Алматы – жүрегімізде
Ару қала Алматы – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, өнері мен салт-дәстүрінің алтын бесігі.
Асылы, біздің сұлу қаламыздың негізін қалаған Алаш арыстары мен қызыл комиссарлар.
Сонау 1928 жылы Қазақ АКСР астанасы Қызылордадан Алматыға көшкен кезде қазақтың оқыған ұл-қызы, барша зиялы қауымы арман-мақсаттарын арқалап, жан-жақтан – Мәскеуден, Орынбордан, Тәшкенттен, Қызылордадан және басқа қалалардан ағылып келе бастады. Сөйтіп, Алматыда бас қосып, жас Қазақстанды өркендетуге жұмыла кірісті.
Қазақтың зиялы қауымы – интеллигенциясы Алматыда қалыптасып, елге танылғаны – тарихи шындық.
Алдымен 1925 жылдың аяғында Қызылордада құрылған Қазақ драма театры 1928 жылы Алматыға көшіп келді. Бір жылдан соң, 1929 жылы Орталық архив те Алматыға қоныс аударды.
Өткен ғасырымыздың 30-жылдары қазақ мәдениеті Алматыға шоғырланып, өркендей бастады. Келе жатқан бір қауіпті жүрегімен сезгендей қазақтың жас интеллигенциясы Қазақ Республикасының аз уақыттың ішінде адам танымастай құлпырып өсуіне бар күш-жігерлерін жұмсап, аянбай еңбек етті.
Соның нәтижесінде Алматыда қазақтың алғашқы жоғары оқу орны бой көтерді.
1931 жылы Ұлттық орталық кітапхана жұмыс істей бастады.
1934 жылы Қазақ мемлекеттік музыка театры ашылды.
Сол жылы тұңғыш Ұлт-аспаптар оркестрі құрылды.
Несін айтасыз, 30-жылдары жыл сайын, ай сайын, күн сайын қазақ мәдениеті мен өнеріне, әдебиетіне қатысты әйтеуір бір жаңалық болып жататын. Алматы тұрғындары өздерін аса бақытты сезінетін. Бірақ қазақ зиялыларына бір тықыр таянып келе жатыр еді…
1936 жылы Мәскеуде Украина республикасынан кейін Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі өтіп, халқымыз бүкіл әлемге танылды. Бұл – Алматыда қалыптасып, өртеңге шыққан гүлдей қаулап өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті мен өнерінің шырқау биігі еді.
Амал қанша, көп ұзамай қылышын сүйретіп 1937 жыл келіп, қазақ зиялыларын қынадай қырған сұмдық заман басталды. Адамдар бір-бірімен сөйлесуден, араласудан қалып, кеш батса болды, сыртқы есікті бағып, елеңдеп отыратын үрейлі уақыт еді ол.
Кешікпей Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, үрей құшағында жүрген талай азамат өздері сұранып майданға аттанды.
Алла Тағала рахым етіп, қанша қуғын-сүргінге түссе де, қазақтың маңдайына біткен үш алыбы іздеп келген өлімнен аман қалды.
Олар:
ғылымнан – Қаныш Сәтбаев,
әдебиеттен – Мұхтар Әуезов,
өнерден – Ахмет Жұбанов.
Қазақ ғылымының, әдебиеті мен өнерінің жарқырап көрінуіне дәл осы үш азаматтай еңбек сіңірген адам кемде-кем…
Тұңғыш Тәуелсіздігіміздің көк туы желбірегеннен кейін туған қаламыз Алматының экономикасы да, әлеуметтік жағдайы да бүкіл әлем таңғаларлықтай шарықтап өсті.
Алматы қазір республика бюджетінің отыз процентін беретін алып мегаполиске айналды. Қаланың әсем көркіне көрік қосатын ғимараттар да күн сайын қаулап өсіп келеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыны бір сәт назарынан тыс қалдырған емес, үнемі қамқор қолын ұсынып отырады.
Бұл күнде Алматыда жасап жатқан жазушылар, ғалымдар, өнер адамдарының жеке өмірі мен шығармашылығы қала өмірімен бітеқайнасқан.
Қала әкімі Ерболат Досаев және оның командасы – қаланың рухани өмірінің мықты тірегі. Мәдениет, өнер мен әдебиетке қатысты үлкенді-кішілі іс-шараларды қала әкімдігінсіз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Олардың қала алдындағы адал еңбектері еселеп арта берсін.
Ару қала Алматы бәріміздің жүрегімізде.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы