ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫҢ ҮЙІ
05.03.2024
37
0

Әйгілі Шер-ағаның, Шерхан Мұртазаның туған топырағы туралы толғанған туындылары – көрнекті жазушының тағдырымен біте қайнасқан дүниелер. Өзі жазғанындай, түсіне жиі енетін Мыңбұлақ, кең арналы, келбеті көркем, кеңістігі шексіз Көксай, бәрі де – қаламгердің тамырында тулаған, қаламын тербеген қасиеті мол мекендер.

Шерхан Мұртаза көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде Жуалы ауданының сол кездегі әкімі Ермек Үсенбаев жазушыға арнап Талапты ауылынан арнайы үй салып берген. Талапты – жазушының туған ауылы. Екі қабатты, еңселі ғимарат әлі күнге дейін бар. Табиғаты да, тылсымы да бөлек. Осы жерде әйгілі қаламгер ғұмырының кейбір сәулелі, шуақты сәттері өткен.
«Атамыз бас басылым «Егемен Қазақстан» газетін басқарғаннан кейін, 1994 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Бұл үй сол жылдары салынды. Ол кісі жазғы демалыс сайын міндетті түрде ауылға келетін. Ауылдың үлкен кісілерінен бастап, балаларға дейін атамызды күтіп жүретін. Ата «жұмыс істеймін, шығарма жазамын» деп келеді негізі. Бірақ ол кісіні ауылдағы ағайындары бірінен кейін бірі үйіне қонаққа шақыратын. Мен де сол кісілерге қызмет қыла жүріп, атамыздың қандай шығарма жазып жатқанын біліп алатынмын», – дейді жазушының келіні Гүлсім Шоңғарова. Қаламгердің ізі қалған ауылдың әр тұрғыны Шераға туралы сағынышпен сөйлейді. Туған топырағы да перзентін сағынышпен еске алатындай болып тұрады.
Шераға тұрған үй бұл күнде құнды жәдігерлерге толы. Жазушының өзі Мәскеуде оқып жүрген шағында арнайы алып келген әлем әдебиетінің жауһарлары да сөрелерде тізіліп тұр. Мұның бәрі – жазушының өзімен қарапайым студент кезінен бастап, «қазақтың Шерағасы», Шерхан Мұртаза болғанға дейін бірге жасап келе жатқан баға жетпес байлық. Жазушыға мол ілім-білім берген, әдебиет дейтін күрделі әлемнің тағдырын танытқан рухани олжасы. Сол сияқты қаламгер үйінде сақталған қолжазбалардың өзі бір төбе. Жазушының «Жол», «Шойын шарбақ» және тағы да басқа әңгімелерінің қолжазбасы бар мұнда. Бұдан бөлек, Шерхан Мұртаза өмірінің бір бөлігінен сыр шертетін күнделік қолжазбаларының өзі – бір әлем. Нақтылай айтсақ, жазушының 1985-1986 жылдары жазған күнделіктері сақталған. Қалың дәптерлерге мұқият жазылған әрбір дерек қаламгердің көрнекті күндерінің, ғибратты ғұмырының бір парасы болса керек. Күнделіктерінде Әкім Тарази, Қадыр Мырза Әли, Иран-Ғайып және басқа да танымал әдебиетшілермен кез­десуі, сұхбаттасуы туралы жазғандары бар. Сонымен қатар, жазушы тұрған бұл үйде оның «Жұлдыз» әдеби журналының редакторы болып жүрген кездегі өзі жүргізген жиындардың қолжазбалары да бар екен. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда Шерхан Мұртазаның «Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағының және түрлі дәрежедегі атақтарының құжаттары да сақталған. Әсіресе, қаламгердің алдағы шығармашылық жолына шамшырақ болған «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары лауазымына тағайындалған күні алған қызметтік куәлігі де – баға жетпес рухани байлықтардың қатарында.
Талапты ауылының ең шеткі көшесінде орналасқан еңселі үй – Шерхан Мұртаза өмірінің бір бөлігіне куә болған мекен. Үй де шеткі көшенің соңында. Одан төмен жазушының балалық шағы өткен жұрты жатыр. Көзкөргендер жазушы ауылына келген сайын сонда барып, ұзақ уақыт бойы ойға шомып отыратынын айтады. «Менде балалық шақ деген болған жоқ», – деп қаламгердің өзі айтатынындай, бәлкім, ол болмаған балалық шағымен қайтадан бетпе-бет келіп отыратын болар. Одан аяңдап, қайтадан үйіне келеді екен. Осы үйде кең әрі ыңғайлы балкон бар. Сол жерде қаламгер өзінің тағдырынан сыр шертетін атақты «Ай мен Айша» романын жазыпты. Тіпті сол шығармасы Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылғанда, бүкіл Талапты ауылы спектакльді тамашалауға барған екен.
Ұлы рухани кеңістікте «Толстойдың үйі», «Кафканың үйі» деген бар. Өзге де ұлы қаламгерлердің үйлері туралы мәлімет мол. Ұлы жазушылар тұрған үй, шығармаларын жазған мекен кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Сондай-ақ Алматы қаласында Мұхтар Әуезовтің үйі тұр. Сол сияқты «Шерхан Мұртазаның үйі» болуы керегі талай уақыттан бері айтылып келе жатқан. Жазушының тоқсан жылдығына орай, «Шерхан Мұртаза атындағы әдеби-мемориалдық музейі» ашылды. Қазақта Шерхан Мұртаза жалғыз. Өзі де жай отындай жарқырап, ақиқатты айтқан, шындықтың бетіне тура қараған тура би тұлға ретінде ел есінде мәңгі қалды…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір