Қазақ тіліндегі ең ескі аудиожазба табылды
28.12.2024
146
5

Ең алғашқы қазақша аудиожазба 1920 жылдары жазылған көрінеді. Сол кездері қазақ халқының мәдениеті мен тілін сақтау, тарату мақсатында бастапқы қадамдар жасала бастады. Біз осы күнге дейін «қазақ ұлтының аузымен жазылған аудиожазбаның алғашқысы 1925 жылы Франция мемлекетінде Әміре Қашаубайұлы мен Әсет Найманбайұлының даусымен жазылған үнтаспа» деп келген едік.Әрине, бұл жалған ақпарат емес. Әміре Қашаубайұлының дауысы мен әндері алғаш рет «Грампластинка» форматында жазылып, кеңінен тарағаны – тарихи шындық.

Дегенмен, шетелде танылған алғашқы қазақ әншісі Әміре болғанымен, Еуропада қазақ дауысы одан да ертерек шыққан көрінеді. Германияның Берлин қаласында орналасқан әлемнің түрлі халықтарының мәдениеті мен өркениетін таныстыратын этнология мұражайында 1904 жылы Маңғыстауда қазақтың дауысы жазылған аудиожазбалар сақталған. Бұл жазбаларды 1903–1908 жылдар аралығында Орталық Азия, оның ішінде Маңғыстау мен Қазақстанның басқа да аймақтарына этнографиялық экспедициялар жүргізген неміс этнографы Рихард Карутц жасаған еді. Экспедция нәтижесі 1911 жылы «Маңғышылақтағы қазақтар мен түркімендер арасы» атты кітап ретінде шығып, коллекциясы қазір де сол Берлиндегі мұражайда сақтаулы. Кітаптан басқа, Карутц көптеген фото түсіріп, жергілікті халықтардың әндерін де, сөздерін де аудиоға жазып алған. Сонымен қатар Берлиндегі мұражайда қазақ тілінде жеті аудиожазба мұрағатта сақталған екен. Олар:
1.«Апыр-ай» әні
2.«Айбала» әні
3.«А-хау» әні
4.«Жаңғырбай сұлтанның өсиеті» термесі
5.«Ей, әлі де ел жатқан жоқ» өлеңі
6. Маңғыстаулық
7.Қазақтың өз өмірі туралы әңгімесі. Санамақ (қазақ жігіті 1–165 дейін қазақша санайды) 
 Маңғыстау өңірінде табылған аудиожазбада қазақ тілінде жарқын сөйлеп тұрған ер кісінің өз өмірін баяндап тұрғанын анық естуге болады. Жүз жыл бұрыңғы аудиожазбаны естіген дүйім жұрт қазақ тілі мен мәдениеті сондағы сөз саптауының сан ғасырлар бойы өзгеріссіз, өз қалпында сақталғанына дән риза. Ата-бабаларымыз мұра еткен тіліміз бен ділімізді әрмен қарай жетелеу – біздің мақсат. Аудиожазбаның түпнұсқасымен бөліскен орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивіне қазақ халқы алғыс білдірді.

Дамира Атахан

ПІКІРЛЕР5
Аноним 28.12.2024 | 21:59

👍👍

Аноним 28.12.2024 | 23:25

Қаламың ұштала берсін. 👍👍😍😍

Аноним 29.12.2024 | 04:35

Керемет😍

Аноним 29.12.2024 | 04:35

Керемет жазылған😍

Аноним 29.12.2024 | 11:41

Атақ даңқың биіктей берсін. Кәкесінің сұлу немересі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір