Зияткерлердің жаһандық жеңісі
15.11.2023
190
0

 Алматы қаласындағы химия-биология  бағытындағы NIS  оқушылары АҚШ-та өткен «Yale Tournament of Champions-2023» жаһандық академиялық сайыстың жеңімпазы атанды.  

Зияткерлер  үстіміздегі жылдың жазында Оңтүстік Кореяда  «The World Scholar’s Cup -2023» континенттік турнирінің үздік командасы ретінде танылып, чемпиондар біріншілігінің ақтық кезеңіне жолдама алған болатын.  

Әйгілі Айви лигасына кіретін Йель университетінде өткен  дәстүрлі Чемпиондар турнирінде   әлемнің  қырықтан астам елінің 3000-ға жуық орта сыныптарының оқушылары  Scholar’s Challenge, Scholar’s bowl, Team Debate,Collaborative Writing бағыттарында бақ сынады.  Тартысты  сайыста зияткерлер оза шауып  төрт алтын және бір күміс медальді қанжығалады.

Алтын медальді Айла Сайлаубек «Scholar’s Challenge» санатында, Айлин Қажмұқан  «Team Debate» санатында,  Ерасыл Серіков мен Еңлік Берікжан «Scholar’s bowl» санатында  жеңіп алды.

 «CollaborativeWriting» бойынша Балнұр Аманжол алтын медаль, Мұстафарыза Шахин күміс медаль  тақты.

 Сонымен қатар, командалық жарыс бойынша Айла Сайлаубек, Айлин Қажмұқан, Мұстафарыза Шахин Орталық Азияның ең үздік командасы атағына ие болып, алтын медаль иегері атанды.

– Чемпиондар турнирін  тек кезекті жаһандық жарыс деп айту аздық етеді. Зияткерлер, 8-сынып оқушылары,   Йель университетінің студенттері және  профессорларымен кездесті. Студенттік өмірмен жақын танысып   Американың жетекші университетіне түсу үшін World Scholar’s Cup әлемдік кубогының сайысындағы жетістіктерін портфолиоларында қалай пайдалануға болатынына арналған арнайы пікірталасқа қатысты,– деп айтып өтті жетекшілері, ағылшын тілі және жаһандық перспективалар мен жобалық жұмыс пәндері мұғалімі Әйгерім Серікбаева.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір