Абайтанудағы САРА ЖОЛ
14.02.2025
727
0

Абайтану ғылымы еліміздің тарих толқынында басынан өткерген қилы заман өзгерістерімен ажырамас бірлікте болғаны аян. Өйткені халықтың жан қоштауымен қабыса табысқан ғылым саласы биік белестерге көтерілгенде де, саясат­тың қаһарлы дауылында тайсақтай сөйлеу­ге мәжбүр болғанда да, дана хакімнің асыл ойларын ке­йінге жеткізуде өзінің тарихи миссиясын орындап шықты. Әдеби мұраны тұрпайы социологиялық сын тұрғысында бағалап, шығармалардың көркемдік, мазмұндық мәніне емес, пролетарлық, әлеумет­тік идеясына, автордың шығу тегіне қарап бағалаған кезеңде, Абай мұрасының адамзат­тық гуманизм мен моральдық принциптерге сай сипат­тарын, орыстың классикалық әдебие­тімен байланысын көлденең тартып, алып шыққандардың басында тұрған – Ыдырыс Мұстамбаев екенін баса айт­қан жөн.

1933 жылы Абайдың тұңғыш академиялық жинағы жарық көрген соң абайтанудың Мұхтар Әуезов кезеңі басталды. Әрине, абайтанудың бұл кезеңінде Қ.Жұбанов, Б.Кенжебаев, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, З.Шашкин, Қ.Жұмалиев, М.Бөжеев, Т.Нұртазин, Ә.Жиреншин, Қ.Мұхамедханов т.б. зерт­теулері де жарияланып жат­ты. Дегенмен абайтанудың 1933 – 1961 жылдар аралығындағы даму кезеңін бас абайтанушы Мұхтар Әуезов еңбектерімен байланыста қарастырған орынды. Қазақ рухының Абайдан соңғы шамшырағы М.Әуезов 1918 жылдан бастап, Абай мұрасын ұрпаққа жинап, жүйелеп, жариялап, насихат­тап, оқытып жеткізу жолына күллі ғұмырын бағыштады. Соның нәтижесінде, Абай мұрасының толық жинағын, Абайдың көркем образын, абайтанудың негізін қалады. Қазақ әдебиетінің арналы кең саласы абайтануда М.Әуезов ақын мұрасын насихат­тау, жинау, зерт­теу, ғылыми және әдеби тұрғыда жазып қалдыру барысындағы ұлан-ғайыр еңбегінің ауқымы өте кең.
«М.Әуезов Абайды да, қазақ әдебие­тін де қорғап тұрған үлкен бір айбынды қорған сияқты еді. Абайды зерт­теушілер де, қазақ әдебиетінің жас күштері де сол кісінің маңына жиналып, оны атқарылар істердің орталығы, ақылшысы ретінде бағалайтын. Ол қазақтың ұлт­тық әдебиетін дүниеге таныт­ты да, бүкіл дүние- жүзі алдында оның абыройын қорғады. Мұхтардың қайтыс болуы (1961) абайтануды да, әдебиет­ті де жетім қалдырды. Осыдан бастап Абайды зерт­теу ісі бірсыпыра бәсеңдеді…» («Абайтану ғылымының бел-белестері»/«Абай», №1,2, 1995) – деп академик Серік Қирабаев жазған осы бір өліара шақта абайтану ғылымын жаңа биіктерге көтеруге қабілет­ті жастар бой көрсете бастады. Солардың бірі Мекемтас Мырзахметұлы болатын. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекет­тік педагогикалық институтын тамамдап, оншақты жылдай оңтүстік өңірлерде педагогикалық қызмет­терде істеген жас маман Алматыға оралып, Бауыржан Момышұлының шаңырағында тұрып, 1961 – 1964 жылдары аспирантурада оқыды. Өзі қалжың қылып айтатынындай: «жеңіл тақырып алып, тез қорғап кетсем» деген ойын ғылыми жетекшісі профессор Қажым Жұмалиев берген «Абайдың әдеби мұрасының зерт­телу жайы» (диссертация 1965 жылғы 12 ақпанда қорғалды) тақырыбы тамыры тереңге тартқан Абайды тану әлеміне енгізіп жіберді. Жас ғалымның абайтану тарихын зерт­теу барысында оқып, танысқан еңбектердегі Абай мұрасына қатысты ой, танымдардың кеңестік идеология мен социалистік түсініктерге мүлде қабыспайтын пайым, тұжырымдары жас ғалымның алғашқы мақала, зерт­теулерінде-ақ өзгеше ой қорытындылар жасауға жетелегені таныла бастайды. Мысалы, 1963 жылы «Педагог» газетінде жарияланған «Дауани кім?», 1964 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Татар ғалымы – Абай зерт­теушісі» немесе «Простор» журналында 1963 жылы жарияланған «Братья Белослюдовы об Абае», осы жылғы «Тіл және әдебиет мәселелерінде» басылған «Абай мұрасының зерт­телу тарихынан» сынды материалдарда көтерілген тың көзқарастар 1994 жылы жарыққа шыққан «Абайтану тарихы» монографиясында кеңінен талданып жазылды. Монографияда абайтану ғылымының 1889 жылдан 1961 жылға дейінгі тарихы толық қамтылған. Зерт­теуде абайтанудың бастауында тұрған Алаш арыстарының еңбектері алғаш рет абайтану тарихы аясында арнайы қарастырылып, Мұхтар Әуезовтің абайтану саласындағы өлшеусіз зор еңбектері жан-жақты қамтылып, Абай мұрасының әртүрлі ғылым саласындағы зерт­телу тарихы жүйелі түрде сараланды.
М.Әуезовтің: «Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Абайдың өмірі мен ортасын, еңбектерінің әр алуан сипат­тарын, көпшілікке мәлімдеп отырған үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді, деректерді еске алуымыз керек» (М.Әуезов. «Абай Құнанбаев. Монографиялық зерт­теулер мен мақалалар». Алматы: «Санат», 1995. 15-бет.) – деген сөзін зердесіне түйген ғалым, бас абайтанушы астарлап айтқан «үлкенді-кішілі танытқыш сөздерді», яки абайтану тарихындағы Алаш арыстарының асыл сөздерін 1993 жылы «Абайды оқы, таңырқа!» деген атпен жеке жинақ етіп шығарды. Сондай-ақ 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Бораганский баспаханасынан Кәкітай, Тұрағұл Құнанбайұлдары бастырған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері» ат­ты өлеңдер жинағынан бөлек, көлемдері шағын болса да, Абай өлеңдерінің жинақтары ретінде Уфада 1909 жылы Зейнел Ғабиден әл-Жаухари әл-Омскауи, Орынборда 1916 жылы Самат Әбішұлы бастырған «Насихат қазақия», «Абай термесі» ат­ты екі кітап­шаларды да түсініктемелер жазып, жеке жинақтар түрінде оқырман қауымға қайта түлетіп жеткізді. Ғалымның бұл еңбектері турасында ҚР ҰҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары шығарған монографиялық жинақтың «Тәуелсіздік кезеңіндегі абайтану» бөлімінде: «Абайтанушы М.Мырзахметов Кеңес кезінде айтылмай келген «Алаш абайтануын» жариялады. 1993 жылы «Абайды оқы, таңырқа!» ат­ты мақалалар жинағы жарық көрді. Тұңғыш рет абайтанудағы ақтаңдақ осылай ресми ғылымға енгізілді», («Қазақ әдебиет­тану ғылымының тарихы». Екітомдық. 2-том. Алматы: «ҚазАқпарат», 2009. –658 бет.) – деп атап көрсет­ті.
Абайтану ғылымы – халықтың ой-танымы, заман ағымы, қоғамдағы түрлі өзгеріс, өсу, өзгеру, жаңару процестеріне сай, үнемі сан мен сапа жағынан дамып, жетіліп отыратын әдебиет­тану ғылымының арналы саласы. Оған қоса, Абайдың мерейтойлары кезеңінде атқарылған сан алуан іс-шаралар жайлы, оқу орындарында Абай мұрасын оқыту мен зерт­теу ісіне байланысты тың тақырыптар мен ғылыми бастамалар көтерілген шақтарда және халықаралық әдеби байланыстар өріс алған кезеңдер мен Абай жайлы жазылған архивтік тың деректер көзі ашылған кездерде абайтанудың библиографиялық көрсеткіші анықтамалық деректер көзінің жиынтығы ретінде Абай мұрасына қызығушылық танытар оқырманға өте қажет анықтамалық мағлұмат берер кітап екені аян. Сондықтан «Абай мұрасы жайында сөз қозғау, пікір көтеру – бүкіл қазақ әдебиеті жайлы ой толғаныстарына ұштаспай тұра алмайтын рухани байланысты танытады. Ал ұлы мұраны әр қырынан танып білу – ұрпақтар буыны алмасқан сайын жаңғырып, сонылық танытатын жасампаз құбылысқа айналмай тұра алмайды. Мұндай ұлы мұра туралы уақыт, заман талабына орай дүркін-дүркін әр тұста толық түрдегі персоналды библиографиялық көрсеткіштер жасап отыру талабы да алға қойылып отырмақ», – деп ғалымның өзі атап көрсеткендей, қазіргі күндегі Абай мұрасына қатысты жарияланған жүз жылға жуық мезгілдегі дерек көздерін қамтитын қолымыздағы «Абайтану. Библиографиялық көрсеткіш» те (1988) – профессор Мекемтас Мырзахметов еңбегінің жемісі.
Ғалым қазіргі заман адамының Абайды жан қоштауымен терең танып оқуына бөгесін болып отырған жайларды: «Абай шығармасын танып-білу жолында бүгінгі жаңа талап жас ұрпақтың алдынан үш кедергі шығады:
Біріншісі – Абай ғұмыр кешкен заманды, оның саяси-әлеумет­тік ортасын, яғни бодандық заман тарихын танып білуіміз керек.
Алдымыздан шығатын екінші кедергі – Абай қолданған мағынасы алыс, түсінуге ауыр, сол заман оқырманы түсіне алған, бірақ бізге құрық салдыра бермейтін тарихи сөздер.
Үшіншіден, Абай дүниетанымын танып, ғылыми негізде ұғына алмай келеміз», («Абай лұғаты». Алматы: «Мектеп». 2017. –144 бет.) деп атап-атап көрсете отырып, осы мәселелерді шешуге бағыт­талған «Қазақ қалай орыстанды?», «Абай лұғаты», «Абайды танудың жайы мен міндет­тері» деген «Абайдың адамгершілік мұрат­тары» монографиясының бір тарауын жазумен бірге, осы мәселелерді зерт­теуді өз шәкірт­теріне арнайы ғылыми тақырып етіп берді. Нәтижесінде, осы мақала авторы Марат Бекбосыновтың «Тәуекел мен батыр ой» ат­ты монографиясы, Мақсат Әліпханның «Адамгершілік ілімі және Хакім Абай» зерт­теуі, Жабал Шойынбет­тің «Абай қарасөздерінің жанры мен стилі» ат­ты еңбектері жарық көрді.
Абай мұрасын оқытуды алғаш рет оқу үдерісіне енгізген Мұхтар Әуезовтің педагогикалық қызметін Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінде жаңғырта жалғастырған профессор Мекемтас Мырзахметов болды. Сөйтіп, бұрын тек филология факультет­терінде ғана оқытылатын «Абайтану курсын» 2008 жылдан бастап, Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің барлық факультет­терінің оқу бағдарламасына енгізуге қол жеткізді.
Осы оқу курсына арнап 2010 жылы «Абайтану» оқу құралын жазды. Онда бүгінгі заман талабына сай келешек филолог мамандарға ғана емес, күллі болашақ ұстаз қауымына, олардың келешек ұрпақ тәрбиесінде Абай тағылымын оқытуы арқылы Абайдың «Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деген арман-мақсатының іс жүзінде жүзеге асуы жолында «бүгінгі заман талабы тұрғысынан ЖОО барлық факультет­терінде шәкірт­терге ойшыл ақын мұрасы бойынша «Абайтану» арнаулы курсын оқыту міндеті қойылып отыр», – дей келіп, Абай мұрасының тағылымдық мәнінің қазақ халқы тағдырындағы бүгінгі және келешек маңызын атап көрсеткен.
Абайтану ғылымының алыбы, бас абайтанушы Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, ғылыми-педагогикалық дәстүрін қазақ руханиятында жалғастырған сүйікті ақылшы ұстазымыз академик Мекемтас Мырзахметұлының өнегелі өмір жолы ғалымның шәкірті, біздің дарынды ғалым ініміз – Дәурен Мұхамадиевтің «Абайтанушы» кітабында жан-жақты кең жазылған. «Абай телегей теңіз ғой, мен одан қасықтап қана алдым», – деп Мұхтар Әуезов жазғандай, біз бұл мақаламызда ұстазымыздың абайтану саласындағы ұлан-ғайыр ғылыми еңбектеріне тек шағын шолу жазумен ғана шектелдік.

Марат БЕКБОСЫНОВ,
Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық
университеті Академик С.Қирабаев атындағы
Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының доценті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір