ТҮСІМЕ АЙҚОЖА ИШАН КІРДІ…
22.11.2024
248
0

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы,
Қазақ­станның еңбек сіңірген
қайраткер

Қазақ руханиятына үлкен еңбек сіңіріп жүрген белгілі кинодокументалист-режиссер, Қазақ­станның еңбегі сіңген қайраткері Қалила Омаровты отыз жылдан астам уақыт білемін. Мағжан Жұмабаев, Темірбек Жүргенов, Міржақып Дулатов, Бауыржан Момышұлы бастаған қазақтың біртуар тұлғалары туралы деректі фильмдер түсіріп, қазақ киносына тың серпіліс әкелген майталман режиссер туындылары көрерменнің шынайы ықыласына бөленіп, жоғары баға алды. Ашаршылық, Алашорда туралы жасаған деректі фильмдері да көп көңілінен шықты. Үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін режиссер соңғы жылдары қазақ халқы ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдеріне есімі кеңінен мәлім болған Айқожа ишан туралы тың дүниелерді көрермен назарына ұсынды.
 Айқожа Бұхарадағы Мир Араб медресесінде оқып, одан соң, 1807 жылдары Ауғанстандағы Герат деген көне қаладағы медреседе атағы жер жарған Ислам Шайықтан білім алып, Үлкен Түркістанға ишан болып оралады. Самарқан шаһарында тұратын Иссслам Шайықтың ұрпақтарында Айқожа ишанның пір болғанын дәлелдейтін сол сала (шежіре) осы күнге де­йін мұқият сақталып келеді. Онда Айқожа ишанның есімі 31-болып жазылып тұр.
Айқожа ишанның 250 жылдығына белгілі меценат, Махмұт ишанның ұрпағы Талғат Әшімов айшықты мешіт-медресе салып беріп, оның арты ұлан-асыр тойға айналған еді. Осы айтулы шара барысында Қалиланың көптен ойында жүрген бір арманының іске асар сәті туған болатын. Осынау үлкен істің басы-қасында жүрген Талғат інісі:
– Қалила аға, бабамыз туралы көптеген ізгілікті істер атқарып жүрсіз. Орындалмай жүрген арманыңыз бар ма? – деп сұраған еді.
– Жасағанымнан жасамағаным көп, Талғатжан. Айқожа ишан туралы 20 жылдан бері деректер жинап жүрмін. Бірақ негізгі деректерге қолым жетпей келеді. Үлкен Түркістан пірі атанған ұлы бабам оқыған Бұхарадағы, Ауғанстандағы медреселерге барсам ғой, шіркін! – деді Қалила бір тамсанып қойып.
– Құдай қаласа, ол ізгі арманыңыз орындалады, – деді Талғат ағасының арқасынан қағып. – Қыркүйектің басында жол жүруге қамдана беріңіз.
Көп ұзамай Қалила мен Талғат Ауғанстанға сапар шегіп, ұлы бабалары Айқожа ишан оқыған медреседе болды. Ислам Шайықтың ұрпақтарымен қауышып, құнды деректер түсіріп қайт­ты.
Есімін ел ардақтайтын Айқожа ишанның құдірет­тілігі неде? Ресей империясы кең байтақ қазақ жерін отарлай бастағандағы басты мақсат­тарының бірі – жергілікті халықты шоқындырып, кәпір дініне кіргізу еді. Ресейдің боданы болып саналатын түркітілдес чуваш, хакас, якут елдерін ислам дінінен айырып үлгерген христиандықтар енді қазақтың Кереку, Шығыс өңіріне арам пиғылмен көз тастай бастаған еді. Қазіргі Шығыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақ­стан өңірінде тұратын қандастарымыздың аз бөлігін шоқындырып та үлгерді. Кәпірлердің зымиян мақсатына Үлкен Түркістанның пірі саналатын аса көрнекті дін басы Айқожа ишан бастаған ишан-молдалар қарсы шықты. Бүкіл Ислам дінінде өзіндік орны, үлкен ықпалы бар Айқожадан сескенген орыстар алдын ала жоспарлаған діни жорығын тоқтатуға мәжбүр болды. Міне, қалың қазақты жаппай шоқындырудан сақтап қалған Айқожа ишан екенін осы күнге де­йін білмей өстік.
Қылышынан қан тамған большевиктер билігі де ислам дінінен қауіптеніп, медреселерді, мешіт­терді қиратып бұзды, діни қайраткерлерді қуғын-сүргінге ұшыратып, жер аударды. Көбісін түрмеге отырғызып, ату жазасына кесті, дарға асты. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, Кеңес үкіметінің алғашқы жиырма жылдығында 4000-ға жуық ишан, имам, молда өлім құшыпты. Солардың бірі – қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың әкесі. Осы кезеңде Айқожа ишанның тікелей ұрпағы ретінде Сәруар ишан, Әззәм ишан, Махмұд ишан, Омар ишанның ұрпақтары қуғын-сүргін көріп, тәжік, ауған жеріне көшіп кетуге мәжбүр болады.
Айқожа ишанның немересі Сәруар ишан Ауғанстанға барып, Ислам Шайықтың ұрпақтарымен бірлесіп, бір миллион қазаққа жер дайындайды. Өкінішке қарай, қазақтарды көшіріп әкетуге келе жатқанда большевик жендет­терінің қолына түсіп, атылып кетеді. Бұл құжат­тар тарих ғылымының докторы Хазірет Тұрсынның кітабында жарияланды.
1884 жылы бой көтерген Айқожа ишанның мешіт-медресесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен ке­йін күмбезінің биіктігі мен сәулеті жағынан екінші орын алатын еді. Дінсіздердің айуандығының кесірінен Кеңес дәуірінде қасиет­ті орын мал қораға айналды.
Мен осыдан жиырма бір жыл бұрын «Қалила Қожаның хикаялары» ат­ты кітап жазған болатынмын. Аңқау, сенгіш, жаны жаңа жауған қардай кіршіксіз, режиссерлік кәсібі десе қойнындағы келіншегін, бесіктегі баласын ұмытып кететін Қалиланың болмысын, нағыз Қожанасырға тән тіршілігін сол қалпында беруге тырыстым. Негізінде, өнер жолы өте қиын. Еңбекқор, шыдамды, талант­ты болсаң ғана, арманыңның асқар шыңына көтерілесің. Сол үшін Қалила бәріне де шыдады. Ленинградта оқып жүргенде уақыт тауып, сантехник болды. Елге оралғанда зыр жүгіріп, фотокореспондент қызметін атқарды. Арман қуып, режиссер боламын деп Алматыға келді. Режиссер көмекшісінің болмашы жалақысы қай жыртығын жамасын, атақты палуан Дәулет Тұрлыханов сыйлаған кинокамерамен той түсірді, Жандосов пен Алтынсарин көшелерінің қиылысында темекі сатқан күндерін де ұмытпайды.
Атақты киноактер Чарли Чаплин жаңбыр жауып тұрғанда серуендегенді ұнатады екен. Бірде бір журналист: «Сэр, сіз ылғи жаңбыр шелектеп жауып тұрғанда, қолыңызға қолшатыр алмай саябақта қыдырғанды ұнатасыз. Оның себебі неде?» – деп сұрақ қояды.
«Иә, жаңбырдың астында қыдыр­ғанды ұнатамын. Өмір мені жиі жылатады. Жаңбырдың астында өксіп-өксіп жылағанымды ешкім байқай қоймайды. Өйткені көз жасымды жаңбыр жуып кетеді», – деп жауап берген екен сонда, атағы дүниежүзіне белгілі актер.
Чарли Чаплин айтпақшы, мына жалған өмір Қалилаға да талай өгей шешенің қатыгез мінезін көрсет­ті. Талай іштей жылағанымен, досым көз жасын ешкімге көрсеткен жоқ. Құдайға шүкір, бүгінде ол – бүкіл қазақ мойындаған кинодокументалист-режиссер, Қазақ­станның еңбегі сіңген қайраткері, Құрмет орденінің иегері. Ең бастысы, соңында мәңгі жасайтын кинотуындылары қалды.
«Кеңес дәуірінің идеологиясымен құрсауланған қазақ деректі киносына Ленинградта білім алған жас талант­ты режиссер мұзжарғыш болып келіп, үлкен рухани төңкеріс жасады. Халқымыздың тарихындағы ақтаңдақтарды ашу жолында Қалила Омаров ұлт­тық мүддені, ақиқат пен шындықты ту етіп, кино өнерін ұтымды әрі шебер пайдалана білді, оны рухани байлығымыздың темірқазығына айналдырды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін талант­ты кинодокументалист-режиссер деректі кино өнерінің ұлт­тық тұрғыдағы идеологиялық-тұжырымдамалық негізін қалыптастырды». Бұл – филология ғылымының докторы, Қазақ­стан Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Құлбек Еркөбектің кинодокументалист-режиссер Қалила Омаровқа берген бағасы.
Кезінде қазақтың біртуар тұлғалы азамат­тары Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Өзбекәлі Жәнібеков қазақ деректі киносына тың серпіліс әкелген Қалиланың еңбегіне үлкен баға берді.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, кезінде «Қазақтелефильм» студиясын басқарған режиссер Кәрім Танаев, жазушы Мұса Рахманбердиев жас талант­ты танып, бұлақтың көзін аша білді. Ал белгілі режиссер, деректі фильм жасаудың майталманы Сергей Әзімов Қалила Омаровтың өнердегі тұсауын кесті.
Арада жиырма бір жыл өткен соң «Қалила Қожаның хикаялары» деп аталатын туындының екінші кітабын жаздым. Тақырыбы айтып тұрғандай, бұл шығармада да әзіл, юмор басым. Дегенмен жазылып, баспаға ұсынылып қойған жаңа кітапта: Қожалардың тарихы, олардың ислам дініне сіңірген еңбегі, шаш ал десе, бас алатын кеңес заманында көрген қасіреті, үлкен Түркістанның пірі атанған, Қалиланың бабасы – Айқожа ишанның дін жолындағы үлкен қайраткерлігі туралы деректер кез­деседі. Туындының жолы ашық болсын деген ниетпен республикалық «Үш қоңыр» газетіне үзінділер жариялап та үлгердім. Көптеген оқырмандар разы болып, пікірлерін білдіріп жатыр. «Доқа, рақмет! Әзіл-юморды, тарихты, қожалар көрген қасірет­ті, Айқожа ишан бабамның ізгілікке толы өмірін, діни қайраткерлігін шебер байланыстыра біліпсіз. Кітапты оқып отырып еріксіз жымиып күлесіз, кейде жаның күйзеліп, жанарыңа жас үйіріледі. Еңбегіңіз комедия-трагедия жанрына келеді», – дейді сол көп оқырманның бірі, кейіпкерім Қалила риза болып.
«Мың естігеннен, бір көрген артық» демекші, мені жазушы, режиссер ретінде қазақ даласына ізгілік дәнін сепкен Айқожа ишанның өмірі қат­ты қызықтырды. Жақында жолым түсіп, 1990 жылдардың басында есігін айқара ашқан Айқожа ишанның мешітіне, Жаңақорғанға бардым, рухына тағзым етіп, Құран бағыштадым.
Осы жерде айта кетер жайт, дінсіздер қанша зәлім болса да, қасиет­ті тұлғаның мешітін бұзуға дәті бармапты. Ел тәуелсіздігін алған соң, мал қораға айналып кеткен киелі орынның іші тазаланып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мешіт ел игілігіне айналды. Айқожа ишанның сан ғасырлық тарихы бар мешітінің ашылуына Қазақ­стан дін басқармасының сол кез­дегі Бас муфтиі Рәтбек Нысанбаев, көрнекті жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджанов, дін қайраткері Халифа Алтай қатысты. Қазақ­станда үлкен жәдігерлік орны бар Айқожа ишан мешітін жөндеуге, айналасын көріктендіріп-көгалдандыруға, киелі орынға апаратын жолды салып беруге есімі елімізге белгілі меценат, ұлт жанашыры Бахариддин Аблазимов үлкен еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.
Айқожа ишанның тұңғыш ұлы Ибадулла ишанның тікелей ұрпағы Фазылхан жол бастаушым болып, Жаңақорғандағы Айқожа ишан атындағы мешіт-медресеге арнайы ат басын бұрдық. Айшықты етіп салынған кең әрі салтанат­ты намазханасы, Айқожа ишан ұрпағының сан қилы өмірін, тағдырын жан-жақты ашып көрсететін мұражай, жас жеткіншектер білім алатын медресе көңілге қуаныш әкеледі. Жаңақорғанға келген кез келген зиялы азамат Айқожа ишанның мешітінің маңайындағы Қара сопы қорымына міндет­ті түрде келіп, Құран бағыштайды. Осы зират­та Пірдің қос ұлы Ыбырайым мен Мамырайымның бейіті жатыр.
Естігенім, көргенім бар, осының бәрі маған қат­ты әсер ет­ті. Сол күні түсіме Айқожа ишан кірді.
…Қалила екеуміз Сырдария өзенінің жағасындағы тоғайдың ішінде жүр екенбіз деймін. Дария жағалауында, бір топ ишанның ортасында тұрған Айқожа ишанға кез­дестік, біздің сәлемімізді жылы қабылдады. Қымбат ақ матадан тігілген сәлдесі, үстіндегі жібек шапаны өзіне керемет жарасып тұр. Ашық жайдары жүзінен нұр төгіледі.
– Қалила, жаныңдағы жолдасыңды шырамытып, онша танымай тұрғаным, – деді Айқожа ишан амандық сұрасқан соң маған қарап.
– Сіз туралы кітап жазып жүрген осы кісі. Аты-жөні – Доқтырхан Тұрлыбек, – деді Қалила мені таныстырып.
– И-и… айналайын, Доқтырхан балам, сен екенсің ғой. Оқып жүрмін, қожалар жайлы, мен туралы жақсы жазып жүрсің. Бекет атаң туралы да кітап жаздың, кино түсірдің. Көп рақмет саған, еңбегің жансын, қарағым! – деді Айқожа ишан қолымды алып.
Сонан соң ишан Қалилаға бұрылды:
– Балам, Доқтырхан досыңның жазған кітабы баспаханада екі жылдай жатып қалды. Ол неге шықпай жатыр?
– Ата, қолым қысқа болып, қаржы болмай, дайын туындының біраз уақыт жатып қалғаны рас, – деді Қалила қипақтап, – руханиятқа жаны ашитын бір азамат уәде беріп еді, аяқ асты қаржылай дағдарысқа ұшырап, жұмысымыз тоқтап тұр.
– Айтпақшы, Жетісайдағы Жамал апаңның баласы Бахариддинге жағдайыңды айтпайсың ба? Зиялы, қалталы азамат қой, – деді Айқожа ишан ақ күмістей сақалын сипап.
– Бахариддин бауырым қолдан келген көмегін аяп жүрген жоқ. Жақында екеуміз кез­десеміз, сонда жағдайды түсіндіріп айтамын, ата! – деді Қалила ақталғандай болып.
Сөзімізді доғарып, тоғайдың ішіндегі бір үңгірге келдік.
– Қалила, – деді Айқожа ишан, – мен бір топ ишанды босқа ертіп жүрген жоқпын. Мына үңгірдің ішіне баяғыда тығып қойған Мұхаммед пайғамбарымыздың Құран кітабы мен қылышы бар, біз соны алып шығайық.
Мына тосын жаңалыққа Қалила екеуміз елең ете қалдық.
– Жақсыны көрмекке деген, сіздермен бірге біз де барайық, – дедік жарыса сөйлеп.
– Жоқ, сендерге кіруге болмайды, – деді Айқожа ишан қарсылық танытып. – Біз мұнда біраз айналамыз, екеуің Алматыға қайтыңдар. Жолшыбай Фазылханның үйіне соғып, мен тығып қойған бір құмыра алтынды ала кетіңдер. Сол алтынның біразын Доқтырхан баламның кітабын шығаруға жұмса. Мен жайлы біраз жерге драмалық қойылым қойдың, суретімді салдырам деп өз аға­йындарыңнан сөз естідің, Қалила. Сол кеткен шығындарыңды да рет­терсің. Ал хош болыңдар! Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар. Мен сендерге ризамын!
Айқожа ишан бізбен қоштасып, бір топ серіктерімен үңгірге кіріп кет­ті. Қалила екеуміз Жаңақорғанға соғып, Фазылханнан Айқожа ишан айт­қан бір құмыра алтынды алып, теміржол бекетіне келсек, Алматыға баратын пойыздарға бірде-бір билет болмай шықты. Салымыз суға кетіп, не істерімізді білмей тұрғанда, дәл жанымыздан пырақ-тұлпарын мінген Бекет ата ғайыптағы ертегідей алдымыздан шыға келді.
– Ассалаумағалейкүм, Бекет ата! – деп, Қалила екеуміз әулие кісінің үстіндегі шапанының етегінен жарыса сүйіп жатырмыз.
– Амансыңдар ма, балаларым?! Сендердің жолдан қалғандарың туралы жаңа ғана Айқожа ишан хабар берді. Біреуің алдыма, енді біреуің артыма мінгесіңдер, сендерді жеткізіп салайын, – деді Бекет ата бізге жылы ұшырай қарап.
Қалила екеуміз таңғалған күйі кезек-кезек атқа міндік.
– Шу, пырағым, – деді Бекет ата тұлпарының жотасын қолымен қағып. Сол-ақ екен сәйгүлік тұрған орнынан жоғары көтеріліп, көкке қарай ұшып, самғай жөнелдік…
Түсімнен оянып кет­тім. Қоңыр күздің таңы арайлап ағарып атып келеді екен. Көрген түсімді көз алдыма елестетіп, өзімді керемет ертегі әлемінде жүргендей сезіндім. Түсімді жақсы ырымға жорыдым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір