ЕУРАЗИЯЛЫҚ ӘДЕБИЕТ КЕҢІСТІГІНДЕ ЖАҢА БЕЛЕС
30.05.2025
83
0

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Әзербайжан Республикасынан келген шығармашылық делегацияны қабылдады. Құрамында тележүргізуші, режиссер, Әзербайжанның еңбек сіңірген артисі Рафик Гашимов және ақын, Әзербайжан Жазу­шылар одағының хатшысы Салим Бабуллаоглу бар делегация рухани әріптестік орнату мақсатында арнайы келген. Сонымен қатар кездесуге Еуразия және Африка халықтары ассамблеясының Әдеби кеңесінің төрағасы, ақын Маргарита Аль құрметті қонақ ретінде қатысты. Кездесу барысында Маргарита Аль Еуразия және Африка халықтары ассамблеясының жұмысына кеңінен тоқталып, аталған ұйымның әдеби ынтымақтастық пен мәдени ықпалдастыққа негізделген кең ауқымды жобалармен айналысып келе жатқанын айтты.
– Біздің ассамблея – жаһандық әдеби және рухани интеграцияны көздейтін ұйым. Біз Бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығымен бірлесіп түрлі елдерде әдеби кештер ұйымдастырдық. Қауымдастық аясында өткізілген халықаралық байқауларда поэзия мен проза жанрлары бойынша орыс, ағылшын, араб және испан тілдерінде үздік шығармаларды анықтап, төрт лауреатты марапат­тадық. Қазақтың көрнекті қаламгері Олжас Сүлейменовпен де тығыз байланыстамыз. Олжас Сүлейменовтің кітаптары біздің ұйымның қолдауымен бірнеше елде жарық көрді, — деді Маргарита Аль.
Ол сонымен қатар Ассамблея тарапынан жарық көрген әдеби басылымдарды, соның ішінде халықаралық «Ливт» журналын Мереке Құлкеновке естелік ретінде табыстады. Кездесу барысында Мереке Құлкенов әдебиеттер мен мәдениеттер тоғысында жаңа көпірлер салудың маңыздылығына тоқталды.
– Ұйымдарыңыздың ауқымды жобалары мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі әдебиет өкілдерін біріктірудегі еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Біз Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы рухани байланысты жаңа деңгейге шығаратын нақты жобаларды бірге жүзеге асыруға дайынбыз. Ассамблея мен Бүкіләлемдік жазушылар қауымдастығының қызметі – бүгінгі заманның әдеби дипломатиясына айналып отыр. Біз де өз тарапымыздан бұл бастамаларға толық қолдау білдіреміз,– деді Мереке Құлкенов.
Кездесу аясында еліміздің бел­гілі күйші-композиторы Шәміл Әбілтаев «Тұран» күйін орындап, ұлттық өнердің терең мәнін жеткізді. Сонымен қатар «Простор» журналының бас редакторы Фархат Тамендаров болашақта әдеби ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін жеткізді.
Шара соңында Мереке Құлкенов ақын, Әзербайжан Жазушылар одағының хатшысы Салим Бабуллаоглуды Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдап, ресми мүшелік билетін табыстады. Сондай-ақ Маргарита Альге қазақы дәстүрмен камзол жауып, әдебиетке қосып жүрген үлесі үшін алғыс білдірді.

Қазақстан Жазушылар одағының Баспасөз қызметі 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір