ТОҚАШҚА АЛМАТЫ ТӨРІНЕН КӨШЕ БҰЙЫРА МА?
22.07.2022
888
0

Бүкіл саналы ғұмырын бейбітшілікке, сосын өлеңге арнаған майдангер, соғыстан кейінгі қазақ поэзиясына батыл эксперимент­тер жасаумен аты шығып, әдебиет тарихында айырықша ізі қалған қазақтың аса көрнекті ақыны Тоқаш Бердияровтың туғанына бірер жылдан соң 100 жыл толады.

Талант­тың трагедиясы сол, соңынан біреу іздемесе, ешкім керек қылмайды. Тоқаш Бердияров белгілі бір өңірдің, не аймақтың жырын жырлап, күйін күйттеген көп ақынның бірі емес, ол – ХХ ғасырдың поэзия көгіндегі адасқандарға жол көрсеткен жарық жұлдыз болатын. Тоқаштың тосын мінезді өлеңдерін оқыған оқырманның жандүниесінде шатыр-шұтыр найзағай ойнап, жүректерінде жиі-жиі тентек жарылыстар болып жататын. Сол тосын найзағайлар мен тентек жарылыстарға қарап қаншама жыр перілері бет алысын түзеп, сабақ алды. Оны түстеп айтсақ, таңды-таңға созып әңгіме қозғауға болады. Біздің бүгінгі әңгіменің жөні бөлек, мақсаты басқа.
Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін Тоқаш жайлы қаншама мақтаулар айтылды. Классик жазушымыз М.Әуе­зовтен бастап Ғ.Мүсірепов, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев, Ж.Молдағалиев, Р.Бердібай, Е.Раушанов, Б.Шарахымбайға дейін «Түркі дүниесінің түгеліндей болған Тоқаш қой!» – деп таңдай қағысқан. Әдеби ортада оның аты әлі күнге дейін аңыз, есімін естіген адам «ерекше жаратылған талант иесі еді, қайсар да сауат­ты, елі мен жерін өзінше сүйіп, өзінше құрмет­тейтін, ешкімге ұқсамайтын өр ақын еді» деп жатады. Ендеше, оны өкше басар ұрпаққа неге өнеге етпегенбіз? Неге ол өмір бойы тұрып, жырлаған Алматы шаһарынан бір көше атын беріп, ескерткішін тұрғызып, тұлғасын әспет­темегенбіз? Неліктен ұлықтамағанбыз?!.
Көше атын беру, ескерткіш тұрғызу былай тұрсын, осы уақытқа дейін ол жасаған үйге ескерткіш-тақта орнатылмағанын қалай түсінеміз? Талант­ты қадірлейтініміз осы ма біздің?!.
Әйтеуір Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен ақынның рухына тағзым етуші ізбасарлары төрт-бес жылда бір кешін ұйымдастырып қояды. Оған жоғарыда қара креслода қонжиып отырған идеологтарымыз, халық пен билік арасында көпір болуға тиіс депутат­тарымыз келмейді, келсе де сирек, өте сирек бас сұғады. Мұндай әдеби, рухани кештерге келмеген адам кімнің кім екенін қайдан біледі? Осы ма біздің талант­ты сыйлайтынымыз, аруақты ардақтайтынымыз? Сонда талант­тың атына көше атын беріп, ескерткіш-тақта орнатуға рұқсат беру үшін оларға не кедергі? Бұл жерде ешқандай пандемия (басқа нәрсе) сылтау емес екенін оқырман түсініп отырған шығар.
Ең өкініштісі, ел үшін ерінбей еңбек еткен, күш жігерін аямай күрескен ерлердің есті дүниелері тиісті орындардың тарапынан ескерусіз қалып, ескіріп бара жатқаны.
Кейінгі кезде біз тым ұмытшақ болып бара жатқан сияқтымыз. Ендеше, тағы бір еске салып өтудің артықтығы жоқ. Ақын Тоқаш Бердияров 1925 жылы қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылында дүниеге келген. Тумасында елгезек бала қаршадайынан тұрмыс тауқыметін көп көріпті. Алты жасында Ташкент қаласындағы балалар үйіне түсіп, сондағы жетім балаларға арналған №6 мектеп-интернат­та оқып, тәрбиеленген. Ел басына күн туған соғыс басталғанда ол оң мен солын енді танып келе жатқан 17 жасар бозбала болса керек. Соған қарамай, жүрегі от пен кекке толы бозым қан майданға өзі сұранып ат­танған. Төртінші Украин майданы құрамында көптеген қанды шайқастарға қатысып, ерлік істерімен көзге түскен. Әскери басшылық оның батыл іс-әрекет­терін тиісінше бағалап, «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», тағы басқа төсбелгілермен марапаттаған. Жеңістен кейін ол Жоғары қолбасшылықтың бұйрығымен әскерде тағы төрт жылға қалдырылып, Қызыл тулы Балтық әскери-теңіз флотында қызметін жалғастырған. Тек 1949 жылы ғана денсаулығына байланысты әскерден босап, аман-есен елге оралған.
Содан кейін ғана әдебиетпен айналысуға біржола бет бұрады. Осы кезден бастап шығармалары баспасөз бет­терінде жиі көріне бастаған тілі өткір, ұйқасы шымыр жас жігіт көзге тез түсіп, айналдырған аз жылдың ішінде қазақ өлеңінің өрісін кеңейткен халықтың ақынына айналды. Ал 1958-1962 жылдар аралығында қазіргі «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас»), «Қазақ әдебиеті» газет­терінде әдеби қызметкер ретінде де жемісті қызмет атқарғанын айтып өтсек, артық болмас.
Бүгінде қазақтың «бірінші лиригі» (Өтежан Нұрғалиев) атанған ақынды туған елі де, жырсүйер қауым да сағынышпен еске алады, рухын іздейді. Алматыға келе қалса, аспанмен таласқан Алатауды көрсе, Тоқаштың өзін көргендей болып, ол жүрген көшелер мен гүлзарлардан әне-міне ұшырата қалардай әсерде болады. Олай болатын жайы да бар. Өйткені Алматы – Тоқаш ақынның ең бақыт­ты және ең толымды сәт­теріне куә болған қала. Ол – оқырмандар жылы қабылдаған көптеген тамаша шығармаларын осы шаһарда тұрып жазды, көптеген тамаша өлеңдер тудырды. Сондай-ақ өзін түсінбеген замандас пен қаламдастың түртпегін де осы қалада жүргенде көрді.
Сөйткен сүйікті ақынның өмірден озғанына да отыз бес жыл уақыт өтіпті. Шындығында халқы ақынын қат­ты сағынды. Сағынғанда қандай!.. Алайда әлі күнге дейін Алматыда «күтпеген жерден басталып, күтпеген жерден аяқталатын» (Есенғали Раушанов) Тоқаңды еске түсіретін бір белгінің болмағаны қалай? Осы уақыт ішінде ақын атын есте қалдыру, көшеге атын беру, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнату, тағы басқа ақын аруағына жасалған ұлықтау шаралары жүзеге аспаған ба деген ой келеді. Қалай дегенде де, қазақтың Тоқаш ақыны Алматының төрінде тебірене «өлең оқып» тұратын-ақ жөні бар еді. Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Төлеген Айбергенов, Өтежан Нұрғалиев, Төлеужан Исмаилов, Есенғали Раушанов, Аманхан Әлім, Қасымхан Бегманов секілді қазақтың біртуар ақындарына көке, ұстаз болған жыр жампозының көлеңкеде қалып келе жатқаны көңілге ауыр тиеді екен…
Кезінде ақынның өзі тұрып, қызмет еткен сүйікті қаласында көше атын беру туралы әңгіме жыр жүйрігінің 70, кейін 90 жылдығында, елеусіз өткен 95 жылдығында да көтерілген. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас». Құжатымен танысқан бір шенеуніктің түсі бұзылып: «Ойбай-ау, ешқандай атақ алмапты ғой, оған көше бере алмаймыз», – деп ат-тонын ала қашқанын да көрдік. Құдай-ау, бұл не дегені? Сонда мұндай ресми атақ Абайда болды ма? Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Махамбет­те болды ма?!
Оның атағы – Ақын. Ақын болғанда ұлт­тық Ақын! Осы атақтың өзі Тоқаш Бердияровқа көше атын беруге, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатуға жеткілікті емес пе?!.
Тау алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты, ақиық ақын Тоқаш Бердияровтың тұлғасы жылдар жылжыған сайын асқақтай бастағанын көзіміз көріп отыр. Сондықтан асқақтай бастаған ақын тұлғасын өзі ұзақ уақыт тұрып, қызмет істеген, өмір бойы жырлап өткен Алматы қаласының төрінде жарқырата көрсететін уақыт туды деп ойлаймыз. Төрде қасқайып «өлең оқып» тұрмаса да, ақынға көше беріп, тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнататын кез келді деп білеміз. Бұл ұсынысымызды халықтың да қолдайтынына сенімдіміз!

Темірхан Медетбек, ақын, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты,
Қазыбек Иса, ақын, ҚР Мәжілісінің депутаты,
Сәуірбек Рузиддинов, медицина ғылымының докторы, профессор,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Ғылым академиясының академигі,
Қасымхан Бегманов, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Марат Тоқашбаев, профессор, қоғам қайраткері,
Бақтияр Сманов, академик, филология ғылымының докторы, профессор,
Зәкір Асабаев, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
Әлібек Шегебай, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Болат Шарахымбай, ақын, Бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивалінің
лауреаты, қоғам қайраткері

ПІКІР ҚОСУ