«ТҮСІМЕ ЫЛҒИ ШОЛПАН ЖҰЛДЫЗ КІРЕДІ»
03.08.2022
639
0

Сәлемдескен кезде Шерағаңның қолымды «қысатын» әдеті бар. Аға әзілін түсіне қойған мен де саусақтарым күтірлеп, сынып бара жатқандай оң иығымды салбыратып «ойбай» деймін.

– Не болды-ей? – дейді Шерағаң.
Деген кезде, жайшылықта қату көрінетін қабағына күн қонақтағандай жүзі ерекше жадырап сала береді. Жүзі ерекше жадырап сала берген кездегі көздерінен шашылған сәулелер, жан-жағын пештің қызуындай жылытып жібереді.
– Қолыңыз қарулы екен ғой, аға, – деймін мен саусақтарымды «ауырсынғандай» сілкілеп.
Аға мен іні, бәлкім, әке мен ұл деуге де боп қалар, бұл «ойын», сірә, Патриархқа ұнаған сыңайлы. Сыңайлысы сол, ұшырасқан сайын саусақтарымды «күтірлеткісі» кеп тұратын боп алды.

* * *
Қызмет бөлмем алты қабатты әкімдік үйінің бірінші қабатындағы ұзын залдың сол жақ түкпіріне орналасқан. Бірде Шерағаңа облыс әкімінің жиналысы біткенше, осы құжырада «аяқ суытып», отыра тұруға тура келді.
Шерағаң үстелімдегі газеттеріме, шкафтағы кітаптарыма қарайды. Ұза-ақ үңіледі. Әлдебір әуенді ыңылдап та қояды. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегені сияқты. Бір кезде үстелімдегі «Захир» деген кітапқа көзі түсті де:
– Осы кітапты жазған адамды мақ­тай­ды да жатады. Өзінің аты-жөніне тілім де келмейді, – деді.
Менің де тілім келмейтін. Көзімді ашқанан қазақша «жылап», қазақша «күлген» менің орысшаға келгенде, әсіресе оның «ь» деген белгіден тұратын не тұрмайтын сөзін айтқанда тілім бұралып, мүсәпір болам да қалам. Мен сияқты қазақтар қаншама. Бірақ ешқайсысы «орыстың осы «ь»-не тілім келмейді» деп айтпайды. Ал Шерағаң болса, білдей жазушы, анау-мынау емес, ел есін енді жиып келе жатқан елең-алаңда Мәскеудің білдей МГУ-інде оқыған, орысшасы да әжептәуір (аудармалары қаншама), «Пауло Коэльо» деп айтқанға тілім келмейді деп отыр.
Қандай шынайылық. Қандай ірілік. Қандай кішілік. Біздің кейбір ағаларымыз бен інілерімізге осы шынайылық жағы жетіспей жатады-ау…

* * *
Ол кезде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісімін. Бас редактор Уәлихан Қалижан. Басшы ретінде Уәкеңнің жасаған бір біліктілігі сол, зейнетке шыққан Шерхан Мұртаза ағамызды «Егеменге» (ауызекі тілде бәріміз қысқартып «Егемен» дейтінбіз) қызметке алған. Ол туралы Шерағаң «Өзім бір кезде басшы болған газеттің бір кішкентай бөлмесінде отырмын» деп басталатын шағын мақаласын оқыдым-ау деймін.
Содан не керек, 1996 жылы бас редакторымыз Уәлихан Қалижан қасына айбарынан әкім біткен сескенетін мүйізі қарағайдай қаламгер ағамыз Шерхан Мұртазаны, газеттің білдей бөлім басшылары Аян Нысаналин, Әділ Дүйсенбек, фототілшісі Сиез Бәсібек және талантты журналист Құдияр Біләлді ертіп, өңірімізге сапарлап кеп қалды. Сапар міндеті – елді «Егеменге» жазылуға үндеу, насихаттау, сол үшін сонау Қордайдан бастап, Меркі, Құлан, одан Тараз асып, әкімдермен әңгімелесіп, оқырмандармен кездесулер өткізу.
Әлі есімде, Қордай мен Меркіден өткеннен кейін, Құланға келдік. Құлан – Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның орталығы. Тәуелсіздіктің арқасы да, бұрынғы Луговойдың – Құлан, ауданның – Тұрар Рысқұлов атануы. Оның үстіне Тұрар аты Шерағамыздың жүрегіне өте ыстық, өте жақын. Коммунистік партия салтанат құрып тұрған кезде жанын жалдап жүріп, Тұрар туралы том-том кітап жазған қаламы қарымды қайсар жазушы. Оған басқа мансаптары мен беделдерін, атақтарын қоссаңыз, түр-тұлғасы, тіпті аспандап кетеді.
Бірақ білімсіздігі ме, біліксіздігі ме, әлде кесірлігі мен кесапаттығы ма, Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның сол тұстағы әкімі Тұрардай тау тұлға туралы эпопея жазған жазушы бастаған бір топ журналистер келіп, есігінен ішке енгенде креслосынан тұрған жоқ. Бізді қойшы, білдей бас редактор Уәлиханды да менсінбесін, бірақ ана қасиетсіз әкім қазақтың қарқарадай Шерағасына да отырған күйінде қол созды. «Қап, мынау ит бүлдірді-ау, адам танымай ма, әлде адам тануға адамдығы жетпеді ме? «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария келіп сәлем береді» деген, мына жетесіз ата-баба өсиетінен де жұрдай екен ғой?» – деп менің көңілім әлем-жәлем боп, қабаржып қалды.

Бірақ демімді ішіме тартып, сыр бергенім жоқ. Десем де, әкім тарапынын орын алған мына сойқан сорақылыққа Шерағаң қалай «реакция» жасар екен дегендей бақылап отырмын. Шерағаң да ләм-мим демеді. Қабағы түйілді, мұрты тікірейді, еріндері жыбырлады, бірақ арыстанша арс етіп, жолбарысша жұлып түспеді. Жауын-шашын алдындағы бұлтты, тымырсық күндей түнерді де қойды.
Міне, менің Шерағаңды тануым осы кезден басталды. Бұрынғы әңгімелеріне қызығу, еңбекқорлығына еліктеу, жазатынын қорықпай жазып, айтатынын батыл айтатын батырлығын бағалаудың бәрі әншейін екен, ал итпен ит болмау деген ең ұлы қасиеті – мен бұған дейін қызығып жүрген әлгі мықтылықтарының бәрін ұстап тұрған тіреуі мен тіреп тұрған тұғыры екен.
Жұртқа жұғымы жоқ әкім басқарған аудан бишікештері ұйымдастырған кездесуді де жатырқап, жатсынып отырасың. Аудан, ауыл ақсақалдары мен зиялылары, басшылары жоқтай, әлгі әлсіздігін білдірмеу үшін ақшиып отыратын әкім Шерағаң бастаған топты бұрынғы Луговой зооветеринарлық техникумына алып келді. Ол кезде техникумның аудиторияларынан сән, оның жадау-жүдеу студенттерінің көңілдерінен ән кетіп, қалған кездері ғой, кездесу ойдағыдай бола қоймады.
Міне, осы кезде Шерағаң да шамырқанды. Әкімнің кабинетіндегі бұлттай түнерген қабақ қуалап әкелген «жел мен жаңбыр» сүйектен өтетін сөзге айналып, көкіректен әй, бір ақтарылды дейсің.
– Сендерде газетке жазылатын ақша қайдан болсын. Сендер, айналайындар, жатақханада жейтін азықтарың жоқ сияқты, осы кездесуге жиналғандарың үшін де жазықтарың жоқ. Бізді сендерге мына әкімдерің алып келіп отыр. Өкпелерің болса осыған айтыңдар.
Әкімнің қап-қара беті иесінің ұялғанын білдірмеді, әрине. Біз қайт­қанша бедірейіп, безеріп отырды да қойды.
Содан не керек, Таразға тарттық. Таразға келген соң да жетіскен жоқпыз. Облыс әкімінің орынбасарлары қонақ үй жағын ойластырмапты. Амал жоқ, Шерағаң, Аян, Әділ, Сиезбек, Құдияр бастаған топты Тараз қаласының №10-шағын ауданындағы пәтеріме қонаққа шақырдым. Бас редакторымыз Уәлихан Қалижан болса жазылымның бар жауапкершілігін Шерағаңа жүктеп, өзі Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай жағына қарай тартып кеткен. Бір айлыққа қараған журналиспіз, барымызды нарымыз деп Шерағаңның алдына тостық. Әйелім мәнті істепті, соны жедік. Шәй іштік. Есімде қалғаны осылар енді, егер бұлардан да мықты тағамдар жесек ұмытпас ем ғой.
Әйтеуір кітаптарым жиналған сөремнен асығыс іздеп жүріп Шерағаңның «Қара маржанын» таптым. О баста «Қызыл жебені» іздегем, қапелімде ол қолыма түспеді. Шерағаң «Қара маржанға» қабағын түйіп қарап-қарап тұрды да:
«Досхан, Олжас, Индира!!!
Бақытты болыңдар! Шер. Мұртаза. 15.05. 96.» – деп, қол қойып берді.
Балаларымның аттарын айтқан сайын кім қойғанын, не үшін қойғанын түсіндіріп тұрғам ғой, оның үстіне өңкей мықтылардың аттары, Олжасқа келгенде «Ойхой!» деп қалды.
Шерағаңның сол қолтаңбасы батадай дарып, бүгінде Олжасым әлем жанкүйерлері танитын боксшы болды. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысты. Әлем, Азия чемпиондары атанды.

* * *
Депутаттарға қабырғадан қойылатын сұрақтың бірі – «Каникулда қайда барып демаласыз?» боп келеді. Шерағаңа бұл сұрақты қоюдың керегі жоқ. Шерағаң қолы қалт етсе, туған жерге тартады. Ал Шерағаңның туған жері анау-мынау курортыңнан кем емес.
Шерағаң жаңа ғана таудан келіп, сақал-мұртын алып жатыр екен. Сау етіп жетіп келген ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі інілерін көріп, үйінен шықты.
– Өй, гвардияларым, кеп қалдыңдар ма?
Былтыр осы уақытта Талаптыға де­ма­лыс­қа келген Шерағаң сыр шерткен. «Азанмен биенің шикі сүтін ішіп ала­мын. Сосын інімнің атына мініп, тау аралап қайтамын», – деп еді сонда. Сол қалыптасқан дәстүр биыл да бұзылмапты. Салт атпен жүру анау-мынау спортыңнан кем емес. Көңілің сергіп, денең ширайды. Таудың таза ауасы мен таңғы самалы қандай ғанибет!
Шерағаңның желе шоқытып аралап қайтатын жерлері – баяғы «Мылтықсыз майданнан» бергі хикаяттары мен әңгі­мелеріне арқау болған Ақсайдың төңірегі. Ақсай демекші, інісі Батырханның айтуынша, Алатаудың баурайындағы екі ауыл өздерінің болашақ әкімшілік округтеріне ортақ ат таба алмай, әрқайсы­сы көрпені өзіне қарай тартып, көпке дейін бір тоқтамға келе алмай жүріпті. Талаптыдағы інісінің үйіне келген Шера­ғаң осы талас-тартыстың мән-жайын естіп, ойланып қалады. Ойланып отырып-отырып:
– Оу, оның таласатын несі бар? Сол екі ауыл да анау Ақсайдың суын ішіп отыр емес пе? Ақсай – екі ауылдың анасы ғой, – дейді.
Батырхан ағасының сөзін таласқан топтың ортасына салғанда, жөн сөзге «бәрекелді» деспеген жан қалмайды.
***
Ауылдағы қара шаңыраққа ие боп, қара шаруаның төңірегінде жүріңкіреп қалғаны болмаса, Батырхан да әңгімешіл, оқымпаз. Оның отбасынан үзілмейтін бір газет болса, ол – «Жас Алаш». Шерағаң қазір сол Бәкең жаздырып алатын «Жас Алашты» жамбастап, оқып жатыр. Кезін­де Оралхан, Фариза сияқты тұма бұлақтардың көзін ашқан Шерағаң әлі де ұстаздық ұлағатынан айырылмаған. Тамшыдай нәрседен таудай талапты лупамен қарағандай үңіле іздеп отырғаны. «Жарайсыңдар, батырларым!» деп қоя­ды газеттің отымен кіріп, күлімен шы­ғып жүрген іні-қарындастарының қалам­дарынан шыққан тәуір дүниелерге риза болған кезде.
Шерағаңның інісі Батырханның «қазақтың Бальзагі» атанған атақты Сәбит Мұқановты қалай көргені де қызық. Өзі күліп отырып әңгімелегенде, тіпті тартымды ғып жібереді. Алматыға барған Батырханды ағасы Шерхан Қазақстан Жазушылар одағына ертіп барыпты. Есіктің алдынан ығай мен сығайларды көріп, көзі бақырайып кеткен Батырханға Шерағаң:
– Анау дәу қара машинаны көрдің бе? – дейді.
– Көрдім.
– Машинаға мініп жатқан дәу қазақты көрдің бе?
– Көрдім.
– Машина бір жағына қарай мықшиды ма?
– Мықшиды.
– Ендеше, сол Сәбит Мұқанов деген жазушы болады…
* * *
Шерағаңның «каникулдамын» де­гені бекер сияқты. Мен оның күні ке­ше ғана үнемі алашапқын болып жү­ретін журналистермен бірге Тұрар Рысқұлов ауданындағы зілзала болған бекетке барып, жаңа үйлердің құрылыс жұмыстарын Үкімет мүшелерімен бірге аралағанын көргем. Кәсіпке адалдық па, әлде, жазушылық әдет пе, қойын дәптеріне бірдеңе-бірдеңелерді түртіп алып жүрді. Енді, міне, ауылына келіп едік, былтырдан бері салынып жатқан мектептің тағдырын сөз ғып, алаңдап отыр.
– Биыл төбесі жабылмай қалса, Жуалының ақшаңдап соғатын ақ бораны кірпіштердің бәрін езіп тастайды, – деп қынжылады Шерағаң.
Ә дегенде екпіні тау жыққандай болып келген тараздық «Қамқор» ЖШС-ның жұмысы (бастығы – Фомин деген мырза) сиырқұймышақтана бастаған. Бір бригадасы зілзала болған аймаққа кетіп қалған. Біз барған күні мектептегі құрылыс жұмысы тоқтап тұрды.
Қаражат жағы да қап түбіндегі бір қағып-сілкуге ғана жететін азық-түліктей мардымсыз нәрсе дейді. О баста мол көрінген 100 миллион теңге жыл сайын өсіп жатқан бағаға төтеп бере алмайды екен. Демек, тағы да жүз миллиондай қаржы керек. Үкіметтен тиісті ақша келіп түскенше, облыс әкімі С.Үмбетов көмектесетінін айтыпты. Шерағаңның ендігі үміті сол.
– Бұл – анау-мынау емес, Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп. Ауылдың екі жүз елу баласы білім алады. Мұны бітіре алмай жатсақ, ел-жұрт күлмей ме? Әне, анау шоқ-шоқ болып тұрған талды көрдіңдер ме? Сол жерде Баукеңнің ауылы болған. Кейін өркениетке қарай біртабан болса да жақындай берейік деді ме, ары қарай дүр көтеріліп, көшіп кетті. Момышұлының өзі болғанда, бәрін бір шыбықпен айдап, ата-жұртқа қайтып алып келетін бе еді, кім білсін.
Біз барған күні Жуалының ерінсе екі күн, желіксе жеті күн соғатын ақ боранынан ептеп сыр беретін бір өкпек жел желігіп тұрып алды. Аңғал-саңғал құрылыстың ашық-шашық терезелерінен ұйытқый соққан суық желдің зәріне шыдамай, түшкіріп қалған қалалық қағылездер де болды. Ондайда:
– Өй, не болды-ей, саған түшкіріп, – деп қояды Шерағаң.
Ақсайдың ар жағы басын ақ қырау шалған кәрі шыңдар. Билікке таласқан саясаткерлер сияқты бірінен-бірі өткен биік, бірінен-бірі өткен өр. Етектегі құмырсқадай электрот біздің төбемізден төне қарайды. Дегенмен сұлу. Басына бұлттар үйіріле бастапты. Кешке қарай жаңбыр жаууы ықтимал. Баяғыда, Шерағаңның тойына жиналған ақын-жазушылар осы өңірдің табиғатын көріп, «мынадай жерде ақын-жазушы болып тумау мүмкін емес қой!» деп тамсанып еді. Шекесінен қараған шыңдардан Шыңғыс Айтматовтың Шекері де алыс емес. Батырханның ұлы Әлижан бізді сол тауға шақырды. «Келіңіздер, ешкі атамыз… – дейді. – Жақында жабайы ешкілер таудан түседі. Шерағама айтсам, аң ату туралы әңгімені онша жақтыра бермейді. Ол кісіге балық аулаған қызық…».
Дегенмен Шерағаңның «қалыңдық­қа» таласқан тау тағыларының бас жағы генералдардың жеңісіндей бақытпен басталып, аяқ жағы қасіретпен аяқталатын әңгімесін тыңдап отырып, көп ұзамай бір жақсы шығарма туып қалады-ау деп ойладым.
Батырханның есігінің алдына шығып, қайтуға жиналып, қоштасып жатырмыз. Шерағаңның «Швейцариясындағы» әдемі әсерден әлі арыла алмаған мен:
– Шіркін, тауға қарап тұра бергің келеді, ә, – деймін.
– Қазір тауға қарайтын адам қалды ма? – дейді Шерағаң.
Жүзінде біздің дастархан басындағы қылжақ сөздерімізді қолдап, қошаметтеген күлкіден із жоқ.
* * *
Шерағаңа таңғалатындар көп. Адуынды мінезін айтады. Парламенттегі ұйықтап отыратын «парталастарын» шошытып оятып, мінбеде тұрған министрлерді бүлк еткізетін ызбарлы дауысын айтады.
Бірақ ауылға келген сайын мен осы кісінің шіләпісіне қызығамын. Бір топ шенеуніктің ортасында шіләпісін шалқайта киіп келе жатады. Маңдайына туралап, тік кимейді, бір жағына қисайтыңқырата, шалқайтыңқырата киеді.
Қайдан сатып алатынын бір құдайым білсін, кәстөм-шалбары ақ болса, ақ шіләпі, қара болса, қара шіләпі жүреді басында. Шіләпі болғанда қандай және анау-мынау емес, әлгі американдық кобвойлардың етегі даңғырадай сәнді шіләпілері…
Осындай қара шіләпіні жақында Кенен атамның ауылындағы Кенен мұражайының алдындағы Кенен ескерткішін ашу салтанаты кезінде Кенен баласы Бақытжанның басынан көрдім.
Шерағаңның шіләпісінен айнымайтын етегі үлкен қара шіләпіні біреу басынан ала қашатындай баса киіп алыпты. Шіләпісі де адамына қарай «сөйлейді» екен-ау деген ой келді сол кезде маған. «Мысалы, мына шіләпіні қазір Шерағаң киіп тұрса, қалай-қалай сөйлер еді?…».
Дегенімше болған жоқ, Қордай ауданының әкімі Құрманғали Уәли сөз кезегін Бақытжанға берді. Асылдың сынығы, жақсының көзі ғой, Бақытжан да тапқыр сөзге келгенде тақұл-тұқыл емес екен. Әңгімені бірден мен қайта-қайта қарағыштап тұрған екі етегі даңғырадай қара шіләпіден бастады.
Қордайға жүрердің алдында Шераға­ма бардым. Шерағаңның үйінде де қазір той боп жатыр. Конгресс-холл­дағы жетпіс жылдығының қуанышы шаңырағында жалғасуда. Келімді-кетімді кісілері көп. Парламенттегі жұмысы тағы бар. Бірақ Шерағам жөн-жобаны білетін адам ғой, жол тауып кетті. Үйінде ілулі тұрған мына қара шіләпісін алып, маған кигізді де «мә, мынаны ауылға апарып, «сөйлетіп» қайт» деді. Міне, мен Шерағаның сол аманатын орындап, шіләпісін шешіп, сіздердің алдарыңызға басымды иіп, тағзым етіп тұрмын, – деді.
Жұрт жөн сөзге риза боп қалды. Қол соғып жатқандары да бар. «Күйеу бала жоқ қой» деп (Шерағаң жеңгеміз дүниеден қайтқаннан кейін Кенен атамыздың кенже қызына үйленген) күңкілдеп тұрғандардың да көңілі орнына түсті.
Бақытжан да мықты екен, сөйлеп болған соң қара шіләпіні шешіп қойып, ақ шашын жасырмай, көпшіліктің ортасында қасқайып жүрді. Ұзын бойлы, ақ шашты, қоңқақ мұрынды, жылы жүзді Бақытжан сойып қаптап қойған Кенен атамыздың өзі. Егер ақын, әнші, сазгер ата туралы көркем фильм түсіріле қалғандай болса, Кенен атамыздың кемел бейнесіне ұқсайтын адам іздеп әуре болудың керегі жоқ сияқты. Кенен атаның «Келінжан» деп аталатын келісті әніндегі елге белгілі Дина келін де, Кенен атаның ортаншы қызы Ақтамақ та, Көркемтайдан қалған бала-шаға да бәрі-бәрі Қордайдың қоңыр құлжасындай маңқиған Бақытжанның айналасында жүр.
* * *
Жақында Талаптыға бардық. Шіліңгір шілденің ыстығында адам жайдан-жай жүре ме, Шерағаңның, жазушы Шерхан Мұртазаның «41-ші жылғы келіншек» атты көркем әңгімесіндегі кейіпкері Хадиша, ал мына бес күндік жалған дүниедегі жеңгесі Болдықыз ана тоқсан алтыға келген жасында өмірден өтіп, ағайын-туыстарына көңіл айттық. Біздер «апамойлап», ауылдағы жетпістен асқан қайнылары «жеңгемайлап» көріскеннен соң, дастархан басында әңгімелесіп отырдық.
– Жарықтық, ешкімге ауыртпалық салмай бір апта жатты да көз жұмды.
– Осы уақытқа дейін өзі тұрып, өзі жүріп кетті ғой.
– Аллаға да жақсы адам керек, Ораза кезінде көз жұмғанын қарашы.
– Құдай қаласа ертең, жұма күні «жүз жасқа келді» деп жерлегелі отырмыз.
– «Жамбылдың жасын берсін» деген осы да…
Мен жұмысқа келе салып Шерағаңның «41-ші жылғы келіншек» деген әңгімесі енген кітапты тауып алып, асыға үңілдім.
«– Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт?
Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.
Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде мен жиырма сегізде едім ғой.
Ол үндемеді.
Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрыңғы қалпыңда қалыпсың.
Ол үндемеді.
Танымадың ба, Мақсұт! Мен Хадишамын ғой! Сені әне келеді, міне келеді деп отыр едім. Жұрт көрсе, сені менің балам дер. Сен, сірә, сол сөзден қорқып тұрсың ғой.
Ол үндемеді.
Босағада тұрғаның қалай, Мақсұт! Төрге шық, өз үйің ғой.
Хадиша Мақсұтты қолынан ұстап төрге алып шықпақ болып, ілгері аттайтын деп еді орнынан қозғала алмады…».
Тірі адам тіршілігін жасайды. Күйеуі Оқа соғыстан оралмаған Хадиша-Болдықызды ауылдағы ағайындары әмеңгерлік жолмен қайнысы Қорғанбайға қосады. Оқадан Айман атты қыз туған Хадиша-Болдықыз қайнысы Қорғанбайдан да төрт бала көтереді. Бүгінде олардың бәрі өсіп-өнген, жетілген.
Мазмұны мен стилін былай қойғанда, есті ел-жұрттың есінде ерекше атымен-ақ қалатын әңгіме баспадан 1972 жылы жарық көрді. Сол кезде Шерағаңның Хадиша-Болдықызы шамамен елулердің үстінде болса керек. Одан бері де қаншама су ақты. «41-ші жылғы келіншек» атанған апамызға қара орман қазағының тәуелсіз ел болғанын көріп, оның тәп-тәтті нанын жеп, тілеуін тілеу бақыты да бұйырды.
* * *
Шерағаңның сексен жылдық тойында көңіл босатып, көзге жас үйірер сәттер де болып еді. «Баласағұн» бабамыздың атындағы сарайда өткен ғылыми-практикалық конференциядағы соңғы сөз Шерағаңның өзіне берілді.
Шерағаң толқи сөйледі. Мен шамам келгенше Патриархтың аузынан қандай сөз шықса, дәл сол қалпында көшіріп алуға тырыстым. Әрине, қойын дәптеріме жҺҺазып үлгере алмай арасында қалып кеткен сөздері де көп. Бірақ әйгілі Шерхан Мұртаза айтқан сөздің өзегі мынау болды.
«Ұзақ уақыт неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағыма құйып алып отырмын. Осы сөздің бәрі рас болса, рақмет. Әрине, мен елімнің бақытты адамымын. Жақсылықты алдан күтемін. Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға… ұшып кетермін. Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді… »
Болашаққа үміттеніп қана қоймай, бақилық дүниенің де бар екенін мойын­дап, ол жақты да ойлай бастаған Патриарх­тың жүзіне көзім түскен менің көңілім босап кетті.

 

 

Көсемәлі
СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір