КӨКТЕММЕН КЕЛГЕН ЖЫР ЛЕБІ

Аймақтар мен облыстарда поэзиялық жиындар ұйымдастырылып, әдебиетсүйер қауымды қуанышқа бөлегені көпке мәлім.
16-мамыр күні Ұлытау облысында алғаш рет «Кеңгір керімсалы» жыр фестивалі өтті. Жас ақындардың қаламын ұштап, талабын арттыруды мұрат тұтқан жыр мерекесіне Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, «Отан» орденінің иегері Жүрсін Ерман мен жыршы, профессор Алмас Алматов арнайы шақырылды. Абай ескерткішінің алдынан бастау алған шара балалар мен жасөспірімдер кітапханасындағы «Жаңа кезең. Жас қаламгер» дөңгелек үстеліне ұласты. Онда қонақтар мен жергілікті қаламгерлер сөз сөйлеп, әдебиеттің даму үдерісі жайында пікір алмасты. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Өміртайұлы жүргізген дөңгелек үстелде жер-жерден келген жас ақындар мен аға буын қаламгерлер қазіргі жастар поэзиясындағы ізденістер мен іркілістер, қатысушы ақындардың кітаптары мен қалам алысындағы жетістіктері туралы пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Қалам иелерінің ұсынысымен, жергілікті әкімдіктің ұйғаруымен фестиваль аясы кеңейіп, екі жылда бір рет тұрақты түрде өткізіліп тұратын болды. Болашақта бұл фестивальді халықаралық деңгейде өткізу туралы ұсыныстар да қолдау тапты.
Ауқымды басқосудан кейін қалам иелері С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрындағы «Кеңгірдің қоңыр кешінде» поэзиялық жиынына бет түзеді. «Ұлар» әдеби клубының жетекшісі, жас ақын Абай Ораз тізгіндеген кеште ақындар Ұлытау-Жезқазған өңіріне арналған бір өлеңі мен еркін тақырыптағы жырларын оқыды. Одақ төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып қатысушыларға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің құттықтауын жеткізіп, қаңтар айында Одақ мүшелігіне қабылданған Мұқанбетқали Сейітқазы, Сара Смағұл, Төлеш Асан, Ернұр Сейдахметке мүшелік билеттерін тапсырып, омырауларына Жазушылар одағының төсбелгісін қадады. Сондай-ақ «Кеңгір керімсалы» республикалық жас ақындар фестиваліне белсене қатысқан жас ақындарға Қазақстан Жазушылар одағы Хатшылығының Алғысхатын табыстады. Фестиваль жергілікті ақын Мұқағали Сейітқазының «Маған сені жақсы көрген ұнайды» атты әдеби-сазды кешімен қорытындыланды. «Кеңгір керімсалы» республикалық жыр фестивалі Жезқазған қаласының жетпіс жылдығына арналып өткізілді.
«Ұлытау – тарихи қазынаға бай өлке. Жошы хан кесенесі, Домбауыл кесенесі, Алаша хан кесенесінің іргесі қаланған, ішкі, сыртқы туризмді дамытатындай мүмкіндігі орасан өңірде мақтанышпен көрсететін жерлер көп. Жас ақындардың алдында үлкен жол күтіп тұр. Сол қасиетті сапар киелі Ұлытау даласынан басталып, Қазақстан аспанына жыр жұпарын аңқытса, ұлт руханиятына үлкен олжа салынды деген сөз», – деді Бауыржан Жақып аталған жиынның маңызына тоқталып.
Бұдан бөлек, 15-16-мамыр күндері кеншілер шаһары – Қарағандыда «Қарағанды көктемі» жыр фестивалі жан-жақтан жиналған жыр иелерінің басын қосса, жер жәннаты – Жетісуда Ілияс Жансүгіров оқуларында өңір-өңірден келген талантты оқушылар бақ сынасты.
Қасым топырағындағы фестиваль сол күндермен тұспа-тұс келген туған күн иелерін құттықтаудан басталып, алаш ақындары арқалана жыр оқыған кешпен жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма хатшылығының атынан сөз сөйлеп, Қарағандыны «қара өлеңнің өз өлкесі», – деп, фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдірді.
Ұлытауда өткен фестивальде Ұлытау облысы жас ақындарының «Кеңгір керімсалы» антологиясы мен жезқазғандық Жанат Әбдіғожиннің «Арнадым саған» кітабы оқырманға жол тартса, «Қарағанды көктемінің» аясында алматылық Роза Аспанқызының «Өзін оятқан адам» жинағы мен ұлытаулық Абзал Мақаштың «Мәжнүн мұнарасы» кітабының тұсауы кесілді.
«Жетісу облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен Алаш қайраткері, көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің туғанына 130 жыл толуына орай өткен «Ілияс оқулары» байқауында Қазақстанның 16 облысындағы орта мектептерден 100-ге жуық оқушы білім додасына түскен. Бес кезеңнен тұрған сайыста жеңімпаз атанған жүлдегер оқушылар бас жүлде және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, Алғысхаттармен марапатталды. Сонымен қатар жүлде иелеріне бағалы сыйлықтар берілді. Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын марапаттау кезінде өз ой-пікірлерімен бөлісіп, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілей келіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына таңдау жасаған оқушыларды, жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттеріне оқуға шақырды.
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА