Айтыс XXI ғасырдың қақпасын «теуіп ашып», төрінен орын алды…
17.06.2024
130
0

Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, айтыс өнерін өркендетуге ерекше үлес қосқан Жүрсін Ерман қашан да жұртшылық назарынан тыс қалған емес. Соңғы жылдары денсаулығына байланысты көпшілік шараларға шыға бермейтін Жүрсін Молдашұлы Қостанайға барып, Қонысбай Әбіловтің 70 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысын өткізіп қайтқанын естіп, ағамен сұхбаттасуға асыққанбыз. Ақын бізді шаңырағында қарсы алып, емен-жарқын әңгіме тиегін ағытты.

– Жүрсін аға, соңғы жылдары денсаулығыңыздың сыр бергені өзіңізді құрметтейтін өнерсүйер қауым мен етжақын адамдарды алаңдатып тастаған еді. Кейінгі кезде өңірлерде өтіп жатқан мәдени-көпшілік шараларға барып жүргеніңіз баршамызды қуантып тастағаны рас. Хал-ахуалыңыз жақсы ма?
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді ғой, тілегіңе рахмет! Дегенмен, ашығын айтар болсақ, оңалып кеткен ештеме жоқ. Аяғым жүруге жарамайды, қан қысымы деген ұрып тұр. Қант диабеті ағзаны іштей мүжуде. Бұл да сол жалындап өткен жастықтың кейінге сақтаған сыбағасы шығар деп топшылаймын. Бізбен қатар шыққан небір асыл да аяулы азаматтар бұл күнге де жете алмай кетті емес пе. Соны ойлағанда осы күніме де шүкіршілік айтатын кездерім болады. Бірер жыл дертім асқынып, үйден шыға алмай қалғаным рас. Бүгіндері жүріп-тұруға жарап қалдым. Құрметтеп шақырған жерлерге баруға тырысамын.
Алдында туған жерім – Ұлытаудың топырағын басып, ата-бабаларымның аруағына тағзым жасап қайтқан едім. Одан кейін де Оралға жол түсіп, Бауыржан Қалиолланың «Жүрегімдегі жазбалар» деген кітабының тұсаукесер тойының құрметті қонағы болдым. Енді күні кеше ғана Қостанайдан оралдым.

– Айтпақшы, осы Қостанайда өткен айтыстың жай-күйін баяндай отырсаңыз?
– Айтыс жоғары дәрежеде өтті деп айтуға болады. Мың орындық көрермендер залына адам сыймай қалып, сыртта тұрып тыңдағандардың көп болуы бұл айтыстың мәртебесін аңғартпай ма. Бұл жолғы аламанға республикаға кеңінен танымал 12 ақын қатысты. Солардың қатарында Алматыдан Рүстем Қайыртайұлы мен Шұғайып Сезімхан, Сыр өңірінен Мұхтар Ниязов, Семейден Әсем Ережеқызы, Жамбылдан Мұхтар Қонарбаев, Түркістаннан Аян Ниязбек, Ақтөбеден Нұрбол Жауынбаев, Қызылжардан Жарқын Жұпархандар қатысты. Ал Тобыл-Торғай өлкесінің намысын Айбек Қалиев, Батырлан Сағынтаев, Салтанат Өтелбаева, Ғалымгерей Кенжеғозин сынды жыр жүйріктері қорғады. Бас жүлдені күні кеше ғана Өзбекстанда өткен халықаралық айтыстың жеңімпазы атанған Мұхтар Ниязов қанжығасына байлады. Жеңімпаздардың жүлде қоры да қомақты болғанын айта кеткен жөн шығар.
– Иә, бас жүлдеге 2 млн теңге тігіліп, қалған айтыскерлердің де қанжығасы майланып қайтқанын естіп-біліп жатырмыз. Дегенмен, бұрынғыдай жүлдеге жүрдек көлік беру сиреп бара жатқандай ма, қалай?
– Бұрынғыдай демеушілер қалмай барады ғой бүгінде. Кезінде Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов сынды мықты кәсіпкерлер үнемі қолдау көрсетуші еді. Бүгіндері айтыстың жалғыз демеушісі ретінде Дулат Тастекеевті айтуға болады. Ол тек қана айтыс емес, қазақ руханиятына қатысты көптеген игі шаралардың басы-қасында жүр ғой. Жыл сайын жаздың соңына қарай туып-өскен өлкесі Ақсуатқа барып, ақындар айтысын, арғымақтар аламанын және балуандар белдесуін өткізуді дәстүрге айналдырған. Осындай азаматтар бар кезде қазақтың төл өнері – айтыстың да күні батпайды деп сенеміз.

– Еліміздің өзге өңірлерінде айтысты қолдайтын азаматтар бар ма? Біз бәрін біле бермейміз ғой…
– Жоқ! Ондай азаматтарды кездестіре алмай келемін. Бұрындары ел аралап, қаржысы бар кәсіпкер азаматтарға жолығып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуші едік қой. Турасын айтқанда ел адақтап, алақан жайып жүріп табатынбыз демеушілерді. Соның арқасында айтыскер ақындарға 300-ден аса автокөлік әперген екенмін. Аманжол Әлтаевтар 40-қа жуық көлік алыпты. Айнұр Тұрсынбаеваның жүлдесі де осыған жетеқабыл. Айтыс ақындарының алды 30, соңы 20 машина мінгендері бар екен. Бұл аз ба, көп пе өздерің бағамдай жатарсыңдар.
– Иә, бір айтыста жол талғамайтын бір машина мініп кеткен жайларға сан рет куә болдық қой…
– Бір айтыста жүлдегер атанғандарға «ДЖИП» бастаған үш көлік мінгізгеніміз бар. Ана бір жылы Балқаш ауданында өткен бір аста ақындар айтысы, аламан бәйгесі, балуандар күресі бар, 23 автокөлік бәйгеге тігілген болатын. Бүгіндері ондай аста-төк тойлар азайып бара жатқандай. Осыған орай бір айтарым, айтыстың көрермені көп жағдайда: «Ақын не айтар екен деп емес, кім қандай сыйлық алады?» – деп келетіні өкіндіреді. Әлі де болса халықтың талғамын жоғары деңгейге көтере алмай келеміз бе деп алаңдаймын.

– Жүрсін аға, бір кездері айтыскерлердің көпшілігі діни ағымдардың жетегінде кетіп, сахнаны сақалдылар жайлап алған сияқты еді. Сол не үрдіс?
– Ондай болғаны рас. Қолында билігі, қалтасында қомақты қаржысы бар азаматтар жастарды біраз шатастырды. Дегенмен қайтып келіп жатқандар да бар. Түбі дәстүрлі дінімізге ораламыз деп сенемін.

– Жүрсін аға, жұртшылық сізді ең алдымен ғажа­йып ақын, қаламы қарымды журналист ретінде танитыны анық. Өзіңіздің айтысқа қатысқаныңыз жайлы естімеппіз. Ендеше неге жарты ғасырға жуық ғұмырыңызды осы өнерге бағыштадыңыз?
– Жезқазған облыстық телеарнасында аға редактор болып қызмет жасап жүрген кезім. Ойыма қайдан келгені беймәлім, әйтеуір ақындар айтысын ұйымдастыру жайлы ой келе қалғаны. Ол кезде қазіргідей жұлқынып тұрған жастар да жоқ. Жезқазғандағы қалақұраушы үлкен үш комбинат бар еді, солардың атынан екі ақынға арнап айтыстың мәтінін жазып шықтым. Оны орындатуға таныс-достарымды тарттым. Домбыра шертіп, ән салуға қабілеті бар, сөз өнерін құрметтейтін Сұлтанғазы Жылқыбаев пен Бағдат Мекеевке алдын ала мәтінді жаттатқызып, домбыраның сүйемелдеуімен айтқызып, дайындық жасап алғанбыз. Осылайша, алғашқы теледидар айтысы өз дәрежесінде өткізілді. Ең қызығы, жұртшылық тарапынан бұл айтыс үлкен қолдауға ие болды. Осындай жағдайда 1974 жылы мен айтыс деген өнердің бастауына келген едім. Кейіннен партия мектебін бітірген кезімде мені Алматыдағы Қазақ теледидарына қызметке қалдырды. Бұл жерде де теледидар айтысын жалғастырып, өңір-өңірлердің ақындарын додаға шығарып жүрдік. Бұл жұмыс менің өмірімнің өзегіне айналғандай. Ал айтыскерлер болса, менің жүгіріп жүріп ұйымдастыратыныма, жүлде қорын тауып беретініме әбден сеніп алған. Кей кездері қылықтарына ренжитінім де жасырын емес. Қарап отырсам, содан бері де 50 жылдай уақыт зымырап өте шыққан екен-ау.
Айтыс өнерінің тарихына үңілетін болсақ, ала-құлалық байқалады. Бір кездері дүркіреп өтіп, енді бір кезең бәсеңдеп, бүгіндері қайта түлеп келе жатыр дегендей…
1934 жылы Қазақстан өнерпаздарының бірінші слеті болғаны мәлім. Жамбыл Жабаев бастап берген бұл айтысқа Қалқа Жапсарбаев, Қуат Терібаев, Кенен Әзірбаев сынды дүлдүл ақындар қатысқан болатын. Содан кейін 1943 жылы соғыстың нағыз қызып тұрған шағында Ғабит Мүсірепов Қарағандыға барып, сол жерде ақындарды іріктеуден өткізіп, қорытындысын Алматыда жасағанын білеміз. Осыдан кейін бұл өнер тағы да біраз жылға дейін тоқырап қалды. Кейіннен 1980 жылдары Қазақстанның 60 жылдығына орай өткен мерейтойда тағы бір жаңғырды. Ол кезде көкшетаулық Көкен Шәкеев, қызылордалық Манап Көкенов, жезқазғандық Шынболат Ділдебаев, семейлік Қалихан Алтынбаев сынды ақындардың дүркіреп тұрған шағы. Осы сексенінші жылдардан бастап бұл өнер елімізде қайтадан түледі, екінші тынысы ашылды деп айта аламыз.

– Әлгінде өзіңіз айтқандай, алғашқы кезеңдері айтысқа түсетін ақындардың ішінде суырыпсалып айтатындар некен-саяқ еді ғой…
– Ондай кезеңді де басымыздан өткіздік қой. Мысалы, сексенінші жылдары өткізілген айтыста ақынның жанында дәптер парағын аударып отыратын бір адам болушы еді. Кейін­нен біз ондайға тыйым салдық. Ал қазір қағазға қарап айтатын кезең артта қалды деп ойлаймын. Себебі, қолма-қол суырып айтатын керемет ақындар қатары қалыптасты. Тіпті алдын ала жаттап алғандары болғанымен, қойылған сұраққа ұтымды жауап қайтару үшін суырыпсалмалық керек емес пе. Дарынды жастардың бірнеше буыны өсіп-жетілді. Солардың қатарында Мұхаметжан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Әзімбек Жанқұлиевтардың әрқайсысы бір-бір дәуір емес пе?! Бүгіндері айтыстың сәнін келтіріп, салтанатын арттырып жүрген Дәулеткерей Кәпұлы, Жандарбек Бұлғақов, кешегі өткен Оразалы Досбосынов солардың жарқын өкілі десе жарасады. Сол сияқты батыстағы Жансая Мусина, семейлік Әсем Ережеқызы, кешегі Ұлытауда өткен айтыста ерекше өнер көрсеткен Жібек Шахмарданқызы сияқты дарынды қыздарымыз да бұл өнердің тасын өрге сүйреп келеді. Олар құраған ұйқастар мен айтқан ойларын кей-кейде жазба ақындар да жаза алмай келеді.
Сонау сексенінші жылдардың басында өзім де: «Бұл айтыс ХХI ғасырға бармайды!» – деп сәуегейлік айтқан екенмін. Сөйткен ұлттық өнер жаңа ғасырдың қақпасын аяғымен теуіп ашып, алшаңдай басып кірді емес пе. Тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың рухын оятуға айтыстың сіңірген еңбегі ерекше екенін мойындауға міндеттіміз. Бір қаламгер қатарласымыз: «Осы айтыстың қажеті қанша?» – деп айтыспен жағаласып келе жатқанын білесіңдер. Алайда халық өзіне қажеттісін күресінге тастамайды екен. Айтыстарда көрерменнің залға сыймай кетуі, теледидар айтысының рейтингі жоғары болуы осыны көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, айтыс өнерін өлтірмей келе жатқан халықтың махаббаты десек жарасады.
Біз бұл айтысты Парижде, Мәскеуде, Ташкенде де өткіздік. Париждегі аламанға Францияда, Германия, Түркия, Белгия, Голландияда тұратын қандастарымыз арнайы келіп қатысқаны мәртебемізді асыра түскен. Мәскеуде де жақсы айтыс болды. Енді Түркияда өткіземіз деп жүргенде сол кездегі билік тарапынан тыйым салынып, бара алмай қалғанбыз.

– Жалпы биліктің айтыс өнеріне деген көзқарасы қалай?
– Әнебір жылдары Қазақстан Халқы Ассамблеясының мерейтойлық 25- сессиясы болды. Неге екенін білмеймін, сол жолы маған сөз берді. Шектеулі уақыты 3 минут болғанымен, өзімнің сөзім бар, Президенттің қойған сұрағына қайтарған жауабым бар, жалпы 12 минут мінбеде тұрыппын. Қорытындысында үлкен кісі айтысты барлық өңірлерде өткізу жайлы пәрмен берді. Осыдан кейін біз билікке емес, билік бізге жалынып, об­лыстарда ақындар айтысын кезекпен өт­кізетін кезеңдер келген. Ай-күнін бел­гілеп, қаражатын тауып, ақындарын баптап, айтыстың мерейі өскен уақыт еді бұл.
– Ақындар қаншама сынап жатса да ұлттық өнерге қолдау көрсеткен болып отыр ғой…
– Иә, біз де өз кезегімізде президент сайлауына қолдау ретінде үш рет ақындар айтысын өткізіп бердік.

– Айтыскер ақындар есейе келе жазба поэзияға баратынын байқап жүрміз. Осыған не дейсіз?
– Мұны тек қана құптаймын. Айтыс дегеннің өзі поэзияның қос қанаты, бір кітаптың екі беті секілді туысқан өнер емес пе. Оны бөліп-жарудың қажеті жоқ. Жоғарыда айтқан Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазы сияқты ақындар тамаша поэзия қалыптастырып жүр. Есенқұл Жақыпбековтің жазғандары әсіресе өзі өмірден өткеннен кейін ерекше әспеттелуде. Оған тек қуана қол соғамыз. Айтыстың бірыңғай қосын көтеріп жүрген батыстық Бауыржан Қалиолла, Болатбек Оразбаев, Аспанбек Шұғатаев, Бауыржан Шермиденұлы, Ершат Қайболдин сияқты жігіттер сол өнердің қос қанатын қатар шарықтатып жүрген азаматтар деп айта аламыз.
Біздің ұйымымыз айтыскерлер мен жыршы-термешілердің одағы болғаннан кейін барлығына бірдей көңіл бөлуге тырысатынымыз рас. Құрамымызда 300-дей ақын бар. Бұл – біле-білгенге үлкен күш. Үнемі қатысып жүретіндер бар да, арасында үзіліс жасап келіп тұратындар кездеседі. Күні кеше Балғынбек Имашев келіп: «Айтысқа қайтарыңызшы», – деген тілегін жеткізді. «Қанша рет шақырғанда келмеген едің, енді не болды?» – десем, «Енді пістім-жетілдім. Өзіме «Жүрсін аға жазылып кетсе айтысқа қайта ораламын» деген уәдем бар еді. Құдайға шүкір, сіз аяғыңыздан тұрдыңыз. Енді мен айтысамын!» – дейді.

– Өнердің қай-қайсысы болса да қолдауды, қорғауды қажет ететіні рас. Осы тұрғыдан келгенде айтыскерлерге артықшылық берілген сияқты ма?
– Ол рас, өнерге қамқорлық қашан да керек. Бір жылдары жазба ақындар тарапынан: «Айтыс ақындары 20 минут өнер көрсеткені үшін машина мінеді. Ал бізге ештеме жоқ!» – деп шағым айтқаннан кейін айтыстың ішінде жазба поэзиядан мүшәйра өткіздім. Олардың жеңімпаздарына көлік сыйлатқыздым. Дегенмен, суырыпсалып айтудың қашан да жөні бөлек.
Жалпы қазақтың тілі поэзия тілі ғой. Балама сөздер, синонимдер, жанама ойлар мен сілтеме түсініктер жетерлік. Мұнда ұйқастан ақсау – ақынның соры деп түсінемін.
– Жүрсін аға, осы айтыстың көсегесін көгертем деп жүріп, өз поэзияңызды ақсатып алған жоқсыз ба?
–Иә, шынымен айтыстың соңында жүремін деп өз шығармашылығым кенжелеп қалғандай. 1969 жылы ҚазМУ-дың бірінші курсында оқып жүргенде жас ақындардың «Жас керуен» деген жинағы шықты. Өлеңдерім сол кітапқа еніп, ақын ретінде танылып қалғандай едік. Кейіннен қарасам, соңыра танылған ақындар озып кетіпті. Шабытқа қамшы басуға тура келді. Поэзиясы, прозасы бар 20-ға жуық кітап шығарыппын. Анау қазақ әдебиетінің классиктері деңгейіне көтерілген Несіпбек Айтұлы, Дәуітәлі Стамбеков, Асқар Егеубаев, ғалымдар Тұрсын Жұртбай мен Намазәлі Омашев, Жарасқан Әбдірашовтер бірге оқыған, әдебиет әлеміне бір мезгілде келген адамдар еді ғой.

– Жалпы, осы шығармашылық жолына түсуіңізге не себеп, қандай жағдай түрткі болды?
– Мен Ұлытау облысы, Ұлытау ауданына қарасты Қурайлы деген ауылда қарапайым шопанның отбасында дүниеге келгенмін. Біздің өлкеден аты жұртшылыққа мәлім ақындар шықты дегенді ести қоймаған кезім. Қазір өнер саласында танымал тұлға болған Қыдырәлі Болмановтың атасы Болман Қожабаев деген кісі ауылымызға келіп, өлең айтқанын көргенім бар.
Қарсақбай деген жерде оқып, тоғызыншы сыныптан кейін мектепті тастап кеткенмін. Содан кейін Жезді аудандық «Октябрь туы» деген газетке келіп, мені жұмысқа алыңдар демеймін бе. Бас редактор бетіме біраз қарап тұрып, бөлім меңгерушісін шақырып алды да: «Мынаған екі үш хат беріңдер. Хат қорытсын. Содан кейін алып келесіңдер!» – деп ертіп жіберді. Берген хаттарын дереу өңдеп, қайтарып бердім. Көз жүгіртіп шыққан ағамыз сөзге келмей бастыққа қайта кіргізді. «Мына баланың жазғанын түзетуге менің шамам келмейді!» – демесі бар ма. Осылайша бар-жоғы 15 жасымда газеттің тілшісі болып шыға келгенмін. Көркем әдебиетке, жазуға, сөз өнеріне деген құштарлық бала кезден кітаптан кітап қоймай, үйге келіп жататын тау-тау газеттерді түбіршегіне дейін тауыса оқығанымның арқасы деп топшылаймын. Кейіннен ҚазМУ-дың журналистика факультетінде, Алматы партия мектебінде оқыдым. Облыстық телерадиодан бастап, Қазақ радиосының бас директоры, телеарнасының бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі және біршама басылымдарда жауапты қызметтер атқардым. Байқап отырсам, қызмет жағынан да кенде болмаған екенмін және қай жерде еңбек етсем де жақсы адамдармен жұптаса жүріппін.

– Сол қызметтеріңіз шығармашылығыңызға кесірін тигізген жоқ па? Жалпы, ақын үшін ең жемісті жылдар қай кезең?
– Жүректің оты басылмаған кез. 25-тен бастап 30 бен 40 нағыз жазатын шуақты шақ емес пе. Қазір өлең жазбайтын болдым. Жазбайын демеймін-ау, өлең құрғыр келмей қояды. Ал жоқты-барды жиып өлең құрау – маған жараспайтын қылық. Әрине, айтарымды Жаратушы аузыма салып жатса тартынайын деп отырған жоқпын.

– Қазақ қаламгерлерінің ішінде кімдермен жақсы араластыңыз?
– Мен қатарлас-замандастарымның бәрімен жақсы қарым-қатынаста бол­дым дей аламын. Жаңағы айтқан Сәкен Иманасов, Қадыр мен Тұманбай, Несіп­бек ақын, Мұхтар Мағауин пікірлес, ниеттес болған жандар еді.

– Жүрсін аға, мына қоғамның беталысы қалай өзі? Мемлекетіміздің, жастардың, тіліміз бен салт-дәстүріміздің болашағы сізді алаңдатпай ма?
– Үйде ана тілінде сөйлеп кеткен бала қазақ балабақшасына барып, орысша сөйлеп келетінін көріп жүрміз. Дегенмен, ілгерілеу бар. Салт-дәстүріміз де тұғырынан құлай қойған жоқ. Балаға жеті атасын білуді үйреттік. Хандық құрғанымызға 550 жыл, Алтын Орда мемлекетінің негізін қалаған Жошы ұлысына 800 жыл болған екен. Жас мемлекет, өркенді ұлт екеніміз рас. Ендігіде біз осы құндылықтарымызды сақтап, одан әр дамытуға үлес қосуымыз керек. Біз өткізіп жүрген айтыс та аталған мақсатты жүзеге асырудың алғышарты саналады.

– Жүрсін аға, сіздің Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейсуспен құдандалы болғаныңыз қоғамда көп талқыға түскен тақырыптардың бірі болды. Осы жайды және отбасыңыз турасында тарқата айтсаңыз?
– Отбасымда Бақытжамал атты әйелім, екі қызым мен бір ұлым бар. Бақытжамал елімізге белгілі диктор болып еңбек еткен. Балалардың бәрі отбасылы. Үлкен қызым – Қызғалдақ біраз уақыт менің жолымды қуып, «Хабар» арнасында айтыстың телевизиялық нұсқасын жасады. Екінші қызым – Ардақ Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің тіл-әдебиеті факультетінің орыс бөлімін бітірген. Бәрі ана тілдерін жетік біледі. Ұлым жоғары білім алғаннан кейін көлік сатумен айналысатын «Вираж» компаниясының директоры қызметін атқаруда. Құдайға шүкір, балаларымыздан он шақты немере сүйіп отырған жайымыз бар. Немере қызым Айдана шет елде білім алып, сол жақта Бірікен Ұлттар ұйымының бөлімшесінде еңбек етіп жүрген болатын. Өзің айтқан Тедрос Гебрейсустың ұлымен сонда танысып, отбасын құруға шешім қабылдапты. Қазақта «Кетем деген қызды әкем десең де тоқтата алмайсың» деген сөз бар емес пе. Жастардың көңілі жарасқаннан кейін батамызды бердік. Бүгіндері Женевада әке-шешесімен бірге тұрып жатыр.
Құдамызды қазақы дәстүрмен қарсы алып, дастарқан жайғанбыз. Олар жылқының етін, қойдың басын жемейді екен. Құда болғаннан кейін мен соның бәрін алдарына тарттым. Осылайша, қазақы астың дәмін таттырып жібергенбіз. Анда-санда қызымызға жылқының қазысын жөнелтіп тұрамыз. Соған қарағанда қазақтың таңсық асы оларға да ұнаған болуы керек. Біз ол жаққа барғанда өз дастархандарынан дәм таттырады. Біздің тәбетімізді аша қоймайтын тағамдар болғанымен, құрмет үшін ауыз тиген боламыз. Жалпы, ұлты эфиоп демесең, өзіміз сияқты қарапайым да көпшіл адам. Өткен жолы Қазақстанға келгенде «Жүрсін құда!» – деп өлеңімді жатқа оқып, жар сала келді емес пе. Осылайша, шет елмен де жегжат болып жатқан жайымыз бар.

– Келер күндерге жоспарлап отырған жұмыстарыңыз бар ма?
– Әрине, бар. Менің жұмысым негізінен айтыс дейтін болсақ, жақын күндері Шымкентке барып, қала күніне арналған айтысты өткізбекшімін. Одан кейін 20-шілдеде Ақсуаттағы Дулат бауырымның жылдағы дәстүрлі айтысы кезек күтіп тұр. Оған 5 «Алтын домбыра» және 5 «Асыл домбыра» байқауларының жеңімпаздарын апармақшымыз. Керемет сөз өнерінің мерекесі болады деп ойлаймын. Қалғанын келер күннің шапағатынан көреміз де. Ең бастысы Құдай қуат берсін!
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!

Сұхбаттасқан
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір