ШЕРХАН СОҚПАҚ
26.09.2022
3116
0

Көшедегі көксоққандардың төбелесіне араласып жүріп, жарғақ құлағынан жарақат алған бозбала Ресейдің әлдебір қиыр шетіне әскери қызметке баратын болып тұрып… медкомиссиядан өтпей қалады. Содан ол намысқа шауып, мектепті бітіре сала құжаттарын Мәскеудің бір жоғары оқу орнына тапсырады да, студент атанып шыға келеді. Әлгі оқу орны кейін Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне қосылып, намыстың Нарқызылына мінген біздің қаһарман оқуын әлемнің ең әйдік білім ордасында жалғастырады.
Студенттік өмірдің қызықтарымен қатар келген қиындықтар оны аямай қара жұмысқа да салады, қолынан жетектеп әкеліп тәржімаға да салады. Оның аудармадағы тырнақалды дүниесі – башқұрттың классик жазушысы Мұстай Кәрімнің хикаясы болды.
Ол Алматыға келген бетте дайын аудармашы, жалы көтеріле бастаған жазушы еді. Жұлдызы журналистикада жанды. Баһадүр бабалардың мінезін танытып, газет-журналдарда бас редактор болды. Осы тұста «Шерханның шекпенінен шыққан» журналист-қаламгерлердің мектебі де қалыптасып үлгерген. Шерханның шекпені жай шекпен емес, бадана көзді ақ сауыттың өзі еді. Шерханның сауыты заманының ащы шындығын жазып, жазаға тартылуы мүмкін журналистерді де, тұтас ұлттың ұлы мұрат жолындағы арман-аңсар тілегін де сайланып келген жаудан қорғап тұрды. Сол кезде ол қабағы жауар бұлттай түнеріп, «бейбіт өмірдің» бітіспес майданында жүрді. Кейін жұрт Парламент мінберінен күркіреп сөйлейтін депутатты көрді.
Асыл Шерағаң! Пәниден бақиға озғанша оның ғазиз жүрегі «елім» деп, «жерім» деп соқты. Соқталы ер өзін Алаш ардагерлерінің сойынан екенін әйгілеп, соңына Шерхан соқпағын қалдырды. Шерхан соқпағы – алашшыл абзал шерінің соқпағы!
Өзі қолтаңбасын қалдырған «Қазақ әдебиетінің» бүгінгі санында Шерхан Мұртазаның бозбала шағынан бастап, кемел жасына дейінгі ғұмырын қамтыған мақалалалар мен естеліктер топтамасын ұсынып отырмыз. Мархабат.

Дәурен Қуат

«АПАТАЙЫМ!АУЫЛДЫ, СЕНІ САҒЫНДЫМ…

МӘСКЕУДЕН
ЖАЗЫЛҒАН ХАТТАР

Осыдан жиырма жыл бұрын болатын. Шерағаңның жетпіс жылдығының қарсаңы еді. «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеп жүргем. Жақсы мақаланы «жамбасы ойылғанша» жатқызып қоймайтын редакция қызметкерлерінің талабын түсініп қалғам. Сондықтан ылғи тәуір дүние жазғым кеп ізденем де жүрем.
Сөйтіп жүріп, Шерағаңнан сұхбат алуым керек деп ойладым. Өйткені ол кезде ҚР Парламенті Мәжілісінің мінберінен халқының сөзін қабағын түйіп, қаһарлана сөйлейтін қаламгердің мінезінен қаймыға ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір Шерағаңның болмысын ашатын күрделі әңгімеге еш журналист бара қоймаған. Сондықтан «Жығылсаң, нардан жығыл деген» дедім де, жетпіс жылдығын бетке ұстап және соған орай жетпіс сұрағымды дайындап алдым да, Талаптыға тарттым. «Парламенттің депутаты Шерағаң каникулға шығып, елге кеп жатыр» дегенді естігем алдында. Талаптыға кешке қарай жеттім. Өрістен мал қайтып, иттер үріп, ауыл іші азан-қазан болып жатыр екен. «Шераға, ауылыңызға барып сұхбаттассам, қалай қарайсыз?» деп алдын ала айтпасам да қайраткер қаламгер кейбіреу­лердей кергіп, «ертең келсейші, бүгін демалып жатыр ем» демеді. Бірақ менің жетпіс сұрағымды көріп: – «Оу, мұның бәрін қайда сыйғызасың?» – деп күлгені есімде. Алғашқы сұрақтарымның бірі: «Шераға, Алматы асып, Мәскеудегі оқуға қалай түсіп жүрсіз? Атағынан ат үркетін Мәскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсу – ол кезде қазақтың қара домалақтары үшін қол жетпес қиял емес пе еді?» болды.
Негізі Шерағаң сұсты көрінгенімен, жаны жайсаң, әзіл-қалжыңды жаны сүйетін, әңгіме-дүкенге кенен кісі, менің сауа­лыма: «Жамбыл мектебінде оныншы оқып жүргенде үш-төрт баланы обком комсомолдың бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырды. Қаратай Тұрысов, Ергеш Есімов, сосын Әбдуәлі Данаев дейтін бір жігіт бар. «Мәскеуден разнарядка келді. Төртеуің Тынық мұхит әскери училищесіне оқуға барасыңдар», – деді. Оның не екенін түсініп жатқан жоқпыз. Бастық «барасыңдар» деген соң, «барсақ, барайық» дедік. Бірақ жайдан-жай жібере салмайды екен. «Жарайсың ба, жарамайсың ба» деп, денсаулығымызды тексерді. Қаратай деген досым о кезде бойы кішкентай, шынжау, тырылай арық жігіт еді. Оны «сен жарамайсың» деп бірден шығарып тастады. Менің кәдімгідей әл-қуа­тым бар. Біздің интернатпен бір қорада «РУ» дейтін (Ремесленное училище. – К.С.) болатын. Кілең зіңгіттей-зіңгіттей орыстың балалары оқиды. Солармен ұдайы төбелесіп жататынбыз. Тоғызыншы класта оқып жүргенде болған бір қырғын «соғыста» мына құлағыма кілт­пен ұрды ма, әйтеуір жарғағы жарылып кетіпті. Комиссияның қырағы көзі сол жарғағы жарылып кеткен құлақты көріп қойып: «Сен жарамайсың», – деп мені де шығарып тастады. «Ойбой, мыналарды Асқаровтың өзі Мәскеуге жібергелі жатыр екен. Жоқ, Владивостокқа жібереді екен», – деп жұрттың бәрі құлақтанып қалған. Содан «жарамай қапты» деген сөзге қатты намыстандық. Қарекең геология институтына баратын болды. Мектепте газет шығарып, әдебиеттен кәдімгідей тәуір баға алып жүруші ем, мен де Алматыға барып Московский полиграфический институттың редакционно-издательский деген факультетіне тәуекел деп құжат тапсырдым. Өтіп кеттім әйтеуір. Енді шегінерге ешқандай жол жоқ. Болары болды. Шешенің жағдайы анау. Беретін түгі жоқ. Бірақ «не болса да бара беру керек» деген балалық әсермен кете бардық. «Ол жақта қалай күн көреміз, арты қалай болады?» деген уайымға салынбадық. Стипендияға бірде ілініп, бірде ілінбейміз. Бір жолы «үш» алып қалып, бір сессия стипендиясыз қалдық. Содан вокзалға барып, жұмыс істеп жан бақтық. Елу үшінші жылы Сталин қайтыс болды. Өлерінің алдында полиграфия институтының редакциялық-баспалық факультетін Мәскеу университетінің журналистика факультетіне қосу жөніндегі қаулыға қол қойып кетіпті. «Ленин таудағы» МГУ-дың жаңа біткен кезі. Сол қаулының күшімен университеттің студенті болып шыға келдік. Онда екі бөлім болды. Журналистика бөлімі және баспа бөлімі. Мен баспагерлік бөлімінде оқыдым. Менің ә дегеннен баспамен «байланысып» жүргенім сондықтан», – деп МГУ сияқты білім ордасына қалай түскенін бүге-шүгесіне дейін асықпай баяндап берді.
Ол кезде маған Шерағаңның осы айт­қанының өзі әжептәуір олжа болатын. Сондықтан сұрақты басқа арнаға бұрып, әңгімені жалғастыра бергем. Жақында Шерағаңның 90 жылдық мерейтойына орай үйіндегі архивін жинап, бір ізге түсірген іні-қарындастарым қаламгердің Мәскеуден жазған хаттарын көрсеткенде, осыдан жиырма жыл бұрын Талапты ауылындағы інісі Батырханның шарбағындағы алма талдың түбінде отырып, Мәскеуге қалай барғаны туралы айтқан әңгімесі есіме түсті.
Мынау Шерағаңның Мәскеуден жазған сол хаттары:
«Москвадан сәлем!
Апатайым!
Аман-сау, оқып жатырмын. Денсаулы­ғым жақсы. Оқу да жақсы. Бүгін, 28 сентя­брьде посылкелеріңізді алдым. Бәрі қал­пын­да, бүлінбепті. Мені өте қуантқан тері көкірекше болды. Бұл жақта қанша деген­мен күн ызғарлы ғой. Апа, енді посыл­кенің онша керегі жоқ. Үйткені, сіздер­ге қиын соғатынға ұқсайды. Алыс жер болғандықтан, көп ақша шығын бола­ды. Өте керек болып қалған уақытта өзім хат саламын ғой. Елдің, өздеріңіздің әл-ахуалдарыңыз қалай, қысты қалай қарсы аласыздар?
Қаржаубайға ағалық рахметімді айта­мын, аз күн ішінде 2 хатын алдым. Әйнек апайдың, Шебелдің халдері қалай? Сәлем айтыңыздар. Қуанышбай қалай жүріп жатыр, Байбосын науқасынан айықты ма? Пашира апайға сәлем, Өсекең неге хат жазбайды? Басқа не айтамын, әзірге жаңалығым жоқ. Сау болыңыздар! Апа, мені уайымдамаңыздар, тек аманшылық тілеп, қайратыңызға мініп жүре беріңіз!
Апа! Бұл жақта қазақша кітап жоқ, сондықтан сағындым. Үйде менің кітаптарым көп болушы еді ғой, атап айтқанда «Ботагөз» деген кітапты Машанға айтып, сол арқылы почтамен жіберулеріңізді өте сұранамын. Оған онша көп ақша да алмас. Ол посылкадай қиын емес. Жақсы қағазға орап, 2-3 кітап салуға болады.
Шерхан Мұртазаұлы 29/IX-50 ж.».

Хаттағы сөз – өмір көріп, әбден ысылған ересек адамның сөздеріндей мағыналы, мәнді, ақылды. Сондықтан сөйлемдерді оқып отырып «Сол кезде Шерағаң қанша жаста болды екен?» деген оймен есептеп көрсем, небәрі 18 жаста екен. Сол кездің өзінде болашақтағы қарымды да қайраткер қаламгерге тән мінезі де, стилі де қалыптаса бастаған ба, қалай?
Тағы бір хат. Мұны інісі Барханға жазыпты.
«Батеке!
Қалай, саулықпен оқуыңды ойдағыдай үлгеріп жүрсіңдер ме? Әлде, Жақсымбет асық ұтса, сен соны ұтқызып, сөмкедегі кітап босқа жүр ме?
Батырхан!
Кітаптарымды ешкімге бере көрме. Алыста жатсам да «Мың бір түннің» қайда, кімде жүргенін түс көріп, біліп жатырмын. Білсең, ол кітаптар менікі емес, өссең, сенікі ғой.
Хат жазыңдар, жақсы оқыңдар.
Мұр­тазаұлы Шерхан. 10 февраль 1950 жыл.».
Ал 1951 жылдың 17 январы күнгі хатын қарындасы Құрмашқа арнапты.
«Құрмаш!
Хатыңды алып, амандықтарыңды естіп, өте қуандым. Апамның денсаулығы қалай? Батырхан неге хат жазбайды? Ал саған айтарым: үй тіршілігін атқарып, апаңа көмек тигізгенің өте жақсы. Бірақ оқудан да қол үзбе, есің кірді, жақсы оқып, кластан класқа көшетін мезгілің жетті ғой. Неге жап-жас болып мұңаясың, мынандай хатты екінші рет жазушы болма. Әлде, апамның әл-ахуалы өте нашарлап кетті ме? Ашып айтыңдар, апамның денсау­лығын айтып тез хат салыңдар, онсыз да мен оны өте сағындым. Солай, Құрмаштай, егер апам онша нашарламай, тұрып, жүріп жүрсе, сен де еш нәрсені уайымдамай, қыздармен бірге күліп-ойнап оқи бер, киім, анау-мынау жоқ деген нәрсе сөз емес, амандық болса, әлі-ақ бәрі естен шығады.
Апа! Мені көп ойламаңыз, маған ренжіп те жүрген боларсыз, өсірдім, бақтым, қайырымсыз, жүгенсіз, өз бетімен кетті деп. Бір жәрдемшіге (Құдайға. – К. С.) жалбарынып, амандық тілеңіз, бәрі болады. Денсаулығыңызды сақтаңыз. Жазда өзім дәрігерге қаратамын.
Ал, Бәтеке! Сізден хат күтемін, көптен бері жазбайсыз, әлде өкпелеп жүрсіз бе?
Құрмаш! Солай, ешнәрсені ойламай, есі бар адам болуға тырыс, жиі-жиі хат салып тұр.
Зор бақыттың иесі болуларыңызға тілектес Шерхан.».
Шерағаңның «Ай мен Айшасындағы» ана бейнесі сонау Мәскеу хаттарынан басталып, осылай ойға салмақ салып, осылай жүректі шымырлатып өріле бергенге ұқсайды. Көңіліңді босатып, көзіңе жас үйі­ретін хаттарды оқып отырып, ең бастысы, Шерағаңның айтқаны айдай келіп, анасы, қарындасы, інісі бәрі бір-біріне септесе жүріп қиындықты жеңіп шыққанына тәубе дейсің.

ЖАСТЫҚ ШАҚТЫҢ КӨКТЕМІ

Жетпіс жылдығына орай әңгімелескен кезімде: «Шераға, әдебиетке қалай келдіңіз? Ең алғаш жазғаныңыз өлең болды ма, әлде әңгіме болды ма? Мүмкін, шағын мақала шығар», – деп сұрағам. Сонда қаламгер қалың қабағын қайшылап: «Бұл – ойланатын нәрсе. Өйткені қыздардың альбомдарына, анау-мынауға өлең жазатын жастық шақ та бастан өтті», – деген. Шерағаңның жеке архивінде сол жастық шағында жазған өлеңдері де көп екен. Мынау сол өлеңдерінің біреуі ғана.

«Сұлу май, сүйікті май, сәулетті май!
Жамылып жасыл желек, дәулетке бай.
Жасанып жас арудай келгеніңде,
Менің де жомарт көңілім болады жай.

Сұлу май, сүйікті май, ғашығымдай!
Сағынып күткен едім сені ұдай.
Қойныңды аш, сүйіселік құшырланып,
О, шіркін, бой балқытқан лебің қандай!..

Елім бай күннен-күнге, жылдан-жылға,
Ат қойып, атой салдық асау тыңға!
Ер халқым еңбегімен орасан зор,
Сені, май, қарсы алады бұл жолы да.
Шерхан Мұртаза, 55.».
Өлең астындағы «Шерхан Мұртаза, 55» деген жазуға қарағанда, өзінің 23 жастағы 1 мамырын 1955 жылы осындай жырмен қарсы алған сияқты.

АУДАРМАШЫ СТУДЕНТ

Жас кезімде башқұрт халқының классик жазушысы Мұстай Кәрімнің балалық шақ туралы керемет повестерін сүйсіне оқысам да, соны қазақ тіліне аударған адамның кім екеніне назар салмаппын. Шерағаңнан «Әдебиетке қалай келдіңіз?» деп сұрағанымда: «Студент күнімде бір жағы күнкөрістің қамы, бір жағы әдебиеттің әлеміне енудің қамы, аудармадан бастадым мен. Мәскеуде оқып жүргенде арттан келетін көмек жоқ, жалғызбасты анамыз Айша колхозда істейді. Колхоз ешнәрсе бермейді. Елден көмек жоқ. Жалғыз өзіммін. Сөйтіп жүріп, «Москва сортировочный» дейтінге барып, вагоннан жүк те түсірдік. Көмірден бастап, Алматының апортына дейін. Тынық мұхиттың «сельедка» деген балығына дейін. Сонымен төртінші курсқа барған кезде Мұстай Кәрім деген башқұрт классигінің «Біздің үйдің қуанышы» деген бір шағын повесін аудардым.
Аударғанда оның алдындағы әңгімесі көп. Шаяхметов дейтін біздің ЦК-ның бірінші хатшысы бір сессияға келіп жатыр екен. «Не де боса тәуекел, көмек сұра­йын, маған баспадан бір жәрдем берсін» деген оймен барып жолықтым. Әрине, қарауылдары бар екен, солардан рұқсат алдым. Шаяхметов менің арызымды алып қалды. Арызда: «Студентпін. Жәрдем беретін ешкім жоқ. Болашақта әдебиетпен айналысқым келеді. Сондықтан баспадан бір аударма кітап алып берсеңіз, сонымен шұғылданар едім», – деп жаздым. Алып кеткен. Шамалы уақыттан кейін хат келді. О кезде «Жазушы» баспасын «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы» деп атайтын. Хат содан келіпті. Өмірімде бірінші рет фирмасының аты бар, тасқа басылған хат алдым. «Осындай да осындай, Мұстай Кәрім деген башқұрттың жазушысы бар. Біздің жоспарымызда соның осындай дүниесі тұр. Алдымен соның бір тарауын аударып, беріп жібер. Жараса шарт жасасамыз, жарамаса өкпелемейсің»,– депті. Олардікі де дұрыс қой енді. Содан Ленин кітапханасына бардым. Дүниежүзінің кітаптары иін тіресіп тұр. Әлгі кітаптың алдымен орысшасын тауып алдым. Сосын башқұртшасын таптым. Екеуін салыстырып отырып, бір тарауын зырылдатып аударып жібердім. Алматыдан іле-шала хат келді. «Аяғына дейін аударып, қолжазбаңызды жіберіңіз», – депті. Келесі жылы сол баспаға практикаға келдім. Қолжазбамды ала келгем. Баспа аударманы қолма-қол қарап, өндіріске жіберді. Сөйтіп, практикам біткен кезде Мәскеуге кәдімгідей көп ақша алып қайттым.
Содан кейін дәндеп алдым. Баспа Лазарь Лагин дейтін мықты жазушының «Старик Хоттабыч» деген кітабын тағы берді. Оны да аударып бердім. Демек, менің әдебиеттегі тырнақалды дүние­лерімнің бір парасы аудармадан басталғаны ғой. «Қазақстан пионері» дейтін газетке бір майда-шүйде әңгімелерім шығып жүрді. «Әңгелек», «Пистолет» дей ме, аттарын да ұмытып қалдым», – деген.

ШЕРАҒАҢНЫҢ КИЙІ

Талапты ауылындағы Шерағаңның музей үйінде кезінде қайраткер жазушының ермегі болған бильярд үстелі, сол бильярд­тың шарлары және шар ұратын таяқ – кийі тұр. Соларды көрген кезде бір оқиға еріксіз есіме түсіп кете береді.
Бір жолы Астанаға бардым. Қасымда әйелім, кішкентай қызым бар. Соларға үлкен дүкендер мен ғимараттарды аралатып, тамашалатып жүргем. Қызыға-қызыға үстіңгі қабаттағы бильярд үстелдері қойыл­ған кең залға шығып кетіппіз.
Бірақ зал бос. Тек бір үстелде ғана екі адам шарларды тарс-тұрс ұрып жүр. Анықтап қарасам, бірі Шерағаң да, екіншісі көп жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болған жазушы-журналист Әділ Дүйсенбек аға екен. Таныған соң бұрылып кету ыңғайсыз, барып сәлем бердім.
Сәлемнен соң Шерағаң әзілдескісі келген кездегі әдетімен Әділ ағаға қарап:
– Сонымен Поскребышев Сталинге не деп айтты деп ең, ей? – деді кийінің ұшын бормен ысқылап жатып.
Әділ аға алдымен лекілдете бір күліп алды. Сосын Шерағаңа әңгімесін бастады. Маған да бір қарап қойды.
– Поскребышев Сталинге барып, маршал Рокоссовскийді жамандап жатыр дейді: ол ар-ұяттан жұрдай адам, өз әйелі бола тұра Валентина Серовадан бастап бірнеше көңілдестері бар, анау-мынау, бәлен-түген…
Сонда мүштігіне темекі салып жатқан Сталин асықпай:
– Ал сол Рокоссовскийің қалай соғысып жүр? – деп сұрайды.
– Соғысуы… жақсы енді.
Сталин мүштегін түтіндетіп, ойланып тұра береді. Сол кезде сабыры таусылған Поскребышев:
– Жолдас Сталин, сонымен Рокоссовс­кийге не істейік? – деп сұрайды.
Сталин тағы біразырақ үнсіз тұрыпты да:
– Не істеуші еңдер, бұдан былай да оның мықтылығын қызғанып, жамандап жүре беріңдер, – депті.
Шерағаң рахаттана күліп алды. Шерағаңның бұл әңгімені тура мен келген кез­де не үшін сұрағанын ішім сезді. Өйткені «Егемен Қазақстанға» мақаланы жазуын жақсы жазсам да, кейде «мінез көрсетіп» қоятын кездерім де жоқ емес еді. Оны, әрине, Шерағаң да естісе керек. Қайран, Шераға, соны меңзеп маған: «Жазуым жақсы деп дандайсымай, тыныш жүр» деп тұр да.
Ол кезде фотоаппарат алып жүретін әдетім бар еді, Шерағаңның көңілді сәтін пайдаланып:
– Аға, ескерткішке суретке түсейікші, – дедім.
Шерағаң қарсы болған жоқ. Өзі де Қарағанды өңірінде тілші болып жүргенде фотоаппарат «арқалап», суретке түсірумен кәдімгідей айналысқан ғой.

«БЕСКЕ» ТОЛЫ АТТЕСТАТ

Архивтен Шерхан ағаның «бес» деген бағаға толы аттестатын көргенде таңғалдым. Бір «төрт» пен бір «үш» қана «сынды бұзып» тұр. «Төрті» – «орыс әдебиетінен» екен де, «үші» – «геометрия» деген сабақтан болып шықты.
Бірақ көңілім сенбеді. Мектепте де небір қысастықтар болады ғой, сондайлардың салдары шығар деп ойладым. Өйткені Шерағаңдай даңғайыр білімді адамды орыс әдебиетін «төртпен» бітірді дегенге сенгім келмеді. Сосын «бильярд ойнаудың хас шеберлерінің бірі қалайша геометриядан «үш» алады?» деп ойладым. Өйткені бильярд деген ойын – ең әуелі геометрияға жүйрік, «үш бұрыш», «төрт бұрыш», «диагонал» дегендердің ойша білгірі болуы керек емес пе?!
Қай сабақтардан «бес» қойылыпты деп қарасам, олар: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі, алгебра, тригонометрия, жаратылыстану, психология, ССРО тарихы (ол кезде ССРО деп жазған екен), жалпы тарих, ССРО Конституциясы, жағрафия (сол кездің өзінде география – жағрапия болып жазулы тұр), астрономия, химия, шет ел тілі.
Қазақ ССР оқу министрлігінің кәмелеттік аттестаты болашақ бас радактор, жазушы, депутат, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаға 1950 жылы 27 июньде Жамбыл қаласында беріліп:
«Бұл аттестат Қаратөбе а/советі, Жамбыл ауданы, Жамбыл облысында 1932 жылы туған Мұртазаев Шерханға 1947 жылы Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектепке түсіп, сол мектептің толық курсын бітіргендігі және мінез-құлқы өте жақсы болумен қатар, оқыған пәндерінен білімі төмендегіше болғаны үшін берілді», – деп жазылыпты.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір