Шал мен Шолпан
03.12.2024
942
0

Ит басына іркіт төгілген мына молшылық заманда алақандай бөлмеде экраны түрменің торындай ғана шағын теледидар арналарына таласып отырамыз деп кім ойлапты? Бүгінде шіренбайларды айтпағанның өзінде, қарнына енді ғана шыр бітіп келе жатқан орташаның да әр бөлмесінде бір-бір көк сандық тұр. Қазір үлкендер бір бөлек, немерелер басқа бөлмеде теледидар тамашалайтын үрдіс бар. Әркім өз қалағанын көреді. Бұрынғы бір бөлмеде бәріміз демімізді ішімізге тартып отырып көркем фильм тамашалайтын, кино біткен соң отыра қалып талқылайтын кезең келмеске кеткен. Әке-шешені баладан, баланы әке-шешеден бөліп тастаған құбылмалы дәуірде өмір сүріп келеміз ғой. Ақырын берсін дейміз де. Хош, тау баурайындағы алақандай ауылға қайдан тап болдық? Үйдегі экраны жарты қабырғаны алып тұрған теледидарды жүрдім-бардым ғана қарағыштайтын біз көне көк сандыққа неге телміре қалдық? Әлде әлем назарын тіккен ғаламат бір оқиға болып жатыр ма? Бәлкім, футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан болар. Әлде қазақтың ұлт­тық киімі шапанды жамылып шайқас алаңына шығатын Геннадий бауырымыздың кезекті айқасы басталды ма? Е, емексітпей турасына көше­йін, әлемді тітіркенткен жұқпалы індет сансыратып тұрған үрейлі кез­де, бір білгіш «саумал ішсеңіздер, бұл кесел сіздерді айналып өтеді» деген соң үміт оты жағылғандай болып, бие байлап отырған ауыл іздеп сандалып кеткенбіз. Сәтін салғанда бие байлап, қымыз сапырып отырған отбасы қаладан тым алыс та емес, тау баурайындағы ауылдан табыла кеткені. Сол ауылдағы балалары есе­йіп, әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, нан бұйырған жерлерінде қалып кеткен, сондықтан қара шаңырақта қарайып жалғыз қалған қария ертеден таныс болатын. Хабар айт­қан да сол кісі. Бір бөлмесін босатып беріп, жағдайымызға қарайласты. Біз, екі кісі болып бардық. Қариямен үшеу болдық. Ол – көпті көрген, оқыған-тоқығаны мол қазыналы қарт. Жасы сексеннен асса да жүріс-тұрысы – ширақ, сана-сезімі – сергек, ақыл-ойы айқын. Келген күні-ақ әңгімеге қарық ет­ті. Өткен-кеткенді, ескілікті әңгімелерді әсерлі баяндайды. Кішіпейіл, бізді іні санап, іш тартып тұрады. Тілеу қарт­тың шаруа­шылығы да мықты. Аумағы атшаптырым ауласында жеміс ағашының неше түрі жайқала өсіп тұр. Жел шайқап, үзіліп түскен алмаларды жұқалап турап, күн көзіне кептіріп қояды. Саудамен айналысатындар қақтың өзін талап әкетеді екен. Ауланың тағы бір бүйірінде қызанақ, қияр, қырыққабат, жуа, жалбыз, сәбіз, ноқат бар. Бұл жер аласа бойлы шарбақпен қоршалған. Тілеу ата күн сайын таңертең бізге көкөніс жұлып әкеледі. Жарас тамақ істеудің шебері болып шықты. Қаладан ала келген азық-түлігіміз тоңазытқышқа сыймай қалған. Қуырма дейсіз бе, қуырдақ дейсіз бе, палау дейсіз бе, анау-мынау аспазыңыздан артық дайындайды. Аулаға үстел шығарып, айналасын айнадай етіп тазалап, таңертеңгі және кешкі тамақ ішетін асханаға айналдырып алдық. Басқа шаруа­ қолымнан келмегендіктен тазалық жағы маған жүктелді. Үшеуара әңгіме таңертеңнен кешке де­йін бір толастамайды. Тілеу ата зейнеткерлікке де­йін көпшілікпен етене араласатын мекемелерде қызмет істеген жан емес пе, біздің келгенімізге балаша қуанып қалды. Таңертеңгі сағат сегізде, түсте, түс қайта, күн батар алдында төрт мезгіл көрші келіншек Ақеркеден саумал ішіп келеміз. Қалған уақытымыз қарт­тың шаруа­сына көмектесумен, әңгімемен өтеді. Жалғыздықтан жабырқап, шүйіркелесер адам іздеп зарыққан қария сергіп қалды. Бұрын бір-бірімізді сырт­тай біліңкіресек, енді тонның ішкі бауындай араласып, жасырар сыр да, ішке бүккен құпия да қалмаған. Тілеу қарт­тың көнелеу, түнеріңкі түңлігінен сәуле себелей бастады. Қартыңыз әлі де тың. Таңертеңнен тұрып, түрлі жат­тығулар жасайды. Үйінің бөлмелерін қайта құрылымдап, заманауи қалыпқа келтіргісі келетінін айтады. Шарбақтарын күн сайын жамап-жасқап, былайырақ шыққанда ағаш, бұталар сүйретіп келеді. Бірде Жарас екеуімізді қасына алып ауласының төменгі жағындағы қырға бастап барды. Бұл қазақ-қалмақ қырғыны кезінде батырлардың ерлік көрсеткен жері болып шықты. Осында қазақ батырының құлпытасы тұр. Тілеу ата қазақ-қалмақ соғысынан таратып, біршама әңгіме айтып берді. Әрине, шежіре-тарих әсерлі де қызықты болатын. Алайда мені Тілеу атаның қырқаға қиналмай, жас жігітше жылдам жүріп шыққаны таңырқат­ты. Жарас екеуіміз оның жанында кәдімгідей ентігімізді баса алмай тұрдық. Қасымыздағы терек көлеңкесін ұзарта, біз төмен түсіп келе жат­тық. Айнала күңгірт реңге боялып, қоңырлануға тақап келеді. Жым-жырт кештің көңілге әлдебір сағыныш сазын себезгілеп, жүрекке қайдағы бір қимастық сезім сыйлайтын әдеті бар емес пе, үшеуіміз де үнсізбіз. Әркім өз ойымен әлек. Қоңыр кеш көкірекке аяулы бір елжіремелі күй қондырады. Кімді сағындым? Үйден ұзағалы көп уақыт та өткен жоқ. Отбасындағыларды ойлай да қоятын мезгіл емес-ті. Сонда өне бойды толқытқан бұл не қылған күй? Күнәсіз балалығымыздың гүл атқан шалғынды шағы ойыма неге орала береді? Бәлкім, адам үйреншікті ортадан ұзағанда осындай бір беймаза күй кешетін болар? Әлде тылсым табиғат­тың адам санасын тербететін тұңғиық тартуы ма? Бәрі де көпсериялы фильмнен басталған жоқ па? Іргені түріп кірген іріңді індет жұмысымыздан жырақтатып, далаға ат­тап шыға алмай, үйкүшік болып қалған жоқпыз ба? Кітап оқуға бас көтертпейді. Солқ-солқ етіп ауырып, желке тартады. Кешқұрым сергіп қаламыз ба деген дәмемен біршама уақыт серуендеп келемін. Алайда бас – сол баяғы бас, солқылдап ауырғанынан таймас. Сырқатымның сыры белгісіз, жамандатқыр кеселден аулақ болғай деп күндіз-түні Жаратқанға жалбарынамын. Таныс дәрігер «ауруханаға жолай көрме» деп кеңес берген. Дәрі-дәрмектің нешеме атасы ішілді. Ең дауасы — арақ көрінеді. Баяғыда бір емші алдына келген науқасты қарап шығып, көкжөтелге таптырмас дауа деп есектің сүтін ішкізгенін көргенім бар. «Ит­тің тезегі ем болса дарияға саңғиды» деген рас сөз, жаңа қодықтаған есек таппай саңдалған. Оның орнында арақ табу оңай шаруа­ болып шықты. Дүкендерде нешеме атасы көздің жауын алып, самсап тұр. Расында, түскі, кешкі тамақтың алдында келіншегім шақтап құйып (бұрын ауызымнан жағымсыз иіс шықса бүйідей жиырыла қалатын ол бүгінде өзі бастамашыл болып жүр) әкелген «зәмзәм суынан» тартып алсам, көзім шайдай ашылмаса да кәдімгідей сергіп қаламын. Мұнан соң түріктің «Шексіз сезім» ат­ты шұбыртпалы киносының шытырман оқиғасы ізімен шиырлап біраз жерге де­йін ілесіп отырамын. Фильм сюжетінің тым қызықты да, тартысты құрылғаны соншалық, жігіт пен қыздың тілеуін тілеп, таң атыратын жағдайға түскенімді өзім де сезбеппін. Бүгінде ерінбегеннің барлығы ұласпалы сериалдарға байланып қалды емес пе? Біздің үйдегі де сондай сериалдарға сұғына кіріп, сағына күтіп отыратындар қатарынан еді. Тіпті тамақ үстінде де дүниедегі барлық шаруа­сы түгелденген жандарша келіндерімен әлгі сериалдар хақында пікір алмасады. Мұндайда мен: «әй, шетелдердің ойдан шығарған күлдібадам, шикі шатпақтарын шиырлағанша, тірліктеріңді жасамайсыңдар ма? Ой, несі-ей бұл, табан астынан мина жарылса да тырп етпей отырып, тәрбие-тәлім атаулыдан жұрдай тырақы фильмдерді тамашалап», – деп
күйіп-пісетінмін. Енді, міне, басқа ермегім қалмаған соң әрі көңіл күйімді көтеруге тит­тей де болса септігі тие ме деп белгіленген сағат­та теледидар алдына келіп тырп етпей, балауса балғын шағымның елесін іздеп жатырмын. Есе қайтаруға келгенде әйелдерден өткен шебер жоқ.
–Түрік фильмдерінің түк те тәрбиелік мәні жоқ. Соларды қарап, уақыт өлтіргенше, тірліктеріңді жасамайсыңдар ма деп тықақтаушы едің. Енді неге сүндет­телген балаша теледидар алдында тыпыр етпей шалжиып жатырсың? – деп түйреп өткенде, қасарысарға қарсы жауап таппай қиналатынмын. Әйелдің қарымта шабуылынан құтылып, Тілеу көкенің үйінде де сол «Шексіз сезім» сериалының жалғасын көремін деп ойлағанмын. Алайда дәл сол сағат­та басқа арнада Тілеу жәкеміздің бұрыннан көріп жүрген сарқылмайтын сериалы бар болып шықты. Фильмнің бас кейіпкерлерінің бірі – күндей күлімдеген, жаздай жадыраған, ай қабақ, қиғаш қас, шие ерін, аршын төс, хас сұлу Шолпан ат­ты керім келіншек екен. Шолпанның таң шапағындай жүзінде шат­тық шуағы үздіксіз төгіліп тұрады. Бетіндегі жұқа қызылы ұяңдығынан хабар беріп үлбірейді. Шымқай қара көздері бар ажарын аша түсіп, жалт-жұлт етеді. Күміс күлкісінен қоңырау үні естілгендей, бой шымырлатады. Қуаныш иірімі төгіліп тұрған ақ жүзі мейіріммен мөлдірейді. «Шексіз сезімдегі» түріктің тотыларын ұмыт­тыра бастағандай ма, қалай өзі? Әлде ақсақалды әдемі әлемінен алыстатқымыз келмеді ме? Фильмнің соңы немен бітер екен деп қаншама ынтықсам да бұрыннан ынта қойып тамашалап келе жатқан киноны көрейік деп айта алмадым. Ал Жарас болса, бұл уақыт­та спорт және әлем жаңалықтарын қарайды екен. Ол да енді теледидар алдына Шолпан сұлуды көру үшін келетіндей. Жасы сексеннің бел ортасына тақап қалған Тілеу көкеміздің жастық шағы жабырқаулы өтпеген. Талай асауға құрық салғанын мақтанышпен айтып отырады. Алпыстан асқанда жиырма бестегі бұраңбелді құшыпты. Одан екі ұлы бар. Бүгінде екеуі де алыс қалалардың бірінде оқып жатыр. Көкеміздің жастай алған жары қазір сол екі баланың тамағын жасап, қастарында қас-қабақтарына қарап отыр екен. Кейде кешкі тамақты уақыт созу үшін ұзағырақ ішеміз. Әр қиырдан әңгіме өрбітеміз. Таулы ауылдың кешкі көрінісін тамашалаймыз. Арагідік бау ішінде отырып, кешкі тамақ ішетін де кез­деріміз болады. Мұндайда жеміс ағаштарының қалың бұтақтары мен жапырақтары, жемістері тұтасып, аспандағы жұлдыз атаулыны бүркемелеп тұрады. Жұлдызы жоқ аспан сұрқай болатынын сонда аңғардым. Осы бір қараңғылық тұмшалаған тұста да Тілеу көке киноның басталар сәтін қалт жібермейді, бізден сытылып, үйіне қарай баяу басып бара жатады. Артынша дастарқанды жинастырып, соңынан келеміз. Тілеу көке төрдегі тұрақты орнынан жылжи-жылжи теледидар алдына төніп келіп қалады. Біздің сәл еркінсіген қимыл-қозғалысымызды қаламағандай сыңай байқатады. Сыбдырымызды білдірмей қасына келіп жайғасамыз. Ол біздің бар-жоғымызбен ісі жоқ, теледидар ішіне кіріп кетердей сұғына қарап, тапжылмай отырады. Бірер сағат­тық фильм ешкінің құйрығындай тым қысқа, әне-міне дегенше аяқталып қалады. Тілеу көке киноның тез бітіп қалғанына кәдімгідей қапаланады. «Уф!» – деп алып, бізге сұраулы жүзімен қарағыштайды. «Ертең немен бітер екен?» – деп сұрап қояды, біз киноның жалғасын білетіндей. Жарас екеуіміз бұл уақыт­та Тілеу көкеміздің көріп жүрген сериалына жанкүйер болып та үлгерген едік. Шиеліністі оқиғаны талдап, жілік-жілік етіп шағып тастаймыз. Шолпысына де­йін ерекше жаратылған Шолпан сұлу қандай мадаққа да лайық. Адамды да осылай хас сұлу етіп жарата береді екен-ау деген оймен ұйқыға бас қоямыз. Тілеу көке өз бөлмесінде қалады. Тегінде, мына дүниеде түгесілмейтін не бар дейсіз? Бір күні Тілеу көке қадағалап, ыждағат­тап көріп жүрген ұласпалы фильм шорт үзілді. Тележүргізушінің айтуына қарағанда, фильмнің жалғасы бар сияқты. «Таяуда көріп қаларсыздар» деп емексітіп қойды. Сол түні Тілеу көкеміз дөңбекшіп шықты. Таңертең далаға шықсам, ол екі қолы арқасында құр сүлдермен ерсілі-қарсылы жүр екен. Екі көзі алда, ешбір ойсыз екені байқалады.
– Қайырлы таң, Тілеу көке! – дедім жарқын үнмен. Ол маған жалт қарады. Көзінде мен бұрын байқамаған мұң бар.
– Тұрсаңдар, саумал ішіп келіңдер, – деді ол бізге сүлесоқтау.
Таңғы аста Тілеу көке тағы да тұнжыр қалыпта отырды. Біз әрнені айтып, оны көңілдендірмек болдық. Жауырыны ашып тұрғанын желеу етіп көкеміз ашылмады. Жарас күндегі әдетімен тау өрмелеп кет­ті. Мен көкеме қарайлап үйде қалдым. Жасай қоятын да алып бара жатқан тірлік жоқ. Тілеу көкеміз бізге қурай басын сындыртқысы келмейді. Бірақ біз жатып алғанды ұят санап, әр жұмысқа бір сұғынамыз.
–Таяуда үйге балаларым келеді. Солардан артылатын не бар? Сендер – аз күндік қонақсыңдар. Қазақ қонағына жұмыс істетіп қоймайды, – деп бізді болмашы жұмыстан арашалайды.
Екеуден екеу отырмыз. Мен дастарқанды жинастырып болып, ауладағы гүлдерге су құймақшы болдым. Таң шапағымен оянған гүл атаулы ерекше құлпырып тұр. Оларға қызығып қарай бердім. Алақаныма салып аялағым келді. Сұлулық шіркіннің адамды мас қылатыны да, есінен адастыратыны да, шат­тандыратыны да бар ғой. Көңіл кептерім көкке шарықтап, ой кешіп кетсем керек, көкемнің күрсінгенінен селк ет­тім.
– Шолпан ше, Шолпан! – деді көкем бір әңгіме бастағысы келіп.
–Иә, – дедім қасына келіп жайғаса беріп.
– Қандай сұлу, ә! Менің жүрегім аунап түскендей болды. Талшыбықтай талдырмаш, балғын денелі, сұлу да сымбат­ты Шолпан оның да есінен шықпай жүр екен-ау. Адамда кейде өзіне де бағына бермейтін бір бұла күш, бөгделеу сезім болады. Қанша тырысқаныңмен оны бұғау­лықтай алмайсың. Иә, адам көңілі мәңгі жас. Көңіл көкпарын тұсаулай алған кім бар екен? Адамның өзге жануарлардан ерекшелігі де осы сырлы сезімінде емес пе? Ендеше, текірек атқан көңілге тоқтам бар ма? Менің есіме тоқсаннан асқан шағында грузин қызына ғашық болған Жамбыл атамыз түсті. Сол күні кешке көкеміз біз келгелі сыр бермеген белінің құяңы ұстап ерте жатып қалды.
– Маған алаң болмаңдар, айналайындар! Тамақтарыңды асықпай ішіп-жеп, киноларыңды көріп, отыра беріңдер. Ертең-ақ тәуірленіп кетемін ғой, – деп көрпесін қымтанды.
Ертесіне де көкем көңілсіз жүрді. Бауға әлденеше кіруші еді, бұл әдетінен де жаңылғандай. Қызанақ пен қиярды, жуаны өзім жұлып әкелдім. Кешкі хабар тыңдап отырғанбыз. Тележүргізуші «Мөлдір махаббат» сериалының ертеңнен бастап жалғасатынын айтып қалды. Көкем елең етіп, бозамықтанған ақша бетіне қан жүгірді. Қаракөлеңкелі бөлмеде майшаммен отырғанда жарқ етіп электр шамы жанады ғой. Дәл сондай күй кештік. Ертесіне көкеміз кешті зорға батырды.Үйге бір кірді, бір шықты. Көзін көлегейлеп, қас төбеде шақырайып тұрып қалған күнге қайта-қайта қарағыштады. Түскі тамақты да құлықсыз жеді. Зарықтырып барып күн де ұясына қонды-ау. Кешкі тамағымызды асығыс тауысып, теледидар алдына жайғастық. Таныс әуен қалықтағаннан Тілеу көкемнен тағат кет­ті. Әлден соң фильм де басталды. Бізді «Мөлдір махаббат­тың» сазы әлдиледі. Тілеу көкеміз тағы да екеуімізді ұмытып, қиял кешті. Сол түні көкеміз қорылдамай, дөңбекшімей ұйықтап шықты. Ертесіне таңалакеуімнен тұрып, монша жақты. Ыстық буда бой балқып, рақат­танып қалдық. Бұл да аз екен, кешке көкеміз тағы да әдетінен жаңылып, ортаға бір бөтелке әкеліп қойды. – Көкеміз жарасымды шағын қайта тапты. Шолпанды көргелі бері ширақ, – дейді Жарас оңаша қалғанда. Онысы рас та еді.

Оразкүл

Біздің үйге Оразкүл келді дегенше, соғыс басталды деп есептей беріңіз. Оразкүл деп отырғаным – қарындасым. Бойжетіп, одан оқуын бітіріп, көрші ауылға келін болып түскеніне бірталай жыл өтсе де, әлі осы үйдің ерке қызыңдай, келген сайын шаңымызды қағып, кем-кетігімізді түгелдеп, талай тапсырмасымен тұншықтырып кетеді. Оның әр келгені – біз үшін үлкен сынақ. Әнше­йінде бәрімізді бір шыбықпен айдап, тыпыр еткізбей отыратын анам да Оразкүлдің төбесі көрінсе-ақ болды жуасып қалады. Әкем кейде кемпіріне шамасы келмей бара жатса, «осыдан қызым келсін, әуселеңді сосын көре­йін» деп отырады. Соған қарағанда, шиден тысқары кеткенімен, қарындасымның дегені әлі де жүріп тұр.
Расында, ол – үш баланың арасындағы жалғыз қыз. Сондықтан ба, әкем де, шешем де оны бетінен қақпай өсірді. Олар барлық жылы-жұмсақты, тәт­ті атаулыны соның ғана аузына тосатын. Оған үй сыпыртып, дастарқан жинатқаннан басқа жұмыс тапсырмайтын. Алда-жалда біз оны басқа бір ауырлау жұмысқа жұмсай қалсақ, жон арқамыздан таспа тілмесе де, соған пара-пар жаза арқалайтынбыз. «Қыз дегенің – қонақ қой. Оны барынша сыйлау керек» дегенді құлағымызға құйып отырды.
Ал оның бұл жолғы келісінің жөн-жосығы мүлде бөлек. Біздің мекеменің өзгеше бір тәртібі болды. Мұны тіптен жазылмаған заң деп қабылдайтындар да бар. Осы үрдістің қашан, қалай пайда болғанын ешкім болжап айтып бере алмайды. Бірақ қаншама бастық ауысты, қалыптасып, сүйексіңді болып қалған бұл әдет­ті ешқайсысы тоқтата алмаған. Біз жұмыс аяғында жігіт­тер қосылып, аздап көңіл көтергенді теріс көрмедік. Қазір қызмет істеп жүрген жеріңде әріптестеріңмен қосылып, оқта-текте ащы судан ұрт­тап қоймасаң, басқалардың алдында кінәлідей сезініп, төменшіктей бересің. Әрі-беріден соң сені қатарларына қоспайды. Сүтке тиген мысықтай қуыстанып жүресің. Тіпті тонның ішкі бауындай араласып-құраласып жүрген әріптесің сені тыңшы көреді. Қашқақтасаң «аурусың ба?» деп мұқататындар да табылмай қалмайды.
Шындығында, біз – еркеккіндіктілердің кейде шамадан тыс еркінсіп кететін әдетіміз бар. Сондай жорықтардың бәрінде үйге қас қарая оралып жүрдім. Мұным, әрине, келіншегіме ұнай қоймаса керек. Бір күні таңертең оянсам, жанымда келіншегім жоқ. Таңғы шай көңілсіз ішілді. Апам:
– Осы сен-ақ ішуіңді қоймадың. Келіншегің балаңды көтеріп, төркініне кет­ті,– деп «қаралы хабарды» ашуланып отырып жеткізді.
Қарындасымның келу себебі де осы еді. Ол келе апама тиісті.
– Қазір қызмет істеп жүргендердің барлығы да ішеді. Балаңды келіннің алдына жығып бергеннен не ұт­тың? Жетіқабат жердің астындағының барлығын білгенде, жеңгемді тоқтатудың амалын неге білмедің? Мына Болысбек әр ішкен сайын келінің төркініне қаша берсе, бұл үйде береке бола ма? – дейді Оразкүл апама қарап.
– Мұны неге қорғаштап отырсың? Ішкенін тоқтатпаса, келін тұра ма бұл үйде? «Арағыңды қой, әйтпесе бір нәрсеге ұрынасың» деп Құдайдың зарын қылдым. Тыңдады ма? Енді өзінен көрсін,– деп апам да қайтар емес.
– Апа-ау, ақылыңыздың жеткен жері осы ма? Егер Ажар ерегесіп келмей қойса, балаңыздың күні не болмақ? Ел-жұрт күлмей ме? Осыған қалай төзіп отыра бермексіз?—дейді Оразкүл шыр-пыры шығып.
– Әдіремқалғыр, оған кет деген кім екен? Осы біздің байымыз да талай рет теңселіп келді. Бетіне қарап сөйледік пе? Тамағын беріп, төсегін салып, ың-шыңсыз жатқызатынбыз. Таңертең бетімізге қарауға ұялып, жұмысына кететін. Ал қазіргінің келіндері қит етсе болды, төркініне тайып тұрады. Ажырасамын деп қиғылық салып, алимент талап етеді. Заман не болып барады осы?—деп апам қызының ыңғайына жығыла бастады.
– Ажар ақылсыз жан сияқты емес еді. Сіздердің бостықтарыңыздан да үйіне кеткен ғой. Мен барып шашын жұлып, қолына бермесем бе осыдан. Өзі бізді кім деп жүр? – деп қарындасым Ажардың төркініне ат­танбақ болып жиналды.
– Қарағым, қат­ты кетпе. Құда-құдағимен абайлап сөйлес. Ұяты бізге келеді, – деп апам Рабиға ақыл айта бастап еді, қарындасым бұлан-талқан ашуланды.
– Ұяты келетінін біліп отырып, неге қозғалмайсыздар? Әлде сіздерді біреу бөгеп отыр ма? Ертең мына аға­йындарың «баласы маскүнем болып, келінді қуып жіберген» деп күліп отырса, бет­теріңе шіркеу емес пе? – деп Оразкүл қат­ты кет­ті.
– Жарайды. Барып қайт. Шешеңді де ала кетсеңші, – деп әкем ақыл қосып еді, қарындасым оны жүре тыңдады.
– Барғыш болса, мені әурелемей-ақ осы уақытқа де­йін келінді әкеліп қоймай ма? Мына түрімен ол жақта жарытып сөз де айта алмайды. Барған соң тағы да баласын жамандап, келіннің алдында бедел жинаймын деп батпаққа батар. Әке, өзімнің барғаным орынды,– деп Оразкүл өз шешімін айт­ты.
Оның айт­қан бетінен қайтпайтынын білетін әкем мен шешем амалсыз кідірді. Оразкүл ат­танып кет­ті. Ертеңіне күліп оралды. Қыздың шешесі: «күйеу баланың өзі келіп, келіншегін алып кетсін», – депті.
Мен жұмыстан сұранып қайынжұртқа қарай жол жүрдім. Атам ақылды кісі еді. Ештеңе деген жоқ. Енем кешкі тамақта алдыма төс әкеліп қойды. Осы сыйдың өзі маған жеткілікті еді. «Бұдан былай арақты татып алмаймын. Үйге уақтылы қайтамын» деп ақталғаным жоқ. Тек ертесіне жол жүрер алдында атам кідіртіп:
– Балам, арақты ішпе демеймін. Бірақ сол әзәзілден мүмкіндігінше қашып жүрсеңші. Қазір жассыңдар. Денсаулықтың қадірін ке­йін білесіңдер. Ал ол кез­де бәрі кеш болады, – деді.
Ажар жол бойы үн қатпады. Үйге келгеннен соң атасы мен енесіне иіліп сәлем жасап, ізетін көрсеткен соң шаруа­сына кірісіп кет­ті. Осы аралықта Оразкүл әрнені сылтау етіп екі-үш рет бой көрсет­ті. Ол келген сайын Ажармен ұзақ әңгімелеседі. Не айта беретінін қайдам, екеуінің күбірі мен сыбыры таусылмайды. Әлдекімдерді мақтап, ауыздарының суы құриды.
– Осы Оразкүлдің алты жасар кезі. Бір күні Асқар ағаң келіншек әкелді. Бірде жас келін Тазагүл сиыр саууға шығып, ойнап жүрген Оразкүлді көреді. «Әй, Оразкүл! Маған ана шелекті әпере қойшы» – депті ойында ештеңе жоқ Тазагүл. Сонда Оразкүл не деп жауап қатқан деп сұрасаңшы, – деп анам бір әңгіменің басын қылтиыт­ты.
– Ал сұрадық.
– Сонда қарындасың: «Ессіз қалғыр есбақа! Сенің атың тасбақа! Мені неге «Атаның қызы» демейсің? Болмаса Кенжеқыз, Еркеқыз деп неге атамайсың?» – деген ғой. «Өлә, кіп-кішкентай, қаршадай қыздан қат­ты ұялдым-ау сонда. Неге ғана атын атай қойып едім?» деп Тазагүл көпке де­йін өкініп жүрді. Баса-басқа құртақандай қыздан осындай ауыр сөз естимін деп ойлапты ма? Ал мына әңгімені үлкендер естісе, жас келінді көргенсіз екен деп қалуы мүмкін ғой. Міне, қарағым Болысбек! Қарындасың тумай жатып осындай өжет болды,– деп анам ұршығын иіруге кірісті.
Менің ойыма бала күнгі бір оқиға түсті. Онда мен небәрі алты жастамын. Ал Оразкүл беске толған.
Сырт­та ызғырық аяз. Айналаның бәрі ақ ұлпа қар. Біздің қазақ «боранды күні ит пен бала құтырады» деп бекер айтпайды. Ауылдың барлық баласы сырғанақ тебуге шыққан. Шанамен төбе басынан төмен қарай зулаймыз. Есірік бір сезім ештеңені елетер емес. Ақ тер, көк тер болып шана жетектеген бір бала. Қарындасымды шананың артына мінгестіріп, мен де топ баланың ортасында асыр салып жүрмін.
Тіптен қарнымыздың ашқанында шаруа­мыз жоқ. Бүгіннен қалсақ, қызықтың барлығы қашып не жоғалып кететіндей жанталасып жүрміз. Кейбір сотқар балалар шанамызды қасақана аударып кетеді, не қарсы келіп соқтығады. Сонда да қайтпаймыз, орнымыздан тұра салып, қайтадан төбе басына қарай тырмысып бара жатамыз. Көз ұшында күнге шағылысқан қарлы шыңдар жарқырайды. Ендігі ойымыз – сол шыңдарға барып сырғанақ тебу. Алайда ол жерге бара алмаймыз. Сондықтан бізге осы төбеден артық биік жер жоқ.
Төбеге қарай тырмыса-тырмыса беріп, діңкеміз құрыды. Оның үстіне аяқ та қатып қалды.
– Жаурадым. Үйге қайтамыз,– деді Оразкүл.
Ойынды қиып тастап кете алмай біраз бөгелдім. Осылай қозғалыссыз тұра берсем, тоңғанның көкесі сонда болар еді. Амалсыз шанамды сүйретіп, үйге қарай келе жат­тым. Қасымда қарындасым томпаңдап еріп келеді. Әлсіздіктен бе, әлде қолапайсыздығымнан ба, бір үйді айнала бергенде аяғым шалынып, ебедейсіз құлап қалдым. Қас қылғанда тап осы жолмен мал жүріп, тұяқтарымен қар мен топырақты араластырып, балшық етіп илеп тастапты. Үстімде анам тігіп берген күртеше болатын. Күртешем де, шалбарым да балшық болды. Ол кез­де дүкеннен сатып ала қоятын киім жоқ. Бар болғанда да әке-шешемнің
қауқары белгілі. Соны ойлап қат­ты қамықтым. Осы кез­де Оразкүлдің ақылымен күртешені үйдің қабырғасына сүйкеп, балшықтан тазартқан болдық. Бірақ онсыз да жидіп түсуге шақ тұрған жұқа мата қабырғаға үйкеле берген соң жыртылуға айналды. Оны көріп тағы да зәрем ұшты.
Осы кез­де Оразкүл де балшыққа жата кет­ті. Біреуіміздің күртешені бүлдіргеніміз аз болғандай, қарындасымның мұнысы несі? Мен сияқты сүрініп құласа бір басқа ғой, әдейілеп құлады. Енді бізді анамыз аямайды. Сойып салады.
– Мұның не? Күртешең бүлінді ғой. Неге бұлай жасадың? – деп жатырмын.
– Сен абайсызда құлап қалдың. Бірақ апам киіміңді бүлдіргеніңді көріп, ұрады. Ал менің де құлағанымды көргенде, екеуімізге бірдей ұрса алмайды. Апам ұрса, екеуімізді бірдей ұрсын. Сонда саған таяқ азырақ тиеді,– деді Оразкүл.
Содан бері қаншама уақыт өт­ті. Әке-шешеміздің бізді таршылық кезеңде ілдәлап киіп жүрген күртешені бүлдіргеніміз үшін қалай жазалағаны есімнен мүлде шығып кет­ті. Жарамай қалған киіміміздің орнына жаңасын әперді ме? Әлде арасына мақта салып, басқа күртеше тігіп берді ме? Ешқайсысы есте жоқ. Бірақ құртақандай қарындасымның сол бір сәби сезіммен мені, ағасын құтқарғысы келгені ешқашан ұмытылған емес. Арада қаншама жылдар өтсе де, сол бір оқиға көз алдыма келеді де тұрады.
Бұл да – бір өткен күндердің елесі.
Толысбек ағамның енші алып, жаңа отау болып жырғалып отырған кезі болатын. Жырғалатын, ырғалатын жөні бар, әкем мен шешем олардың қолдарын қақпады, қалағандарының барлығын арбаға салып берді. Баласының жеке үй болғанына қуанбайтын әке болушы ма еді? Дәнібек әкемнің олар дегенде шығарға жаны басқа. Мен де қуанып жүрмін. Мектептен қайт­қанда, әуелі ағамның үйіне соғамын. Жеңешемнің маған деп сақтаған тәт­тілері бар.
– Ағасынан аумай қалған, қайным! – деп қойны-қоншыма бауырсағын, құрт-ірімшігін, мәмпесиін тықпалайды.
Ағамның үйі маған осысымен де ыстық еді. Толысбектің мен келгенде ерекше жадырап, қуанып қалатыны, жібергісі келмей әрнені сылтауратып бөгей беретіні жанымды жадырататын. Сөйте тұра бұртиып, үйге қайтамын деп қиғылық салушы едім. Мұным аға-жеңгеме деген назым ба, еркелігім бе, ол кез­де мұны ажырата да алмаппын.
Бір күні мектептен шығып, үйге келсем, ала тайым орнында жоқ.
– Апа, апа! Тайым қайда? – деп ентігіп жүгіріп келдім.
– Қайтесің оны? – деді анам жайбарақат.
– Орнында жоқ қой. Күндегі арқандаулы тұрған жерінен көрмедім. Әлде басқа бір жерге апарып, арқандап қойдыңыздар ма?
– Жоқ, балам! Оны ағаң әкет­ті.
– Неге?
– Жақында інілі боласың. Әкең сол қуа­нышты хабар үшін ағаңа жетектетіп жіберді.
Оллаһи-біллаһи, осы тайды өте жақсы көруші едім. Сыныптас балаларға көрсетіп, мақтанатынмын. Сабағымнан келе салып суын беріп, мойнынан құшақтап, жалын тарап, еркелететінмін. Құлын кезінен бірге өскендіктен бе, ол да мені жақсы көрді. Мені көре салып оқыранып, «жалымнан сыйпашы» дегендей басын төмен иетін. Мен құлынымды өріске алып шығып, күні бойы онымен асыр салып, ойнап қайтатынмын. Жақын келіп, құлынымның жалын сыйпағысы келген балаларды маңайына жолатпаушы едім.
Сөйткен тайымды ағам алып кетіпті. Жылап-еңіреп ағамның үйіне жүгіріп келдім. Тай қорада тұр екен. Ешкімге де айтпастан арқаннан шешіп босатып алдым да, үйге қарай құйындата жөнелдім. Мұныма әуелі анам ренжіді. Артынша ағам келіп, оңдырмай сабады.
– Үйге келсем, тай жоқ. Әуелі «қорадағы малға ие болмай, қайда қарап отырсың?» – деп келініңізге ренжідім. Ұрылар алып кет­ті ме деп бір ойладым. Сөйтсем, мына бәтшағар, ешкімге де айтпастан, мініп кетіпті ғой,– деп Толысбек ақталғандай болды.
Осы оқиғаны қайдан естігенін кім білсін, үйге қарындасым келіп отыр.
– Қарғадай баланы неге ұрады Толысбек? – деп кәдімгідей ашу қысып күйінді.
– Әкең Толысбектің баласына бәсіре деп беріпті ғой. Бәсіреге берген малды кері қайтарып алушы ма еді?—дейді анам.
– Апа-ау, Толысбектің әйелі әлі босанған да жоқ. Ол босанамын дегенше биеңіз тағы құлын таппай ма? Жастайынан бірге өсіп, бауыр басқан тайын жетектетіп жібергені несі әкемнің? Әлі дүниеге келмеген балаға да бәсіре атай ма? О, несі?
Оразкүл ағамды шақырып алып, шаңын аямай қақты. Мен мерейленіп қалдым.
Сол жылы күз ыбылыңқы-сыбылыңқы болып басталды. Күздің қара суығы өкпе тұстан азынады да тұрды. Тұман да жиі түсіп, көз байлайтын. Қараптан қарап отырып, денем түршігетін. Әлдеқайдан қаралы хабар келетіндей, өзімнен-өзім үрейленетін болдым. Жүрек шіркін алдамайды екен-ау. Құдалар жақтан суыт хабар жет­ті. Оразкүлдің бала босанар үстінде демі үзіліпті.
Сол күні де жел азынаған. Қорым басындағы жыңғылдар «бұл қалай болды өзі?» дегендей бастарын әрі де бері шайқап, мұңлы бір үн шығарып тұрды. Қарындасымды ақтық сапарға шығарып салуға келген адамдар тіптен көп еді.
– Ауылымыздағы көргенді келіндердің бірі еді.
– Ибалы бала еді ғой.
– Өлімге қиятын жан емес еді. Бірақ Алланың өкіміне кім қарсы келе алған?
Бірақ осы сөздердің ешқайсысы менің жаралы жүрегімді жұбата алмады.
Ауыл молдасы Құранды қырағыт­тап ұзақ оқыды. Күн қаншама ызғарлы болғанымен, ешқайсысы қабақ шытпады.
Жұрт тарқап, қаралы үйге бет­тегенде жаңа ғана топырақ бүркенген қарындасымның жанында қалып қойдым. Менің қамқор да қайырымды қарындасым енді жоқ. Жүрегім өртенді. Қара суыққа да қарамай ұзақ отырдым. Мені көріп алып қайтпақ болып қайта келген кісілер көзінше де жұбана алмадым.
Несін жасырамын, ағамен де, інімен де жүз шайысып қалған кезіміз болды. Бәріміз де жеке-жеке отау тіктік. Жұмысбастылық па, әлде әркім өз басын күйт­теп кет­ті ме, кім білсін-ай, кім білсін, бауырлар да бірте-бірте алыстап бара жатқан сияқтанады. Иә, бауырмалдыққа келгенде қыздан артық жан таппайды екенсің.
Бүгінде шана жетектеген бала көрсем, қаршадай қарындасымның қамқорлығы есіме түсіп, ішім уылжиды.
Ал сен, аяулы қарындасым, бауырмалдық пен туыстық дегеннің не екенін санама сіңіріп кет­тің. Ескі альбомның ішінен көзің жәудіреп тұрған суретіңді көрген сайын өзімді қоярға жер таппаймын.
Қамқоршым-ай, сенің әзіз жүрегің қара жерге қалай сыйып жатыр екен? Ол жақта да бізді ойлап, алаңдап жүрген шығарсың?..

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір