Гутенбергтің жаһандық жаңалығы
09.08.2024
383
0

Иоганн Гутенберг туралы алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті кезінде естігем, 1-курста-ау, шамасы. Сол кез­де-ақ «бұл неткен данышпан, неткен новатор…» деп ойлағаным да жасырын емес. Адамзат­тың өркендеп-өсуіне өз үлесін қосқан кісінің қай-қайсысы болсын осал емес, қайта еңбек, қажыр-қайрат, ерік, қиял, жігер, ілім-білімді серік етіп, сергектігімен, ізденімпаздығымен жұрт­ты таң-тамаша қалдырғаны, артынан аңыз ергені – таңды-таңға ұрып айтар әсерлі әңгіме арқауы. Ке­йіндері ол хақында біраз кітап ақтардық, оқыдық. Сөйтіп жүргенде, міне, «сабақты ине сәтімен» дегендей, танымдық мақала жазудың реті келді.

Баспа ісі, кітап шығарудың, сондай-ақ ақпар таратудың ең әуелгі қарабайыр формасы, бұған түрткі болған фактор – тау-тас-үңгірдегі (петроглиф), қыш-сазбалшықтағы (клинопись), қайыңның қабығындағы, жан-жануар, аңдардың терісіндегі (пергамент), папирустағы, балауыздағы, т.б. жазулар. Оған де­йін мұндай феномен болған жоқ деуден аулақпыз, әлбет­те. Керісінше, тұңғыш кәсіби баспаның тұма-бастауында – Иоганн абыз Гутенберг тұрды. Сәлден ке­йін бұл тақырыпқа қайта ораламыз. Тарихқа бір көз жүгіртсек… Өздеріңіз білетіндей, бізге де­йін Шумер-Аккад (Месопотамия. Нибиру туралы алғаш рет айт­қан да солар еді), Ежелгі Мысыр (Ніл сағасындағы өркениет), Элам, Ассирия, Ежелгі Қытай (Янцзы мен Хуанхе бойындағы өркениет: Яншао, Шан-Инь), Норте-Чико (Оңтүстік Америка, Христофор Колумбқа де­йінгі кезең), Сумуабум әулеті іргесін қалаған, Қос өзен: Тигр мен Евфрат бойындағы Бабыл (Вавилон), атақты Нубия (Африка, «Садақшылар елі»), Мидия, Хараппа (Үндістан, Инд бойындағы өркениет), Герих Шлиман анықтаған Эгей я Крит-Микен (Эгей теңізі бойындағы өркениет, қазіргі Грекия мен Түркияның орны), Өлмек (Эпиольмек, Орталық Америка, майяларға де­йінгі кезең), Хет­т, Кхмер, Ежелгі Рим (латын, фалиск, авзон, энотр, сикул, сикан, самнит, сабин, экв, умбр, оск, вестин, этруск, жалпы италиктер, ке­йіндері Византия), Көне Хананн (Финикия), Карфаген (қазіргі Тунис), Бактрия (Гиндукуш маңындағы өркениет) мәдениеті және олардың өзіне ғана тән тілі, дәстүрі, жазуы болған. Грабар, ашхарабар жазуы, инктерге тән түрлі-түсті жіппен жазу әдісі, арамей (арим) жазуы, копт әліпби-алфавиты, демотика («жазулардың жазуы»), т.с.с. алып цивилизацияның болғанын айғақтайды. Сондай-ақ иероглиф, пиктограммалар (идеограмма) да – адам атаулының ойлау жүйесі, космогониялық, мифологиялық, зооморфтық, антропоморфтық, архаикалық танымының қай деңгейде екенінің көрінісі.
Адам жазуды, оқуды толыққанды меңгермей тұрғанда, өзінің сенімі, ғұрпы болғаны даусыз нәрсе. Сондай-ақ тарих, шежіре, бүкіл ілім-білім ауыздан-ауызға тарады.
Мәселенки, жырау, жыршы, сал, сері, би, шешен, назымшылар институтын, қыл аяғы ауыл айт­қыштары сол міндет­ті, сол қызмет­ті атқарды. Мұндағы ең ғаламат дүние – жады-тұғын. Демек, қисса-дастан, аңыз-әңгіме, әпсана, халықтың басынан кешкендері, бәрі-бәрі жады делінген сырсандықта хат­талған-ды. Эпикалық ұлт­тың мықтылығы сонда, тарих та, шежіре де, әдебиет те, мәдениет те ауызша тарады. Нәзирагөйлік, нәзира жанрының шығуы да жоғарыдағы халықтық сипат­тағы құбылысқа байланысты. Бұл хақында ф.ғ.д., профессор, этнограф-ғалым, жазушы, ұстаз Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегінде жан-жақты баяндаған. Алайда тауарих дөңгелегі бір орында тұрмасы анық, алға жылжиды, дамиды, дүниеге жаңа техника мен технологияның келуі – дәуір талабы.
Қытай монахтары жасаған қағаз – қып-қызыл еңбектің нақ белгісі. Өйткені әр әріпті бедерлеу үшін бөлек-бөлек қалыпқа құйып және оның қатқанын күту керек болған. Типографиялық литера да, гарт та, цера (cera) да сондай функцияны атқарған, бұлардың атауы алуан-алуан болғанымен де, қызметі біреу-ақ. Қалай дегенмен де, мұның бәрі уақыт жағынан тиімсіз еді. Дәл сол тұста Иоганн Гутенбергтің баспа машинасы әлем назарын аударды. Инкунабула деген ұғым бар. Бұл – латын тілінен аударғанда «қайнар» деген мағынаны білдіреді. Еуропада алғаш рет баспадан жарық көрген және 1501 жылға де­йін үш жүзге тарта данамен жарияланған кітаптарды инкунабула деп атаған. Бұлардың қатарында «Гутербергтің Інжілі» де бар. Ол 1452-1455 жылдары 180 данамен (150-і қағаз, 30-ы пергамент) басылады, ал халық оны «Biblia Latina» деп атап кетеді. Бүгінгі күнге де­йін киелі кітаптың 49 данасы ғана аман жеткенімен, толық емес. Кейбірінде жекелеген томы қалса, басқаларының тек жұлым-жұлым болған бөлшектері ғана сақталған. Баспагер осы өнімді шығару үшін қарызға белшесінен батады. Оған жиырмаға тарта адам жұмылдырылады. Екі томды қосқандағы бет саны – 1282. Әрқайсысында 2 колонка және 42 жол бар. Ғылыми еңбектерде «Гутенберг Інжілін» «В42» деуінің сыры – сонда. Аталмыш кітап Германияның кітапханаларында, оқу орындарында, сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Дания, Польша, Ресейде (Мәскеуде 2 данасы бар: біріншісі Ресей мемлекет­тік кітапханасында, ал екіншісі М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінде) сақталған. 2012 жылы осы кітапты Сергей Ведищев деген полковник әрі университет проректоры ұрлап, 40 миллион рубльге сатпақшы болған. Алайда ұсталып, үш жарым жылға сот­талып кетеді. Жанындағылар да жазасын алады, бір жылға кесіледі.
«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп классик жазушы, ойшыл Әбіш Кекілбай айт­қандай, манағы Інжілді 1987 жылы Жапонияның бір баспа концерні Америка коллекционерінен бір томының өзін 5 миллион долларға сатып алады. Ал 2010 жылы Оңтүстік Кореяда кітап көрмесі өтеді. Германия тарапы сол кітапты 25 миллион долларға сақтандырып қояды. Бұл – қаріпті теру арқылы жарық көрген тұңғыш дүние еді. Міне, 572 жыл өтсе де кітап ескірмеген, қайта құнды жәдігер, раритет, фолиантқа айналған-ды. 2019 жылы Гамбург қаласында ерекше уақиға орын алды. 1462 жылы Иоганн Гутенберг шәкірт­тері – Йоханнес Фуст пен Петер Шеффер Інжілді басып шығарады. Ұйымдастырушылар соны сатылымға қойып, 1 миллион еуро деп бағалаған екен. Негізінен, қасиет­ті кітаптың нарықтағы бағасы – 25 еуро. Бүгіндері біреуді таңғалдыру өте қиын. Десек те, Гутенберг дәуірінде кітап ішіне баспа атауын, жылын, жарық көрген жерін көрсетпеген-ді. Осы үрдісті Фуст пен Шеффер бұзады, олқылықтың орнын толтырады, лигатураға да мән береді.
Гутенберг ксилографияға да ерекше ден қойған. Десек те, жұрт қағазға, кітапқа бой үйреткен соң қоғам сауат­танып, қараңғылықтың қара бұлты сейіле бастайды. Бір нәрсе анық, жазудың да, қағазтектес материалдың есте жоқ ескі заманда да болғаны сөзсіз. Ал қытай шебері Цай Луньның бамбук пен жібек қосындысынан қағаз жасайтын технологиясы ке­йіндері ғана адамзатқа аян болды. Самарқандта тұтқынға түскен екі қытай сырын айтып, сонан соң ол арабтарға жетіп, ары қарата Византия, Испания, Италия, Франция, Германияға тарағаны айқын. Иероглифика – ежелгі грек тілінен туындаған сөз. Ал байырғы мысырлықтар өз жазуын «medu-netjer», яғни «құдай сөзі» деп атаған. Олар жазуда тылсым бар, сыр бар, хабар бар деп білген, сондай-ақ ойшылдықтың, білімнің, Айдың тәңірісі, кітапхана, ғалым, ғылым, мемлекет пен әлемдік тәртіп қамқоршысы, бір деректерде Күн құдайы – Раның аузынан түсті делінсе, енді бірінде ашу, құмды дауыл, хаос, соғыс тәңірісі – Сет (Сетх) пен аспан патшасы – Гор (Горус) арасындағы текетірестен туған Тот­тың (Техути, Туут, Теут немесе Тут) ұлы сыйы деп ұққан. Перғауын өмірден өтсе де, ары қарайғы тіршілігін Дуат­та кешеді деп сенген Ежелгі Мысыр халқы керек-жарағымен қатар, анхты да бірге көміп отырған. Біз үшін ең тылсымы дейміз бе, сол фараондармен бірге папирустағы басты-басты құпия жазбалар да келмеске кет­ті.
Қағаз жасау, оны баспа ісінде қолдану барысында талшықты материалды ұнтақтайтын ролл деген аппарат­тың да көмегі аса зор болды. Ол алғаш рет Нидерданд елінде қолданыла бастаған еді. 3-18 метрлік ұзын ванна ішіне су толтырылады. Бұнда 2 канал бар. Біріншісінде, басына пышақ бекітілген барабан айналып, үгітіндіні екінші каналға қарай бұрады, осындағы таза сумен артық зат­тар шайылып, қағаз әзірлеуге қажет­ті материал ғана қалады. Революциялық технология ма, тың идея ма? Әрине!.. Сонан соң француз сардары, ғалым, инженер-механик Николя Луи Робер 1799 жылы «үздіксіз қағаз» машинасын ойлап табады. Британ кәсіпкерлері, ағайынды Сили мен Генри Фурдринье әлгі патентке қызығып, оған қаржы бөлуге келіседі. Араға бірнеше жыл салып баспа саласы тағы бір даму сатысына көтеріледі. 1806 жылы «Фурдринье машинасы» аталып кеткен құрылғы Англия тұрмақ, бүкіл Еуропаға атақты боп шыға келеді. Осының бәріне ықпал еткен және жол ашқан әйгілі типограф, ғалым Иоганн Гутенберг еді ғой. Бірақ ол қат­ты қиналады, өйткені, оған де­йін бұндай сипат­тағы дүниені ешкім жасамаған еді. Тигель, бұрандалы пресс, шпиндель, ашылып-жабылатын қақпақтарды құрастырып, рет-ретімен қойып, оны іске қосу да айтарлықтай уақыт­ты алғаны анық. 2000 жылы өзінің жері – Майнц шаһарында Гутенберг мұражайы күрделі жөндеуден өтіп, қайта ашылса, 2001 жылы «Гутенберг Інжілі» UNESCO-ның мәдени мұралар реестр-тізіміне енді.
Майнц – Рейн бойындағы жанға жайлы, шағындау, екі мың жылдық тарихы бар көне қала, Рейнланд-Пфальцтың әкімшілік орталығы. Майнц шіркеуі,
Тео­дор Хойс көпірі, Вальдтхаузен қамалы, Ғайса шіркеуі, Мемлекет­тік мұражай, т.б. нысандары бар қалада туып, сол қалада өмірден өткен Иоганн Гутенберг туралы көп дүние айтуға болар еді. Әт­тең, көлем көтермейді.
Баспа саласының бастауында тұрған мәшһүр тұлғамен қатар бұл кент­тен Юлиан Вебер, Лоренц Адлон, Боте Баку, Леопольд Ганц, Анна Зегерс, Эмма Кох, Лоренц Мюллер, Эмиль Преториус, Аннелиза фон Риббентроп, Никлас Тауэр, Макс Штруб, Фриц Эрпенбек, т.б. әйгілі кісілер шыққан. Иоганның әкесі – патриции-ақсүйек әрі көпес Фридрих Генфляйша, ал анасы – Эльза Вирих. Ол отбасында төрт баланың ішіндегі сүт кенжесі, ал қалған үшеуі: ағасы – Фриле, әпкелері – Эльза және Патце.
Иоганн 1434-1444 жылдар аралығында Страсбург қаласында тұрып, бағалы тастарды тазалау ісімен айналысады, айна жасайды, біліктілігін арт­тырады. 1448 жылы туған жеріне оралған соң, негізгі жұмысына, бала кезгі арманына кіріседі. Сөйтіп, жиені – Арнольд Гельтус және майнцтық манап Иоганн Фуст­тан несие алып, жұмысты бастап кетеді. Алғашқы шығарған баспа өнімдері – бірнеше ғана бет­тен құралған индульгенция, күнтізбе, Рим риторы Элий Донат­тың латын грамматикасы. Өкінішке қарай, типограф, тарлан талант әлгі Фуст деген байдың ақшасын қайтара алмай, 1455 жылы сот шешіміне сәйкес зат пен құрылғы толы типографияны кредитордың қолына өз еркімен өткізіп береді. Қайсар тұлға бастаған ісін жалғай түседі, үш-төрт кітап шығарады. 1465 жылы ол курфюрст һәм архиепископ Адольф II Нассаутскийдың жанына барып, оқуға тапсырады. Гутенберг жаңалығы сонда, құйма әріп – Еуропа баспа тарихындағы стандартқа сай тұңғыш тетік, ілкі механизм. Ол бояуларды да өзі таңдап, өзі дайындаған, безендіру ісіне де қатысқан. Оның тың-соны әдіс-тәсілі – жылжымалы және алмастырылатын қалыпты қолдану арқылы баспа жұмысын жеделдету. Иоганн Гутенберг 1468 жылы дүние салады. Алайда адамзат үшін аянбай еңбек етіп, XV ғасырда-ақ кітап шығару бағытын дамытып, халықты оқуға, ізденуге үндегені үшін есімі ешқашан ұмытылмайды, қайта уақыт өткен сайын жаңғырып отырары сөзсіз.

Әлібек БАЙБОЛ,
әдебиет­танушы-ғалым,
алаштанушы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
аға оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір