«Ай мен Айша»: өз отыңды өшірме
05.07.2024
1059
0

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры  қашанда ұлт өнерінің қара шаңырағы екенін дәлелдаумен келеді. Ғасырға жуық тарихы бар ұжым репертуарында қоғамдағы барлық тақырып қамтылған. Ұлт театрының сахнасында өзекті тақырып қамтылмай қалған кезі жоқ. Репертуары бай қазақ театры қайсы десеңіз, алдымен Әуезов театры аталады. Қазақ сахнагерлерінің майталмандары негізін қалаған іргелі өнер ордасы әр дәуірде жаңа толқынмен толығып, дәстүр сабақтастығын үзбей, театр өнері корифейлерінің  алтын шоғырынан алған жалауын желбіретіп, таланттар ортасын қалыптастыруға бар күш-жігерін сарқа жұмсауда. Еліміз мәдениетінің мәйекті болуына қосқан үлестері өлшеусіз. Әуезов театрының труппасы өнер майданының алғадайлары десек, қателеспейміз. Театр мен кино саласындағы ұлттың ұпайын түгендеп отырған бірегей орта.

Осы театр ұжымы «Ай мен Айша» қойылымын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныпты. Эпикалық тынысы кең, панорамасы мың бояулы, динамикасы тегеурінді спектакльді көрген көрермен Адамзатты әр кез жалынымен шарпып келе жатқан соғыстың қасіретін, қаралы күндердегі ана мен баланың жан күйзелісін, «болу мен бордай тозудың» ортасындағы өзекті жанның арпалысын, Уақыт пен Кеңістіктің адам баласының болмыс нәтін сынға салар шақтарын терең бағамдай түседі. «Ай мен Айша» – сонысымен де бөлек, сонысымен де құнды.

 

Әйгілі жазушы, публицист, қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Мылтықсыз майдан» шығармалары – ХХ ғасырдың ең қасіретті мезетін арқау еткен туындылар. Бұл шығармаларда жазушының өмірнамасы да айшықталған. Репрессия, соғыс әр қазақ шаңырағын айналып өткен жоқ. ХХ ғасыр – күллі адамзат үшін ең ауыр сынақтардың бедері болды. Ал қазақ халқы үшін жан алысып, жан беріскен зобалаң дәуірдің шежіресіне айналды. Шерхан Мұртаза өзі бір сұхбатында: «Арқанға асылып тұрған сәтімізде Тәңірдің рахымы түсіп, аман қалған халықпыз» деген сыңайда ой айтқан еді. Шындығында, біздің көрген зобалаңды елестетсеңіз, ұлт болып аман қалуымыздың өзі мұғжизаның ісі ме дерсіз…

Ал сол шақтарды сахналау үшін қандай ерен еңбек керек екенін бағамдай беріңіз. Бір ұлттың тағдыр-тауқыметін қарапайым тұрғындардың жанкешті өмірі арқылы бейнелеу эстетикалық талғамды қажет етеді. Бір сыдырғы баяндап, ұран арқылы алаулатып-жалаулатып емес, кейіпкерлердің болмысын, мінезін, характерін ашу арқылы көрерменге ұсыну қашанда қиын. Қойылым жадағайлыққа ұрынбай, драмалық шиеленістерді бір өріп, бір тарқатып, ширықтырып жеткізген.

Осы шығармалар негізінде сахналанған қойылымның режиссері – белгілі актер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай әл-Тарази. Екі шығарманы екшей отырып, драмаға айналдырған – танымал драматург Еркін Жуасбек. Қоюшы-суретшісі – М. Сапаров, композитор – Ш. Базарқұлова, биін қойған – Г. Мұхамеджанова, пластикалық композициясын қойған – Г. Бахарова, режиссердің көмекшісі – Г. Сейітмет.

Кәсіби мамандардан құралған топ көрерменге бір дәуірдің қасіретін екі отбасының басынан кешкен оқиғалар арқылы көрсетеді. Қарапайым, кішкене адамдар алып империяның нысанына қалай іліккенін, саясаттан жырақтағы жандардың қалай саясаттың құрбанына айналғанын, соғыс пен репрессияның қаладан жырақ, сонау қияндағы Мыңбұлақта қалай жүзеге асқанын шеберлікпен көрерменге ұсына білген.

Өткенді ұмытуға болмайды. Өткен дегеніміз – бүгінгі күніміз. Өткенсіз бүгін жоқ. Мейлі қай тұрғыдан алсақ та, соғыста әділет болған емес. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс Адамизат тарихындағы ең қанқұйлы алапат. 50 миллионнан астам адам опат болған соғыстың зардабын сол соғысқа қатысушы барлық ел тартты. Миллиондаған жетім мен жесір қалды. Олардың зарын тарихшылар статистикамен жеткізеді, әлеуметтанушылар қоғамдық процестердің өзгерісімен көрсетеді. Саясаттанушылар саяси аспектілеріне мән береді. Тек өнер ғана жеке адамның жан жүрегіндегі сыздаған жарасына үңіліп, көркем туынды (роман, сурет, кино, театр, т.б.) жаратады. «Ай мен Айша» – жеке адам туралы трагедиялық дастан десек болады. Қойылымдағы әр актер өзіне жүктелген кейіпкер образын барынша ашқан. Режиссер мен драматургтің тандемі осы жеке адамдардың (кейіпкерлердің) әрбірінің ішкі әлеміне үңіліп, бірінен бірі асып түскен кейіпкерлер тізбегін қалыптастырып, олардың ажырамас бүтіндігін де жарата білген.

Оқиға мерекелік мезеттен басталады. Қарапайым ауыл тұрғындары ән салып, шат-шадыман күйде отырады. Кенет ауыл бригадирі Тасбет (Жандарбек Садырбаев) НКВД жендеттерін ертіп жетіп келеді де: «Ей, Мұртаза! Түс алға. Сен ұсталдың» дейді. Драма бірден шиеленіседі. Мерекелік көңіл-күйдің астаң-кестеңі шығып, көпшілік қамырықты көңіл-күйге ауысады. Олар: «Әулиеатаға әкетеді екен», «Атып тастайтын көрінеді», «Сібірге айдайды дейді» деп сыбырласқан күйі қалады. Осы кезде күллі қойылымға арқау болған сөз Мұртазаның аузынан шығады: «Айша, балаларға ие бол. Отымды өшірме!».  Бұл сөз тұтас қойылымшың арқауы секілді соңына дейін үзілмейді. Мұртазаның ағасы Мамай қарт (Айдос Бектемір) пен зағип ана Қамқаның (Гүлнәр Жақыпова) соғысқа кетіп оралмаған ұлдары Орағын ойлап қамығуы, келіндері Тотияның (Арай Өмірова) ұлдарынан қалған жалғыз тұяқ  Әскербекті төркініне алып кетсе, Орақтың оты өшеді деп зарлануы, сол үшін жеңгесін әмеңгерлік жолмен Орақтың інісі, үйдің кенжесі Нұрперзентке қоспақ болып, шарқ ұруы «ошағымның оты өшпесін» деген ұлттық танымды әлсін әлі еске салып отырады. Аштықты, түрлі зобалаңды көрген ұлтты бүгінге аман жеткізген таным осы еді, қазақ ошағының отын өшіргісі келмейді. Перзентін жоғалтудан қорқады. Тұяқсыз, ұрпақсыз қалу қазақ үшін ежелден зор нәубет. Қойылым осы жүлгені арқау ете отырып, тұтас ұлттың мұңын көрерменге жеткізген. Режиссер мен драматургтің діттеген нысаны – ошағының түтінін түтетуді мақсат еткен дүниетанымды айшықты образбен көрсету. Ол мақсаттарына қалтқысыз жеткен. Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» дейтін романы бар. Драманы көріп отырып, сол роман ойымызға орала берді.

Драманың өзегі – өз отын өшіргісі келмейтін Айша, Қамқа секілді іргелі образдар арқылы бейнеленген. Шын мәнінде, қазақ анасы – қашанда отбасының жалауы. Айталық, Айша (Дәрия Жүсіп) жары Мұртазаның айтқан өсиетін, соңғы аманатын бар ділімен сезініп, үш баланы бағып-қағудың барлық қам-қарекетін жасайды. Дәрия Жүсіп – Әуезов театрындағы сом кейіпкерлерді сомдаған, әр кейіпкерін жанын салып ойнайтын актрисаның бірі. Дәрия Жүсіп сахнаға өзін ұмытып шығады. Өзге кейіпкерін айтпағанда, бір Томирисінің өзі қазақ театрындағы бірегей кейіпкер. Сахнадағы қимылы, іс-әрекеті, тарғылданып іштен қайнап шығар дауыс тембрі, сахнада кейіпкер болып өмір сүре білетін дегдар мінезі – кез келген көрерменді бейжай қалдырмақ емес. Ол қандай образды сомдаса да, соңғы кейіпкерімен сырласқандай күй кештіреді. Айшада да сол биігінен түскен жоқ. Тарғалаң тағдыр қай тұста морт сындырар екен деп Айшамен бірге қиналасыз. Бірақ ананың асыл бейнесі, бүлінбес болмысы спектакльдің соңына дейін сенім алауын өшірмейді. Ол күңірене жүріп, айналасына шуақ құяды, балаларына мейірім төгеді, оларға ана қыран секілді қорған болады.

Айшаның ертегі айтуы – ертеңге деген үміт оты. Ол балаларын ертегі айтып ұйықтатқан жоқ, қасқыр мен елік және хан арқылы сол дәуірдің кеспірін образды бейнеледі. Ал адасып жүріп Айша бибі кесенесіне түнеуі қойылымның философиясын ежелгі әлемге жетелейді. Кие мен қасиет ұғымдарына бір сәт табан тірейсіз. Бізді қорғайтын, жол көрсететін асыл рухтар барына иланасыз.

Ал Қамқаның образы көзі көрмесе де, көкірегі кенге толы әженің бейнесінде көрінеді. Қамқа – отбасының тілеуін тілеуші қамқор ана, көзінен айырылса да, тағдырға налымайтын, жатса-тұрса отбасының, ұрпағының ертеңінің нұрлы болуын армандайтын, отбасындағы әрбір іске шапағатын  төгетін бөлекше кейіп. Ол екі шаңырақтың тірегі сынды, Айшаның мұңдасы, балаларының тілеуқоры, жары Мамайдың сырлас досы іспетті. Ұлы Орақты ойлап зарланса да, арғы жағында зілі жоқ, тағдырға мойынсал болған, аспаннан қандай зауал жауса да, үміт отын өшірмеген. Қамқа – осы қойылымның түндігін түруші кейіпкер. «Көзімді алғанша, өзімді алсаңшы» десе де, тілегінің арғы жағында атар таңның нұры төгіліп тұрады. Режиссердің актер таңдаудағы сүзгісіне тәнті боласыз осындайда. Егер Қамқа бейнесі болмаса, бұл қойылымның бір бүйірі олқы түсіп жатар ма еді, кім білсін?..

Қойылымның айтар ойының бір ұшы – аналарға тағзым дер едік. Олар ұрпағының ғана емес, тұтас елдің тілеуін тілейді. Барлық қиындықты мойымай жеңе біледі. Режиссер мен драматург бұл линияны өте сәтті жобалаған әрі қазақ аналарының бірегей бейнесін жинақтап, Айша мен Қамқа арқылы көрерменге ұсынған.

Спектакль күңгірт бояуға толы. Сахнаны суретші әдейі солай істеген. Егер сол заманды көңіл көзінен өткізсеңіз, бұдан өзге бояудың болуы мүмкін емес те еді. Сахнаны қақпа арқылы бөліп, екі отбасы мен басқа әлемді сол қақпа арқылы байланыстырады. Сұр түске шомылған сахнаны қарайсыз да, бұл мұң мен зардан жылт еткен шуақ қашан көрінер екен деп қиялдайсыз. Осы кезде Нұрперзент (Ермек Бектасов) пен Айдайдың (Саяжан) махаббат линиясы ортаға шығады. Екі жас бір-біріне ынтық. Оқығысы келеді. Қол ұстасып, алысқа сапар шеккісі келеді. Қойылымдағы күңгірт бояуды бір сәт ысырып, көрермен шуақты сәттерге куә болады. Бұл линияны драматургтің шеберлігі десек болар. Соғыста да махаббат бар. Қандай қиын шақ болса да, адам арман-аңсарын жерге көмбейді. Оқуға құмар жастардың келешегінен ұлттың ертеңін көресіз. Отын өшіргісі келмеген қарттар мен ертеңгі күнге ұмтылған жастардың көзқарас қайшылығы болуы орынды. Сюжеттік құрылымдағы бұл шиеленіс көрермен мен сахна арасында диалог орнатуға қызмет етіп тұр. Екі көзқарасты да жақтайсыз. Барысханның (Елжан Тұрыс) әмеңгерлікке қарсы тұрып, әр жастың өз бақытын табуға тиіс екенін батыл айтуына риза боласыз, әйткенмен, Қамқа мен Мамайдың аһ ұруын да іштей түсінесіз.

Барысхан мен Нұрперзенттің рөлін Елжан мен Ермек өте сәтті алып шыққан. Бірі Сталинді (Барысханның әкесі Мұртаза репрессия құрбаны), бірі Гитлерді (Нұрперзенттің ағасы Орақ соғыста қаза болды) қарғайды. «Атаңа нәлет, Сталин!», «Атаңа нәлет, Гитлер!» деп қайталап отырады. Империяның қан шеңгелі бүріп тұрса да, жас өскіндердің өздерінің басына нәубет әкелген тұлғаларды сезбеуі, оларды қарғамауы мүмкін емес. Тек олардың сөздерінен үлкендер зәрезеп болады: «Екінші олай айтпа!» деп шырылдайды.

Осы тұста мән беретін бір оқиға бар. Ол Нұрперзенттің әкесі Мамайға «Ағам отан үшін қайтыс болды. Ержетсем, мен де отанымды қорғаймын» деуі. Нұрперзент ағасының отан үшін қайтыс болғанын іштей мақтан тұтады. Оның қандай отан екеніне мән бермейді. Соғысты бастаған Гитлер деп қана ұғады. Жас баланың басқаша ойлауы мүмкін емес те еді. Ал Мамай ақсақал соғыстың қияпатының арғы өзегін түсінсе де, ұлының ойын өзгертер қауқары жоқ. Тек соғыстың әділетсіз екенін, оған өзінің және ұлы Орақтың еш кінәсі жоғын біліп, іштей үгіледі. Мамай қарттың бейнесін Айдос Бектемір ойдағыдай орындаған.

Қойылымдағы би, пластикалық көріністер сюжетті көрерменге тереңірек түсінуге жол ашып тұр. Әсіресе, LED экранның рөлі ерекше дер едік. Әу баста Совет одағының қызыл жалауға толы шеру көрсетілсе, кейін айықпаған сұр бұлт аспанды торлап тұрады. Анда-санда толған айдың жамалы көрінеді. Айша аймен сырласады. Айға шерін төгеді. Пл қойылым аяқталған тұста сахнаны құстар көмкереді. Бұл – сәтті шешім. Құстар – еркіндік символы. Күн ату үшін батады. Кез келген қасіреттің аяқталар шағы болады. Түбінде еркіндікке қол жеткіземіз. Ишара түрлі ойға жетелейді.  

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір