Айша анадан туған Шерхан-Барсхан
15.01.2016
6137
0

Кермиығым кербезім,
Керіскідей шандозым,
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім.
Махамбет.

Шерхан Муртаза (3)«Журналист үшін сынақтың ең үлкен түрі – іссапар. Сонда біліктілігі, азаматтығы танылады. Жазып келген мақала, очеркінен кісімен тіл табысуын айнадан көргендей боласың», – дейді Шер-ағаң бертінде берген бір сұхбатында. Бұл тек журналистке ғана емес, өмірдің өзінен жазу мәселесінде күллі шығармашылық адамдарына қойылар талап. Оның ұғымындағы қаламгер алдымен азамат болуы керек. Жазу содан кейін. 1986-дағы толқу кезінде (әлі жанышталмаған, жастар алаңда жүрген) кабинетінде түнеріп отырған «Қазақ әдебиетінің» Бас редакторы «өткендегі материалым не болды?» – деп алдына кірген бір замандасын айғай сап қуып шығыпты:
– Бүгін материал іздеп жүретін күн бе еді?!.
Міне, Шерхан ұғымындағы Азаматтық! Кісілігің болмаса жазуыңның да, басқаңның да құны көк тиын.
«Жас адамның тағдыры көбіне қолдаушысына байланысты», – деп, көк өрім талапты жастарға жол ашқан, жарыққа шығуына көп ықпал еткен Шерхан Мұртаза қазақ руханиятында «Шерханның шекпені» деген ұғым қалыптастырды. «Күндіз журналист, түнде жазушы болған» атақты Редактордың қолы тиіп кеткен басылымның жанданып жүре беретіні де тегін болмаса керек.


Алмас НҮСІП


Бесінші сыныпта не түсіне қойдық екен­біз, әйтеуір, әдебиет пәні мұғалімінің тап­сырмасымен «Тамұқ» романын оқы­ған­быз. «Тамұқ» – «Қызыл жебе» хамсасы­ның түйіні екенін кейін білдік. Енді бүгін қайталап оқығанда осы жұмсақ көк мұқа­балы кітаптың соншалық әсер еткенін түйсіндік. Әсер жаңарады екен – бәрі еске түскен, әсіресе, Тұрардың атылар алдын­дағы соңғы тілегі, өлімге қарай қадам бас­қан сәтіндегі кейіпкермен бірге дег­бірің­ді алып біткен бұлың-бұлың тас қа­быр­ғалар ішіндегі бітпейтін жол, сынған көзәйнек, алғашқы оқтың бір құлағын жұлып түсер сәті – әлгі азапты минуттарды соза түскен; Сосын… Сосын бәрі біткен. Соңғы демге дейін әлдеқайдан бір құдірет келіп құтқарып алардай арпалысқан үміт Тұрардың нашар көретін көзінен «шырыл­да-а-ап ұшып кеткен» аяулы жанымен бірге түнекке айналған. Сонда тұңғыш рет авторға сүйеніп: «Адамның жаны көзінен ұшады екен», – дегенге шәксіз сеніп едік.
Соңғы тілек – тазару болатын. Жуынып жа­­тып арса-арсасы шыққан өзіне жаны аши­тын сәт Тұрар трагедиясының ең ақыр­ғы көрінісі екен…
Ауыл шетіндегі мүрденің жанынан өт­кен сайын дұға қылып, бет сипауды үй­ре­­тетін үлкендер. Іштей не деп айтаты­ныңа дейін аса бір ыждахаттылықпен тәп­тіштейтін, – әркім әрқалай айтады, – нұс­қасы да аз болмаушы еді. Ал «Тамұқ­ты» оқығаннан кейін өзімізше күбірлейтін бол­дық:
– Аруағыңмен қолдап, Жолбарысыңмен жебей жүр!
Балалығы арыла қоймаған сәби ерін тұң­ғыш рет ешкімнің ақылынсыз өздігі­нен күбір етті – Шерханның шарапаты екен. «Ол кезде бай болатынбыз», – деп өткенге аузының суы құрып отыратын әке-шеше­міз­дің Совет өкіметі туралы жып-жылы ес­теліктеріне беймәлім ішкі қар­сы­лық осы кезде пайда бола бастаған.
«Бүк түсіп Қали жатыр…»; «Зытып келем, зытым келем…»; «Атымды айта бастасам тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады…» сынды жекелеген сөйлемдер бірге ойнайтын балалардың аузында жүретін. Тіпті, Бейімбет, Ғабит, Бердібек­тер­­ден хабары жоқ, сабақта «дауыстап оқу­дың» өзін әрең ежіктейтіндер де қай­дан келгенін, неден шыққанын білмесе де айта беретін. Осы санаулы авторлардың ішінде Шерханның сөзі жүретін – «Әлтай нанға тоймаушы еді…».
Ойнап жүріп айтатынбыз. Алғашқы мү­шелге жетсек те – ойыннан басқаға көп бас қатырмайтын бала екенбіз. Шерханмен салыстырғанда. «Ай мен Айшаны» сол кезде неге оқымадық екен…
Біз ойнап жүрген алғашқы мүшелге аяқ басар қарсаңда Шерхан ақыл тоқтатып үлгерген, вагоннан жүк түсіріп, еңбека­қы­сын санап алып тұрып шешесінің, қарын­дасы мен інісінің иінін жаңартуды ойлапты. Оның сыртында бұл кезде ол Мұ­­қа­н­ов­­­­­ты, Слановты, Мұстафинді, Стивенсонды, Степановты, Лондонды оқыған. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранның аясында қара жұмысқа жұтылып кеткен ба­лалық шақта тынымсыз тіршіліктің арасынан сыналап саңылау тапқан бұл оқу соғыстың соңғы жылы Әуезовтің
«Абайына» ұласқан. Әкесі бардағы береке тұнған шаңырақта «Бөгенбай жырын» естіген, – бұл кезде бес жасар бала. Былай­ғы өмірде қатал көрінетін шешесінің көңі­лі түскенде айтатын түрлі аңыздары мен өткен күндер жайындағы жүрек қозғар әңгі­мелері – отты жылдардың көрігінде күйіп-жанып жүріп жетіліп келе жатқан баланың рухын қиялға орайтын, аңсарға жетелейтін.
«Жетімдік – жұрттың қабағын оқитын ілім» деген бар. Ылғи да жетімдігін, әке­сіз­дігін айтып, «менде балалық шақ бол­ған жоқ», – деп шағына беретін Шерханның жетімдігі – жаутаңкөз жетімдік емес. Оның жетімдігі – әз аты күстаналанған әке­ге деген сартап сағыныш, бір өзі бір­неше ер азаматтың батпан-батпан міндетін көтеріп алған талайсыз шешеге аяныш, таршылықтың тырнағында шырылдап кете барған балалыққа жоқтау, ала­са­пыран дәуірдің астында аяусыз жан­шыл­ған аяулы тағдырларға нала. Тілі кеш шыққан Абай осы «кемшілігі» үшін өз қатар­лас­тармен ойнап кете алмады, – бұл тегін кет­кен жоқ, – оның айналасын алаң­сыз ба­қылауына мүмкіндік берді. Тап-таза жады дүниені ойынмен емес, ой­мен таныды – абайтанушылар осылай дейді. Шер­ханның жетімдігі де осыған ба­ра-бар қызмет етті. Ол – өмірді, ондағы мінез­дерді, пендешілікті, ізгілікті қисса-дастан, ертегі-жыр арқылы танытатын дәстүрлі тәрбие көре алған жоқ. Жас жүрек алғаш рет саусағын жайып жұмбағы көп өмірді тануға талпынғанда оның алдында дүние­нің қиялдағы көрінісі емес, реалды суреті тұрды. Ұтылып қалған асығын қай­та­рып беретін өзінен үш-төрт жас үлкен ағалары­ның кеңдігі, көре қалса басынан си­пап, еркелетіп бағатын ағайындас, ауыл­дас­тарының мейірімі – бес жасар Шерханның ұйқысын бұзған қаһарлы 37-нің қысқы тү­ніне дейін ғана жетіпті. Асық ойнаса – ұты­ла беретін, үлкендердің алдына барса «Халық жауының баласы» деген зәрлі көз­бен қарсы алатын сүреңсіз бір кезең ор­наған. Үлкен бір жиында адасып қалып, «Ме­ні неге тастап кетесің?!» – деп кіп-кіш­кентай жұдырығымен Мұр­та­за­ның бүйі­рінен түйгіштеп, қырсыға жы­лай­тын ер­келік – әп сәтте аунап тү­сіп,– шетқақпайға ұлас­қан. Дүниеде әділетсіздік деген түсі­нік­тің бар екенін ұғып болмай жатып тәлкекке ұшыраған баланың қиялы бүкіл шуақты өмір­ді артына қайыра кісен­делген қолына қы­са ұстап алып, әлдекім­дердің ортасында қап-қара түннің қойнына сіңіп кеткен әкесін іздеп қана шарқ ұра­тын.
Міне, осылай… Шерхан өмірді жоқ із­деуден бастаған… Жаутаңкөз, жасық бо­лып кетпей, ешкімге жағасын жырт­қызбай күштілермен жағаласып жүріп жетілуге күш берген де осы «жоқ іздеу» болатын. Тұлпардың тұяғы, жақсының көзі деп тым сирек маңдайынан сипайтын тым сирек жандар оған қайрат беретін. Асаулығын көрсе, зият мінезін көрсе – «Жарықтық Мұртаза жігіттің бозымы еді ғой», – деп әл­дебір түйсікпен ғана сезінуге бола­тын­ қастерлі, беймәлімдеу бір міндет артып, тәубелей сөйлейтін көшелі көзкөргендер ба­ла Шерханның көзіндегі отқа май құя­тын. Белгісіз бір түйсікпен жо­ғалған әкені өз бойынан іздей бастаға­нын өзі де байқа­ма­ған. Оны жасытпаған да осы болатын. Қан­ша қиянат, жәбір көрсе де қасарысып тұ­рып алатын діні қатты безіреуік бала оңа­­шада ғана жылап алып жүріп ер жетіп­ті.
Жігерін жоқшылық жаныған, таршы­лық­­қа қайралып жетілген Шерхан тумысынан күйреуік жан емес-ті. Жазушының қолтаңбасы – мінезінен. Ол жазуға келген­де де тастай берік, шектен шыққан реа­лист. Жүректерді қозғау үшін күйреуік, жы­­лауық сезімдерге бой алдырмақ болды ма – сәтсіздікке ұрынады. Онда қайғылы сәт­тер мен әсерлі эпизодтарды берудің өзін­дік тәсілі, мінезі бар. Өзі сомдаған Рыс­құл сияқты ар жағын көріп, біліп тұрса да, соны сыртқа шығаруға, шексіз махабба­тын, көл-көсір сезімін сөзге салуға сон­шалық сараң. Авторлық баяндаулары тас-түйін тұратын Шерханның кейіпкер­лері кейде тым елти сөйлеп кетіп жатады. Кейіпкерінің жан-дүниесіндегі тол­қы­нысты автор ретінде өзі айтпайды, өздеріне айтқызады. Кейде өз ойын кейіпкерлеріне зорлап айтқызғандай болатын жазушы ондағы қарапайым адамдардың бойына шақ келмейтін сөз айтып қойғанын байқа­май қалады. «Қараңғы» Рысқұлдың білі­гіне автордың білімі араласып кетіп жатады. Пушкиннің өлеңін мысал етіп егіліп отырған Рысқұл мен соған дейін жазушы қа­лыптап үлгерген аңғырттау батыр Рыс­құл екі басқа адамға айналып кеткендей әрі-сәрі күйге салады. Мұның себебі – қия­лында туған сәтті салыстырулар неме­се жазушының өзін де сүйсіндіріп жіберген ойлар тізгін үзіп, көз жазғызып кететіндей алдында жатқан ақ қағазға жан дәрмен қотара құйып қалуға асығатын мінезінен. Жаратушының пендесін кейде ау­зынан жаңылдыратыны секілді, Шерхан сом­да­ған образдар да сәл басқа­ша­лау сөй­леп кетеді. Әр тарау, әр беттегі ілгері-кейін сапы­рылысып жатқан оқиға­лар тізбегін ажыратып алғысыз бірлікте тастай қылып ұстап тұратын мығым динамика ондай кемшіліктерді жасырып қа­лады. Оның романдарында құлаш-құлаш пәлсапа, құшақ-құшақ тебіреніс деген болмайды. Асса бертінде жазған «Бір кем дүниесін­де­гідей» үзік-үзік бір қайыру тол­ғамдар ғана. Ол неғұрлым жігерлі сөйлесе, соғұрлым құла­шы кеңи түседі. «Жүрегімдегі жараны ес­кермеді» дегенінен «Атасына нәлет!» – деп бір-ақ кесіп таста­ғаны қолқа-жүрегіңді қозғауға бейім.
Тұрардың басын тауға да, тасқа да ұрған аумалы-төкпелі дәуір мен роман жарыққа шыққан жылдардың саяси айырмасы аздау болатын. Атып-асу, айдау тоқталған­мен сөз­ге, тілге қойылған күзет мызғыма­ған. Бас­пасөзде жариялау, кітап қылып шы­ғару­дың машақаты аз болмағанға ұқ­сайды. Сүзгіден өткеру, кесіп-пішу, қыс­қарту… Мұ­ның бәрі шығарма жазуға ниет еткен ал­­пысыншы жылы-ақ белгілі бол­ған. Арба мен өгіздің бірін таңдайтын сын са­ғатқа жеткізбей, аралық аймақты таң­даған жазу­­шы екі оттың ортасында аз шыж­ғырылмапты. Бас-көз жоқ қызыл им­пе­рияны мақтай беру опа бер­мейтіні тағы анық. Ал ашық кетудің аяғы – құрдым. Әйтсе де, әредік іштегі қы­жылды сыртқа шығарып алып отырады. Әсіресе, қазақ жерінің байырғы тарихи атауынан айрылып, қайдағы бір қара шекпен орыстарға бұйырып жат­қа­нына наласын жасыра алмай қалатын кезі аз емес. Бірақ сонау бала күнінде Мұ­хамед­жан Қаратаевтың сабақ үстінде әлдекімдер өзін тұтқындап әкетуге кел­генде оқушылармен қоштасып тұрып қолынан жур­налын түсіріп ал­ға­нын көрген жазушы заманының қабағын ба­ғып, әр құбылысын қалтқысыз танып өс­­кен, бұл тарапта шегінер, бұлтарар кеңіс­тік қалдырып, кеңінен қамтитын.Тұ­рар­дың аузына салады, қарапайым қа­тардағы шаруаның ләмінің арасына қыс­тырып жібереді. Ішкі мәдениеті биік жан, сөздің қадірін, замананың салмағын жақ­сы білетін. Айға шауып мерт болатын мәрт­­тіктің күні өткен. Әбіш Кекілбаев туралы мақаласында: «Басқа ұлыс, ұлт­тар­дың на­мы­сын қорламай-ақ, қазақ рухын ас­қақ­татты. Бояуы көп, бай көркем­дікті былай қой­ғанда, бұл жазушының аза­мат­тық бе­рік тұғырының айғағы», – дейтіні бар. Осы сөзді сол қалпында Шерханның өзіне де­ қаратып айтуға болады.
Осы сексеннен асқан шағында да жеті­м­дігін, жалғыздығын, әкесіздігін айта бе­­ретін Шерхан Тұрардың бала кезін сөй­леуге кіріскенде жанып кетеді. Өмірдің әр құбылысын бұғанасы қатпаған, сарайы лайланбаған уыз кезінен бақылап үлгерген, жұрттың жетімге деген көзқарасын санадан тыс түйсікпен сезініп өскен жазушы Тұрардың жетімдігін, әкесіне деген махаббатын, сағынышын айта беруге құштар. Тұрар жетім аталар жастан өтіп, азамат болып, үлкен қызметке отыр­ғанда да осы та­қырыпқа жиі орала береді. «Қызыл жебедегі» бала Артурдың (Арман) бей­несін ойлап тауып, әлгі бір сезімдерді ін­дете тү­седі. Тұрар мен Рысқұл арасын­дағы жү­ректен тілге көшпей қойған, үнсіз­ді­гімен-ақ тым шексіз көрінетін махаббатты жыр­лай береді, жырлай береді. Шато­­бриан: «Мен өмірде қолым жетпеген нәр­селерге шығармашылықта жомарт бол­дым», – депті. Шерханның «жомарт­тығы» да со­ған ұқсас. Рысқұл мен Тұрар арасын­дағы үнсіздік оның әкесіне айта алмаған, әке­сі­нен ести алмаған сүйіспен­шілік жыры еді. «Қызыл жебедегі» әкесіздік пен «Ай мен Айшадағы» әкесіздік бір-біріне ұқсай­ды һәм ұқсамайды. «Ай мен Айша­дағы» жоқ әкенің ролі – тағдырдың тәл­кегінде қалып кеткен, үміті үзілген бала­­ның құ­дай­ға айтқан арызы деуге келеді. Ал Тұрар­дың әкесіздігі – белгілі бір деңгейде сыр­лас, сұхбаттас дәрежесіне жетіп үлгер­ген әке мен бала арасындағы достық. Бала Тұрардың образын да жай қиялдан ала салды деуге болмайды, ол – Шерхан­ның өзі болатын. Тұрар-Шерхан Барсхан-Шер­ханға қара­ғанда бақыттырақ. Ол белгілі дәрежеде әкенің құшағын көрді, сөзін естіп, тәр­биесін алып үлгерді. Шер­хан­ның жөрге­гін­де тұншыққан арманынан туған Тұрар­дың «бақыты» – Шатоб­риан­ның «жомарттығы­мен» үндеседі.
Әке мен Ана ғана емес, бүкіл бір дәуірдің суретін ұстап тұрған кейіпкерлер галереясы бір-біріне ұқсас тағдырларымен жоқ­шылық, аштық, қуғын-сүргін азабын аша түседі. «Барлық бақытты отбасы бір-біріне ұқсас, ал бақытсыздары әр түрлі» дейтін толстойлық өлшемге салсаңыз, әлгі тар заманның құрбаны болған ұқсас тағдыр­лар­дың айырмашылығын оңай тауып алар едіңіз. Оның дәрменсіз кейіпкерлері бер­мейтінін біле тұра – адамнан сұрайды, орындалмайтынын біле тұра – көктен тілейді. Қай жағынан да үміті кесілген, жеңілген бейбақтардың қасіретін жаза беретіні – қиын күндерді ойлап кетсе, «жүрегі зу-зу ете түсетін» жазушының сон­ша­ма ауыртпалықты көтеріп алған, алып қа­саптан аман шыққан бақытсыз халық­тың қажырына деген таңданысынан туған деуге болады. Ол жазған шығармаларда бақытты күндер аз, тіпті, жоқ деуге бол­ғандай. 1916-ның көтерілісін көп кітаптар­дан шуаққа шомған бақытты өмірдің әп сәтте қиюы қашып жүре бергендей, күт­пеген сүргінге тап болғандай жатыр­қай­­тын оқырман «Қызыл жебенің» алғашқы па­рағын ашқаннан сапыры­лыс­қан, қанға толы жорықты әлемге тап болады. Әр жаңа бетті қорқынышпен ашып, қорқынышпен жабады. Алда болатын қауіпті сәтке жа­қын­дап келе жатқанын сезеді. Біз, әдетте, алда не болатынын білдіріп алу – жазу­шы­ның әлсіздігі деп жүрміз ғой. Ал Шер­хан­­ның «әлсіздігі» – басқашалау. Ол ештеңені бүгіп, жасырып, әлдебір тұспал­дардың астарына салып сізді діңкелетпейді. Тумысынан дарыған тік мінез оған бой бермес те еді. Егер, өз табиғатынан аттап өтіп, «бұлталаққа» салуға ойы кетсе не болатынын жоғарыда айттық. Ол мұны жақсы білді. Сондықтан да тура тарта беретін. Ол өзі аттап кеткен, айтып кеткен оқиғалар мен сөздерді (өлең жолдары, ән мәтіндері, аңыз, мысалдар, т.б.) сол қал­пында алдағы тараулардың бірінде айна-қатесіз қолдана береді. Тіпті, бір романнан екінші, үшінші романға ауысып жүретін мысалдар аз емес. Егер «Қызыл жебе» мен «Ай мен Айшаның» ортақ оқиғаларын санап шығуға ниеттене қалсаңыз, олардың аз болмайтынына күмәніңіз болмасын. Екі роман ғана емес, бүкіл шығармашы­лы­ғындағы араласып, ауысып жүретін сюжеттер мен кейіпкерлер қаншама. «Ай мен Айшаның» жолашар сөзінде: «…бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде. Ендеше, текке күше­не бермей, соны неге жазбаймын?» – дейді. Бұл ой оның басына дәл сол уа­қыт­та келе қал­­мағаны анық. Бұл – бүкіл шығар­ма­шылық ғұмырға созылған ұста­ным болатын. Ол тіпті кейіпкерлердің аты мен оқиға өтетін орынды өзгертіп, «із жасырып» та әуре болмайды. Бәрі қаз-қал­пында. Оның көркемдік әлемін түгелдей сүзіп шықсаңыз және бүкіл шығармасын бір-біріне жал­ғасаңыз, тұтас бір эпопеяны көрер едіңіз. Бұл эпопея – Шерхан Мұртаза жүріп өткен жолдың біртұтас жылнамасы іспеттес.
Оның тым қарапайым, асқан сұлулық пен түрлі көркемдеуші тәсілдерге жүгініп әуре болмайтын қаттылығы қай оқырман­ның да оқиға ішіне еркін бойлап, кейіп­кер­лермен қоян-қолтық араласып кетуіне шексіз мүмкіндік сыйлайды. Тұрар заманында жүрген оқушы енді бірде бергі кезеңге көктеп өтіп, Шерханмен бірге арғы уақыттарға ойлана қарап, баға беріп отырады. Жазу үстінде ол өзін тым еркін ұстайды. Біресе кейіпкерінің артына жасырынып қалады, біресе артында жүріп жатқан соғысты ірі денесімен қалқалап алып, фонындағы оқиғаға түсініктеме бе­ріп, алдағы күнге болжам жасап тұрады. «Қызыл жебеде» әр тараудың соңы Тұрар­дың болашағына нақты сілтеме жасап аяқтала беретіні кейде шектен тыс жалық­тырып та жібереді. Тұрардың өмірін жазуда нақты деректер аз келтірілмегенмен, «бұл белгілі жайт қой, тәптіштеп қайтем», – деген бір мінездің болғанын аңдау қиын емес. Оның әр дерекке соншалық салқын­қан­дылықпен қарайтыны таң қаларлық. Өзін толқытқан тарихи деталь болса да, жерден жеті қоян тапқандай өзеуремейді, әсірелеп сөйлемейді. Пентологияның сон­шалық кішіктікпен жазылуы– отыз жылдан аса уақытын алған зор еңбекті бір қарағанда елеусіз, қалқаға ысырып тастайтындай көрінетіні бар.
«Амандасқанда үнің артыңнан шығып, мөлиіп тұрмай, дауыстап сәлем бер!» – деп қайрап отыратын адуынды ананың тәр­бие­сін алған Шерхан иі босап бара жатқан сын сағаттарда өзін-өзі ширатып алады. Басын тік ұстап, ешкімнің алдында жа­рам­сақтанбайтын, шығармашылық әле­мінде де намыс пен ізгілікті бірінші қа­тарға қоя беретін жазушы бала күнінде ауылға демалысқа келген (соғыс кезінде) Бауыржан Момышұлының айбынына таңдана тамсанса, кейін, «Лениншіл жастың» редакторы болып тұрған кезінде қабылдауына тұңғыш кірген Оралханға:
«…босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен.
Мен қашан: «Отыр», – дегенше кекірейіп тұрды да қойды», – деп сүйсінетіні бар. Ол кісі баласының бойындағы осындай мі­незді ең алдымен бағалағанға ұқсайды.Баяғы бала кезінде: «әкеңнің аты Мұртаза емес, Нұртаза болу керек, түзеп жазайық, әйтпесе, интернатқа оқуға қабылданбай­сың», – дегенде табандап тұрып алатын, ақырында, өзінің фамилиясынан қате тауып: «Сіздің фамилияңыз да Көроғлы болу керек қой», – деп күмілжи тұрса да айтып салып, оқудан күдерін үзіп есікке беттей бергенде, әлгі директор тоқтатып алып, ризашылықпен арқасынан қағып­ты. Қорлығы өткен бригадирге айыр ала жүгіріп, сотқа салар қауіп төнгенде қашып кетіп, паналап барған нағашылары: «Мы­на жиен бүлдіріп келіпті», – деп ырза кейіп­­пен кеңк-кеңк күлгенде де Шерхан­ның намысы қайралып жатқан.
Осыған ұқсас «Қасқырдың тарамысы» деген әңгімесінен бір үзік: «Ауылдарынан оралып, дорбаларын артынып, қарындары да, көңілдері де тоқ, аулаға абыр-дұбыр кіріп жатқандарға жауыға қарап, үйдің төбесінде мұржаға сүйеніп тұра бердім. Жал­паңдап алдарынан шыққым келмейді. Бірдеңе дәметіп тұр-ау деп қала ма, кім біледі. Тек иесіз ала канден Тузик те шала құр­сақ, жуындысыз қалып еді. Енді намыссыз неме, иттігін істеп, жағымпазда­нып, жаутаң-жаутаң етеді. Сонда Әлтай дей­тін таңқы танау:
– Тузик, Тузик! Мә-мә, – деді. Тузик бай­­ғұс құйрығын шыжбаңдата, шыр-пыр бо­лып, құлдыраңдай жүгіріп, Әлтайдың ал­дына жете бере жер бауырлап жата қа­лып еді, Әлтай оны қара тұмсықтап теуіп кеп жіберді. Тузиктің қаңсылаған даусы сонда бүкіл жарты Әулие-Ата әле­міне естілді-ау деймін. Жыла, сорлы, нең бар тілем­сектеніп». Иесіз (!) иттің өзінен намыс іздейтін Шерхан үшін біреудің алдында жер болып, иініне су кетіп жүнжіп тұр­ғаннан артық қорлық жоқ. «Ай мен Айшада» қарауыл солдаттан таяқ жесе де, орнынан сүйретіліп тұрып, қайта-қайта бас иіп, ыржиып күлетін тұтқын жапон ту­­ралы да дәл осындай үкім шығарады. «Қорқақ!» – дейтін.
Ол ерлік пен ездікті алдымен адамның көзінен іздейді. Оның санасындағы идеал тұлғаның көзі шоқтай маздап тұруға тиіс. «Көзі шоқтай жанып тұрды», «Жанары оттай маздап тұр екен», «Шырақтай жар­қырап тұрған көзге тура қарау мүмкін емес еді» сияқты тіркестер Шерхан дүние­та­ны­мындағы адамдық сипаттың негізгі ұстын-тіректері. Былайғы кезде қабағы қату, жүзі сұсты жазушы адамның батыр болмағы оның рухында, жүрегінде, ұя­тында екенін қайталап айта береді. Ол сомдаған Тұрар­дың көркем образы – осындай қасиеттердің жиынтық бейнесі. Батырлық, білімдарлық, қайраткерлік, азаматтық, ерлік – бәрі-бәрі Тұрардың бойын­да тоғысады. Рыс­құлов­тың көзіне тура қарай алатын жан жоқ жалғанда. Тіпті, кітаби көркем Тұрар­дың көзіндегі от кейде оның бойындағы басқа қасиеттер мен кісілік тұрпатын жа­рығымен қарық­тырып, көрсетпей тастайды. Көз алдында шағылысқан жарықтан оқырман өмірде болған, тарихи Тұрардың келбетін анық­тап көре алмай пұшайман хал кешер еді. Оның өзі сомдаған тарихи кейіпкерлерге деген шексіз махаббаты кейде Тұрарды грек аңыздарындағы құдай тектес ерлерге ұқсатып жіберетін. Рас, қанша таяқталса да, қаншама азап көрсе де аяғын нық басуға, езуінен аққан қан­ның өзін жауынан жасырып бағатын намыс – Тұрардың ақиқат жүзі. Тұрардың көп қатерлерден аман шығуының себебін тәп­тіш­теп жатпай, «Барды, көрді, жеңді», – іс­пет­тес қыс­қа ғана қайырымдармен аттап ке­те бе­ретін жазушы бас кейіпкерін кейде атс­а оқ өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін ер­те­­гілік қаһарманға айналдырып жібере­ді.
Шығарма аясындағы белгілі бір кезең адамдарының портретін беруде ұлттық наным-сенімдердің өзін аттап өтетін Шерхан қаламы кейіпкерлерінің аузынан қақ­пайды. Құдайды жоққа шығара сөйлеу большевиктерге тән негізгі міндет. Замана суретін беруде ол ештеңеден тартынып қал­майды. Әлдебір кейіпкері құдайды қар­ғап, зар-наласын айтып жатады. Енді біреулері қазақтың өткенін мансұқтап, ел емес, «баран» болғанын шыжғырып, бетке басып отырады. «Қызыл жебенің» екінші, үшінші, төртінші кітаптарындағы комму­нис­тік ұрандар бір қарағанда адамды мезі еткендей де. Ат үсті қараған адамға автор коммунистік партияны жырлап отыр­ғандай да әсер етеді. Осының бәрі осы үш кітапты оқуға біраз күш түсіреді. Цензурадан өтеді-өтпейді, ол бөлек әңгіме, мұн­да­ғы басты мәселе – шығарманың көр­кем­дік талаптарында. Ол Тұрардың көзімен бүкіл бір дәуірге баға берді, Тұрардың тұл­ғасы арқылы замананың суретін салды.
«Өзге тұрмақ өз шешесінен айналайын деген сөзді сирек еститін», кейде терезеге қарап, ойланып отырып «өзіне өзінің жа­ны ашитын» он жастағы бала бәрін білетін. Сөйте тұра қайраны жоқ, қайра­ты жоқ – бәріне төзеді. «Сипалағанды ит те жақсы көреді, мен адаммын ғой», – деп, қы­жырт­пасы қайсы, мұң шаққаны қай­сы екені белгісіз екі дай сөйлейтін Шер­­хан жазу үстінде де түнеріп кетеді. Қиянаты тиген адамдарды көркем шығар­ма талабына сай қанша қырнап-жонған бол­са да, анығында, әлгі ашу оның көмейін бітеп тастайтын. Жазса – шағынғандай болуы мүмкін, мұндайда ең дұрысы – үнде­­меген. Өзіне титтей де болса шарапаты тиген жандарды айналып-толғанып, жұмақтың төрінен орын тілеп, дұғасына қосып отыратын Шерхан қиянаты өткен­дерге шат-шәлекейі шыға кіжінбейді. Асса Айшаның бір-екі ауыз ауыр қарғысын қаз қалпында бере салады. Оның басты ұстанымы – кісі­лік пен ізгілік, – жамандықты ашық­тан ашық жария ете беруге сараң. Қанша жер­ден реалист болса да қасиетсіз Жуан­құл­­дар­дың әре­кетін хабарлап қана өтеді. Қар­шадайы-нан тістеніп өскен жазушы же­тіл­ген-жет-кен кезінде солардан көрген жә­бірін, те­перішін айтып отыруды ар көр­гендей.
Айшаның «Жеттім деген жығылады, тол­­дым деген төгіледі», – деген сөзін өмір бойы қасиетті тұмарындай әлпештеп келе жатқан жазушы түсі аса суық, өзі айтқан­дай жауқабақ, сұсты көрінгенмен жазуы­ның ар жағынан кісілік, кішілік қасиет анда­ғай­­лайды да тұрады. Тұрарды жазса, соңын­­да: «Бұл кітап сіздің зәулім тұл­ға­ңыз­­ға лайық деп айта алмаймын. Қо­лым­­­нан келгені осы болды, көке. Құдай шақ­тап берген күш-қуаттан, шағын таланттан аса алмадым…» – деп, тәубасынан гөрі өкініші басым лепеспен сөйлейді.Анасын жазса «Саған ескерткіш болуға жарай қояр ма екен…», – деп сөзінің әл­ха­мын аздаған күмәнмен бастайды. Әредік шарапаты тиген адамдарды еске алса «сөз­ден басқа, атап өткеннен басқа қолымнан не келеді», – деп тағы аласарады. Жүректі қозғар әсер­лі сәттерді әтуерін кеті­ріп қызыл сөзбен көмкере бермейтіні – несіне айта берейін, бәрібір тап басып, дәл бере алмаспын деген кішік мінезден туса керек. «Мұнысына сөз жетпейді. Мұндай жақсы­лық­тың атын таппай әуре болдым», – деп ағынан жарылатын сәттері көп. Көп сөзін «…солай шығар. Мен қайдан білейін…», – деп кісімсуден аулақ, өзіне ғана жарасатын мейірімді леппен жұмсақ түйіндей салатын жып-жылы жанның мү­бәрак жүзі көз алдыңда тұрады да қояды. Оның ұғы­мындағы сөздің құдіреті – адам жасаған игілік пен ізгілік­тік­тің алдында қауқарсыз, – жеткере ал­мақ емес. Дүние­ден бұрын жаралды делі­не­тін Сөзден де жо­ғары тұра­тын тіл жет­кісіз қастерлі, құді­­ретті нәрсе­лер бар. Бар-жоғы екі беттен сәл асатын «41-жылғы келіншек» аз сөзге сыйып кеткендей көрінгенмен, ар жағын әлдебір түйсікпен ғана сезінуге болатын сондай қастерлі сипатқа жеткен туынды. Қанша оқысаң да, ширықтырып әкеліп: «Неге үндемейсің, Мақсұт?! – деп Хадиша сонда шыңғырып жіберді», – дегенде тұла бойды шымырлатып ала жөне­летін шеберлікті әдебиет­танудағы «сөз арасын оқу» прин­ципімен ғана түсін­діруге болатын шығар. «Жақсы жазылған бір әңгіме кейбір роман­дарға татиды», – деуші еді бір сөзінде, бұл – сондай деңгейде ғана баға­лауға лайық әңгіме болар, расында…
«Осы менде әке болғаны рас па?» – деп Рысқұловшина деген жаламен Сібір айдалып, сол жақта майып болған Мұртаза бей­­­несін «миының түкпір-түкпірінен із­деп» отырып қалатын, шала құрсақ, жарым көңіл жүріп жетілген, «Бөлтірігін қор­ғаған құртқа-қасқырдай» арпалысып өткен Айша-Анадан туған ұл – Шерхан бол­маса, ешкім болмас еді. Ажалдың тыр­на­ғында ысынып-суынып жатып, Ай­шаның құдайға жалбарған көз жасын жұтып ем қонған, «Байытпасаң байытпа, тілентпеші, жаратқан!» – деген ананың бір ауыз ұлы тілегінің тербеуімен өскен перзент шешемді жылаттың деп бригадир Тас­бетке айыр ала жүгіргенде Айша-Ана: «Менен туған ұл бар екен, тәубе», – деп көз жасын сап тыйды дейді.
Алып ананың «Менен туған ұл бар екен, тәу­бе», – деген қасиетті сөзін ақтау үшін де Шерхан – Шерхан болған шығар…
Мен қайдан білейін…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір