КҮНДІЗГІ ЖҰЛДЫЗ (Әңгіме)
17.08.2022
4120
0

Күн көзі бұлыңғырлау боп, көкжиектегі қызыл жалқынның арасына кіре беріп, сәл-пәл кідірістегендей сыңай көрсетіп еді, үй артынан дүрсілдеген ат тұяғының дыбысы шығып, көкжиекке қадала қарап тұрған Қазақтың көңілін де, көзін де бұлдырлата тайдырып жіберді де, «Оу, бұл кім болды екен?» деген ой өн бойын билеп алды. Лезде аттылы кісінің де сұлбасы көрінді. Тепсініп қойып, тура таптап кететіндей астындағы жирен қасқасының тұмсығын мұның кеудесіне тірей:
– Ассалаумағалейкум, Қазеке, ал сүйінші! – деп үзеңгіге екі аяғын керіп шалқайды.
– Уағалейкумссәлам, апырай, себебін айт та сүйіншісін ал інім, – деді Қазақ дауысын сәл-пәл көтеріңкірей, демін аузымен алып.
– Айтсам, былай, облысқа әкім боп Сауранбайдың баласы Ізімберген тағайындалыпты. Ал керек болса. Әкел сүйіншімді, тез бол, асығыспын. Тағы да баратын жерім баршылық.
– Қай Сауранбай, қай баласы? – деді Қазақ түсініңкіремеген кейіп көрсетіп.
– Ойпырмай-ау, өзіңнің ет туысың Сауранбайды ұмытып қалғанбысың, ей!
– Жо-жоқ, қай баласы дегенім ғой.
– Апырай, Сауранбайда неше бала бар еді, жалғыз емес пе түге, қалғаны қыз ғой.
– Бұл қашан болған жаңалық? Сенің кейде бір қиғаштау сөйлеп кететінің бар еді. Сеніңкіремей тұрғаным. Баяғы Қасымбек болсаң, ала шапқындығың қалмаған шығар.
– Тфу, сөзің бар болсын! Маған сенбегенің, Аллаға сенбегенің, білдің бе? Мә, оқы мынаны, – деп Қасымбек бүктеулі газетті ат үстінен еңкейіп Қазақтың қолына ұстатты.
Қазақ көлдей газетті құлашын кере шалқайыңқырап, аударып-төңкеріп, шұқшия қарады да, «Е, е, «Егемен Қазақстанның» бүгінгі саны екен ғой, дұрыс», деді дауысын шығармай, ішінен күбірлеп. Сосын бірінші бетінің хақ ортасына орналасқан туысқанының сүгіреті мен Президенттің Жарлығына көз жанарын молынан түсірді.
– Ізімберген Сауранбай екеніне анық көзің жетті ме, онда сүйіншімді әкел, – деп Қасымбек қадала түсті.
Қазақ газетті асықпай бүктеп, бешпентінің ішкі сол жақ қалтасына салды да оң жақ қалтасынан әмиянын алып, арасынан он мың теңгелікті суырып ат үстіндегінің тырбиған саусақтарының арасына қыстырды. Сосын Қасымбектің рақметін де күтпестен анадай жердегі кескен томарға қарай қадам басты.
– Уай, Қазеке, қуанышың ұзағынан болсын, ал мен кеттім, – деген сөзді естісе де естімеген сыңай танытты.
Бөренені екі айналып, құйрық басқаны сол еді, кесік құлақ көк төбеті қарсы алдына кеп шоңқиып, екі рет аузын ашып, тілін жалаң-жалаң еткізіп, сәл-пәл дыбыс шығарды. «Е, итекеш ит те менің қуанышыма ортақтаспақшы ғой, рақмет, саған жанашырым», деп күбірледі де байыз таппай орнынан тұруға ыңғайлана бергенде:
– Әй, бұл отырысың, не отырыс, дастархан қайда, дастархан, – деген құлақ жарар үннің Смайыл құрдасынікі екенін бірден ажыратып, орнынан шапшаң көтерілді.
– Кел, бауырым, кәне, кәне, – деп алға ұмтылған Тобылғы Смайылды иығымен қаға кеуделей келіп, Қазақты айқара құшақтады.
– Бәріміз үшін сен құшақтап, бетінен сүйсең жарайды ғой, – деді шеткерірек тұрған екеудің бірі Сонарбай.
– Иә, иә, жөн, жөн, – деді қасындағысы.
– Шырағым, – деді ентігіңкірей сөйлеген Тіней ақсақал, – Құдай тілегіңді бергір жаңағы Қасымбек болмағанда тым-тырыс отыра береміз екен. Құтты болсын, айналайын. Сен Әріптен, ол Сауранбайдан екеуің бел немересіңдер ғой. Шіркін, әке-шешесі тірі болғанда ақ түйенің қарны жарылатын еді, бүгін. Кәне, газетіңді көрсет, Смайыл дауыстап оқысын…
– Пай, пай, Сұлтанмахмұд пен Қаныштан кейін Қаржастан да бір мықты шықты-ау! Бәсе, бәсе, осыны сезіп едім. Бұл жігіт енді алысқа самғайды, – деп Тобылғы езулей беріп еді, оның сөзін, – Тек, Қаныш аға Айдабол емес пе, не айтып тұрсың, а? – деп топтың шетіне жаңа ғана іліккен Сәлім бөліп жіберді.
– Ойпыр-май-ау, Баянауылдан шыққан он бес академиктің бәрі де Қаржас екеніне бәс тігемін, – деді Тобылғы. – Ал Айдабол Олжас қой, Олжас.
– Қай Олжасты айтасың, әлгі директор Олжас па?
– Директорың не сенің, кәдуілгі атақты Олжас Омарұлы Сүлейменовті айтамын.
– Қап, мен оны Қаржас деп жүрсем-ай, – деп Сәлім сырт айналды.
– Оу, ақсақал, қара сақалдар, Қаржас пен Айдаболды ажыратып болсаңдар, шай дайын, үйге жүріңіздер, – деген әйел дауысқа бәрі бірдей жалт қарасты да таңдайларын тақылдата қағып үлгерді. Қарсы алдарында сымдай тартылып, аппақ жүзді айдай жарқырап Нина Николайқызы тұр. «Апыр-ай, күнде көріп жүрген Нина тап осындай сұлу келіншек пе еді», деп әрқайсысы іштей күбірледі. Есін бірден жинап алған Тіней:
– Қарағым, аманбысың, иә, иә, үйге кірейік, қуаныш бәрімізге ортақ қой, – деп көк есікке қарай кеудесін бұра беріп еді, Нина:
– Ағай, кешірерсіз, қатыны, яғни бәйбішесі жоқ үйдің дастархан мәзірі онша болмас, біздің үйге жүріңіздер, – деді езу тартып.
Тұрғандар ауыздарын ашып, тамсана түкіріктерін жұтты да, қара жерге табандарын тайғанақтатып, Нинаның соңынан көрші үйге қарай қадам басты.
Қолдарын жуып, шағындау бөлменің қақ ортасындағы үстелге ернектете қойылған отырғыштарға жайғасқан алты еркек дастархан үстіндегі мәзірлерге көз тастап, бір-біріне күлімсірей иек қағысты. Көкөніспен көмкерілген тағамның неше түрі, тұтастай пісірілген құстың үш-төртеуі теңкиіп-теңкиіп жатыр, қойдың құйрығы мен сүбесі дейсің бе, жамбасы мен бел омыртқасы дейсің бе, әйтеуір сілекей ағызар иісі бұрқыраған бесбармақ үлкен жайпақ табақпен ортаға дір етіп қойылғанда Тіней ақсақал шыдай алмай:
– Қарағым-ау, мұншама тамақты қай уақытта пісіріп үлгергенсің, а? – деді дауысын үзіп-үзіп.
– Иә, деймін-ау, «Біздің Нина» деп жұрт бекер айтпаса керек, бұл қызыңыз бес аспап қой, бесаспап, ал рұқсат болса, мен ет турайын, – деді Смайыл екі жеңін түрініп.
– Нинажан, мына құс еті, анау күлше, анау шұжықты кейіндеу қояйық, әйтпесе ет жеуге зияны тиер, алаңдаймыз ғой, – деді Тобылғы үй иесіне жалтақ-жалтақ қарап.
– Дұрыс айтасыз, мен олардың бетін жабайын, – деді Нина аппақ жүзі сәл қызарып.
– Нешеуа, тұра берсін, тағамның артығы болмайды, сен де әйтеуір жоқ жерде қыстырылып, – деп Смайыл Тобылғыға ожырая қарады да, – Так, жамбас – Тінекеңе; бел омыртқа – Смайылға; яғни маған; төс қабырға – Сәлімге; тоқпан жілік – Тобылғыға; кәрі жілік – Сонарбайдікі; ал, ал, төстің нағыз өзі – Қазаққа…
Әп сәтте ет туралып, үстіне тұздық құйылды.
– Мұның ащылау тұздығы көрінбейді ғой, Нина Николайқызы, – деген Сонарбайға Тіней ақсақал:
– Қажеті жоқ, кешір қызым, көңіліңе алмағайсың, бұлар енді сөйтеді, – деп басу сөзін айтты.
– Жоқ, жоқ, оқасы жоқ, қазір, қазір, бұл бүкіл ауыл, ауданның қуанышы ғой, біле білген кісіге. Мен телевизордан берілетін жаңалықтан тыңдап әрі көріп, дастархан мәзірін өзімше әзірлегенмін. Көршімді құттықтауға келгендерге дәм татқызайын деп. Қанша дегенмен ауылдаспыз, біраз жылдан бері құдай қосқан көршіміз. Қазақ сені айрықша құттықтаймын, туған бауырың екен ғой. Тіпті ата-тектерің де бірдей, Тәңірбергенов. Ал Сонарбай қатарласпыз, айып етпей мынаны аш та, құй, – деп Нина екі шөлмекті қосақтап, үстел шетіне қойып еді, отырғандар аузын ашып қалды. Іле-шала өзіне-өзі келген Қазақ тамағын кенеп:
– Рақмет, Нина рақмет, жалғыз қызыңның қызығын да, шыжығын да көргейсің, – деді жанарын аспандата сөйлеп.
– Ет, ет алыңыздар, суып қалар енді, кәне, кәне, – деп Нина бәйек болды.
Қонақтар ішті, жеді. Тіней мен Қазақ ақаңды тіліне де тигізбеді Қалған төртеуі екінші шөлмекті орталап, кезек-кезек тосты көтеріп, қызу-қызу сөйлеп, тіпті әндетіп те жіберді. Кезекті тілектен кейін Смайыл жуан дауысын одан бетер жуандатып:
Пой, песню, поэт,
Пой.
Ситец неба такой
Голубой.
Море тоже рокочет
Песнь.
Их было
26.
26 их было,
26
Их могилы пескам
Не занесть, –
деп тақпақтай жөнеліп еді, Тіней ақсақал: – Әй, Сергей Есениннің балладасын оқитын орын бұл ара емес, кәне, бата етіп, табаққа рұқсат етейік, – деп қолын маңдай тұсына таман жайды да, – Я, Жаратушы Жаппар Ием, осы үйдің иесіне Қулһууа Алланың қуатын, Әльхамның берекетін сыйлап, отбасына тыныштық бере гөр, Аллаһу Әкбар, – деп бетін сипады. Сосын қасындағыларды жаңа көргендей, үңіле қарап:
– Шырағым, Нина, көргенді қызым екенсің, көсегең көгерсін айналайын! Әбден ризамын. Ал енді дастархан үстін жинастырып, ана жарты шөлмек арақтың аузын жауып, орын-орнына қой. Біраз сілтедіңдер, жетер. Солай емес пе, Смайыл. Сонарбай, сен Нинаға көмектес. Тездетіп, бір-екі шынаяқ шай ішейік те тұрайық, – деді ақсақал сөзін жалғастырып.
Бөлме ішінде бір сәтке тыныштық орнады. Ауа қысымынан ба, белгісіз, тас төбедегі әдемі люстра екі рет «зың, зың» деп, құлаққа жағымды дыбыс шығарды. Қабырғаға ілінген сағат «маған да назар аударыңдар» дегендей, қоңыраулатып, қоңыраулатып жіберді. Терезе алдына қойылған гүл дестесі осы дыбыстарды күтіп тұрғандай, бүршік жарып, сарғыш түсті үш жапырақ лезде дүниеге келді.
Бөлменің есігін біреу тықылдатқандай болып еді, – Ассалаумағалейкүм, – деп Тарғын кіріп келді. – Кешірім өтінемін. Қазекеңді қуанышымен құттықтайын, құр қол болғанымды айып етпес деген оймен есігінің алдына келсем, ешкім жоқ. Бұл қайда кетті екен деп мәңгіріп тұрсам, Зағипа жанымнан өтіп бара жатып, маған Нинаның үйін сұқ саусағымен нұсқады. Сосын мысық табандап дегендей…
– Әп, бәрекелді, қолыңды шайып дастарханға отыра қал, мақтап жүреді екенсің, – деді Нина Тарғынға ілтипат көрсетіп. – Айтпақшы, ет әкелейін.
– Қолым таза.
– Әй, кәпір, бәсе, бәсе, жаңа ғана сені ойлағанмын, – деді Смайыл бұл жолы дауысын бәсеңдете сөйлеп.
– Нина, тоқпын, ет жемейтін, күлше жарайды. Смайыл ана жарты шөлмекті екеумізге бөліп құй. Мен бір ауыз сөз сөйлейін. Тінеке, үстімізге шақырусыз басып кірді демессіз. Қазақ екеуміз түйедей құрдаспыз. Мектепте бірге оқыдық. Бұл сабаққа алғыр, мен кержалқаулау болдым. Қой, қысқартайын, Ізімбергенді жетектеп жүретін едің, міне, енді, ол сені жетектейді; Алла Тағаланың көзі түзу екен, құтты болсын! «Отызда орда бұзбаған, қырықта қыр аспайды», депті ғой аталарымыз. Інім отызға толмай, орда бұзды емес пе? Міне, сүйіншісі, – деп Тарғын қалтасынан қып-қызыл бес мыңдықты суырып алды.
– Ой, жарайсың, Тарғыным, – деп гүж етті Смайыл.
– Рақмет, сүйіншіні Нинаға бер, – деді Тіней ақсақал ұмсынып.
– Иә, иә, саған разымын, жол Нинанікі, өзің тіпті шешен екенсің ғой, қалай-қалай сілтейсің, апырай, «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы, – деді Қазақ үстемелете сөйлеп.
– Ал баршамыздың саулығымыз үшін, – деп стақан толы арақты бір-ақ қылқытқан Тарғын тыртықтау маңдайын сипай көзін сығырайта Сонарбайға қарап, қызыл сиырың өрісте бұзаулап қалған екен, ит-құс жазым етер деп бұзауды мотоциклімнің люгіне салып жайлап жүріп едім, жарықтық қызыл сиыр ерді де отырды. Сонымен аман- есен келіншегіңнің қолына тапсырдым.
– Ой, молодец, бұл жақсылығыңды мен қолма-қол атап өтейін, – деп қалтасына оң қолын соза беріп еді, Тіней ақсақал: – Болды, жетті енді, бала-балжыр қылмай, дастарханды сыйлайық, Нина, шапшаңдатып шайыңды әкел. Тұр, Сонарбай көмектес, Нина ана ақшаны қалтаңа салып ал. Шын көңілімен берді ғой, екеуі де. Сөзің онды Тарғын, кезінде мінгенің темір, ұстағаның темір, көргенің темір болса да ата-бабамыздың қара сөзін ұмытпаған екенсің. Шіркін, қазағымның қаймақ қатқан қара сөзіне ішпей-жемей тоясың-ау! Мысалы, Қазыбек бидің «Ей, Көшербай, ағайын даусыз болмас, ел жаусыз болмас, ағайыныңмен жөнсіз даулассаң, пұлын беріп құтыл, жауыңмен жауласып, кісісін жазым етсең, құнын беріп құтыл. Неге еңкейесің, шалқай! Ауа жұтып, қара бұйра насыбай иіскейтін танауыңды, бұтыңның арасына еңкейтіп, иіскемейтін жеріңді иіскеп қор етпе. Тәңірімнің назарына, періштенің наласына қаларсың. Алты қанат ақбоз үйіңнің қақ төрінде айылыңды жинамай «А, Құдайлап» жатпаймысың, қараша үйіңнің сүмелектенген ысымен тыныстанғанша. Ай, Көшербай-ай, Құдай саған байлық бергенмен, шайлық ақыл бермеген сыңайлы. Бала бергенмен ертеңіне лайық сана бермеген сыңайлы. Ендігі үміт бәйбішеңде, ойлан, мықтап ойлан», дегені кім-кімді де теңселтпейме, толғантпайма, сезіміңді селт еткізіп, көңіліңді оятпайма! Пай, пай, қазағымның даналары-ай! Қара сөзбен қорған тұрғызып, қара сөзбен жерге түрен салған-ау!
– Ағай, шай әкелдім алдыңызда, – деген Нинаның дауысы ақсақал сөзін бөліп жіберді.
– А, а, дұрыс, шөлкердім, етті асап жедік қой, жүдә, енді қаймақ қатқан қою шайды ішейікші бір, – деген Тіней ақсақалдың қолы шынаяқта болса да, көзі – томпиған қып-қызыл бауырсақта еді.
Шай үстінде әңгіме желісі өрістемеді. Дастархандағы тағам түрлері сол қалпында, қозғалысқа енетін емес. Тіней ақсақал қызыл бауырсақтың біреуін алып, – Бисмилла, – деп шетінен тістеп еді, сәлден кейін, – Ойпыр-май, қаймақтың қоюы-ай, қасық батпайды ғой, тіпті – деген Тарғынның үні шықты.
– Тарғын-ау, қаймаққа қасықты батыра алмасаң, күректі қатты жерге қалай кіргізесің, бау-бақшаң бар емес пе? – деді Сонарбай мырс етіп. – Әлде, қара жұмысқа келіншегіңді саласың ба? – дегенді қосып қойды.
Бұл әңгіме өрісін таппай, осымен тәмамдалды.
– Нинажан, мектепті қазақша оқыдың ба, осы? – деді Тобылғы басқа сөз аузына түспегендей.
– Алты жылын қазақша, бес жылын орысша оқыдым ғой… – Нина бұйра шашын бастыра тартқан қызғылт орамалын сәл кейін серпіп, күлімсіреген қалып танытты.
– Нинажан, ән салшы, сені әнші деп естіп едім. Қазақтың қуанышына бәріміз бір-бірден ән салайық, – деп Сәлім күңгірттеу үнімен ұсыныс жасап еді, Тіней ақсақал оған алара қарап:
– Ал шай ішіп болсақ, ас қайырайын. Біраз отырыс болды. Айналайын, Нина, көп жаса, мерейің үстем бола берсін! Жаратқан ием жар болып, төріңнен қонақ, босағаңнан бақыт кетпесін, Аллаһу акбар, – деп, бетін сипаған ақсақал орнынан тік тұрды. Қалған алтауы да Нинаға бағышталған ризашылықтарын тұра, жүре айтып, бір-бірлеп бөлмеден, одан кейін кіреберістен, әйтеуір дастархандағы тағамға қарап шегіншектемей шықты.
Қазақтың есігінің алдынан өтерде Смайыл мен Тобыл «Темекі шегіп алайық­шы, асықпай», деп кідірістеп, сәл аялдама жасағысы келіп еді, Тіней ақсақал: – Давай, темекіні жүре шегіңдер, Қазақтың мазасын алмаңдар, ішетін кісіге ертең де күн бар, – деп екеуін қолтықтай жөнелді.

* * *
Қазақ аула ішіндегі бөренеге құйрық басты. Көзін әуелете көк жүзіне тастап еді, жұлдыздар шоғыры тым жиі екен. Айсыз аспанды самсаған жұлдыздар билік етіп тұр. Бұл «Жеті қарақшыны» іздеп, тапты. Ай жолына қарай ұмсынған «Жеті қарақшы» кеше түндегі орнынан аз-мұз биіктеген сияқты. «Е, е, ертеңгі күн ыстық болады-ау, жауынның нышаны білінбейді. Күн көзі де көкжиектегі қызыл жалқынға еңкейген-ді. Апырай, жаңбыр қажет кезде жаумай діңкелетпесе жарар еді, бәрібір Алланың қолында ғой. «Жалғыздық бір Аллаға жарасқан», деген сөз неге айтылды екен. Иә, он сегіз мың ғаламды жаратқан, құдірет иесі жалғыз болғанда, мұның жалғыздығы түкке тұрмайды. Құдірет иесі өзі орнатқан Аспан мен жерді аударамын десе, аударады, жылжытамын десе жылжытады. Бірақ Алла Тағала өзінің пендесіне соншама мүмкіндік беріп, өзі бақылап отыр. Адамға – ақыл, сана, тіл, жүру-тұру, ойлау қабілеті бәрін қосақтап, аямай бере салған. Ал адам осы бақ пен бақытын қалай пайдаланады, гәп сонда. Ойпыр-май, кейде асып-тасып, төгіліп, адами шеберден шығып, тіпті басқаны былай қойғанда, бір Алланың өзін ұмытып кетеміз-ау! «Құдайды қоя тұр, қазір сенің құдайың мына менмін», деп кеудесін ұратындарда бар-ау! Бар-ау емес, баршылық. Алла мұны тәрбиелі де тәлімді әйел затына қосақтап еді, бірақ қызығы мен шыжығын аз көрді. Құрсағындағы нәрестесімен қапыда ажал құшты, иманды болғыр! Сөйтіп мұны тұралатып кеткеніне үш жылдың белесі өтіп барады. Ата-анасын қара жердің құшағына бергелі қашан. Осылай қу тіземді құшақтап жүре беремін бе, сілкінбеймін бе, бір. Жас болса отыздың сегізіне шығады. Бәрінен бұрын мені жарық дүниеге әкелген әкем мен шешемнің рухынан ұят болды-ау», деп ойлаған ол жауырынын қайшылап, терең-тереңдеп алмақ боп, ұмсына бергенде, кенет, оң иығының үстіне жұп-жұмсақ алақан тиді. Жалт қараса, Нина. Күлімсіреп бұған еңкейе түскен секілді. Бір жұпар иіс танауын қытықтап барады.
– Оу, Нина Николаевна бұл сіз бе? – дей бергенде екінші жұмсақ алақан мұның аузын басты да:
– Жүр, шай ішейік, әңгімелесейік, мүмкін ертегі айтармыз,– деп жымиды. – Қазақ орнынан қалай тұрғанын өзі де сезбей қалды. Тіпті сасқанынан, Нина, қай үйге барамыз? – дегені.
– Бізге, бізге, маған, маған, – деді мұның оң қолынан ұстаған ол.
Ашық тұрған қақпасынан өтіп, кіреберіске кіргенде барып, «ұһ» деп терең дем шығарды. Мұнысын Нина байқамады ма, мүлде байқамаған сыңай танытты ма, әйтеуір үндеген жоқ.
– Қақпаны жауып, итті босатайын, – деп Нина шығып кетті.
Екеуі шайды біраз ішті, өткен-кеткенді әңгімеледі. Нина марқұм күйеуін еске алып, көзіне жас алды. Оған өзі қазақ тілінде шығарған өлеңін оқыды да, нашар болса, айып етпе, – деп Қазақтың бетін сипады. Сосын тағы бір өлеңін жатқа оқыды:
…Көз жасым менің көл болды,
Ойладым, сені ұзақ түн.
Көкірегім толы шер болды,
Келсеңші, жаным бір-ақ күн.
Өзіңсіз күнім өтпеді,
Қайғыдан мүлдем шаршадым.
Жыл толды, сен кеткелі,
Келсеңші, жаным аңсадым.
Аңсадым, жаным өзіңді,
Көкірегім оттай жанады.
Өзіңе деген сезімім,
Көз жасым болып тамады.
– Жақсы екен, сәтті шумақтарың адамға ой салады. Іштегі нала-мұңды сыртқа шығарып, өкпе, бауырды жеңілдетеді. Әйтпесе, ащы запыран өтті толтырып, көк бауырды зақымдайды ғой. Нина, жаза бер, таудай талабыңды қайғының отына тастама, күйіп қалар. Жаза бер, айналайын! Сенен ақын шығуы мүмкін. Егер көршіңе сенсең, орыс тілінде жазғандарыңды маған берерсің, қазақшаға аударайын. Немесе, қазақшаңды орысшаға аударайын.
– Қойшы, жаным, сен мені қуантып тастадың, бірінші оқырманым. Әлі күнге шейін жазғанымның бір шумағын біреуге оқыған емеспін, ұялып. Рас па, саған ұнадыма?
– Әрине, ұнады. Әсіресе бірінші оқыған өлеңіңнің екінші шумағы:
… Жай оғындай, жарқылдаймын,
жанамын,
Отан саған арналады, бар әнім.
Ей, ағайын, кеспе менің жолымды,
Мен бір қызың, қайрап жатқан
талабын.
Десең болды, десең болды, ей жұртым,
«Сіңлісі сенсің ақын Сараның»…
Жылдар бойы кездеспеген жандарша Нина жанында отырған Қазаққа көзін алмай қадалды да қалды. Аясы кең көкшіл көзі шарасынан шыға бақырайып, кірпігін қақпай, сұлу жүзі болар-болмас бозарып, қып-қызыл, жұп-жұқа ерні сәл-пәл ашылып, ақ маңдайы айдай жарқырап, аққу мойындағы екі күре тамыры бүлкілдеп, жұп-жұмыр кеудесіндегі қос анары гүл жапырақты көйлегін түрткілеп, қою да қолаң шашы майда қоңыр жел өткендей сәл-пәл қозғалып, аршыған жұмыртқадай аппақ беті шырай шашып, өзгеше бір қимыл, өзгеше бір сән-сымбаттылық тосыннан салтанат құрып еді, өкінішке қарай, сол салтанатты сәтті Нинаның өзі:
– Қазақ, сен бұл өлеңді қалай жаттап жүрсің, а? Әлде бұл менің өлеңім емес пе, ғажап, – деп аузын ашып, бұзды да жіберді.
– Жо-жоқ, бұл сенің өлеңің, сүйік­тім!
– Қалай, қалай, неге сүйіктім дедің, мен қалайша саған сүйікті боламын, а?
– Сен ақынсың, әрі сүйкімдісің, әрі ақылдысың, сондықтан сені анық-қанық білетіндерге сүйікті болуға құқың әбден бар, түсіндің бе?
– Айтпақшы, жаңағы бір шумақты қайдан алдың, тез, тез айтшы.
– Менің жадым мықты, өзіме ұнаған шумақты немесе қара сөзді жазып ала қояды. Мысалы, жаңа ғана оқыған өлеңіңнің маған әсер еткен соңғы шумағы:
…Аңсадым, жаным өзіңді,
Көкірегім оттай жанады.
Өзіңе деген сезімім,
Көз жасым боп тамады…
– Ой, Қазақ, сен ғажап, иә, иә, ғажайып жігіт, жо-жоқ, ғажап азамат екенсің ғой. Көрші тұрып, осы уақытқа дейін қалай сезбегем, қалай қадірлемегем. Сен, сен асқақ мұратты, асқақ арманды еркек екенсің ғой, енді білдім. Сазарып, үндемейтін тіл мен жағыңның ар жағында Сәкен Сейфуллиннің сыр сандығы жатқанын неге ертерек білмедім, а? Бостан-босқа далақтап жүргенім-ай! Сен асыл жарыңнан, мен асыл кейеуімнен айырылған соң Алладан мінәжат, қайырым, марқұмдардан кешірім сұрап, сенің білегіңнен ұстауым керек еді, қайран, кәкір-шүкірге қор болған уақытым-ай!
Бөлме ішін тылсым тыныштық басты. Қатар отырған екеу тосын сөз бастаудан сескенетін сияқты. Сәлден кейін: Нина, Бір шыныаяқ ыстық шай ішіп, бір күлше жеп, үйге қарай аяңдайын. Жалғыздық менің сыңарым ғой. Ал сенің құдай берген қызың бар. Сенде жалғыздықтың елесі де жоқ. Бақыттысың, – деді Қазақ сол қолының алақанын Нинаның оң иығының үстіне қойып.
– Әлде де кеш емес деші, сүйіктім. Нинаның ыстық демі Қазақтың бетін шарпыды.
– Кеш емес, – деп тұншыға сыбырлады Қазақ.
– Тағы да қайталай берші, сүйіктім…
– Кеш емес, кеш емес, кеш емес, қымбаттым!
– Қазақ!
– Әу!
– Отыз сегіз бен отыз үшті қосқанда нешеу болады?
– Жетпіс бір.
– Көрдің бе, біз әлі уыздай жаспыз. Мынау кең дүниенің керемет қызығы мен шыжығын екеуміз қолтықтасып, иықтасып, жұптасып жүріп, көреміз. Екеуміз уақыт дүбірінің тап-таза ауа­сымен тыныстаймыз. Бізді туған еліміз ыстық құшағына алып, қасиетті еңбек көрігін қыздырамыз. Күллі әлемге «Біз Қазақ еліненбіз, біздің атымыз да, затымыз да, Қазақ», – деп жар салатын боламыз. Сен менің сүйіктімсің, мен сенің жатсаң жастығың, тоңсаң тоның боламын!
– Мен саған өмірлік жар болуға, сені аялап, құрметтеуге ант етемін, – деп Қазақ орнынан тұрды.
Екеуі қолтықтасып, біраз серуендеді. Таң қылаң бере Қазақтың үйіне кіріп, аз-кем көз шырымын алып тыныстады. Енді-енді басталған тәтті ұйқының шымылдығын ала сиырдың мөңірегені ысырып жіберді. Нина қасында жатқан Қазақтың жастығын сәл биіктетіп, өзі еппен басып сыртқа шықты да «Мен бақыттымын, мен шексіз бақыттымын. Ей, Жаратушы ием, маған осыншама қуа­ныш сыйлағаныңа мың мәрте рақмет. Сол үшін басымды иіп, құлшылық етемін», деген сөздерді қаттырақ айтуға именіп, ішінен күбірлеп қана айтты.

* * *
Осы сыбысқа дейін қырық-елудей тұрғын үйлері, бала-шағасымен үш жүзге таяу тұрғындары, жеті жылдық мектеп, екі дүкен, бір моншасы бар ауыл бей-жай қалыпта, тып-тыныш өмір сүріп жатыр еді. Бәрін бәйгеге қосылатын аттай елең еткізіп, тыпыршытып қойған дүкенші келіншек – Нұржамал.
– Ойбай-ау, білмейді екенбіз ғой, тек мен айтты деп айтпа, әлгі қағынды тигір орыс қатын мен ұрғашы біткенді менсінбей, қатыны өлгелі қаққан қазықтай қақшиып қалған Қазақ әмпей-жәмпей екен ғой. Ана сұмырай сұлу қатын кімнің басын айналдыруды біледі. Өйткені Қазақтың туған інісі облысқа әкім боп тағайындалғанын естідің бе?
– Газеттен оқыдық қой. Жап-жас жігітке Мемлекет басшысы сенім білдірген соң тегін болмады. Мамандығы – экономист дей ме, шетелде оқыған дей ме, ағылшын тілін толықтай меңгерген, тіпті АҚШ-та, Жапонда, Германияда қызмет жасап үлгеріпті ғой. Өзінің жасы небәрі – жиырма тоғызда, ал керек болса. Баланы Сауранбай туғызған екен, шіркін! – деді Күләйса екі бүйірін таянып.
– Туғызғаны құрысын, қызығын көре алмай, әйелі де, өзі де аяқ астынан өле қалыпты ғой, шыдай тұрмай.
– Иә, «Өлдің Мамай қор болдың, бір көруге зар болдым», деген осы. Жазғандар-ай, бақты-қақты, өсірді, оқытты, тоқытты, сонан соң бақилық болу, тіпті ақылға сыймайды. Құдайда қызық, ең болмаса бес-алты жыл өмір берсе…
– Әй, сен пәлсапаға берілме, сенің міндетің ана екеуі жөнінде түрлі-түрлі әдіске салып, ауыл арасына өсек тарату, білдің бе?! Қаралайсың ба, ақтайсың ба, даттайсың ба, ол өз еркің. Әйтеуір, шабалаңдап, аюға үрген иттердей, шуылдасын бұл ауыл. Қарадан қарап сылбырайып жүргенше, үлкен-кішінің шабына шоқ салып қойып, екеуміз миығымыздан күлмейміз бе?! Қалай ойлайсың?
– Дұрыс ойлаймын. Ал мен кеттім, жарнама боп, – деп Күләйса сықылықтай күлді.

* * *
«Аудан орталығына облыс әкімі келіпті», деген хабар лезде жетті. «Аудан көлемін түгелдей аралайды екен», деген хабар үй-үйді, ауыл-ауылды қуалап тұрғындарды тік тұрғызды. Біреулер тұрғын-жайларының айналасын тазаласа, енді біреулер үй-үйден шағым, өтініш жинады.
Сәске түсте «ГАИ» бастаған үш «ДЖИП» маркалы машина тура Қазақтың есігінің алдына тоқтады. Ортаңғы машинадан ұзынша бойлы, қапсағай, тіп-тік, ақсұр өңді жігіт түсті де, есік алдында тұрған Қазаққа қарай қадам басты. Таяу келіп, – Ассалаумағалайкүм, көке, – деп Қазақты орай құшақтап, бір-екі минуттан соң құшағын жазып:
– Көке, қалайсыз, денсаулығыңыз қалай, жеңгем қайда, сізді Нина Николаевнаға үйленді деп естідім. Қуа­ныштымын, құтты болсын! Қайда жеңгей?
– Нина, келсейші, қайының іздеп жатыр, кел, кел, – деді Қазақ дауыстап.
Үстінде ақ көйлек, иығында ақ орамал, аяғына биік өкше туфли киген Нина аса сымбатты еді. Жай басып Қазақтың жанына келе бергенде, облыс әкімі шапшаң қимылмен ілгері аттады да:
– Сізді көп күттік қой, шамамен екі жылдай, бәрекелді, құттықтаймын, босағаларың берік, заңды некелерің ұзағынан, әрі сәнді де салтанатты болсын! Бәрі тәңірдің ісі ғой, біреу кетеді, біреу келеді. Өкінгеннен не пайда, не шара. Бұрынғы жеңешем де аппақ еді, қазіргі жеңешем де айдай аппақ екен.
– Қарағым, Ізімберген үйге кірмейсің бе? Жеңешеңнің қолынан дәм татып дегендей, – деді Қазақ Нинаның қолтығынан қапсыра ұстап.
– Жо-жоқ, уақыт аз, шаруа көп. Тұрғындарды мектепке жинаңыздар, сол жерде бас қосып әңгімелесейік. Шамамен бір сағаттай уақыт бөлейік, – деді облыс әкімі аудан әкіміне жүзін бұрып.
– Ізімберген Сауранбайұлы адамдар сізді күтіп отыр, – деді аудан әкімі.
– Жақсы, жақсы. Жеңеше, мынау сізге арнаған жүзігім еді, шынайы көңілмен қабыл алыңыз. Көке, жеңгемнің сау­сағына өзіңіз кигізіңізші, – деп облыс әкімі жарқыраған бриллиант жүзікті ағасының қолына ұстатты.
Қазақ кеудесін кере демін алып Нинаның саусағына «бисмилла» деп кигізіп, жүзікке ернін тигізіп еді, Нина Қазақты құшақтап сәл тұрды да, Ізімбергенге басын иіп:
– Рақмет, қайным, өркенің өссін, Жасаған Ием жар болсын! – деп көзіне жас алды.
– Айтпақшы, кішкентай қыздарыңыз, менің қарындасым қайда, оған да сыйлығым бар еді, есімі Маша ма, яғни Машенька «естіген құлақта жазық жоқ» деген, менің естуім солай.
– Әжесіне кетіп еді, – деді Қазақ күлімсіреп.
– Онда сыйлығын сіздерге қалдырайын. Ал машинаға отырайық, екеуіңіз менің қасыма отырыңыздар…
Әкім шұғыл оңға бұрылды.

* * *
Мектептің шағын залына сығылыса жиналған жұрт әкімді қол соғып, орындарынан тұрып, дуылдасып қарсы алды. Екі кішкентай қыз әкімге гүл сыйлап, жиналғандарды тағы бір серпілтіп тастады.
– Мені жақсы білесіздер, осы ауылда дүниеге келдім, осында оқыдым. Әкем марқұм осы мектептің директоры, анам марқұм мұғалима боп қызмет істеді. Елбасы маған сенім білдірді, сол сенім үрдісінен шығуға бар күш-жігерімді, білім, тәжірибемді жұмсаймын. Қысқаша, осы – деп тыныстады Ізімберген. Сол екі арада:
– Өзі көрікті жігіт екен ғой, – деп сыбырлады бір келіншек жанында отырған құрбысын түртіп қалып.
– Тс-с, естіп қалар…
– Жолдастар, бірінші мәселе: осы ауылдың бары мен жоғына жанашыр болатын, барын өрістетіп, жоқ-жітігін қалыпқа келтіру үшін жұмыс жасайтын, мәдениетіне, ағарту саласына толықтай жауап беретін әкім керек. Ол аудандық тіпті облыстық мәслихатқа депутат боп, Тәуелсіз мемлекетіміздің жаршысы, белсенді азаматы ретінде іске кірісуі керек. Қысқасы, жасырын дауыспен әкімді сайлаймыз ба, әлде ашық дауысқа саламыз ба? – деді облыс әкімі көпшілікке көз жүгіртіп.
– Қарағым, жасырын деп бүкпетайлап неғыламыз, ашық дауысқа салайық. Дұрысы сол, – деді Тіней ақсақал орнынан көтеріліп.
– Дұрыс, қосыламыз. Күлте-білтелеу­дің қажеті қанша? Әділ жолы – ашық дауыс қой, – деді Смайыл қарлығыңқы үнмен.
– Ал онда әкімдікке кімді ұсынасыздар?
Үнсіздік. Залда шыбынның ұшқаны білінбейтін тыныштық орнады.
Тағы да Тіней ақсақал орнынан тұрып: – Осы өзің айтып тұрған жауапты жұмысты өз деңгейінде қалыптастырып, әрлеп, сырлап, жан-жақты дамытып, тұрғындардың талап-тілек, мұң-мұқтажы үшін күресетін, өзі білімді, әрі тиянақты бір азаматша бар, ол Татьяна Николайқызы. Мен осы қызымды әкімдік лауазымға ұсынамын, – деді.
– Жөн, жөн, дұрыс, дұрыс, жарайсың, Тінеке, дөп түстің, ой, молодец-ай, өзі әулие шал екен ғой, тұрасын айтады, – деген дауыстар шағындау залды кернеп кетті.
– Бұл бір кандидатура, екіншісі кім? – Әкімнің өткір жанары залды тінте қарады.
– Кешірерсіз, Ізімберген Сауранбай­ұлы екінші кандидатура жоқ, – деді Тобылғы орнынан тұрып. – Жоқ, и всё, – дегенді қосып қойды.
– Жоқ, жоқ, басқа кандидатура жоқ, біз Татьянаға сенеміз, ол мықты, оның ойлау қабілеті, жүріс-тұрысы замандастарын сүйсіндіреді, – деді мектеп директоры Жайма Қуанқызы.
– Мен толқып тұрмын. Бірақ Татьянадан басқа адам бұл ауылға әкім бола алмайды. Әкім болу үшін тек білім жеткіліксіз, оның мінезі, мінезіне сай рухани байлығы, ішкі-сыртқы түйсігі, адамды тани білуі, сезімталдығы, жақсы мен жаманды тез, әрі әділ ажырата білуі, осыған сай шешім қабылдауы, жалған, өсек сөзге сенбеуі тағысын тағылар, қой, көп сөйлеп кеттім, інім кешір, – деп мұғалима Бәтіш отыра қалды.
– Тағы кім сөйлейді?
– Болды, болды, жеткілікті, – деген дауыстар шағындау залды тағы да сілкіндірді.
– Онда ашық дауысқа саламыз. Бүгіннен бастап Татьяна Николайқызы Ақ қайың ауылының әкімі боп сайланып, іске кірісті дегендер қолдарын көтерсін.
– Кәне, санаймыз ба? – деп облыс әкімі аудан әкімі Нұрболдыға қарады.
– Залдағылардың бәрі де қолдарын көтеріп отырған сыңайлы, Ізімберген Сауранбайұлы.
– Жарайды, рақмет, қолдарыңызды түсіріңіздер. Енді қарсы кім? Жоқ. Қалыс кім? Жоқ. Ашық дауыспен Ақ қайың ауылының әкімі болып, ұлты орыс, осы ауылдың тұрғыны, азаматша Татьяна Николайқызы Тургенова бірауыздан сайланды. Қол соғып, құттықтайық. Ауыл әкіміне байланысты іс-шараны аудан әкімі бүгін толықтай аяқтайды. Енді Татьяна Николайқызына бірауыз сөз береміз бе, қалай ойлайсыздар?
– Жо-жоқ, Татьяна келісімін беріп, сөйлейтін сөзім жоқ деп отыр, – деді Жайма Қуанқызы көтеріңкі дауыспен.
– Олай болса, екінші мәселеге көшеміз, – деді облыс әкімі. – Австралиядан 120 бас асыл тұқымды сиыр алуға келісімшарт жасалды. Оның жиырмасы бұқа, жүзі – аналық. Соны қабылдап алып, осы ауылға аман-есен алып келу. Сонан соң ферма құрып, оған тікелей басшылық жасауды негізгі мамандығы мал дәрігер, осыдан он сегіз жыл бұрынғы Мәскеудің Тимирязев атындағы академияның түлегі – Қазақ Әріпұлына жүктеуді, яғни міндеттеуді жөн көрдік. Бұл ұсынысты аудан басшылары қолдап, мақұлдап отыр. Үшінші мәселе: күзге таман ауыл орталығынан үш-төрт шақырымдай қашықтықта шағын цемент зауытының құрылысы басталмақшы. Өйткені сол арада зауытқа қажетті шикізат қоры мол екен. Келесі жылы осы жерден емхана, мектеп құрылысы қатар жүрмекші… Құрметті жерлестер, маған айтар арыз-шағым бар ма?
– Жоқ, ешқандай арыз-шағым жоқ.
– Онда біз жүрейік. Ал қадірменді Татьяна Николайқызы лауазымды қызметіңізбен құттықтаймын. Жалтақтамай, жедел түрде іске кірісіңіз. Қаражат, көлік мәселесін біз тездетіп шешіп береміз. Ал қарауыңда қанша қызметкер болады, айлық жалақысы қандай мөлшерде, олардың міндеттері – бәрін мына Нұрбол, яғни Нұрекеңмен ақылдасып, бүгін, ертеңнен қалдырмай нүкте қоярсыздар.
– Сонда, шай ішпейсіздер ме? – деді залда отырған Қазақ дауыстап.
– Уақыт тығыз. Сіз ертең, жоқ бүрсүгіні облыс орталығына келесіз. Жөн-жосықты аудан әкімі айтып, түсіндіреді. Мал арнайы вагондармен келеді ғой, сол жерден қабылдап аласыз. Ұялы телефоныңыздың нөмірі бұрынғы ма?
– Иә, сол бұрынғы.
– Ал жерлестерім мені жылы қабылдап, қарсы алғандарыңызға көптен-көп рақмет.
Әкім адымдай басып мектеп үйінен шықты да тұмсығын күнбатысқа қаратып көлденең тұрған қап-қара «ДЖИП»-тің алдыңғы орындығына жайғасты.
Судай жаңа ауыл әкімі Татьяна Николайқызының оң қолының төртінші саусағына киілген бриллиант жүзік күн көзіне шағылысып, ерекше нұрмен сәуле шашып, жалт-жұлт етеді.
– Бүгін күндізгі жұлдыз туған, ерекше күн болды-ау, деп сыбырлады Татьяна, оң қолын қасында тұрған күйеуіне қарай созып.

Марат МӘЖИТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір