Біздің роботымыз – біздің досымыз
Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте World Robot Olympiad аясындағы робототехника бойынша ұлттық чемпионат өз мәресіне жетті.
– Роботтар БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетеді, – деп атап өтті NIS Ақпараттық технологиялар және қызмет орталығы директорының орынбасары Азамат Биданов «Хабар 24» республикалық телеарнасына берген сұхбатында:
– Белгілі бір чемпионаттың тақырыбы жаһандық күн тәртібіне сәйкес анықталады.
WRO-2022 тақырыбы роботтарға арналып, қисынға сай «Менің роботым – менің досым» деп аталды. Олимпиада төрт санат бойынша өткізілді: Future Engineers, Robomission (жас ерекшеліктері бойынша үш топ), Future Innovators (жас ерекшеліктері бойынша үш топ), Robosports.
2022 жылғы байқаудың басты мақсаты – роботтардың адамзатқа қалай қызмет ете алатындығы және осы ынтымақтастықты қалай қауіпсіз етуге болатындығына байланысты. Робототехника мен жасанды интеллект күн сайын әлемді өзгертуде, сондықтан командалар күнделікті өмірде адамға қамқорлық танытып, құтқара алатын немесе қызмет көрсететін роботтарды құру міндеті тұрды.
– Роботтар әлемді жаулайды деген сенім – миф, олар болашақта адамдарға көмектеседі, себебі роботтарды жасаушылар басқарады, – дейді Мирас Кеңес. Ол командалық әріптесі Амир Қарабаевпен елордадағы танымал «Роботек» мектебінің атынан қатысып, WRO-2022 чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Ұлттық чемпионатта ұсынылған жобалардың тақырыптары жас робототехниктердің өршілдігі мен үздік білімін, сондай-ақ қызығушылықтарының алуан түрлілігін дәлелдеді. Роботтардың көпшілігі бүгінгі заманның басты трендтері – медициналық, экологиялық және әлеуметтік басымдықтарға арналды.
– Бір адамның өмірін құтқарған жан бүкіл әлемді құтқарады, – дейді Павлодардағы Зияткерлік мектеп оқушылары Аида Абкенова мен Шахназар Сайлаукан. Олар – Rehabis бірегей медициналық жобасының авторлары, бұл ишемиялық инсульттан кейін оңалтуға арналған көп функционалды жүйе. Аида мен Шахназар – ұлттық чемпионаттың «Future Innovators. Senior» номинациясы бойынша жеңімпаздары.
WRO-2022 қатысушылары Талдықорғандағы NIS түлегі Даниил Филимоновты робототехника мен мехатроника саласын игеріп жүрген Назарбаев Университетінің студенті ретінде қарсы алды. Даниил ел ішінде және олимпиадалық қозғалыста көптеген республикалық чемпионаттарда иеленген жетістіктерімен танымал, ол 2019 жылы Венгрияның Дьор қаласында өткен WRO сайысының әлемдік кезеңінде қола жүлдені еншіледі.
– Олимпиаданың офлайн форматта ұйымдастырылғанына, сондай-ақ пандемия кезінде бізге жетіспеген атмосфераны сезінгеніме қуаныштымын, – деп мойындады Даниил:
– Мен өзімнің тренерім Николай Авдюнинге көмек қолын созып, балаларға қолдау көрсетуге келдім. Чемпионаттағы айтарлықтай жетістіктерді байқадым: роботтар Arduino-да жасалуда, машиналық көру және нейрондық желілер енгізілуде, оқушылар өз жобаларын театрландырылған көріністер арқылы қорғауда. Қазақстанда робототехника, соның ішінде білім беру робототехникасы пандемиядан кейін қайта жаңғырып келеді.
Талдықорғандағы NIS робототехниктерінің еліміз бен әлемдік деңгейде өткен WRO чемпионаттарындағы бірегей жетістіктерін әр өңір қатысушылары қайталағысы келеді. Сондықтан танымал тренер әрі информатика пәні мұғалімі Николай Авдюниннің кәсіби кеңестері тек қана балаларға ғана емес, сондай-ақ ересек адамдар үшін де өте қызықты. Чемпионаттар әрқашан ашық шеберлік сабақтары мен үздіксіз жаттығулар негізінде өтеді, байқау барысында тренерлер де, қатысушылар да бәсекелес достарының ерекше жобаларынан, жетістікке жеткен жас робототехниктермен тең дәрежеде қарым-қатынас орнату үрдісінен және жалпы олимпиаданың шығармашылық атмосферасынан шабыт алады.
Дәстүрге сай достар, түлектер мен ата-аналар дарынды балаларды қолдау тобының қатарын толықтырады.
Алматыдан бірлігі жарасқан Рахимбердиевтер отбасы ұлттық чемпионатқа қатысып жатқан Альфия мен оның командалық әріптесі Адельдің жобасын қолдауға келді. Альфияның әкесінің айтуынша, туыстары оның робототехникаға деген қызығушылығы болашақ мамандықты таңдауына әсер ететіне сенімді.
Робототехника бойынша олимпиадалар республикадағы басты телеарналардың прайм-таймында әрқашан сұранысқа ие. Дәстүр бойынша байқау барысында «Хабар» және «Хабар 24»-тің жаңалықтар шығарылымы тікелей эфирге қосылды.
– Бүгінгі чемпионат сияқты іс-шаралардың түсірілімнен үлкен шабыт аламын. Болашақта жас роботшылар Қазақстанның даңқын дүние жүзіне асқақтатады деп сенемін. Әсіресе, ауыл-аймақтардан дарынды балалардың келгені қуантады. Тағы бір нәрсе – мен көрген жобалар өз авторларының жасынын асып түседі, балалар роботтарды жоғары деңгейде жасап жатыр, – деп «Qazaqstan» ұлттық арнасының таңғы эфирінен ақпар тарататын елге танымал тележүргізуші Дастан Мүрсәлім өз әсерімен бөлісті.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бастап World Robot Olympiad-тың Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі ретінде қызмет атқарады, осы уақыт аралағында елімізде робототехника мен олимпиадалық қозғалысқа деген қызығушылық айтарлықтай артты, барлық облыста жас таланттардың ерекше әрі тың жобалар жасауына мүмкіндік беретін үйірмелер, секциялар мен мектептер саны өсті.
Өңірлік жарыстардың нәтижелері бойынша жүзден астам команда ұлттық чемпионатқа жолдама жеңіп алды, олардың жартысынан көбін жалпы білім беретін мектептер, соның ішінде ауылдық оқу ордалары құрайды. WRO-2022 чемпиондары қатарында «Robomission. Elementary» аталымында бірінші орын иеленген Қарағандыдағы Осакаров ауданының оқушылары Илья Кацапов пен Ратмир Доминов бар.
WRO-2022 ұлттық чемпионатының жеңімпаздары: «Future Engineers» категориясында Павлодардағы мамандандырылған әскери мектеп-интернаты оқушылары Дәурен Игілік мен Серік Кабдурашит, «Future Innovators. Elementary» категориясынында NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары Жанел Жансат пен Өмірзақ Асыл, «Future Innovators. Junior» категориясында Талдықорғандағы Зияткерлік мектептің жас робототехниктері Іңкәр Құрманбаева мен Жәния Жұматай, «Future Innovators. Senior» категориясында Павлодардағы NIS оқушылары Аида Абкенова мен Шахназар Сайлаукан, «Robosports» категориясында Шымкенттегі №2 мамандандырылған мектеп-интернатның оқушылары Олжас Тойлыбаев пен Әмина Қаныбек, «Robomission. Elementary» категориясында Қарағандыдағы Осакаров ауданының оқушылары Илья Кацапов пен Ратмир Доминов, «Robomission. Junior» категориясында елодадағы «Роботек» мектебінің жас таланттары Вагиз Дисембаев пен Жанарыс Капаров, «Robomission. Senior» категориясында Оралдағы Зияткерлік мектеп оқушылары Дархан Тыныштық және Арсен Есенғалиев.
«Robomission», «Future Innovators», «Future Engineers» санаттарында олимпиада чемпиондары арасынан оқу-жаттығу жиынынан кейін қараша айында Германияның Дортмунд қаласында өтетін WRO-2022 байқауының әлемдік кезеңінде өнер көрсететін ұлттық құрама жасақталады.