Құдірет
12.03.2024
245
0

 

Бұл өмірде шын құдірет іздесең,
Баламаны таппақ болсаң Күнге сен…
Сыйынатын тәңірменен теңесер,
Тіршіліктің тұлғасы ол – кім десең,
Ана дер едім!

Інісіне тек жақсылық қалаған,
Шырылдайтын қорғамақ боп жаладан.
Бауыр еті – бауыры үшін қашанда,
Отқа, суға түсуге де бар адам –
Әпке дер едім!

Асқар таудай қорғаны деп сенетін,
Мейірімен шуақ нұрын төгетін,
Жатжұрттық боп өзге жанға кетсе де
«Ағатайлап» сағынышпен келетін –
Қарындас дер едім!

Олар үшін кейде алатын тілеп мұң,
Жолдарына келетін тек гүл еккің…
Бірде – ақын, бірде – батыр жасайтын,
Жиілетіп дүрсілін көп жүректің –
Ару дер едім!

Ләззаты мен қуанышын татып мың,
Бірге мәңгі өткізетін жақұт күн,
Бөлісетін қайғы менен мұңыңды,
Сездіретін шұғыласын бақыттың –
Жарың дер едім!

«Балапаным» деп мейірін төккізген,
Әке болып маңдайынан өпкізген,
Тілеуің де, тынысың да сол болып,
Жан жылуы қорғап жүрген көп күзден –
Қызың дер едім!

Тіршілікті тіршілікке жалғаған,
Бітпейтұғын арналатын арман ән…
Нәзіктікпен айналаны нәзік қып,
Сұлулықпен дүниені қорғаған –
Әйел дер едім!

Қуат ӘБІЛҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір