Ұлттық баспасөз ұстанымы
Қазақтілді баспасөз Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ Мемлекет, Жер, Тіл, Ел және Дін мен діл тарапындағы ірілі-ұсақты барлық нәрсеге шынайы жанашырлықпен қарап келеді. Қазақстанда шығатын газет-журналдардың меншік түріне қарамастан осындай қабырғалы қағидатқа адалдығы білінбей отырған жоқ. Республикалық басылымдардың бәрі, аймақтық БАҚ-тың дені осы мәселелерге келгенде бірауыздылық танытады. Бұл – біздің ұлттық баспасөздің басты ұстанымы. Мұны қадірлеу керек.
Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің
Бас редакторы
Қазақ тілінде де күреп ақша табатын жекеменшік газет шығаруға болады. Оның бетінде ұят-аятты жиып қойып, жалаңаш қыздар мен ессіз еркектердің түрлі қылығын немесе арзан, жалтылдақ пен жылтыраққа толы тірлікті сөз етуге талай журналистің шамасы келеді. Кезінде мұндай басылымдар жылт етіп көрінді де біреу үрлеп өшірген балауыз шамның жарығындай жалп етіп өшті де жоғалды. Неге? Қазақ «Сөзде кие бар» деп біледі. Ал сөздің киесі ұрса не болады? «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деген дана халқымыз. Сондықтан сөз атаулыға абай болу керек. Ауыздан шыққан сөз заттанады. Заттанған соң не тоттанады, не уыттанады… «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген ұстаным жақсы ғой!
Ұлттық журналистика тек ақпараттық бағытта болмауы қажет. Қазаққа Ағартушылық бағытта өмірбақи бесік тербету ісі бұйырған. Біз көп жағдайда әлемнің алға кеткен елдерінен кешеуіл тартып, ұлы Уақыттан кешігіп келе жатқан ұлтпыз. Осы орайда біздің алдымызды орап кеткен елдердің жолын ұғыну және ұғындыру үшін де талай «тіл сындыруға» тура келеді. Әсіресе, экономика саласында көптеген жаңа ұғымдар мен түсініктер, терминдік сөздер қолданысқа еніп жатыр. Оларды халыққа барынша байыптап түсіндіріп беру – баспасөздің төл міндеті.
Біздің ұлттық баспасөз Таным деген тарапта ешуақытта тізгін тарта алмайды. Таным – тармақты ұғым. Қазір әлем күніге мың рет өзгеріп жатыр. Бір жаңалықтан соң бір жаңалық. Тіпті, қаптаған жаңалықтарды ой тезіне салып, қорытып та үлгермей қаламыз. Ел-жұрттың таным-түсінігі ойлы деректерге, нәрлі ақпараттарға зәру. Бұл жағынан да бізге талмай жұмыс істеу бұйырылған тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық баспасөз ұстамды, ұнамды, ұлағатты болуы қажет.