Жылдан қандай ой түйдік?
29.12.2023
351
1

«Елдің әдеби-мәдени өмірінде қандай жаңалықтар болды? Қаламгер қауымы үшін бұл жыл несімен есте қалды?..». Осы тақылеттес сауалдарды өңірдегі қаламгерлерімізге жолдаған едік…

ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ ҰМЫТПАЙМЫЗ

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры:

Ақ қайыңдарымен ажарлы Қызылжар топырағы да алуан-алуан жүйріктерді томағасын сыпырып бәйгеге қосқан алтын тұғыр! Бүгінде Қызылжар өңірін Мағжансыз көз алдыңызға елестете алмайсыз. Атақты сөз зергері Мұхтар Әуезов 1923 жылы жазғандай, «Болашаққа жететін сөз – Мағжан сөзі» деген лебіз нақты шындыққа айналды. Биыл ақиық ақынның туғанына 130 жыл толды. Өңірге жұмыс сапары барысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшысы Айдарбек Сапаровқа ақиық ақынның мерейтойын жоғары деңгейде өткізіп, мәдени-тағылымдық іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін 2023 жыл – Мағжан жылы деп белгіленіп, жазба ақындар мүшәйрасы мен халықаралық ақындар айтысы сияқты көптеген шаралар ұйымдастырылды. Шетелдік және отандық зиялы қауымның басын қосқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда Мағжанның мұрасы туралы тың ойлар айтылды.
Мерейтойдың негізгі салтанаты ұлы ақынның туған топырағы – Сарытомарда өт­ті.
Зерт­теушілер ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы «алтын көпір» деп бағалап жүрген, «сауырынан су төгілмес боз жорға», он жетінші ғасырдың екінші жартысында, он сегізінші ғасырдың басында өмір сүрген жыр жүйрігі Тілеуке Құлекеұлы Шал ақынның есімі де жерлестерімізге аса қымбат. Жақында ғана осы атақты бабамыздың туғанына 275 жыл толды. Бұл күн де атаусыз қалған жоқ. Әдебиет сүйер қауым, жастар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында кез­десіп, жырларына Шоқан (Уәлиханов) сүйсінген ақындар атасының ұлт­тық поэзиямыздың қалыптасып, толысуына қосқан үлесі жайлы толымды әңгіме қозғады.

Биыл көсемсөзге көбірек
көңіл бөлдім

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы:
Адам баласына сана кіргелі тоқтамай келе жатқан адамгершілік пен зұлымдықтың айқасы 2023 жылы да жалғасты. Жәй қырғиқабақтанып жалғасқан жоқ, шиыршық атып, шегіне жетіп жалғасты. Екі күш те жон арқасын күдірейтіп, Украина мен Ресей арасындағы кескілескен соғыс арқылы көрініс тапты. Сол екі от­тың ортасында қалған Қазақстанның өз ішінде де кескілескен майдан… Кешегі Жаңаөзендегі Желтоқсан, Алматыдағы Қаңтар қырғынын майдан демей не дейміз? Қарағандыдағы шахтада опат болғандарды қай майданда қаза тапты деп анықтама береміз?
Осының бәрін Жаратушы ой берген соң ойлайсың. Зейнетақыңа қосылатын 9 пайыз үстеме жыл сайын қымбат­тайтын дәрі-дәрмекке жеткеніне шүкіршілік ете отырып, қағазға сол ойларыңды түсіресің.
Биыл көсемсөзге көбірек көңіл бөлдім. Әр жылдары Әулиеата өңірінен шыққан әдебиет, өнер саласындағы ағаларымның портрет­тер циклін жалғастырып, Әкім Тарази, Әбдімомын Желдібаев, Пернебай Дүйсенбин туралы мақалалар жаздым.
Ал жалпы кейінгі жылдары жазған әдебиет туралы ойларымды «Абайтаудың ар жағы мен бер жағы» деген атпен «Абай» баспасынан жинақ етіп шығардым. Жамбыл облысы әкімдігі биыл менің ғана емес, 24 қаламгердің жинақтарының жарық көруіне демеушілік жасады.
Бұдан басқа «Шах Махмұт» ат­ты драма жазып, облыстық театрға табыстадым. Бұл тарихи шығармада қазақ қаламгерлері көп қалам тарта қоймаған Қарахандар мемлекеті тұсындағы қоғамдық (дін, ғылым, тақталасы) тартыстарды ашуға тырыстым. Бұл дәуірде биліктің және діннің орынсыз кертартпалығы гүлденіп тұрған ғылымды тежеп, сопылық ілімді белең алдырған. Сол замандағы жағдай қазақ елінің басына басқа деңгейде болса да қайтып келіп тұр.
Жалпы, мен қазіргі өмірдің көркем суретін салып қалуға тырысамын. Бұл бағыт­та да ізденістерім бар. Жазылып жатыр.

 

«Қоян» қашып барады

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы:

– Қуандық аға, сізді алдымен «Айбоз» ұлт­тық сыйлығының иегері атануыңызбен құт­тықтаймыз. «Айбоз» сыйлығының иегері аяқталып жатқан 2023 жылды шығармашылық табыстармен қорытындылаған шығар деп ойлаймыз.

– Ұрты бүлкілдеп «қоян» да қашып барады. Бұл жылға өкпе жоқ, ақ қоянның ақ пейіліне тәнтіміз. Оқырмандарым менен: «Қоян жылында қандай да бір шығармашылық жетістігіңіз бар ма?» – деп сұрайды. Ниеті түзу адамға несібе өзінен-өзі келеді ғой. Иә, өтіп бара жатқан жылда аз-кем шығармашылық жетістіктерге жеткен сияқтымын. Ең бастысы, Анамның құрбысы» деген ұзақ әңгімем «Айбоз» ұлт­тық сыйлығын жеңіп алды. Бұл арпалысы жетіп-артылған әдеби өмірдегі жетістік деп ойлаймын.
«Ел әңгімелері» циклын жаздым, онда Мұстафа Шоқай мен Еркін Әуелбеков сынды түлғалардың жұртқа белгісіз қырлары ашылады. Сосын жалғыз әдеби басылымымыз «Қазақ әдебиетінің» қас-қабағына қарап отырамыз. Ақын, азамат Жарасхан Әбдіраш туралы «Құлпытас немесе өзіне-өзі ескерткіш қойған ақын» деген эссем көп оқылды, көп пікір тудырды. Ел аузында жүрген ғалым Асқар Жұмаділдаевтың пікірлері көпшілік көңілін алаңдатса, осы газет­те жарияланған «Апыл-ғұпыл Асқар» деген мақалам біртуар болмыстың бейнесін ашқандай, тіпті ауруханада жатқанымда аяқ-қолы асылып, таңулы уақытша мүгедектер де осы дүниені сөз қылды, мен олардың газет оқитындығына қуандым.
Осылай еңбегіңді бағалап жатқан ел мен шығармашылық ұжымның барлығына шүкіршілік дейміз.


ПАРСЫ ЕЛІНДЕГІ ҚАНДАСТАРЫМЫЗ «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ»
ГАЗЕТІН АЛДЫРТЫП ОҚЫҒАН ЕКЕН

Отыншы КӨШБАЙҰЛЫ, өлкетанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі:

Алматыдан алыста жатқан маңғыстаулықтарда бұрын-соңды көрінбей, кенет­тен жарқ ете түскен беймәлім ақын-жазушының тырнақалды еңбектерін оқып, олармен сырт­тай таныстығымыз «Қазақ әдебиеті» газетінен басталатын. Әрине, ол кез­дегі оқырманның бар жаңалықты газет беті арқылы ғана білетіндігі көпке аян. Бәлкім сол уақыт­тағы газет-журналдардың бірнеше мың тиражбен шығатыны сондықтан шығар. Кәзір заман өзгерді, әлеумет­тік желілер пайда болды, керек десе әр басылымның өзін дәріптейтін сайт­тары ашылды. Көпшілік солай қарай ауысты. Мүмкін менің ойыммен көптеген адамдар келіспейтін шығар, бірақ біздердің бойымызға сіңген қасиет пе, әлде шындығы солай ма, онысын білмеймін, әйтеуір газет­тің өзін алып сонда жарияланғандарды оқудың жанымызға жақын екені рас.
Мен өлке тарихымен айналысатын адам болғандықтан сәті түскенде алыс, жақын шетелдерге сапарға шығатыным бар. Бұдан оншақты жыл бұрын сонау «тұрымтай тұсына, балапан басына кеткен» аласапыран жылдары парсы еліне ауып кеткен қандастарымыздың ортасында болғаным бар еді. Сол кез­дері Маңғыстаудан кеткенде 10-11 жастағы балалар, менімен кез­дескенде жетпістің үстіне шыққан ақсақалдар мен кейуаналарымыз көз жастарын төге отырып, елге деген сағынышын айт­қанда солармен бірге егілген кез­деріміз болған. Соларды тыңдап отырып көз алдыма өрістен сызылта боздап желісіне асыға басып келе жатқан аруана елестейтін. Өткен күндері туралы әңгіме айтып отырған ақсақал:
– Шырағым, біздер сауаты жоқ адамдармыз. Бала кезіміз аласапыран жылдармен тұспа-тұс келді. Жел айдаған қаңбақтай домалап соңында парсы еліне келдік. Мұнда оқу туралы ойламадық, өйткені тек тірлік қамы үшін күрестік. Бірақ ызғындай парсы мен қалың түрікменнің ортасында жүрсекте дәстүр-дәбімізді ұмытпадық. Қыздарымызды жат жұрт­тың қойнына салмадық, ұлдарымызға өзге ұлт­тан әйел алуға үзілді-кесілді қарсы болдық. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғыдай емес, екі ортада байланыс ашылды. Қазақстаннан газет-жорналдар келе бастады. Бірақ тағы қиындыққа тап болдық. Қарпі бөлек, орысша болып шықты. Оның да амалын таптық. Біздің көзі ашық жігіт­тер әлгі орысша қаріпті өздері үйреніп, газет­те жазылғандарды біздерге дауыстап оқып беретін. Сөйтіп арғы бет­тегі еліміз туралы, олардың бастарынан кешкендері туралы біле бастадық қой, – деген еді.
Артынан барып сұрастырып білгенімде олардың сол уақыт­та алдыртып оқитындары «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдары мен төте жазумен шығатын «Шалқар» мен «Қазақ әдебиеті» газет­тері екен.
Газет несімен құнды деген заңды сұрақтың болатыны белгілі. Әдебиетіміздің тыныс-тіршілігі мен еліміздің тарихи, мәдени дамуына зор үлес қосып келе жатқаны. Талант­ты жастардың өлеңдері мен әңгімелерінің, шетелдің белгілі жазушыларының еңбектерінің жариялануы. Оларды насихат­тау әрі қарата жалғаса берсе деген тілектеміз.
Газет­тің еліміздің тарихының өткені мен бүгіні жайында ұдайы жазып отыратыны көңілге ұнайды. Тарихтың өткенге емес, бүгінге қызмет ететінін ескерсек, кейінгі ұрпақ үшін керекті материалдар «Қазақ әдебиетінен» орын алса құба-құп болар еді.
Соңғы айтарым Алматыдан алыста облыс, аудандарда тұратын қаламгерлердің еңбектерінің газет бетінен қағыс қалмауын назарда ұстаса дейміз. Ол үшін газет­тің бір саны толықтай сол облыс қаламгерлеріне арналса, ол болмаған жағдайда газет ішіндегі газет болып шыға ма, оны да ойластырған жөн сияқты.
«Қазақ әдебиеті» газетінің қашанда оқырман жүрегінен жол тауып, биіктен көріне беруіне тілектеспіз. Тоқсан жылдық тарихы, мол тәжрибесі бар «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы уақыт­та да көп көңілінен шығып, мақтанышына айналатын басылым бола беретініне сенім мол.

 

Жетісу қаламгерлері үшін жемісті жыл болды

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу филиалының төрағасы:

Жалпы, биылғы жылдан түйген ойымыз көп. Ең бастысы, ақын-жазушылар үшін де, Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалы үшін де жемісті жыл болды деуге толық негіз бар. Атқарған іс-шараларымыз да ауыз толтырып айтарлықтай.
Жыл басында ақын Қайрат Әлімбектің туғанына 60 жыл толуына орай «Қара түнде жоғалған жарығымсың» поэзиялық сағатынан бастау алған мерейтойлық әдеби шара ақынның туған күні қар­саңын­да Жетісу облысы әкімінің қолдауымен «Жоқ іздеген жігіт» жыр жинағы жарық көріп, Талдықорған қаласының Б.Римова атындағы драма театрында өмірден ерте кеткен қалам­гер­дің­ шығармашылығына арналған еске алу кешіне жалғасты. Одан кейін Сарқан ауданы әкімдігінің қолдауымен, Жетісу облыстық Жазушылар одағы және Қарабөгет ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақын Әділбек Абайділдановтың еске алу кеші ақынның туған жерінде өт­ті.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл Талдықорған қаласында жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған шаралар мен Алматы қаласында өткен «Детектив жанрының дарабозы» ат­ты халықаралық ғылыми конференцияға филиал қаламгерлері белсене қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының ұйымдас­тыруымен, тікелей ұсынысымен Респу­бликалық Abai tv (ұлт­тық) телеарнасында Т.Қабылшаның «Тағдыр­лы туынды» авторлық тележоба­сына өмірден өткен жетісулық ақындар Ілияс Жансү­гірұлы, Пышан Жәлмендеұлы және Әбен Дәуренбек сияқты үш бірдей тағдырлы шайырлардың ғұмыры мен шығармашылықтары жайлы бағдарлама түсіріліп, көрерменге жол тарт­ты.
Сондай-ақ Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен, Жетісу облыстық архивтер және құжат­тама басқармасының және Жетісу облыстық Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ескелді би Жылкелдіұлының 330 жылдығына орай «Ел қорғаны – Ескелді» тақырыбында Тал­дықорған қаласында (Б.Римова драма театры) Халықаралық ғылыми-кон­­ференциясы мен республикалық жыр мүшәйрасының өтуіне филиал қалам­герлері белсене атсалысты. Жазушы Сайын Мұратбековтің туған күніне орай Талдықорған қаласындағы С.Мұратбеков атындағы мектеп-гимназиясында өткен әдеби шараға филиал қаламгерлері мұрын­дық болды. Және де Ақсу ауда­нында өткен балалар жазушысы Арасанбай Естен­нің 70 жылдық мерейтойы­на арналған шығармашылық кеште фил­иал қаламгерлері атсалысты. Көксу ауда­ны­ның орталық мәдениет үйінде Ырыс­хан Дүзелқызының «Ақ апаның ар­маны» кітабының тұсаукесері мен Тал­ды­қорған қаласындағы №27 мектепте ұйым­дастырылған оқушылармен кез­десуінің өтуіне филиал басшылығы ықпал ет­ті.
Жетістіктеріміз бұнымен де шек­те­ліп қалмайды. Жетісу облыстық Тіл­дер басқармасымен филиалымыз бірлесе отырып, ақын Жұматай
Жақып­баев­­тың атындағы «Жыр-жақұт» ат­ты мүшәйрасын өткізді. С.Сейфуллин атындағы Жетісу облыстық кітапха­насының ұйымдастыруымен, Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының атсалысуымен (бірлесе өткізілген шаралардың бірі) Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойының аясында, сахна саңлағының өмірі мен шығармашылығы жайлы журналист-жазушы Болат Батыр және театр қайраткері Зәмзәгүл Әмірғалиеваның құрастыруымен жарық көрген «Ғасыр тойы» кітабының таныстырылымы болды. Талдықорған қалалық «Аманат» партиясы мен Жазу­шылар одағының Жетісу облыстық филиалы және «Ұлы дала» республикалық бірлестіктің ұйымдастыруымен студент­термен кез­десу болып, кітап жәрмеңкесі өт­ті. Сондай-ақ қалалық Ардагерлер ұйымымен бірлескен бірнеше байқау ұйымдастырылды. Janr әдеби клубымен бірлесіп, Сайын Мұратбеков атындағы «Жетісу көктемі» ат­ты республикалық проза байқауын өткіздік.
Алтын күзде 25 Қазан – Республика күніне орай Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының қаламгерлері (мемлекет­тік) жоғары наградалармен марапат­талды. Өңірде тұра­тын одақ мүшелеріне 150 мың теңге көлемінде стипендия берілді. Осы соммадағы қаражат биыл өмірден өткен ақын Исламғали Үркімбайұлының отбасына көмек ретінде берілді.
Жыл соңына қарай ақын, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Игіманның 65 жасқа толуына орай облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада кез­десу ұйымдастырылды және Жетісу облысы әкімінің қолдауымен 10 қаламгердің кітабы жарыққа шықты.

 

ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ ҰЛТ­ТЫҚ ЕҢСЕСІ БИІК БОЛСЫН

Айжарық АБЫЛҚАСЫМОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Салқын сағынышын жұмсақ мұңға орап, Жаңа жыл есік ашты. Екі тұсыма етектен қарап, елеңдеп қалдым. Бірнәрседен алыстасам, бір нәрселерге жақындағандаймын. Иә, өмір шымылдығының тағы бір қатпары сырылып, көңіл иірімделіп қалды…
Біздің де көргеніміз бұлдырап, көбісі қапталда қалғандай. Алпыс жас – әкелердің отырған қоламталы ошағы екен. Биігі салқын, иығы қоныс ғұмыр мекенінен ыстық түтіннің сағынышы созылады. Жоғалғаным көбейіп, табылғаны көңілге жиналды. Қалғысам, жүрекке батып, көзімде дірілдеді. Үркек түндер обалы көп өлеңдеріме үйіріліп көңілден лықсыды. Ақылмен жеткен дүние мінезбен қабыспай, қалыпты күндердің құшағында бұлқынады. Апыр-ау деші, арырақ ұғынсаң азапты, берірек білсең белбеуі бос тірлік баласы қайтсе оңды еді…
Тектен, топырақтан, ошақтан көзін ашып, іңгәлаған өнер киесі – ақылдың қуатымен қозғалса құп. Әрине, оны мінез қанат­тандырып, ыстық оты ыршып лауласа ғана игі. Белдігін біліммен тартып, арқасында дала құдыреті тұрса. Кешегісі көзінде жасаурап, бүгіні бағытында шаңытса қане. Ақындықта – мектеп, өлеңде үйрету болмайтыны енді, құдырет құбылысы болар. Оның да орталы тағдыры, орманды мөлшері жүрек қуатымен өлшеніп жатады. Ғұмыр қорегі – оның өлең махаббаты осал көкіректен көктемейтіні кәміл. Оған да әр көңіл, әр түсінік, әлекті соқпағымен жетеді. Желкесінен қадалған қызғаныш сұғын қалай ұғынсақ екен. Бір бастағы екі көздің екі түрлі көретіні секілді, түнгі ой мен күндізің арпалыста болса қалай. Ережесіз өмірдің алдамшы күндері қызықтырып, аптығып келеміз. Өзінікі ғана дұрыс өзексіз уақыт­тың тәт­ті өлеңін іздеп біз де біраз жерді азайтып­пыз. Өмір – осынысымен де тәт­ті. Жаңа келген Жаңа жылдың әр күні кеудесінде бүлкілдеген өлеңі бар адамдарға әсерлі. Олай болса, еліміз аман, қабырғамыз бүтін болғай. Алыстағы Қабанбай баһадүр бабамның топырағынан сағынышты сәлем дедік.
«Қазақ әдебиеті» – ұлт баласының рухты бағыты, тәрбие көзі. Тамыры тереңде жатқан киелі басылымның ұшар басы – ұлт шаңырағының тағдыры. Аяулы адамдардың жазғанын қанат­тандырып, ел ішіне ақуыз түсінікпен жеткізген – ана құдырет­ті басылым. Қадірі үлкен-кішіге бірдей ақбоз самайлы әке басылым. Яғни рух пен ойдың, тіл мен тектің, талант пен тағдырдың шеберлік мектебі дерлік. Ұлт­тың рухани ошағы, сағыныш ұялатар әкелер шаңырағы іспет­ті. Қоғамдық өмірдің қоңыр мінезді, айтары бар абыз ақсақалындай. Құшағына дарынды балаларының мінезді дүниелерін сыйдырған – тәкап­пар көңілді рух Тауы! Жаңа заманда қанатын жанұшыра қаққан рухани хабаршының қуантарлық қарымы да мол. Ойы қария, көңілі дәрия азамат­тар араласқан «Қазақ әдебиетінің» қарқыны қуантады. Кешегі мен бүгінде қанатын ұлт қабырғасына жанай қаққан газет­ті асыға күтеміз. Дарынды адамдардың дауылымен желкенін керген ой кемесі – «Қазақ әдебиеті» өз қадірімен баурап барады. Иә, уақыт мөлшеріндегі ендікте еңсең биіктей берсін! Қаламы қоғамын қозғаған қаны қызу, жүрегі батыл, жүрегі пәк, тілі құдырет­ті ұлт­тың ұл-қызы молая берсін. Кешегінің немересі, ертеңнің атасы рухты тіл тұлғалысы көріне түссін! Алыстағы абыз дала адамдарының тілегі осы. Әдебиеті мен әні бар, тілі мен рухы мықты дала өлеңінің мінезі ғана бізді ертеңге бастамақ. Парасат­тың алғашқы парағы – жүрек сөзі болмақ. Ақыл иелігіндегі ұлт­тық рухымыз тілімізде тұрсын!
Жақын көңілмен айтар алыстағы жылдарға разылығым да бар. Ескі жылда екі кітабым шығып қуандым. Көңілім өсіп, әділдік салтанатына мойынсұндым. Жақсы, мінезді, шешімді адамдарға жолықтым. Жалған дүниенің арасында жылылық жүретініне иландым. Ішім езілді. Риясыз өлеңімнің шуағы кештеу болса да жанымды жібіт­ті…
Талай тағдыр ойнақ салған жылдардың обалы қайт­қандай. Разы болдым, Аллаға!
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа рахмет. Аңғарымпаз азамат әріден ойлап, қолұшын созды. Өлеңімді қадірлеп, қоңыр әңгімемен қабылдады. Балдағы таймасын деп, басыма Семей қаласынан екі бөлмелі үй ұсынды. Талай жылдардың үстінен қарап, тоғызыншы қабат­та тұрмын. Иә, қуаныш! Біздің аймақтың басқа да басталып кеткен ауқымды істері бар. Аягөз-Бахты теміржол қатынасы қолға алынды. Автокөлік жолдары майда белдерде созылып жатыр. Бұрынғы Мақаншы ауданы өз дәрежесіне қайта оралып, жұртымыз қуанып отыр. Өнер адамдарына деген көзқарас өзгерек қалыптасты. Алакөл жағасы заманауи ажарға ауысты. Азамат мінген арғымақтың маңдайын тәңірі топырақтың разылық самалы қаққандай. Игілікті істердің иірімдері дос көңілде қалып жатса қандай жарасымды.
Тарихтың ұзына бойы созылған, тас обадан басталған әдебиетіміздің ұлт­тық еңсесі биік болсын, ағайын 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 22.01.2024 | 20:47

Осы кісінің сөздері ерекше🙏

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір