Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи…
05.04.2023
408
0

 

Талапбек
ТЫНЫСБЕКҰЛЫ

Қарашоқы

Тамыздың желі бетіме өбетін,
Таң ата-анам мосы керетін.
Бишігін әкем беліне алғанда,
Саркідір саулық мекіренетін.
Қоралы отар сосын өретін.

Шатқалда өскен шұғұнығыңнан,
Шат­тықтың шексіз сырын ұғынғам.
Суырлы сайдың самалы желпіп,
Сезбедім қырдың суығын ұрған.

Жылқылы жұртқа ұнағасын ба,
Арсылдайды арлан түн арасында.
Тұсамысымен тықыршып тұрар,
Тұмарлы торым тұма басында.

Тылсымы сан мың таудың ұқтыратын,
Ұларлар салған ән құнықтыратын.
Сары қымыз бөккен сабаның даусын,
Сабаудың үні жаңғырықтыратын.

Төрт түлік түгіл ғашық аңдар да,
Күреңше күлген жасыл аңғарға.
Қоснауа басын қорыс қылатын,
Бұғы бейбақтар ашылағанда.

Әр кезең сайын арлы ауыл қонған,
Асырған шыңы арманыңды айдан.
Жеңгелер алған бармағы балдан,
Сарыатан шөккен сарықарын майдан.
Айраның қайран, қаймағың қайран!

Тауын жыр етіп, тасын жыр етіп,
Әз жанын өтер ақын жүдетіп.
Шекілдеуікшіл шауқарғалардан
Балқарағайдың басын күзетіп.

Бұқтырма

Алтайға жаздай дым тамбап еді,
Бусанбап еді боз адыр.
Қиялымды ерек құрсаулап еді,
Бір саула енді боза-жыр.

Бұқтырма бойын бұлт өрлей көшсе,
Кең мекен қалар кеберсіп.
Алтайдың жонын жұрт өрлей көшсе,
Көңілім қалар көбеңсіп.

Қауашағына шық қонақтаған,
Қай қырдың гүлін жыр етем?.
Бұлт­тарға мініп құс балақтанған,
Арманымды айға түнетем.

Мен әлі қанша сағынар екем,
Көзімнің жасын жол ішіп?..
Көңілдің бұлты арылар ма екен,
Жерімнің жұрты толысып?..

Туған жер

Туған жер қойны дара, бақ қандай?
Жүруші ем күнде аралап қанбай.
Жүдедім налып ат­танар шақта,
Жүрегім қалып бара жатқандай.

Ауылым көшер атанын қомдап,
Бауырым көшер сапарын оңдап.
Тауларым қалды, бау-бағым қалды-ау,
Жолдарым сені қапамын ойлап.

Бұлбұлың едім орманыңдағы,
Әуені бөлек өз бағындағы.
Молалар үнсіз мұңға батады,
Бөрілер жортқан жондарыңдағы.

Ертегі күннің елесі қайғы,
Есіме алдым неге осы жайды?..
Атамның шыққан төбесі қалды,
Апамның жайған өресі қалды.

Қиялда кезіп аралап бәрін,
Құрандай ұйып жазам ат­тарын.
Қиырда қалған құйқалы мекенім,
Құдайға ғана аманат­тадым.

Мұңымды қуып тәт­ті ойлар бүгін,
Ағылды асау ақ қайнар жырым.
Асыға күтем ат ағашыңа
Айналып Алаш ат байлар күнін.

Ескі жұрт

Үһілесем үн қосқан ырғайлы шың,
Жыр қайғысын ақынның
тыңдаймысың?..
Сағынышым санамда ұлғайды шын,
Ақ бөркіңді алыстан бұлғаймысың?..

Жұпар лебі жұбатып аршалы қыр,
Алқабыңда адасып қанша әнім жүр?..
Жете алмадым, шаршадым, аңсадым құр,
Жұрт ойды екен жоныңнан
қай сағынғыр?!.

Тәңірімнен енші алған төсін еміп,
Егілтесің, ескі жұрт, есіме еніп.
Кербестіге мінетін кекіл өріп,
Кербез күннің кетсемші көшіне еріп.

Жақпарыңды жаңғыртып тошалалы,
Қайда қалды қалқаның қосар әні?..
Жылдарымның жетелеп жоталары,
Жаңбырың ғой жанымның босағаны.

Төрт түлігі мыңғырып ен жайлаған,
Елді ойлағам, сағынып жерді ойлағам.
Келмес күннің керуені-ай көз байлаған,
Енді ол заман сағымдай белде ойнаған.

Күй жылат­ты көңлімді, ән жұбатпай,
Сезілуші ең серіңе мәңгі бақтай.
Ескі жұртқа елеңдеп тұрам ылғи,
Атағашын айналған арғымақтай.

Керулен

Көне жұрт­тың кенері көрінгенде,
Кетеді екен көбеңсіп көңіл кейде.
Балбал тасын бабамның басыма алып,
Кетейінші бір түнеп Керуленге.
Жеткізейін жырым мен сөзімді елге,
Өксітеді осылай өмір кейде.
Қайран мекен құлазып қалған еді,
Хандығымның іргесі сөгілгенде.

Бағзы жұрты бабамның бұл байтақта,
Отырғанын біледі ел кімдер тақта.
Дізеліні бүктіргем, бастыны идім,
Тәңірменен тілдесіп тұрған шақта.

Ақбоз үйлер тігіліп әр қыратқа,
Сырғалылар сыр айтқан бал бұлаққа.
Көшпендінің бесігі осы мекен,
Жөргегінен мінетін қарғып атқа.

Осында еді жанымның бір бөлшегі,
Аңыздардан айтамын кімге ертегі?
Мәңгілікке дамылдап қалар ма еді,
Алтынданған жамылып құз көрпені?..

Қарашаның ұласып бұлты қарға,
Сіңіп кет­ті қиялым мұң-тұманға.
Дүбірінен дүние тітіреген,
Шалмам түспей шаршаймын
жылқыларға…

Қабырғамдай қайысып қаралы қыр,
Домбырамның төкпейді шанағы жыр.
Көкше әулие көзіндей көкжиекке,
Түн көрпесін сүйретіп барады іңір.

Туырлығым туралған түркі мекен,
Қоныс болдың кімдерге ғұрпы бөтен?..
Тұғырылдың шыңына ту тігетін,
Қай ұлыңды күзетіп тұрсың екен?..

Меңдікөл

Бесік мекен бауыры Бесбоғданың,
Бабамызға білемін ес болғанын.
Әжіміндей әжемнің әрленеді,
Көз ұшында көлбеңдеп көш жолдары.

Көл жағалай қонатын көшкен ауыл,
Ескі жұрт­тың елесі неткен ауыр?..
Қом Қанастың қырына күн сап қарап,
Шежіресін шертеді шет­те бауыр.

Бесбоғданың басынан бұлт асады,
Бесті қымыз бусанған ұйқы ашады.
Меңдікөлде сыңсыған меңсіз аққу
Әуеніне әнімнің ұйқасады.

Меңсіз аққу мекендеп Меңдікөлді,
Мамығына бөлейді елді, жерді.
Айдынына арбалып ақ кербездің,
Көбеңсіген көңілім көндігеді.

Меңдікөлдің толқыны жағаны ырғап,
Жусанды жон күзеткен қарауылдап.
Бара жатыр бауырында бағалым қап,
Құшағыма қысамын қалай ұрлап.

«Көл жағалай өседі көкше құрақ»,
Деген әннің әуені неткен ұзақ.
Меңдікөлді менсіз де мекендеген,
Көз алдымнан кекілдім кетпе жырақ….

Көне қырдан селеуі селдіреген,
Бағзылардан бір жұрнақ белгі көрем….
Шаранасы шайқалған көл бір өлең,
Тұлба қыздың көзіндей мөлдіреген….

Сакура көктемі

Күрсінтіп көңілімізді күндер біздің,
Сүрлеуі сан соқпаққа сүйрейді ізің.
Көлбеңдеп көз алдыма көркі келет,
Серуендеп Сакураны жүрген қыздың.

Сакура санадағы бір армансың,
Құшарым құшағыңда тұмарлансын.
Үкілім үндемейсің ұяң жансың,
Қайғыңды қамсыз күлген кім аңғарсын?.

Бір мекен құшағында тербеткенмен,
Өзгеше бағыт алдық өзге өткелден.
Ақтарып айта алмадым алты ауыз сөз,
Аттанып Сакураға сен кеткенмен,
Бақ тауып Алматыға мен жеткенмен.

Келеді Алматыда алма бүрлеп,
Желпиді самал лебі қайдан үрлеп?..
Сонда да Сакураға елеңдеймін,
Бақтары бірге аралар барма әлі деп.

Иіс

Мен туған жер тоғай еді түңкелі,
Әлмисақтан ата қоныс жұрт еді.
Күмбірлетіп күрең міндім күлтелі,
Белдеуіме берен ілдім білтелі.

Сарыарқаның селдір, селдір орманы,
Орман емес, тозған арман олдағы.
Жаңбыр шайған жалғыз терек жолдағы,
Қиялыма құрық ілді қайдағы…

Көк теректің күйзелісі ішінде,
Жазымыштың өзгертеді күшін не?.
Жалғандағы жалғыз мұңын ішуде,
Жылар, бәлкім, жапырағы үшін де.

Жолаушы да жұматпайды сабылған,
Қаңғыбас ит сарымайды қағынған.
Жалғандағы жалғыз мен бе сағынған,
Айбалтасын жаңғырыққа шабылған…

Қара өлең

Дүние деген не тәйір, кірі деп қолдың,–
Тәмсілін жиы қайталап, бұрын өткеннің.
Өлеңімді оқып ойқастап ортаға кіріп,
Тәкаппарсыған талайға құдыреттендім.

Сілтедім қолды сарай да, саунаға да еніп,
Сатпадым сөзді сонда да саудаға еріп.
Қара қосымда қарнымның шұрылын естіп,
Қара өлең сүйген қалғимын қайманаға еріп.

Қара өлең еншім бабадан, салынған ені,
Тұмарым болып төсіме тағылған еді.
Балбал тастарға бағзыдан жазылған еді.
Өшіре алмады жауым да, жауын да оны…

Сырымда, шыным өлеңім – өмірім мендік,
Желігін көрдік…
талайдың көңілін бөлдік.
Сертім де, дертім қара өлең
қарашығымдағы,
Тағдырыма өзің тәңірім телідің, көндік…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір