«Қасқыр тірлік», «Қар қызы» және «Батырбектің хандығы»
27.06.2022
2319
0

«Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалінен түйген ой

Ел ішін жайлаған екі жылдан кейінгі індеттен соң қалыпты өмір қайта жалғасып жатыр. Осы күні қай қиырға қарасаң да жамырай табысып, қаушып жатқан жұрт. Сондай бір жарқын жүзді кездесу, сағынышты сарқып сырласу Шығыс Қазақстан облысында, облыс орталығы Өскеменде өтті.

Электронды пошта арқылы қолымызға тиген шақыртуды шолып шыққан бойда, «сөз жоқ, Аға-жай Алтайға баруымыз керек» деген шешімге келіп те қойғанбыз. Оның үстіне Алматы мен Елордадан жиылатын қонақтарды Әлібек Асқаров бастап жүреді екен. Демек, «Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалінің мазмұнды, мәнді болып өтетіні бесенеден белгілі еді. Аталған фестивальмен қатар жергілікті жазушы һәм ақын Әлібек Қаңтарбаев ағамыздың мерейтойы қатар тойланбақшы… ал бұл іздегенге – сұраған: Әлекеңді бір көріп қолын алсам, әңгімесін тыңдасам деп жүруші едім.
Әлібек Қаңтарбаев – облыстық газетте ұзақ жылдар қызмет атқарған баспасөз майталманы. Бозбала шағынан шырқап шыққан жап-жас ақын Ұлықбек Есдәулетті «Ұлаға» атандырғандардың бірі осы – Әлекең. Әлекеңді Өскеменде тұсап қалған тұяққапты тірліктің талабы деп білеміз, әйтпесе ол кісінің есім-сойы Оралхан, Қалихандармен қатар аталар ма еді, кім біледі…
Құрметті, оқырман! Өзіңіз іштей бағамдап, байқастырып қараңыз, мынандай жолдардың авторы қалайша қазақ әдебиетінің аламанына олжа салмауы мүмкін?
«Топ бастаған Көкжалдың аш құрсағын ауылдың түтінімен қабаттаса өрілген жып-жылы ас иісі қытықтап, тым еліртіп жіберді. Көзіне қан толды. Қораның қамшылар жағынан шәу етіп шыға келген жүндес қаншықты қазандай кеудесімен соғып құлатты да екінші рет дыбыс шығаруға жеткізбеді: Көкжалдың семсердей азу тістері қақырата осқан қаншықтың ішек-қарыны ақтарылып түсті. Бу атқақтады». (Ә. Қаңтарбаев. «Қасқыр тірлік»).
Әрине, Әлібек Қаңтарбаев – ел-жұртына қадірлі қаламгер. Шығыс байтағы Әлекеңнің сөзі мен ісі үйлескен азаматтық келбетіне сүйсінеді, құрметтейді. Орысқолдау облыс әкімі Даниял Ахметовпен де арасында сыйластық, түсіністік әбден қалыптасыпты. Әкіммен байланысын Әлекең иіп әкеліп орысы шимандай Шығыста ұлттың мүддесіне, ұлттық әдебиеттің мүддесіне жұмсап отырғанын сапарымыздың барысында анық байқадық. Өскеменнің жас қаламгерлері қарт Қаңтарбаевты алға салып өлең мен өрнекті сөздің туын көтеріп келе жатыр екен. Жастардың сондай жалынын біз кездесулер кезінде, мысалы, Өнер мұражайында, Тарихи өлкетану мұражайында, «Төр Алтай жырлайды» фестивалінде көрдік, соған іштей сүйсіндік. Бұрын Өскеменге, осындай жиындарға ат арытып барғанымызда, көзін төмен салып үндемейтін жұрттың әлдекімдерден, әлдебіреулерден ыққандай күйін байқайтынбыз. Енді сол күй, сол ахуал мүлде өзгеріпті. Шығыста қазақ рухы ояныпты!
«Шығыста қазақ рухы ояныпты» деп, тап қазір жанымыздан жаңалық ашқандай боп отырғанымызбен, бұл өлкені ұйықтатпай, қалғытпай, қайғы-қасыреттің қаратеріңіне қалдырмай аман алып келе жатқан бір құдірет бар. Ол – қарасөздің құдіреті. Ол – аймақтан азуын айға білеп туған қазақ қаламгерлерінің сөзі. Ол – Алтай.
Аспанның төсін арда емген Алтайды қазақтың мұңы мен шерін шертер шежіреші қартына ұқсатамын кейде. Сондайда ойыңа Оралхан Бөкеевтің «Қар қызы» хикаяты, хикаяттағы қорқынышты қаһарман Қоңқай оралады. Қоңқайды жалпы оқырман қауыммен бірге әдебиет сыншылары жағымсыз кейіпкер тұлғасында таниды. Солайы солай шығар, бірақ мен Қоңқайды Алтай тауының иесі деп білемін. Қоңқай – тау иесі. Қасырет көрген, азап шеккен, басынан небір зұлматты замандарды өткерген Алтайдың адам сипатындағы иесі – Қоңқай. Сондықтан да ақтүтек боранда адасқан үшеуді мазақ қылады, қорлайды ол. Тура Алтай тауының дүлей табиғатындай мінез көрсетеді. Ал адасқан үшеу адасқақ тағдырлы қазақтың басындағы кепті кешуге тура келген қорғансыз жандар еді. Шебер жазушы соны, сол шындықты оқырманға астарлап, әдебиттегі түрлі тәсілдерге салып түрлендіре жеткізеді.
Сырттай қарағанға Қоңқай – тау сағалап жан баққан жалмауыз шал. Біреудің әлпештеген қызын бауырына басып, жас өмірін қор қылады. Адасқандарды албастыдай арбайды. «Қоңқайлар өлмейді», – дейді күркіреп. Социалистік реализм өзіне керекті осындай-осындай шындықты ғана көрді де, хикаяттың қуатты поэтикасына тереңдеп бара алмады. Ал, «Қар қызы» тым астарлы хикая еді. Тегінде, астарсыз жазылған туынды астары ақтарылған көрпе сияқты: жайып отыра алмайсың, жамылып жата алмайсың.
… Георгий Гребенщиков. Алтайды, Алтайды мекендеген қазақтардың қасыретін ертеректе жазып, тасқа басқан ғажап жазушы. Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданындағы Николаевка кенішінің маңындағы Каменевка селосында 1883 жылы дүниеге келіп, 1964 жылы АҚШ-та қайтыс болған. Ол да Оралхандар сияқты өле өлгенінше Алтайды сүйіп өткен, Алтайды жырлаған, сосын… қазақтар туралы жазған. Қара шекпенділердің қазақтың жерін тартып алып қан-қақсатқанына қаны қарайып отырып жазған. «Батырбектің хандығы» хикаятында жазушы мынандай аянышты көріністі көз алдымызға таратады:
«Батырбек қартайып, еңкеш тартқанымен, жетекшілік қату шырайын жоғалтпаған: үстінде қой терісінен әдемілеп тігілген бешмет, басында түлкі тұмақ, аяғында үлкен саптама. Ол шанаға жегілгенімен, арқасынан ертоқымы алынбаған алдыңғы аттың тізгінінен ұстап тұрып, әкелген отындарын жаратпаған приказчикке күле қарап, барлық тіл байлығымен отындарының жарамдылығын дәлелдеп бақты:
– Неге плохой?.. Короший – сам сабирал! Дале-ко на сопки лазил, шубу рвал… Парен лазил, бабы лазили, вся семья лазили – есть хочем!.. Неге плохой?..
Дүкеншінің ықыласын өзіне аудару үшін ақсүйекке біткен аппақ саусақтарымен кеудесін сипалай тұрып, мүсіркейтіндей дауыспен жалғыз ауыз жаттап алған орысшасын қайталай береді:
– А? Пожалыста, спасиба! Пожалыста, спасиба!
Анандай жерде өзіне ештеңенің қатысы жоқтай, мойнын төмен салбыратып тұрған сырықтай ұзын, қап-қара болып тотыққан, жабырқау жүзді адам – атақты Бекмырза ханның немересі Ысқақ еді…».
(Г. Гребенщиков. «Батырбектің хандығы». Қазақ тіліне аударған Айтмұхамбет Қасымұлы).
Кездесулер мен жиындардың арасында уақыт тауып оқыған хикая­тымның соңы осылай аяқталады. Бұл бір көңілді көрдей жапқан өмір шындығы болғанымен, жүзінде нұрлы Күннің алауы ойнаған бүгінгі шығыстық жастарға қарап: «Ендігі Ысқақтар басқаша болады», – дей беріппін.
«Қасқыр тірлік», «Қар қызы» және «Батырбектің хандығы» мен «Төр Алтай жырлайды» поэзия фестивалі маған осындай бір ой салды…

Дәурен ҚУАТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір