ілімнен…» (Ой қайрағы) 1. «Түзетпек едім заманды…» (Абай және отарлау саясаты) 2. «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз еркің…» (Абай және рухани бостандық мәселесі) 3. «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды…» (Абай және жалған намыс, орынсыз мақтан мәселесі) 4. «Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге…» (Абай және иедологиялық тәуелсіздік мәселесі) 5. «Өзімдікі дей алмай өз малыңды…» (Абай және экономикалық тәуелсіздік мәселесі) 6. «Бас-басыңа би болған өңкей қиқым…» (Абай және тәуелді билік мәселесі) 7. «Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын…» (Абай және дәстүр мен тәуелді заң мәселелері) 8. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез…» (Абай және діни таным мәселелері) 9. «Иман ізде!..» (Абай және шоқындыру саясаты) 10. «Саудасы – ар мен иманы…» (Абай және «әулие әкейлердің» миссионерлік ілімі) 11. «Ойында жоқ олардың шариғатқа шаласы…» (Абай және шоқындыру мектептері) 12. «Кәпір көздің дүниеде араны үлкен…» (Абай және православиелік жазалау саясаты)», – деген ат­тарынан-ақ түсініп, оның Абайдың әлеумет­тік ортасындағы қайшылықтарды талдауға арналғанын толық аңғаруға болады.
Ал «…Сүйесің жүрек!» ат­ты екінші бөлімнің басты мазмұны – рухани тәуелсіздік пен «жан бостандығы», танымдық көзқарастарының қалыптасуы, сол мақсат­тағы ізденістері мәселесін қамтиды. Зерт­теудің тақырыптық аясында: дүние ғұламаларының ақыл-ойынан нәр алған ұлы Абайдың дүние-ғалам жаратылысы қақындағы ғаламдық көзқарастары және даналық болмысы, бұрын абайтану ілімінде сүрлеу салынбаған таныммен терең ашылған.
Үшінші кітаптың аты Құнанбайдың билік институтына берген өзінің атау-бағасы бойынша, «Құнанбай немесе Жәбір сұлтаны» деп аталады. Мұнда жазушы-ғалымның жалпы Құнанбай туралы жазған еңбектерінің басы бір арнаға топталып, төрт бөлім ретінде жинақталып берілген.
Көшпелі қоғамның соңғы көкжалдарының бірі, «қарадан шыққан хан» атанған Құнанбайдың күрделі оқиғалармен күрмелеген көркем бейнеге орай қалыптасқан пікірлердің қарама-қайшы келетін, тіпті әділетсіз көрінетін де тұстары бар. Кейде олардың кәдімгі тіршіліктегі жеке бастарының мүдделері мен әкелік-балалық сезім түйсіктері оқырманның санасынан тек қана антогонистік күрестегі қас-дұшпандардың кейпінде көрінеді.
Мәңгілік категория болып табылатын көркем шындықтың әсерінен арыла алмаған бүгінгі ұрпақ үшін әкелі-балалы екеуінің бірі – қатыгездіктің, бірі – адамгершіліктің нышаны болып қалды. Сонда, өмірлік шындық, яғни тұзы ащы әрі жеңіл Құнанбай образының өмірлік шындыққа сәйкестігі мен сәйкессіздігі қайсы? Қандай оқиға қандай өмірлік шындықтан алынды? Өзгертіліп, тоны аударылып сурет­телген тұстағы жайлардың ақиқаты қайсы? Жалпы сол Құнанбай образының жасалу тарихы қалай? Көркем бейнелеу барысында М.Әуезов қандай әдіс-тәсіл қолданды? Ол өзін-өзі ақтай ма? Барлық ашу мен ызаның, ақыл мен қайрат­тың тек-тамыры қайдан тарайды? Құнанбай кім? Өмірде қандай болған? Нені мақсат тұтып, қалай ғұмыр кешті?
Міне, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің «Зәбір сұлтаны» ат­ты монографиясында соған жауап іздейді. Жинақтың алғашқы үш бөлімін құрайтын әдеби-теориялық талдауға құрылған монографияның басты нысанасы – өмірлік шындық пен «Абай жолы» роман-эпопеясында бейнеленген көркем шындықты салыстыра талдау арқылы қазақ тарихындағы жетекші тұлғаның бірі – Құнанбайдың ұлт­тық руханият­тан алатын орнын саралау.
Ал «Білмей мұны жазған жоқ…» және «Салыстырып байқарсыз…» (Абай өлеңдерінің көшірмелері: факсимиле, текстологиялық салыстыру және мәтіндік талдау) ат­ты төртінші-бесінші кітаптың жөні мүлдем бөлек. Өйткені қос монография да Абай шығармаларының текстологиясына арналған. Абай өлеңдерінің авторлық қолжазбасы сақталмағандықтан да, Абай шығармаларының әртүрлі көшірмелерінің ғылыми маңызы ерекше. Осы рет­тен алғанда, 1932–1934 жылдар арасында Шығыс Түркістан аймағында Зият Шәкәрімұлының қолындағы Абайдың жинағы мен Шәкәрімнің қолжазба дәптерінен көшірілген Шерияздан Марсековтің және аты бимағлұм хаткер-кәтіптің (М.Төгісовтің көшірімі болуы мүмкін) 1909 жылғы кітаптан көшірген қолжазба нұсқасы ерекше ғылыми назар аударады. Мұнда осы уақытқа де­йін Абай текстологиясы жөнінде талас пікірлер тудырып келген түйткілді сұрақтарға нақты жауап беретін мәтіндік-түпнұсқалық жауаптар бар. Жинаққа екі қолжазбаның факсимилиясы, сондай-ақ сол мәтіндердегі айырмашылықтардан туындайтын ғылыми пайымдаулар мен талдаулар Абай өлеңдерінің 1909 жылғы жинағы мен 1995 жылғы академиялық басылымдағы мәтіндермен жарыстырыла-салыстырылып берілген. Бұл жинақтың Абай шығармаларының текстологиясы мәселесіне тың пікір қалыптастыратынына сенім мол.
Осы рет­те тақырыпты игеру барысында: Абай поэзиясының көркемдік жүйесі мен сөздік қоры, жазу мәнері, бейнелеу тәсілі, көркем ойдың астары, өлеңнің жазылу тарихы, лирикалық кейіпкер мен өмірлік кейіпкердің арасындағы көрінбейтін жік, мегзеу мен емеуірін сөздердің астары, жалпы сол бейнеленіп отырған құбылыстың танымдық, философиялық, діни танымдық сипат­тары мен мағынасы сияқты толып жатқан ілімдік және көркем танымдық мәселелер қамти қарастырылған. Сонымен қатар текстологиялық-мәтіндік ғылыми салыстырмалы әдіс-тәсілдермен ғана шектеліп қалмай, әдеби-теориялық, кей тұстарда тарихи талдаулар мен салыстырмалы талдау тәсілдері де пайдаланылған. Мәтіндік-мағыналық айырмашылықтар бір жүйеге келтіріліп, бір жүлгеге түсірілген. Тақырыптарға бөлініп, мәтіндік-текстологиялық тұрғыдан талдау жасалған. Мәтіндік-мағыналық салыстыра талдауды «бір өлеңнің тарихы» әдеби-әдістемесінің негізінде қарастырған.
Тұрсын Жұртбайдың кезекті «…Ол боламын демеңдер!» ат­ты алтыншы кітабында бүгінгі таңдағы абайтану іліміне қатысты ең өзекті мәселелер көтерілген. Сонымен қатар абайтану іліміне қатысты ке­йінгі жарты ғасырда айтылып жүрген әртүрлі сыңаржақ пікірлерге тойтарыс берілген. Абайдың шығармаларындағы ой астарын, архаикалық ұғымдардың тарихи және этнографиялық себеп-салдарын ашуға, түсініп зерделеуге, ақын шығармаларындағы текстологиялық мәтін мәселелеріне де зор көңіл бөлініп, тың пайымдаулар мен тұжырымдар жасаған.
Әр тарау абайтанудағы түйткілді бір мәселеге арналған. «Сүйген жүрек…» ат­ты тарауының ішкі мазмұнын: 1. «Мен де оны тырнағынан таныдым…» (Абайдың астарлы сөздері), 2. «Кемшілігі әр жерден көрініп тұр-ау…» (Абай өлеңдерінің текстологиясы туралы), 3. «Ел танымай, үй танып құр…» (Абайдың арнау өлеңдерінің емеуіріні), 4. «Сыртын танып іс бітпес, сырын білмей…» (Ауыз екі айтылатын және жазба жинақтардағы өлеңдердің өзара айырмашылықтары), 5. «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз…» (Өлеңдердегі өзгертілуге тиісті сөздер мен ұғымдар), 6. «Таң қаламын алдыңғы айт­қанды ұқпай…» («Қарасөздердегі» қателер), 7. «Алтын өлеңнен білінді істің жайы…» (Абайдың орыс тіліне аударылуы туралы ой) деген тарау ат­тары ашып береді. Ал «…Күйінген жүрек!..» ат­ты екінші бөлімге Абайдың өмірі мен шығармашылығына қиянат­ты пікір білдірген, ақынның туындыларындағы авторлық ойды бұрмалап, Абайдың атын бүркемелей отырып, сол арқылы ұлт арасын арандату әрекет­теріне барған немесе оның шығармашылығын жоққа шығаруға ұмтылған сұрқай сыншыларға берілген пайымды жауаптары топтастырылған. Ондағы:
«Нені сүйдім дүниеде, неден күйдім…» (Екі естінің елегізуі) ат­ты тарауда Абайдың құсалы өміріне күмән келтіріп, оны апиыншы ретінде көрсеткен Евгений Курдаковтың, «Абайдың «Қарасөздері» қазаққа қарсы жазылған, онда: «Осындай сөз танымайтын елге сөз айт­қанша, өзіңді тани-тұғын шош­қаны баққаның жақсы», – деп бір хакім айт­қан екен, сол секілді сөз болады» деген ашық қаралау бағытындағы жазылған Е.Супрюнуктің, Нью-Йоркта отырып: «Абайды ақын емес, мен мойындамаймын. Ары асқанда, бүгінгі блогермен тең», – деп сайт­тарда көкіген, Нұрлан Байділдәнің, Абайды сауатсыз ақын ретінде көрсеткісі келген Файзолла Төлтайдың, Абайдың туған жылы мен күні туралы әртүрлі қауесет таратып, Абай өмірде болмаған, өлең жазбаған деп «сандырақтап», қалың қауымды орынды-орынсыз күйінді етіп жүрген ғалымсымақтардың пікіріне қарсы жазылған тиянақты да батыл, орнықты пікірлер орын алған.
Тұрсынның «Дәрілқарап» (Абайдың рух әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау) ат­ты кезекті еңбегінде ұлы ақынның жиырма бесінші «қарасөзіндегі» осы уақытқа де­йін мүлде қарама-қарсы бағыт­та теріс түсіндіріліп келген «дәрілқарап» (дар-уль-харб) пен «дағуа» ұғымдарының түпкі мағынасы, қолданылуының тарихи жағдайы, заман ырқында бұрмаланып түсіндірілген «тиянақ сөздің» (Абай) астары, оның ке­йінгі (Дәрілқарап дәуіріндегі дағуаның) әдеби кешулерге – тарихи-рухани дамуға тигізген салдары, зардабы, ауқым-ауаны дәлелді деректермен салыстырыла талданады. Сол арқылы Абайдың түп мәтінінің мағынасын аша отырып, абайтану іліміне қатысты тың пайымдаулар жасайды.
Тұрсын Жұртбайдың Абайдың даналық мәйегінің түп-түйсігіне барлау жасаған соңғы және ең күрделі кітабы – «Толық адам» деген атпен қосарланып басылған «Хақ және Жалғыз (Абайдың сыртқы (заһир) әлемі» және «…Бір кемел» (Абайдың ішкі (батин) әлемі» ат­ты әдеби-салыстырмалы рисалары. Бұл – жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың Абайдың шығармашылық өмірі мен көркем әлеміне және көркем ойлау жүйесі мен психологиясына қатысты ұзақ жылдарғы зерт­теу еңбектерінің тұжырымы. «Хақ және Жалғыз» ат­ты бірінші кітапта, Абайдың даналық мәйегі мен абайтанудың ең күрделі де тылсым жұмбағы болып табылатын әлемді исламдық фәлсафалық тұрғыдан ойлау және қабылдау жүйесінің төрт сатысының алғашқы екі сатысы пайымдалады. Бірінші саты – Шариғат. Бұл – фәни тіршіліктегі барлық ақыл-ой мен амалдың қам-қаракетін қамтитын таным кеңістігі. Ал «Тариқат» бөлімінде тал бесіктен жер бесікке де­йінгі «ақ жолдан» адаспаудың күллі заңдылығы қарастырылған.
Ал Абайдың ішкі (батин) әлеміне арналған «Ақыл азығы – Мағрифат» ат­ты бөлімінде: Жаратқан мен шексіз жаратылысты «жүрегіңде кір қалдырмай» шәксіз тану арқылы толық адамнан кемелдікке өту барысындағы тән мен жан, «жүрек айнасы», ар-ождан мәселесі салыстырыла талданған. Келесі, «Иман азығы – ақиқат» бөлімінде мәңгі бақилық Дидар-ғайып ғұмырдың ең соңғы нұр (арсы-күрсі) әлемі, жаратылыстың түпкі түйіні – ақиқат сатылары Абайдың көзқарасы арқылы салыстырыла сараланады. Бұлар – Абай айт­қандай, «бірдің де, мыңның да», тіпті жүз мыңның да үлесіне тие бермейтін, даналарға тән таным баспалдағы. Ақиқатқа – Хаққа жол тартқан ақыл әулиесі. Ол жүз жылда бір туатын тұлға. Даналардың ой-пікірі осы тарихта тоғысып, ақиқатқа бет­тейді.
Сондай-ақ «Ақыл мен Жан – мен өзім, тән менікі…» ат­ты үшінші бөлімінде, Абайдың жан мен тән туралы философиялық-психологиялық ілімді қамтитын пікірлері арғы-бергі оқымыстылардың ойларымен бүгінгі зәрелік-квант­тық ілім жетістігінің нәтижелерімен салыстырыла отырып пайымдаулар жасалған.
Міне, жазушы-ғалым осы қағидат­қа сүйене отырып, исламның ойлау жүйесі мен дүниетанымының поэтикалық құрылымын (қалам), пәлсапалық қисынын (логикасын), діни заңнамалық дәлелін Абай арқылы түсіндіреді. Автор бұл мәселелердің өте маңыздылығын дәлелдей келе: «Абайға ең басты қиянат – анығын білмей сөзді, сөз тіркесін қуып, Абайды түсіндіру зарар ғайри (g`a`yriya), күпірлік (діннен безгендік) болмақ. Бұл – ислами ар-ожданға, таза рухқа (Wa-la`gayruhi) жасалған қастандық (мутазиит­тік көзқарас) есепті. Сондықтан да қазаққа Абайды танытамын деген адам – әуелі ар ілімін игеру керек!» – деген тұжырым жасайды.
Көрнекті жазушы-ғалым, абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың абайтанудағы өмірлік ізденісінің қорытындысы болып табылатын, заманауи және өте ділгір тақырыпты талдаған осындай мазмұнды да, пайымды сегіз кітаптан тұратын «…Сол шыншыл» ат­ты зерт­теулер шоғырын абайтану саласындағы салмақты еңбек деп есептеймін. Абайдың: «Жаздым үлгі жастарға (бүгінгі – С.Қ.) бермек үшін» деген аманат­ты сөзінен тәлім алып, адалдықпен, жанкешті еңбек еткен Тұрсынның осынау сегіз кітабы бес-алты жыл бойы еленбей жатуы, қайталап айтамын, Абайға да, әдебиет­тану іліміне де, Тұрсынның өзіне де қиянат екеніне көзім жеткендіктен де, жанкешті, адал еңбектің бір өтеуі болсын деп, кітаптардың түсіндірмесіне айналып кеткен пікірлерімнің басын қосып беруді лайық санағанымның айып-шамы болмас.

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ,
ҚР ҰҒА-ның академигі,
филология ғылымдарының докторы,
Мемлекет­тік сыйлықтың иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір