Әкеден-өсиет, анадан-қасиет
30.11.2022
3142
0

Ақпараты көп алашапқын заманда ата-анаға керектіні сараптап ұсыну, олардың педагогикалық-психологиялық сауаттылығын арттыру, саналы ата-ананың өсиеті мен қасиетін ұрпаққа сіңіру мақсатында желкенін жайып жолға шыққан «СЕНІМЕН БОЛАШАҚ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі бір жылдан астам уақыт нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бірлестік жуырда сондай тағылымды  да тәлімді, мағыналы да мәнді кезекті жиынның өтуіне ұйытқы болды. Алматы қалалық білім басқармасының қолдауымен №178 мамандандырылған мектеп-лицейде өткен форум «Әкеден-өсиет, анадан-қасиет»  деген тақырыпты арқау етті.

Форумның мақсаты – әкеге қарап ұлдың, шешеге қарап қыздың өсуімен сабақталып жатқан қазақы тәрбие дәстүрінің өз бағытына түсуіне үлес қосу,   заман ағымына сай бейімдеп, жаңғырту, қазақ отбасындағы бәрінен қымбат саналатын әкенің мәртебесін қайтару, ұрпақ тәрбиесіне байланысты мәселерді талқылау болды. Іс-шараға бірлестіктің  құрылтайшысы, идея авторы, ұлт жанашыры Нұркен Жарылқапұлы, бірлестік  төрайымы Жансая Бердімұратқызы,  ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, сазгер, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Талғар ауданының «Құрметті азаматы» Камнұр Тәлімұлы, Алатау аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Белгібайқызы және 250-ге жуық ата-ана қатысты.  Жиынның шымылдығы  мектеп оқушыларынан құралған оркестрдің орындауындағы   адам рухын оятар бәсі биік күймен ашылды.  Форумнфң модераторы – бірлестіктің Алматы филиалының басшысы Ұлан Алмазұлының кіріспе сөзінен кейін  микрофон алған бірлестік құрылтайшысы Нұркен Жарылқапұлы бірлестіктің қалай дүниеге келгенін, бала тәрбиесіндегі ата-ананың бүгінгі функциясын толығымен жеткізе білді.

  • Жаһандану жағдайында баланы қазақ отбасының ұлттық қалпы мен салтын сақтай отырып әрі оны қазіргі күннің озық мәдениетімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу ең өзекті мәселенің бірі екенін түсінетін уақыт келді. Сол бір пандемияның арқасында үйде отырып қызыммен әңгіме барысында балаға ата-ананың жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін түйсіндім. Мұны Алла Тағала қызымның аузынан  естіртіп жатыр деп қабылдап, бірден тегеурінді іске кірісіп, осындай ата-анаға арналған платформа құрдық. Бүгінде  әр өңірде 18 филиал жемісті еңбек етіп жатыр. Әр филиал түрлі деңгейдегі  іс-шараларды тегін ұйымдасытырып, ата-аналарды бала тәрбиесіне келгенде салғырттық танытпай, сауатты болуға шақыруда. Қай уақытта болмасын баланың бас ұстазы – ата-анасы екенін ұмытпайық, — деді құрылтайшы Нұркен Асанов.

 Форумның негізгі спикері  Камнұр Тәлімұлы болса   «Тағдырдың қалай ауатыны бесіктің қалай тербелгеніне байланысты» дегендей, іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы арқылы  ұлт үмітін ақтаған ел ертеңі жастарға дұрыс тәрбие, тура бағыт-бағдар беру мәселесі ата-анаға байланысты екенін, сол үшін тәрбиені тал бесіктен бастау керектігін ұғынықты тілмен жеткізе білді. Төрайым Жансая Бердімұратқызы  ата-аналардың рухани-танымдық санасы мен  жан-жақты сауаттылығын арттыру жолына бел шеше кіріскен бірлестіктің ауқымды жобаларына шолу жасады. Шара соңында ата-аналар пікірлерін білдіріп, ұлттық қазақы тәрбиені жаңғыртуға үлес қосқан бірлестікке сәттілік тіледі. Ал лицей басшысы Қайратбек Хамзаханұлы   саналы ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен әр ата-ананың санасына, мәдениетіне байланысты екендігін айта келіп, бұл жиыннан әр ата-ана ой түйіп қайтады деген тілегін білдірді. Әнмен әрленіп, бимен безендірілген кеште айтылған әр сөз әр ата-ананың жадында жатталып, оң нәтиже шығатынына сенім мол. Әр отбасы бала тәрбиелей отырып қоғамды да тәрбиелейтінін ескерсек, бірлестіктің тәуелсіз еліміздің болашағы үшін пайдасы бұдан да ауқымдырақ болары сөзсіз.  

Меруерт Мәулетқызы,

Бірлестік журналисі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір