Атқан таң – Шолпан!
05.05.2023
248
0

Дәстүр бойынша биыл да шығысқа, Ғабең туған Шолпан ауылына жол тарттық. Дәстүр бойынша ағаның басынан топырақ алып, құран бағыштадық. Ағамыз Алматыдағы Кеңсайға таласқан жоқ, таласса, қолында тұр еді. «Туған жеріме қойыңдар», – депті, туғандарына. Әжесі, ата-бабасы жатыр осы жерде. 

Биылғы «Ғабиден оқулары» тіпті ерекше өтті. Аудандағы 35 мектептен 47 бала суырылып шығыпты. Кез келгені – ертең ұлтқа тұтқа болар, шырағын жақсаң, айналасын емес, айдай әлемді жарыққа бөлер, алтындар! «Осы шараны аудан емес, облыста өткізсеңіздер», – деген де ұсыныс болған. Өткізем десе, облыс емес, республикаға алып шыға алатын ұлдары: «Менмін деген азаматтар әкеміз туған ауылға ат байласа екен», – деп, өз жобаларын жылдан-жылға байы­тып жатыр. Алда жоспарланған өзге де бастамалар аз емес.
Осы жылы Ғабиден ағамыздың көзі тірісінде басталған волейбол жарысына қос ұлы – Ғазиз бен Шыңғыс «Ғабиден өлеңдерін мәнерлеп оқу», «Ғабиден шығармаларын ғылыми талдау», «Ғабиден Құлахметке арналған өлеңдер» номинацияларын қосқан. Осы салалардан топ жарған үздіктерді былтыр мәре сызығынан тосып алып, бірнеше БАҚ-та атаған едік. Сол шығармашылық жиында: «Ағамыздың шығармаларының желісі бойынша сурет салсақ. Байқауға сол жанрды да қоссаңыздар», – деген ұсыныс түскен. Қос ұлы осы пікірді ескеріп, биыл номинация өрісі тағы бір жанр түрімен кеңейді. Арнау өлеңдер номинациясынан 9 сынып оқушысы Еркежан Ешенова бас жүлде иегері атанса, сурет номинациясы бойынша Айшабибі Оразанбай бас жүлдені еншіледі. Ал қаламгер шығармашылығынан ғылыми жоба қорғағандар қатарынан 9 сынып оқушысы Гүлім Зейнолла топ жарып шықты. Сондай-ақ ақын жырларын нақышына келтіріп, жатқа оқудан бас бәйгені Қанатова Балауса жеңіп алды.
Ғабиден ағамыздың туған ауылы, ол кісі жасаған жақсылықтар, білте шамдай жанған, өшкен 51 жас туралы былтырғы сапарда да толғанғанбыз, алда 70 жылдығы келе жатыр, көзкөргендер әлі де талай сөз етер, біз әр номинациядан бас жүлде алған үміткерлердің туындыларын және талайдан бері жарық көрмеген Ғабиден Құлахмет ағамыздың өлеңдерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

 

ЕЛІН СҮЙГЕН ҒАБИДЕНДЕЙ КЕМЕЛІМ
Қазақ елім, қазыналы қайнарым —
Құшағында еркін құсқа айналдым.
Берекемнің, бірлігімнің ошағы —
Оттай ыстық Отанымнан айналдым.

Сенде тудым, сенде өстім, өр елім,
Кең жеріңде алшаң басып келемін!
«Сен аман бол, туған жерім,
жұртым», — деп,
Елін сүйген Ғабидендей кемелім.
Ақын жаны арзымаған арманға,
Қиял әлем, құс қанатым талған ба?
Қарапайым болмысыңмен ұлысың,
Жақсы жандар бағаланбас жалғанда.
Сәуле ғұмыр санамызда жаңғырып,
Жүректерден түлеп ұштың ән болып.
Ұлылық бар, кісілік бар бойыңда,
Бейнең қалды өр өнерде мәңгілік.

Өміріннің таң шуағы — өлеңің,
Тағдырыңның қыс-көктемін көремін!
Туған жерге сіз арқылы ынтық боп,
Шығармаңнан жұмақ жерді көремін!

Ақын едің ұлылықты пір еткен,
Кептер-жырды жүректерге түлеткен.
Ақын болу — адамдығым, борышым,
Көңілімді қалай ғана кірлетем!

Адалдыққа адамды бас идірген,
Елім үшін өзегімді күйдірем.
Еміреніп, ет жүрегім езіліп,
Ғабидендей қазағымды сүйдім мен!

Еркежан ЕШЕНОВА

 

ТУҒАН ЖЕР
Көгілдір таудың баурайы, белі –
Жамырап өскен тал-қайың еді.
Тырналар қайтқанда тыраулай ұшып,
Жапырағы түгел сарғайып еді…

Күзеудің оттары шет-шетте жанып,
Көктемнің иісі көкпекте қалып,
Қоғалы көлдер қабыршықтанғанда,
Інілер жүр-ау мектепке барып.

Көңілім Арқа даласын кезді,
Тоңдырған шақта қара сыз лебі.
Көршінің қызы бойжетті дейді,
Тұлымы желбіреген бала қыз еді…

Өтіпті күндер, білместен біздер.
Өтіпті түндер, білместен біздер.
Қозы-лақ баққан балалық шағым,
Алыста қалдың, құм кешкен іздер.

Жеткізгенде аққу дауысын желің,
Толқындай билеп алып-ұшып едім.
Сары алтын жонда сағыммен ойнап,
Сарғайып күтті-ау сағынышым менің…

АУЫЛ КЕШІ
Ақ толқындар ойнақ салып далада,
Көздеріңнен көктем ұрлап бара ма?
Ой, ұялшақ қыздарын-ай ауылдың,
Әйнектерден бетін басып қараған.

Іште әжесі, сыртта боран қой-қойлап,
Тентек қыздар отыр екен кімді ойлап?
…Қаңтар шалдың құрдастары әр үйде,
Қауқылдап жүр шаруа жайғап, мал байлап.

Теріскейден жентектелген қар борап,
Үстеріне қабат-қабат тонды орап,
Жеңгейлердей елең етіп… қиырда
Қарағайлар қалтырайды жол қарап.

Күнұзаққа ойын қуып, жоғалып,
Кештеу келген құлақтары ағарып,
Ертек тыңдап әжесінің алдында,
Сақ-сақ күліп мәз болады балалық.

Ойын бұзып, бетті шымшып күш қылып,
Ақ демінен будақтатып үскірік…
Жым-жырт болған көшелерде жүр Аяз
Әр терезе түбінен бір ысқырып.

ҚОНЫСБАЙ ШАЛ
Ұласып жаз жауынға, қыс дауылға,
Сәл ертерек наурыз қар түсті ауылға.
Онда мына ескі жұрт ел болатын,
Изен, қурай өспейтін қыстауында.

Қойлы ауылда құрт қайнап, айран ұйып,
Күнмен бірге құлайтын сайға киік.
Аңыратып көмейден ән боздатсаң,
Желігуші ек жел буын тайға мініп.

Қалса-дағы сол күнгі мұң ескіріп,
Балдақтардың сықыры жүр естіліп.
Ақша алғанда әкесіз жетімдерге
Үш теңгеден жүруші ең үлестіріп.

Үкілеп ап талшыбық ағаш атын,
Сен келетін жолды аңдып, бел асатын,
Ауылдың бар баласы құшағыңа
Бір-бір сүңгіп шығуға таласатын.

Күні бойы жүрсең де қамыс баулап,
Бойға қайрат бергендей ауыр салмақ…
Күнді салып балуан иығыңа,
Жолда келе жатушы ең, кәрі солдат.

Жолығысып, ал бірде табыспай жол,
Жатса-дағы… жақын бол, алыстай бол,
Кешегінің белгісі көңілде екен,
Көз алдымнан кеткен жоқ Қонысбай шал…

Ғабиден ҚҰЛАХМЕТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір