СҮЙЕГІН ТУҒАН ЖЕРГЕ СҮЙРЕП КЕЛГЕН
Алаш арыстары ғана емес, әйелдері де лагерьлерге айдалып, бала-шағасына дейін Совет Одағы атты әзәзілден құқай көріп, тауқымет тартты. Кейбірі қазіргі Ресей аумағында қалса, енді біріне туған еліне оралу бұйырыпты. Соның бірі – Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов.
Баянауылда өскен бала Бектұр Қызылордада әкесінен айырылып қалды. Темір вагонның тор терезесінен қолын бұлғаған әке бейнесі өмір бойы көз алдынан кетпей, қиын-қыстау кезде рухани тірек болды. «Менің әкем – ұлы жазушы» деген оймен ғана он жыл абақтыдан да, өмірін қия жаздаған тоқтан да аман қалды. Әкеге, отанына деген сағыныштан ба, Бектұр туған жеріне орала берді. Тым болмаса сүйегім қалсын деп ақыры қазақ жеріне тұрақтады. Баянауылынан орын табылмаса да, Алатау төріндегі Алматының қарттар үйінде соңғы демі қалғанша өмір сүріп, Боралдайда сүйегі қара жерге көмілді. Белгіленген нөмірмен ғана жерленген Бектұр Жүсіпбекұлының басына кейіннен құлпытас та қойылыпты. Назарларыңызға асылдың сынығы, Алаш арыстарын көзімен көрген, тәрбиесін алған, 37-нің отына шалынған Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытов туралы естеліктерді ұсынбақпыз. Арда азаматтың өзі берген сұхбаттарымен қатар, Алаш зиялысы Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы мен филология ғылымының докторы, ғалым, алаштанушы Айгүл Ісмақованың естеліктерін де беріп отырмыз.
«Атсаң ат, әкемді жақыннан көрейін!»
Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр ханымның естеліктері жазылған «Шындық шырағы» кітабынан филология ғылымының докторы, ғалым, Алаштанушы Айгүл Ісмақова үзінділер келтірді. Онда сталиндік репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының тағдыры бала-шағасының көзімен көрсетілген. Мұнда да Бектұр мен әкесі Жүсіпбек арасындағы әке мен бала байланысы тамаша суреттелген екен.
Айгүл Ісмақова:
«2012 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Шындық шырағы» кітабындағы «Тағдыр тауқыметін тартқандар» тарауында өзімен бірге қуғын-сүргін көрген Алаш арыстары ұрпақтарының бастан кешкендері туралы естеліктер жазылған. Кезінде бұл кітапқа пікір білдіргенмін. Алаш зиялылары қалай ұсталғаны туралы да мағлұмат бар. Жаңағы «Тағдыр тауқыметін тартқандар» тарауында сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Ахметсафа Юсуфовтың ұсталғаны туралы үзінді келтіреді. Сол заманда біреу құпия мағлұмат айтып: «Ертең күйеулеріңді пойызбен алып жүреді» дегенді ести сала Міржақыптың жары Ғайнижамал бірден дайындыққа кіріскен екен. Ол жерде Жүсіпбек Аймауытов та болған. Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр апай да анасымен бірге Сібірге айдалатын әкесінің жылы киімдерін реттеп, ұзақ сапарға бұзылмайтын қазы, сүрленген ет сияқты жол азығын салып дайындаған. Олармен бірге тұрған Ахметсафаның жары да керек-жарақты түгендей бастаған. Ертеңінде аналары Жүсіпбектің баласы Бектұр (Виктор Аймауытов), Өміртайдың қызы Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы Фарида, Міржақыпқызы Гүлнәрды вокзалға жіберген. Өздері барса ұсталатынын біліп, балаларын ғана көріп келуге аттандырған. «Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жаздың шіліңгір ыстығы болатын. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір қызыл вагонға көзім түсті. Есігінің жанында қарулы күзетшілер тұр екен. Қорықсақ та жақындадық. Бір кезде темір торлы кішкене терезеден әкем көрінді. Бірдеңе айтып жатқанын байқадым. Бірақ пойыздың дауысынан ештеңе естілмеді. Көз жасымды әкеме көрсетпеу үшін алақанымның сыртымен көзімді сүрткен боламын. Әкем басын шайқап, жылы шырай танытып жымиды да, «жылама, Гүлақайым» дегендей болды. Содан кейін денем түршігіп, есімді жидым. Әкем күйзелісін көрсеткісі келмеді ме, орнын Жүсіпбек Аймауытовқа берді. Бектұрға «Әне, әкең қарап тұр» дегенімде алыстан көрмейтін ол вагонға жүгірді. Күзетшілер оны жолатпай: «Қайт, атамын!» – деп жекіп, жасқай берді. «Атсаң ат, әкемді жақыннан көрейін!» деп Бектұр да өтініп тұрып алды. Бірақ мейірімсіз күзетшілер кеудесінен итеріп, жақындатпай қойды. Жүсіпбек аға да Бектұрға сөйлеп жатты. Содан соң кезек Ахметсафа ағама келді. Оны көрген Фарида жылап жіберді. «Бір хабарын берерсіңдер» деген анамның сөзі есімде қалса да, тамағын беріп үлгеруі керек екенін білсем де, әкем мен ағаларымды қимай, мелшиіп тұрып қалдым. Олар да пойыздың жүретінін білді ме кезек-кезек темір тордан қол бұлғап қоштасып жатты. Содан бері 63 жыл өтсе де бұл оқиға күні кеше болғандай көз алдымнан кетпейді. Бұл – 1929 жылғы 24 маусым күні Қызылорда станциясында болған оқиға», – деп еске алады Гүлнәр Міржақыпқызы.
«Олар мені өлтірді, бірақ Құдай қайта тірілтіп алды!»
Айгүл Ісмақова Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовпен өзі кездескенде естіген әңгімемен сұхбатты жалғастырды. Сонда естіген естеліктерден әлі күнге денесі түршігетінін айтады.
Айгүл Ісмақова:
«Өз басым Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовпен 2006-2007 жылдары кездесіп, өз аузынан естеліктерін естідім. Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында жұмыс істейтін жігіттер: «Апай, қаладағы қарттар үйіне «өз жеріме келемін, сүйегім туған жерімде қалсын» деп келген Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовты орналастырыпты», – дегенді ести сала үш-төрт азамат жиналып, Абай мен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысындағы жаңадан ашылған қарттар үйіне бардық. Өзі жеке бөлме алыпты. Қызы да кезінде ұрпақтарына үй берген кезде Алматыдан пәтер алып, жеке тұрады екен. Бірақ орысша тәрбиеленгеннен соң ба, әлде шешелері бөлек болғаннан ба Бектұр Жүсіпбекұлына қарайласпайтыны белгілі болды. Жалғызсырап жатқан асылдың сынығына жағдай сұрай бару үшін қарттар үйіне соқтық. Келгенімізде «Сүйегім туған жерімде қалсыншы деп Павлодар жаққа хабарласып едім, ол жақтан жауап болмады. Иманғалиға рақмет. Жүсіпбектің ұрпағы ғой деп Алматыдағы қарттар үйіне орналастырды, әйтеуір» деп отырды. Біз өзі бір-ақ рет бардық. Сонда естігенімізден зәреміз зәр түбіне жетті. Сол жерде болған әңгімені ешқашан естен шығара алмаспын. Әлихан, Міржақып, Ахметтің ұрпағы сонша қасірет көрді ме екен?
Бектұр (Виктор) Жүсіпбекұлы Аймауытов – Семейде туған Жүсіпбектің үлкен ұлы. Анасы орыс болған. Бірінші әйелімен ажырасып кеткен соң Жүсіпбек Аймауытов екінші рет үйленген. Ол әйелінен Муза деген қызы және Жанақ деген ұлы бар. Жанақ Бішкекте тұрды деген мағлұмат бар. Бектұр орыс әйелінен туған ұл болса да өз тегін іздеп, әкесін білетін Баянауыл аймағына келіп, туғанын іздеді. Бірақ оны құшақ жая қарсы алатын адам болмаған соң қайта Ресейге кеткен. Кейін «тым болмаса сүйегім осы жерде қалсын» деп қайта оралғанмен, Павлодардан хабар болмады да, Алматыдағы қарттар үйінде қайтыс болды. Боралдайға жерленді. «Сол кезде бізге мынадай нөмірмен жерленді» деген ғана хабар келді.
Енді барғандағы естіген әңгімені айтып берейін. Ол кезде сексеннен асып, тоқсанға таяған шағы. Жүсіпбектің ұрпағы ғой. Тілі таза қазақша шыққан. Уақыт өте біраз сөзді ұмытқаны көрініп тұр. Бірақ сонда да таза қазақша сөйлеуге тырысады. Сондағы айтқан әңгімесі мынадай болды. Жүсіпбек Аймауытовтың соңғы қызметі – Шымкенттегі Педтехникумның директоры. Шымкентте оның «Ақбілегі», «Қартқожа», басқа да шығармалары жазылды. Сол уақта: «Күні бойы техникумда жұмыс істеймін. Кешкі алтыда үйге келіп, жетіден тоғызға дейін екі-ақ сағат ұйықтап, таңғы алтыға дейін роман жазамын. Мақалаларымды реттеп, «Қартқожа» мен «Ақбілекті» бітіруге шақ қалдым», – деп Мәшһүр Жүсіпке хат жолдағаны да бар. Техникум директоры кезінде ұлы Бектұр ес кіріп қалған жігіт еді. Әкесінің не үшін халық жауы атанғанын түсінетіндей жаста болатын. 1929 жылы бір вагонмен Қызылордадан Міржақып, Жүсіпбектерді Мәскеуге айдап кеткенде Бектұр өгей шешесімен, оның екі баласымен бірге Шымкентті паналаған. Бұлар сол кезде біреудің есік алдындағы жаман үйінде тұрған екен. Жұмыс жоқ, ақша жоқ, әупірімдеп күн көрген. Өгей шешесі – башқұрт қызы. Мұсылмандықты білген соң ба, біреудің бірдеңесін істеп беріп, үйтіп-бүйтіп нан тапқан. Бектұр есейіп қалғанын көріп, тамақ сұрап отырған добалдай адам деп қабылдады ма екен, қырын қарағанға ұқсайды. Бектұрдың өзі «Өгей шешенің аты өгей шеше ғой, бірақ мен ол кісіні құрметтеймін. Әкеме де, маған да қарады. Бала-шағасын қалдырмады» деп отырады. Ер адам ғой. Артық ештеңе айтпайды, сыр білдірмейді. Шымкентте тұрған кезде көшедегі электр сымы үзілген екен. «Электр сымы дәл халық жауының отбасының үйінің жанынан үзілді, бұл бекер емес! Әдейі істеуі де мүмкін!» деп даурыққан адамдар да болған. Электриктер де қазақтар, милиция қызметкерлері де қазақ болса да, бұларға түрпідей тиген. Содан кейін 13 жастағы Бектұрға қарап: «Сен халық жауының баласы болмасаң, мына үзілген сымды жалғап, бағанның үстіне іл. Бізде өрмелейтін құрал жоқ. Ісіңмен дәлелде!» – деп пәрмен берген екен. Жан-жағына қараса, ешкім үндемейді. Өгей шешесі де ләм-мим демеген. Бала ештеңе білмеген соң, айтқанын істеуге кіріседі. «Қорықпа, шығасың да, жалғай саласың» деп арқасынан қағып, бір иығына сымды орап беріп, екінші қолына тағы бір сымды ұстатып жоғарыға жібереді. Бәрі бұл істің немен бітерін білсе де, аузына құм құйылғандай үндемей тұрады. Бауырлары кішкене болған соң істің байыбына барып түсіне де алмаған. Содан не керек, бағанның үстіне шығып, үзілген сымды бір-біріне қосқан сәтте-ақ Бектұр есінен танып қалғанын айтады. Тоқ соққан соң жерге ұшып түскен. Айналасы қап-қара болып, адамдардың кетіп бара жатқаны көз алдында қалыпты. Қап-қара боп күйіп, сол жерде өлдім деп ойлаған. Елдің бәрі «жаңа тоқ жоқ еді, енді бар» деп ештеңе болмағандай тарқап, бұны тастап кеткен. Ол осының бәрін көріп жатқан екен. Біреу күрекпен көмгендей болып топырақ тастаған. «Біздің еш кінәміз жоқ, өзі шықты» деп электриктер де жөніне кеткен. Дегенмен солар электрик емес, қанды қол чекист болуы да әбден мүмкін. Өзіміздің қазақтар Алаш арыстарының ұрпағына осындай қатігездік танытқан. Мұны Мәскеуден келіп ешкім әдейі істеген де жоқ. Содан соң өгей шешесі мәйітке қарап, не істерін білмей ес-ақылынан айырылған. Тоққа түскен адамды жерге көму керек дегенді естіп, топырақ шашып, көмгендей болған. Ал енді құдіретті қараңыз! Таң ата Бектұр есін жиып, аяқ-қолын жинап, үйге кіріп келеді. Мұны көрген өгей шешесінің зәресі қалмай шошып, есін жиған соң Шымкенттен қашуға қамданады. Халық жауының баласына күн көрсетпейтінін біліп, бір түнде Уфаға кетіп қалады. «Олар мені өлтіргісі келді. Өлтірді де. Бірақ Құдай қайта тірілтіп алды. Бір қуаныштысы, содан кейін денсаулығым жақсарды. Есімді жиғанда бет-аузым топырақ-топырақ екен. Аяқ-қолым тартылды, бірақ содан соң өзімді жеңіл сезіндім», – деп айтып отырғаны есімде қалыпты. «Сен тоқтан аман қалдың. Енді сен электрик болуың керек», – деп өгей шешесі де әзілдеген көрінеді. Расында Бектұр кейіннен электрик болып, өмір бойы сол мамандықпен жұмыс істеген. Қауіпсіздік ережесіне пысқырмай, баған басына өрмелеп, жалаң қолмен жұмыс істей берген көрінеді. Бұған таңғалғандарға ол: «Мен электр тоғынан бір рет мерт болғам, енді мені ала қоймас», – деп жауап береді екен. «Өлетінін біле тұра бетіне бажырайып, өлмесең, өмірем қап дегендей жалаң қолмен сым жалғатқан да өз қазағымыз. Әкеммен жасты адамдар» деп тоқсанға жеткен қария көзіне жас алып отырды. Сондағы балаға араша түсе алмағандарын естіп жүрегің ауырады. Бектұр да текті адамның ұрпағы ғой. «Олар да қорқады ғой. Қорыққанынан ештеңе істей алмады» деп бәріне түсіністік танытып отырды. Ешкімге ренжімейді де.
Қазір сол Шымкентте Жүсіпбекті ұлықтап бір бюст қойылды ма? Техникум директоры болғаны туралы жазылған тақта жасалды ма? Қазір мектеп директоры болғандарға да мұражай ашып жатыр ғой. Ал Жүсіпбек қазақтың бес арысының бірі емес пе? Ұрпағы сол үшін өліп-тірілді. Бектұр аман қалып, сексенге жеткенде еліне жетіп, Алматыда қайтыс болды. «Еліме жетейін, сүйегім Қазақстанда қалсын, туған елімде жерленейін» деп аңсап келіп, өз жерінен топырақ бұйырды. Сол кездегі Абай мен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысындағы қарттар үйіне екінің бірін ала бермейтін. «Осында орналастырған Иманғали Тасмағанбетовкеалғысым шексіз» деп отыратын. Алаш зиялыларының өзі ғана емес, артындағы ұрпағы да зәбір көріп, қандықол Кеңес үкіметінен жапа шеккен. Қылмысын айтуымыз керек. Ұрпаққа дұрыс ақпарат қалдырғанымыз жөн. Менің қолымда Гүлнәр Міржақыпқызы жазған Міржақып Дулатовтың 5 томдық кітабы бар. Маған өз қолтаңбасын қойып жіберген еді. Бұл мен үшін алаштануға адал болсын деп берген бата іспетті. Осы әңгімелерді мен Гүлнәр апайдың өз аузынан да естідім. Кітапта да Алаш арыстарының ұрпағының бастан кешкендері жазылған. Бір-бірін сатпай, бір үйдің баласындай ұйымшыл болып, алыста жүрсе де хат алмасып, қамқор болғаны туралы оқып, елжіреп отырасың. Гүлнәр Дулатова Алматыға Бектұр келді деп қуанып, өзінің туысы келгендей шат-шадыман болып, бізге хабарласқаны – қазір туыс тұрмақ, жақындағы көрші-қолаңын танымайтын адамдар үшін Алаш арыстарының ұрпағы да асыл бола білгенінің бір айғағы десек болар».
«Алаштықтар
бір-бірін жақсы көріп тұратын»
Бектұр Аймауытов Қазақстанға бірнеше рет келіп кеткен. Сондай бір сапары туралы деректі фильм түсірілген екен. Іргетасы да қалмаған қыстаудың орнын жазбай танып, мына жерде біз жатқанбыз, анау жерде әйелдер жатқан деп кеше болғандай көрсетіп тұрғанын көріп, сана қатпарынан туған жері өше қоймағанын байқайсың. Сол сапарында айтқан естеліктерінен де бірсыпыра берсек пе деп отырмыз. Оның бейнесін, әке көрген бала екенін дәлелдейтін айғақ та осы болса керек.
Бектұр Жүсіпбекұлы
Аймауытов:
«Осында өстік. Ол уақытта мал көп еді. Әкем, Жақыпбек, Ахат жақсы ұста болатын. Ағашты да жонып, темір де түйетін. 1925 жылы Орынборда тұрғанда әкемнің жанынан шықпайтынмын. Ол кісі домбыра шертетін. Қолына аспап алса болды, қасына отырып аламын. «Не ойнап берейін?» – деп сұрайды. Мен «Торайғырды», – деймін. «Неге?» – дейді. Мен: «Ат дүбірін естігендей боламын. Көңілім көтеріледі», – деймін. Содан кейін әкем күмбірлетіп ала жөнеледі. Мен жанында құлдыраңдап жүремін…
Осы Аймауытов ауылынан Баянға дейін қырық шақырым бар. Сол жолда кішкене көлшік болған деседі. Әлгі көлшіктің аты – Ақбілек екен. Қазір енді сол көл тартылып қалыпты…
…Әкеммен 13 жыл бірге тұрдым. Үнемі тек қазақ тілінде сөйлесетінбіз. Ол кісі маған тек жақсылық істеді. Дәптер мен химиялық қарындашы қолынан түспейтін. Қазір ондай қарындаштар да жоқ. Бір жылт еткен нәрсені қалдырмай жазып алатын. Жазда ауылда тұрды. Мұнда ол шана да, арба да, ер де бәрін істейтін. Әр жұмыстың ыңғайын білетін кісі еді. 1925 жылға дейін ауылда тұрдық. Кейін көшіп кеттік. Ахмет Байтұрсынұлы да біздің көшеде тұрды. Бөкейханов, Әуезов, Дулатовтар да келіп тұратын. Ол кезде біз кішкене едік. Әңгімесі есте қалмапты. Бірақ өздері шүйіркелесіп отыратын. Олар бір-бірін жақсы көретін еді ғой. 1929 жылы әкемді Қызылордаға шақырды. Қазақ интеллигенциясы түгел жиналды. Бізден үш-төрт үй ары Тоғжанов тұрды. Қазақ зиялылары бір-біріне қонаққа баратын. Әкем мені сондай жиындарға ертіп барып жүрді. Тағы бір қонаққа барғанда ішіп алған Ғаббас Тоғжанов әкемнің жағасына жармасты. Елдің бәрі тек сый көрсетіп, жағасынан алмақ тұрмақ дауыс көтермейтін әкеме құқай көрсеткенде қорқып кеттім. Содан соң оларды ажыратып алды. Әкем мені ертіп Дулатұлының киіз үйіне алып барды. Сонда қондық…»
«Мен Жүсіпбек Аймауытовтың ұлымын, маған ол келіп сәлем беруі тиіс»
2006 жылы 9 тамызда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына Ресейдің Кемерова облысы Прокопьевск қаласынан шашы долбыраған, кір-қожалақ, бәтеңкесінің бауы қалайы сыммен байланған бір қонақ келген екен. Бейтаныс қонақ Алаш арысы Жүсіпбектің тұңғышы Бектұр Аймауытов еді. Филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлының Бектұр Жүсіпбекұлымен әңгімесін де назарларыңызға ұсынамыз.
«Біріншіден, мен Алаш арысы Жүсіпбектің ұлымын. Сүйегім атажұртта қалғанын қалаймын, ата-баба топырағы Баянауылда өмір сүргім келеді. Мен қазақтың ұлы жазушысы Жүсіпбектің баласымын дегенді әрқашан да мақтан еттім. Тіпті түрмеде отырсам да әке аруағы маған азық болды, күш-қуат, дем берді. Екіншіден, менің азамат болып қалыптасуым Башқұртстанда, Татарстанда өтті. Әкем ұсталып кеткен соң мені башқұрт зиялылары Уфаға әкелді, солардың қолында тәрбиелендім, бұл ағайындар діндар тақуа, білімді, ата салтына адал келеді. Осы ағайындардың тәлімі менің қазақшыл болуыма ықпал еткені де шындық.
…Е, қарағым, адам өз кәсібіне өмірден өткенше адал болуы керек. Кәсіп адамға Жаратқан тарапынан нәсіп етіледі. Мен кезінде Кеңес Одағындағы ең мықты деген жүз электриктің бірі болғам. Мені Уфада Мәскеуден келген атақты орыс инженері оқытты, еңбекқұмарлығымның арқасында өз кәсібімнің шыңына шықтым, осы саладағы дарынды мамандардың бірі болдым. Мені түрмеге түсіріп, түбіме жеткен де осы электрик мамандығы. Мен қабілетімнің арқасында арнайы өткізілген конкурсқа қатысып, қатарластарымнан оқ бойы озып, Қазан қаласындағы С.П.Горбунов атындағы соғыс ұшағын жасайтын жабық зауытқа 1936 жылы 12 қазанда жұмысқа қабылдандым. Бұл зауыт сол кездегі әлемдегі ең мықты ұшақ өндіретін зауыт еді. Жалақым да, тұрмысым да түзеліп сала берді. Ақыры қырсық шалды, 1937 жылы үстімнен арыз түсіп, «Контреволюционер Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы жабық зауытта шпиондық жасап, Совет мемлекетіне қастық жасағалы жүр» деген жаламен ОГПУ тексеріп, Ақтеңізге абақтыға айдалып кете бердім, 1937 жылы 30 желтоқсанда жаламен 10 жылға бас бостандығымнан айырды.
«…Қазір есіме түсіп отыр. Бір күні әкем қатты қуанып келді. Ол қазақтың қаһармандық тарихы туралы үлкен роман жазуға дерек тапқанын айтты. Сыр бойында бір кедей қазақтың атын жолбарыс жарып кетеді. Жалғыз бұт артар көлігінен айырылған ашулы жігіт шеріге қарсы найза ұстап, жекпе-жекке шығады. Жолбарысты жаяу барып, мылтықсыз ақ найзамен жарып өлтіреді. Ал қазақтың бір байы осы хас батырдың көзсіз ерлігіне сүйініп, қалыңсыз сұлу қызын береді. Мұны әкем шаттана айтып,«Тырнақты, тісті жолбарысты қызыл қолмен жекпе-жекте өлтіруге жүрегі дауалаған қазақ жігітіндей батыр дүниеде жоқ, сірә. Мен қазекеңнің батырлығын мәңгі жыр етем» деп шабыттанды. Сүмелек, жалақор, мылжың Ғаббас Тоғжанов әкемнің түбіне жетпегенде бұл роман дүниеге келер еді деп өкінем. Өмірімдегі бір өкініш осы болып қалды».
Марқұм, иманды болғыр Бектұр Аймауытұлы Алматыға алғаш 1994 жылы келген болатын. Содан кейін 2006 жылы туған жеріне ат басын бұрған. Сүйегін сүйреп Алматыға келген. Қазыналы арда азаматтың асыл сынығы да атажұрттан топырақ бұйырса деген ниетпен Алатаудың баурайына тоқтаған екен. 92 жасында мәңгілік сапарына аттанып кетті. Өзі армандағандай туған жерінде жерленді. Бірақ оның о дүниелік болғанын қалың қазақ білмей де қалды. Боралдайдағы зиратқа басына «92675» деген нөмір жазылған тақта қағылған екен. Одан өзге ештеңе де жоқ. Дегенмен ештен кеш жақсы дегендей, 2009 жылы Мемлекет тілді дамыту Президент қоры тарапынан марқұмның басына ескерткіш тақта қойып, зиратын қоршап, құлпытасқа: «Қазақ жазушысы, Алаш Орда қайраткерi Жүсiпбек Аймауытовтың баласы – Бектұр Аймауытов. 1916-2008» деп жазған екен. Астына: «Ескерткiштi қойған – қазақ жастары» деп бәдізделген.
Қазақ жастары… Репрессиядан соң әкеден айырылып, өзі бір өліп-тіріліп, туған жерінен алысқа, айдалаға безіп кетіп, он жылға сотталып кетсе де, атажұртқа, ұлтына деген махаббаты жер қойнауына кеткенше сөнбеген асылдың сынығы Алматыдағы қарттар үйінде өлді дегенге сенудің өзі қиын. Жастайынан ақсүйек азаматтардың білімін, өнегесін сіңіргеннен соң ба, өмір бойы сол қалпынан таймағанына таңғаласың. Бір сұхбатында «Кемеровада мекендеген қазақтардың көбі шахтер екенін білеміз. Сіз өзіңіз де шахтада жұмыс істепсіз. Ал губернатор Амангелді Төлеев қазақ екенін мақтан етеміз. Амангелді Төлеевпен кездестіңіз бе?» – деген сұраққа: «Амангелдінің қазақ екенін білемін, бірақ ол қазақша сөйлемейді. Мен Жүсіпбек Аймауытовтың ұлымын, маған ол келіп сәлем беруі тиіс. Сол себептен оған барғам жоқ», – дегені бала күнінде көз алдында әкесін қамап тастаған сарбаздарға кеудесін тосып, «атсаңдар атыңдар, әкемді бір көрейін» деген жігерінен тоқсанға келсе де тайқымай, өмір бойы Жүсіпбектің ұлы екенін мақтан етіп, қазақ зиялысының ұрпағына сай мінез көрсете білгені де бір өнеге.
Дайындаған
Абзал СҮЛЕЙМЕН