ЖАҺАНДЫҚ РУХАНИЯТҚА ҚОСЫЛҒАН ЖАУҺАР ДҮНИЕ
03.08.2022
317
0

Американың Мэриленд, Силвер Сприн қаласындағы баспа үйі аса көр­некті қазақ қалам­гері Мұхтар Маға­уин­нің 25 том­дық толық жинағын басып шығарды. Сыпайылап айт­қанда, бұл – қазақ қоғамы, нақты айт­қанда әлемдік әдебиет тарихындағы айтулы оқиға.

Ақиқат биігінен алып қарағанда, соңғы дәуірдегі қазақ әдебиетінде Мағауинмен үзеңгі қағыстырар қаламгер жоқ. Бұл – енді тұтастай ел мойындап отырған, әлдеқашан мойындап та қойған ақиқат.
Жазушы қазір шетелде тұрады. Ой-санасы, дүниетанымы өз теңдестерінен әлдеқайда биік қаламгерге кезінде қазақ қоғамындағы формациялық өзгерістер мен саясаттың ұнамағаны анық.
Алайда, елі жазушыны ешқашан өзінен бөліп қараған емес. Себебі Мағауин – әлдеқашан ұлттық жазушы деңгейіне көтерілген қаламгер.
Жинақ әңгімелер топтамасынан басталады. Әңгіме – қысқа да нұсқа жанр. 60-жылдардағы қазақ прозасына тән көпсөзділік, құрғақ баяндаудан ада Мағауин әңгімелерінің әуел бастан елді елең еткізгенін әдеби қауым жақсы біледі.
Жазушының жиырма бір жаста жазған «Әйел махаббаты» әңгімесінің танымдық, тәлімдік әсерін оқырман қауым әлі ұмытқан жоқ. Танымдық сана М.Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесіне «әңгіме-эпопея» есебінде баға береді. Ал қазақ әдебиеті тарихындағы оған шендесер бірден-бір әңгіме Мағауиннің «Мұрагері» деген пікір қалыптасқан. Әрі оған әдеби қауым толық келіседі дер едік.
Заманауи прозада танымдық білікке айрықша басымдық беріледі. Әлбетте, ол – дүниетаным өзгеріп, жаңа көзқарастар қалыптаса бастаған дәуірдің талабы. Осы тұрғыда ұлттық әдебиетте байрақ көтерген жазушымыз да осы – Мұхтар Мағауин. Оған мысал ретінде қаламгердің «Мұрагерімен» қоса, «Салах-ад-Диннің үкімі» шедеврлерін қосып айтуға болады. Бұл ойымызды «Одағай әңгімелер» топтамасы толықтыра түседі.
Шетелде шыққан жинақта жазушы әңгімелері үш томға біріктірілген. Қазақ әдебие­тінде Мағауин дәуірі ұлттық романистиканың өркендеп, гүлдеген кезеңі болды. 1971 жылы жарық көрген қаламгердің алғашқы «Көк мұнар» романы әдебиет тарихындағы ерекше құбылыс саналады. Сарап биігінен алып қарағанда қазақ оқырманы өнер тарихындағы абстракционизм элементтерімен алғаш рет осы «Көк мұнар» арқылы танысты, табысты деуге толық негіз бар. Басқаша айтқанда, көк мұнар ішіндегі көгілдір әлемнің болмыс-бітімін тұңғыш рет көріп, көзбен оқыды. Содан ой түйді.
Мағауин шығармаларындағы тәліми танымның алғаш көрініс беруі содан басталды. Жинақтың жеті кітабы жазушының романдары мен хикаяттарынан тұрады.
Алтыншы, жетінші томдарда М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи дилогиясы басылған. Қазақ қоғамы тарихи Оразмұхамметпен, ғұлама Қадырғали Жалаиримен осы роман арқылы танысты. «Аласапыранды» ақтарған оқырман тарихи тұлғалардың қазақ әлеміне қосқан өлшеусіз үлесін, еңбегін танып білді. Сол арқылы бастапқы қайнаркөздерге бір табан жақындай түсті.
Шексіз таным мен білік иесінің ұлттық фольклористикаға қосқан үлкен үлесі туралы айтпай кету күнә болар еді. Он бесінші томда әдебиет тарихына қатысты зерттеулер жинақталыпты.
Өз кезінде Мұхтар Мағауин жиырма бес жасында жазып, жас дарынның атағын алты алашқа әйгілеген «Қобыз сарыны» монографиясы қазақ фольклористикасын зерттеудегі ерекше еңбек. Сол арқылы ұлттық ауыз әдебиетінің тарихы бақандай үш ғасырға байытылды. Бұл орайда қалам иесінің ғылымға қосқан еңбегін де ескермей кетуге болмайды.
Сондай-ақ жазушының көркем аударма ісімен де айналысып Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» романын және Сомерсет Моэмнің әңгімелерін тәржімелегені де белгілі.Қаламгер бұл орайда да көркем әдебиетті тәржімелеудің өзгеге үлгі боларлық нұсқасын жасай білді. Жинақта Мұхтар Мағауиннің аудармаларына да орын берілген.
Сонымен, ағайын, әдебиет тарихына жиырма бес томнан тұратын мол қазына қосылды. Құтты, қайырлы болсын!

Өмірзақ Мұқай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір