ӨЛЕҢІНДЕ ӨМІРБАЯНЫ САЙРАҒАН АҚЫН (Эссе)
22.07.2022
999
0

Өмір жайлы толғамайтын ақын жоқ, бірақ өз жүрегінің тереңінен тартылған толғауын өзге жүрекке жеткізе алатын ақын саусақпен санарлықтай.
«Жас ару жатыр … азабы әлі
жалғасқан,
Жан әлемінің жарық сәулесін
толғатып.
Бозаң белде борай да орай
талмастан,
Бозжорғалы таң келеді
жол қатып».
Бұл жолдардан толғақ қысқан жас ананың өмірге сәби әкелердегі жан азабын ғана іздесек қателесер едік, ақынның ақындық құдіреті басқада, сәбиге емес, «жарық сәулеге толғатқан» «жан әлемінің» азабын (жас арудың азабын емес) жүрек шымырлатып, сездіре алуында. Енді оқырманның назары еріксіз үшінші және төртінші жолдарға ауысады. «Бозаң белде борай да орай талмастан, Бозжорғалы таң келеді жол қатып». Сәби мен таңның шендесуін шебер үйлестірген ақын өмір туралы лирикадан өмір туралы публицистикаға шалқып шығады. Сәби таңы емес, өмір таңы атып келеді деп айдай әлемге жар салады. Бұл – ақынның үлкен жетістігі, ақындық пен азамат­тықтың «бір қазанда қайнап», адами құндылыққа айналуының жарқын көрінісі. Лирик Сырағаң, Сырбай Мәуленов, «Есенбай – лирика мен публицистиканы жігін білдірмей жымдастыра білетін зергерлердің бірі» деп бағалауы тегін емес.
Жалпы, Есенбай өлеңдерінде мұндай сарын жиі кездеседі. «Публицистика – журналистика жанры, ол араласқан жерде поэзияның музалық құдіреті бәсеңдейді» деп ойлайтын ақындар да бар. Кім қалай ойласа солай ойла­сын, Есенбай өлеңдерінен өмірге публицистикалық шалқу мен ақындық болмысын айқындайтын қайраткерлік қуат менмұндалап тұрады. Есенбай «Боза­ла таң мен бозторғай» ат­ты пышақ­тың қырындай тұңғыш жинағы­мен ақындық ортаны «төбеден түскендей» селт еткізгенде, тап осы таби­ғат­тағы боз бояудың поэтикалық құдіретімен таңдандырған-ды. Ал мына шумағында табиғат бояуынан гөрі адам жандүниесінің өмірге құштарлық сезімімен қойындасып, қойындасып емес-ау, бітесе қайнасып, мәңгілік адами тылсым құбылыстың поэтикалық қуатымен еріксіз елітіп әкетеді.
Есенбаймен Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінде төрт жыл­дан астам бірге қызмет ет­тік, Алма­ты­да бірнеше жыл көрші тұрдық. Аралас-құралас, сырлас-мұңдас де­гендей, уысынан босатпайтын, бірде күн, бірде түн болып жүретін ақын­дық стихиясын былай қойғанда, күнделікті тіршілігіндегі қарапайым күйбеңі де маған жақсы таныс. Қазір ойлап отырсам, ақынның неге бұлай құбылып күй кешетінін былайша жалпы болжағанмен, түсінбейді екенмін. Есенбай кәсіби техникалық шеберлікпен шумақ ұйқастарын қуып, өмір құбылыстарына пенделік көзбен емес, азамат­тық көзбен сарыла үңіліп жүреді екен ғой. Бүкіл дүниеден түңілгендей, қабағынан қар жауып, қарсы келгенді түйіп өтіп, кешірім сұрамастан, көзін аларта бір қарап, әрі қарай бүкшеңдей жөнелетініне бірде ашулансам, бірде «ақын ой үстінде ғой» деп өзімді-өзім жұбататынмын. Ойсыз ақын бар ма, бірақ жүрегіңді суырып алардай сезімге бөлеу бәрінің бірдей пешенесіне жазылмаған ғой. Ал адамдардың ортасына сыймай, «ақ қайыңға айналып кеткісі» келетін Мұқағали сияқты, ой орманында аласұрған Есенбай да адасып кетпей, рухани құндылықты ту етіп, түтігіп жүріп, шалқи шабыт­тана жүріп, поэти­ка­лық биікке көтерілді.
Университет­ті бітірген жас жігітке қоғамы астанада, ақындық ортада қалыптасуға мүмкіндік бермеді. «Дип­лом алдың, енді ауылыңда екі жыл қызмет етуің керек» деді. Барды. Жұмыс табылмады. Жоғары білімді филологқа ән-күй пәнін жүргізу тапсырылды. «Ойбай-ау, мен филолог емеспін бе, ән-күйді қалай оқытамын?» деді Есенбай. «Ендеше, мына бірінші сыныптағы жүгәрмектерді шыңда, басқа орын жоқ» деді директор. Амал жоқ, көнді. Көнгені бар болсын, кейбірі әлі әріп танымайтын, бір сыныпта бірнеше жыл отырған, атасы мен әжесінің еркелігі естен айырғандай тентектер тап Есенбайдың сыныбына жиналған ба, егер Құдай берген білімді университет­те оқытқандай етіп оқытса, соған сай бағасын берсе, мына жүгәрмектердің жартысы екінші сыныпқа ат­тап баса алмайтын түрі бар. Ақиқатқа жүгініп қалған ақын оның ақыры неге апарып соғарын ойша болжады да, шошып кет­ті. Директорға неден үрейленгенін ашып айтуға батылы бармады, әр тентектің артында қандай әлеует­ті күштің тұрғаны белгілі, сондықтан тұрмысының ауырлығын сылтау етіп, басқа жұмысқа ауыстыруын сұрап еді, «ақшаң жетпесе, ақынсың ғой, өлең жазып мал тап» деді ол. Сөйтіп жүргенде, жоғары сыныпта оқитын бір оқушының аяғы ауырлап, мектеп бүкіл ауданды дүрліктірді. Ақындық қаны дыз еткен Есенбай «Ақ бантикті келіншек» деген фельетон жазып, ол еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақ­с­тан») жарияланды. Ақыры алакөз ағайындар көбейіп, бұрынғы күйіне зар болды. Колхоздың қара жұмысына жегіліп, ұнжырғасы түскен ақын бүгіліп барып, белін түзеді, шаршап, шалдығып жүріп шабытқа мінді.
«Кимесек те біз көк сауыт,
Көз ілмей өт­ті не түндер.
Жиделі сайда шөп шауып,
Жорықта жүрді жетімдер.

Хақым жоқ менің, табиғат,
Тірлікті қайта бастауға –
Бақытын ғана қабылдап,
Басқасын сызып тастауға», – деп бастан кешкен тағдырын кестеледі. Коммунизм жайлы ертегімен еліккен елінің алпауыт Американың өзін сес­кендіріп, «совет­тік қатер» дегізіп, беделі ұшып тұрғанда көрген күйі осы болса, ақын басымен қалайша басқаша жырлайды?
«Қызуым қидың шоғындай,
Мінезім мірдің оғындай.
Майданды жерде тоқтамас,
Маңдайы тасқа соғылмай.
Даланың сондай ұлымын,
Намыс пен ардың құлымын.
Ту – шындық, тура жол үшін
Үзіліп кетсін жұлыным».
Бұл – ақын Есенбайдың, азамат Есенбайдың өзіне өзі сызған портреті.
Иілмегені дұрыс болды. Мейірімді, қамқор жандар табылды да, облыс орталығына ауысты. Облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне қызметке орналасты. Есен­­бай облыс орталығына арман қуып келгенмен, ауыр тағдыр оны маңдайынан сипай қойған жоқ. Ауру әкесін, жұмыссыз зайыбын, шиет­тей үш-төрт баласын ертіп, ақын тағы да біреудің қуықтай жалда­малы екі бөлмесіне тығылып күй кешті. Досымның Ақтөбенің шет жақ бұрышын бойлаған Некрасов көшесіндегі осы пәтерінде бірнеше рет қонақта болғаным бар. Жүрегімнің ауырғанын қалай жасырармын. Жайлы жер табылмай, ауру әкенің астына қабат-қабат көрпе төсеп, жуынатын ваннаға жатқызып, бағып отырғанын көргенде, мына «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» шынайы бір болмысын енді байқағандай, еңсем езіліп кет­ті. Күнделікті тіршілігіне еті үйренгені ме, әлде қайсар, намысшыл ақын сыр бергісі келмеді ме, Есен­бай қабағы сәл түйіліп, қолдары сәл дірілдеп, екі езуіне сәл мысқыл күлкі жиылып, тап бір туысқанын шақыр­ғандай, «көртышқандар, мен сендерге өлең оқып берейін» деді:
«Кеміргіштер, кел бермен,
Өсіп қалсын мерейің.
Өзім жайлы сендерге,
Өлең оқып берейін.
Бірге тұрып біз әлі,
Бір жатамыз десек те,
Бәлкім, сендер ызалы,
Алмады деп есепке?
Ол үміт­ті үз демде,
Ойым осы бүркеусіз.
Жүрміз тірі біздер де,
«Домовойға» тіркеусіз!».
Ақын тобықтай денесін қопаң-қопаң еткізіп, кеудесін кергенсіп, иығын қомдағанмен, шындықтан асып қайда барады, жүрегіндегі шер мен мұң тар бөлмеде қыстыға, шыр-шыр етеді. Туған жері Жарқамыста біреудің түйе қорасын сатып алып, ортасына пеш тұрғызып, ілдәлдалап күн көрген күндерде ауа жетпей, демікпе ауруына ұшыраған еді, өлеңді оқи түскен сайын, тынысы тарылып, ысылы үдей бастады. «Анау бір шақта ата-ананың алты жа­сар «қуаныш дәрісі» едік, енді елдің алпыстағы «уайымшыл кәрісі болы­ппыз» деп кейін Есенбайдың өзі айтқандай, қанша қайсар дегенмен, сезімтал да сыршыл ақындық жүректің тұншығуы лезде.
Әр жылдары жарық көрген Бұқар жырау, Шортанбай, Дулат, Сұлта­нма­х­мұт, Абай, Мағжан, Ахмет Байтұр­сынұлы шығармаларын қайтадан шығар­ма­шылық сүзгіден өткізіп, мәтіндік нақтылау бағытында тер төккен Есен­байды… жиырма томдық қазақ дастандарын бұрынғы басылымдардағы мың-миллион қателерінен арылтып, көз майын тауыса мәтіндік бір ізге түсірген Есенбайды дара шапқан редактор демеске бола ма…
Дара шапқан!
Жыр жарыстарында да…
Орден мен пәтер алудан дара шап­­­па­са да, жыр мүшәйраларының қайсы­­­сында болсын дара шаппай қой­май­тын. Бірақ дара шаптым деп кеудесін кер­мейтін. Өзі поэзия аламанына үкілеп қосқан боз бояумен өмір кешуден айнымайтын.
«Боз бауыр аспан иіп бір,
Рахат жаңбыр құйып тұр.
Тобықтай ғана бозторғай
Тораңғыдан аласа,
Тобылғыдан биік тұр».
Иә, «тораңғыдан аласа, тобылғыдан биік тұрған» бозторғай ма, жоқ әлде Есенбайдың өзі ме?! Ойландыратын сұрақ. Қазақтың тағы бір ойшыл ақын інісі Мейірхан Ақдәулетке бер­ген «Әділет­тің көз жасы» ат­ты сұхба­тында Есенбай: «Атақ деген не? Мен Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, І.Жансүгіров атындағы Жазушылар Одағы сыйлығының лауреатымын. Бірақ оның халық үшін не қажеті бар? Халық мені таныса, өлеңім үшін танып, сол өлең үшін өзіне меншіктейді» депті. Тауып-ақ айт­қан! Өлеңінен өмірбаяны сайрап тұра­тын ақынға «ақындық шабытпен әдіпте­генсің ғой» дей алмайсың, турасы сол!
Өлеңдегі өмірбаян!
Демек, қаламгер өзін шығармасы арқылы танытса, оқырман шығарма арқылы өмір таниды деген осы екен-ау! Есенбай шығармасы осыны еске салады.
«Мәз күлмей мәре-сәремен,
Мәрт­тікке қарай самғаушы.
Ақыннан шыққан әр өлең –
Ақиқат жайлы жан даусы».
Рас.
Бірақ ақиқат­тың мойындалары кейде қаншалықты қиын болса, ақын­ның жан даыусы да кейде бар құлаққа соншалықты кіре бермейді. «Көртышқандағы» өрнектер өмір ақиқаты болатын. Бірақ ақынның жан даусын естуге қоғам, орта дайын болмай шықты. Сондықтан ол тоқыраудан кейінгі горбачевтік жылымық кезінде, қара басындағы өмір ақиқатын шүкіршілік кең көңіл­мен біраз жұмсартып, «Қайта құру» поэмасында «Көртышқанда» өрнектелген өмір ақиқатын сыналап пайдаланған еді, іздеген адам таппай қоя ма, поэмадан «Көртышқандағы» «зиянды сарынды» бәрібір «тауып алды». Е.Дүйсенбаев «партияға тіл тигізіпті, Брежневті, Ливенцовты (облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы), Қозыбаевты (облыстық атқару комитетінің төрағасы) күлкі етіпті». Арыздың аяқсыз қалмайтын кезі, бастауыш партия ұйымында коммунист Е.Дүйсенбаевтың мәселесі қаралды. Қыза-қыза келгенде «партиядан шығару керек, жұмыстан қуу керек» деген сыңайлы ұсыныстар да айтылды. Үрпиісіп, кіжінісіп тыңдағандардың арасында, жон етімнен терім сорғалап мен де отырмын. Өйткені Есенбай мәдениет және әдебиет бөлімін басқарады, мен ауыл шаруашылығы бөлімін басқарамын. Мәсел, тым ушығып бара жатқан соң, сансырап: «Жұмыстан шығару ауырлау болар, орнын ауыстыру керек болса, біздің ауыл шаруашылық бөліміне ауыстырайық» дегенім есімде. Жиналыс бас редактор Н.Телеуовтың: «Жарайды, жігіт­тер, біраз жерге бардық білем. Абайламай, сондай сөздерді бәріміздің де айтып қалатынымыз бар. Осы талқылаумен-ақ шектелейік, бұл алдағы уақыт­та баршамызға мықты сабақ болсын!» деуімен аяқталған-ды.
Сабақ!
Заманымыздың мылтықсыз майданында сабақ алатын сын сәт­тердің жиі кездесуі – өмір заңдылығы. Есенбай кейін осы заңдылықпен:
«Ақтөбемен байланыс жасап, облыстық газет редакторымен Дүйсен­баев жолдас туралы сөйлесуді ұмытпа» деп тапсырды Мырзабай Мамажанов Кеңпейіловке. Сол-ақ екен, салым суға кетіп, сенімім күйреп жүре берді. «Күні кеше партиядан шығара жаздаған Н.Телеуов маған жақсы мінездеме бере қоймас!» дейді жаман ойым …Ертесіне Мырзабай: «Ақтөбеге звандап, редакторыңмен сөйлескенмін. Бір өзі он адамның жұмысын істей алады деп сені қат­ты мақтады» дегенде, Нұрқайыр Телеуов жайлы әлгі «жаман ойымнан» қысылып, өзімді өлердей жек көргенім есімде… «Соншама ұсақ, нашар пендесымақтың бірі екенмін» деген ой көп уақыт көңілімнен кетпей қойды», – деп жазды кейін естелігінде.
«Бір өзі он адамның жұмысын істей алады».
Дәл солай.
Есенбай поэзияға қалай үлкен жауапкершілікпен қараса, журналистикаға да солай қарады. Облыстық газет­тің бұрқыраған қара жұмысын поэзияның бекзат болмысынан кем көрген жоқ. Күн сайын ағылып келетін хат­тарды сүзіле сұрыптап алып, қойнына қысқан күйі машинистка қыздарға қарай бүлкілдеп бара жататын. Тек оқушы хат­тарын ғана ма, әріптес інісі, сол кездегі жас қызметкер, қазір белгілі бейімбет­танушы-ғалым, филология ғылымының докторы Серікқали Байменше айтқандай, «…Көркем очерк­терді машинкаға диктовка жасауының өзі қандай еді! Бір күні газет­тің ауыл шаруашылығы бөлімі әзірлеген арнау­лы бетіне қарлы қысты бейнелеген ҚазТАГ-тың бейтарап суреті барғалы жатқан-ды, жауапты хатшы Ұлықпан Жұмабаев Есенбайға осыған көркем текстовка әзірлеуді өтінді. Сонда Ес-ағаңның суретке қарап тұрып:
«Қыс-қаңтар, ақ күртік іргең қар,
Қыста да көктемге бергісіз күндер бар…» деп жазғаны ертеңіне газет бетінде жарқ ете қалды».
«Пушкин кәдімгі қарапайым тілде сөйлеуге шорқақ еді, сөйлеу тілі поэзия тіліне айналып кете беретін» деген сөз рас па, өтірік пе, айта алмаймын, ал Есенбайдың бос уақыты болмайтынына, оны поэзия ұйықтатып, поэзия оятатынына кәміл сенімдімін. Жұмыста да ылғи поэзия бесігінде тербеліп отырушы еді. Алайда айналасындағы әріптестеріне арналған сол «бесік жыры» біреуді көңілдендіріп, мәз-мейрам етсе, біреуге тікендей қадалатын. Жоғарыдағы Есенбайдың мәселесі қаралған партия жиналысына, шындығында «Көртышқандар» дастаны емес, оның поэзияға қатысты осындай махаббат хикаясы себепші болды.
Есенбай туралы талай ақын, әдебиет зерт­теушісі, қатардағы оқырман қалам тарт­ты. Бәрінде де сүйсіну, ақындық бұла шабытқа ғашықтық сезімі атойлап тұрады. «…Шығармасынан жүрегі тыпыршыған тіршілікті көресіз!» Бұл ақын Ф.Оңғарсынованың қысқа қайырымы.
«Бозаңда шырқап бозторғай,
Бусанып тұр ғой бояу-бақ.
Бозбала өмір ой толғай,
Бозала таңда оянбақ»…
Және:
«Қазбауыр бұлт­тар өрт артып,
Қызарды аспан түсі көк.
Тұяғымен жер тарпып,
Тұлпар-түн сырт­та кісінеп!».
«…Өлеңнен ою ойып, тарих тақтасына таңбадай өрнек салу» емей немене?». Өмірден өт­ті ғой осындай ақын.
Әй-й, жоқ, Есенбай поэзиясы өлмейді. Соның бір айғағы, жақында Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалиннің Есенбай Дүйсенбаев пен Қажығали Мұхамбетқалиұлына арналған тұрақты сыйлығы белгіленіп, ол бірінші рет иелеріне тапсырылды. Әрқайсысына 1 000 000 теңгеден. Бір кездері жүректі мұздай қарыған «Ақтөбе қабылдамайды» деген жатбауыр ұғым енді қайта оралмас, сірә?! Қайран Есекең мен Қажекең поэзия мен прозаға деген оқырман махаббатын мықтап оятып кет­ті ғой.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір