Алматы арзулары
07.06.2023
818
0

Төлеген МЕЛЛАТ

***
Кинотеатр «Ииллюзион»,
Алматы бұл. Түн іші.
Неге отырмын бұл файеде,
Келдім және кім үшін?!

Сұлбам әне жібітті де,
Кассир қыздың қабағын.
Іздерінен бұрқыратып,
Қызғылт грузин шарабын,
Солғын дәліз, сұр жолақпен
Залға сіңіп барады.

Сіңді, кірді «түн-түнекке»,
Ортасы ма, басы ма?
Жайғаспақ боп жалт бұрылды,
Жалқы қыздың қасынан.

Жалт бұрылды жабырқау ма,
Жалғыз ба әлде кім білсін?!
Озып барып орын тепті,
(Көлеңкеме бұл бір сын).

Экранның бүлк етті де,
Сұрғылт беті сазарған.
Аруақ біткен арпалысты,
Аттила ма, Цезарь ма?!

Керегелер отқа оранды,
Кебежелер тоналды.
Бесік сынды, жосып тынды,
Арғымақтар жоғалды…

Реквием. Моцарт. Қорқыт,
Әлде анау қыз жылаған?!
Көлеңкем де күңіренді,
Жұбатпай ма бір адам?!

Жоқ, жаңылдым, кино біткен,
Зал да тыныш, көп-көрім.
Еденге де шашылмаған,
Карамельный «pop-corn».

Мен ес жидым тастағандай,
Бір сапардан жол соғып,
Залда күрең көлеңке отыр,
Жалғыз өзі қол соғып…

***
Алматы. Президент саябағы.
Ерте-кеш тыншымайды ел аяғы.
Төңкеріле қарайды төбемізден,
Тас мүсін – тұңғиық бір ой алаңы.

Мүсін тұр, жұрт аяғы кідірмейді,
Күлмейді жүргіншілер күбірлейді.
Тығылып тасада өскен бір жас шыбық,
Жінігіп жел соқса да бүгілмейді.

Қайыңдар, қарағайлар, жас емендер,
Музыка, мелодия, мас әуендер…
Табандар таңбалаған тротуар,
Тағдырлар сіңіп қалған тас едендер…

Алатау сәлеміңді салқын елеп,
Қарайды қашанғы паң қалпыменен.
Мәңгілік ескерткіші ол бұл шаһардың,
Мың мүсін, мұражайдан нарқы бөлек.

Бәрі де қалар қарап кетеріңде,
Тас мүсін ермейді ғой жетегіңе,
Айтады ол қалай өлу керектігін,
Тірі жүру дегеннің не екенін де…
* * *
Фортепиано. Себастьян Бах.
Еркеле, наздан, иықтым.
Балқысын баяу сонаталарда,
Жұпарлы тәнің сүйіктім.

«Махаббат» болсын бұл кештің аты,
Қалмасын әсте би ұмыт.
Билейік вальс, менуэтті де,
Беліміз талдай иіліп.

Билейік тағы «Венскиий балда»,
Алматы тұрсын сүйініп.
Алдыңнан шығам швейцарлардай,
Алқызыл костюм киініп.
Алаулап жүзің, ақ құлпы көйлек,
Көрінсін айдай жалқы боп.
Шараптың буы шым еткен шақта,
Деміңмен оттай шарпып өт.

Уақыт сол сәт үзіліп кетсе,
Сағаттың тілі қайшы боп,
Мәңгіге менің қалар еді ғой,
Арқама келіп Ай түнеп.

«Махаббат» болсын бұл кештің аты,
Сүйіктім, биді жалғастыр.
Фортепиано. Себастьян Бах.
«Соната ІІ». Алматы.

***
Алматы. Сол қоналқы, сұры бөлме,
Көрпесін қымтаған шақ түн іңірге.
Қылқынып қабырғада қылқобыз тұр,
Қаусаған қара нардың жілігіндей.

Таусылған тағы кім бұл табанынан,
Күңіреніп келді бір үн шанағына.
Шанағы шым етті де тамып кетті,
Күп-күрең көзедегі шарабыма.

Күп-күрең қаным шығар кермек шарап,
(О, неге ұшпадым бір сермеп қанат)
Шанақта шертілмейтін меңіреу күй,
Көшені көмескі әуен кернеп барад…

«Алатау басың биік жайлағанға,
Жас құлын кісінейді байлағанда»-
Жаңғырып бұл шаһарға келеді ылғи,
Қаңғырып кеткен дауыс қай заманда.

Қылқобыз, көрсет кәне киең болса,
Жалғызсың, жалғыздықты сүйем қанша,
Қақ тіліп қара түнді қақсашы бір,
(Дүние күйіп кетсін күйер болса…)

Көшенің құбылғандай күйі бұла,
Жол тапсын тірелгендер тұйығына.
Шыққандай мен де түпсіз «Шыңыраудан»,
Қалғиын басым сүйеп иығыңа…

***
Алматы. Бұқар жырау бульварында,
Жұрт нөпір, арлы-берлі ырғалуда.
Отырмын оңашалау бір бұрышта,
Қорегім – бір сэндвич, бір «Gorilla».

Ашқан гүл көрінбейді әсем елге,
Саялап бармайды ешкім жас еменге.
Қаламы адамдардың – қос аяғы,
Тағдырын жазып жатқан тас еденге.

Қалғыған ғимараттар, колонналар,
Жалаулар, жарнамалар, бағаналар.
Науқастың көзіндегі үміттейін,
Бір құлап тұрған сынды маған олар.

Реңі бұл көктемнің ызғар еді,
Гүлімен елітпейді гүлзар өңі.
Алматы Шираз емес, Иран емес,
Сағди де, Хафиз де боп жырлар едім.

Гүлзар не, күмбез жасап мұнаралы,
Эрам бақ етер ем-ау бұл араны.
Исфахан стилімен сарай соғып,
Тасына Бұқар жырын сыналар ем.
Сарайды қызыл тастан салдырар ем,
Афьонның ақ мәрмәрін алдырар ем.
Қақтырып қалайыдан қырық баған,
Аспанды тірегендей таң қылар ем.

Есігін ақ күмістен шаптырар ем,
Төріне түрікмен кілем жаптырар ем.
Бұқардың теңбіл тасқа жырын ойып,
Мүсінін сом алтыннан соқтырар ем…

О, сосын бастап кіріп кіл сұлуды,
Сапырсам сар қымыздай жыр шырынды.
Кіл сұлу арасынан бал тілінің,
Таңдайда дәмі қалса бір сұлудың…

… Селт еттім, қолда қалбыр сырт етті де,
«Майшелпек» ол да кетті жылп етті де,
Үріккендей орнымнан ұшып тұрдым,
Білмедім біреу келіп бір тепті ме?!

Ешкім жоқ ерегесер кек қуғандай,
Жылыстап өз жөніме кеттім қалмай.
Жаңғырып жатты артымда
жасыл гүлзар,
«Керей қайда барасың» деп тұрғандай…

***
Алматы. Жаңа үйлер.
Қытай доминосы секілді.
Жоспарлап жатады ескі нанымдар,
Сол жаңа үйлерге көшуді…

Стрит-арттар мен граффитидтер
жыл сайын жаңаланса да,
Шаң басқан бір тірі портрет,
Ілініп тұрады қаншама?!

Ілініп тұрады партитуралар,
Мінберде, алаңда, көшеде.
Отыз жыл жазылған бір ғана
«симфония»,
Асқақтап аспапта нешеме…

Асқақтап аккордеон тілімен,
Банджо, барабан үнімен.
Жаңғырып жатады жер беті,
Домбыра подвалда күбірлеп…

Тағы сол көшемен шеткері,
Көлеңкем о, қайда беттеді.
Үзіледі әуендер көктегі,
Күй. Тәттімбет. «Бес төре».
Жер асты өткелі.

***
Аядай алаң шетінде,
Бір босап, бірде нық тұрмын.
Өзіммен-өзім еркінмін,
Өзіме-өзім тұтқынмын.

Миллион адам ішінде,
Қалатын жалғыз қайғымдай –
Құлазып жатыр Алматы,
Құсы ауып кеткен айдындай.

Бұғынып жатыр бұтаққа,
Басылып қалған «қорғасын».
Жарқырап жатыр көшеде,
Шашылып қалған көз жасым.

Елжірей кетем көк туға,
Желбірейді ол да не түрлі.
Бұлқынып бір құс бетінде,
Қамалып қалған секілді.

Қалайды алаң бетіне,
Қалайды ненің іргесін,
Алды ма қазып астынан,
Ақиқаттың мүрдесін?!

Қаңтардың күнін қаламмен,
Жылыту деген мүмкін бе?!
Қар орнына қан жауса,
Ұмыту деген мүмкін бе?!

…Аядай алаң шетінде,
«Кешегі күнге» кеп тұрмын.
«Кешегі күнді» о, бірақ,
Келмесе екен деп тұрмын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір