Ұлу ма? Қасқыр ма? Айдаһар ма?
29.12.2023
427
0

Түркі мен парсы елдеріне ортақ Жаңа жыл – әз наурыз мерекесі алда десек те, енді бірер тәуліктен соң тарихта жаңа күнтізбенің алғашқы парағы ашылады. Сөйтіп, ресми түрде Жаңа жыл басталады. Осы Жаңа жылды біреулер «ұлу жылы» деседі. Ұлу аты Алматыдағы Орталық саябақта орын тепкен жыл иелеріне арналған кешенді ескерткіште жазулы тұр. Құны 1 миллиард теңгеден асып жығылған әлгі ескерткішті кезінде сабаннан кептеп, тиіннің мүсінін тұрғызған атышулы Бауыржан Байбек соқтырған көрінеді.  
Жыл иелері жағалай орналасқан ескерткіштің тап ортасынан Батысқа қарап мүлгіген жарықтық түйені көреміз. Түйенің төбесіне шығып алған тышқан Күншығысты көздеп отыр. Бұл жерде бойына сеніп жылдан құр қалған түйе Батыс пен Шығысты айыра алмайтын «надандау» жануар ретінде көрінеді. Әлде оның теріс баққан түрін жұртты күлдіру үшін кескіндеді ме екен?
Түйе мен тышқанды осы араға қалдырып, біз енді ұлуымызға оралайық. Түркі күнтізбесіндегі жыл иелеріне арналған ескерткіштегі «Ұлу» деп жазылған тастұғырдың үстінде жылбысқы ұлу (улитка) емес, қайқайып өзіміздің қасекең – қасқыр жатыр. Жыл атауы «ұлу» деп жазылса да, ұлудың бейнесінің орнына бөрінің басы таңбаланған. Әйтсе де, ескерткіш авторлары аса қателесе қоймаған сияқты. Өйткені, жәндік түркі күнтізбесінде де, қытай күнтізбесінде де жыл иесі бола алмаған. Түбі түркі, тамыры алтайлық қырғыз туғандарымыз ұлу жылын кейде «балық жылы», кейде «аждаһа жылы» деп атап жүр. Алтайлық түркілер жыл санауымыздағы бесінші жылды «улуу жылы» дейді екен. Енді біздің сөзтанушылар «улуу»-ді «ұлыманың жылы», яғни «қасқыр жылы» деуге көшкен.
Құрметті, оқырман! Біздікі бесінші жылдың иесі – ұлу немесе қасқыр деп қарап отыру емес. Бірақ мынаны ескертеміз. Жаратылыс тылсымына жақын өмір сүрген бабаларымыз 12 жылға тұқымдас, тектес екі жануарды, болмаса, хайуанды, өзге де мақұлықатты кіргізбегенге ұқсайды. Егер улуу қасқыр болса, жыл иелерінің қатарында ит те бар. Ал ит пен қасқыр тұқымдас, тектес жыртқыш аңдар (иттің алдымен жабайы болғанын ұмытпайық). Ендеше, ұлуымыз айдаһар шығар? Ұлу айдаһардың эвфемизм жанама атауы болуы да ықтимал. Бірақ біз неге жылан, айдаһар атынан ат- тонымызды ала қашамыз? Мұның себебін ғажап мифолог Серікбол Қондыбай былайша түсіндіреді:
«Зұлымдық» мәселесі – араб-парсы санасының о бастан жыланға, жылан текті мифтік тұрпаттарға қарсы болуы, сондықтан парсылардың зороастризмі де, кейінгі исламы да жыланды жағымсыз сипатпен берді, парсының ертегілік фольклоры мен жазба әдебиетінде де жылан – зұлымдықтың символы болып қалыптасты да, парсы әдебиетінің, тілінің Орта Азия мен далалық көшпелілер дүниесінде ықпал етуі заманында, олардың да, оның ішінде қазақтардың да фольклорында жылан мен айдаһарға, «ол – абсолюттік зұлымдық символы» деген көзқарас қалыптасуына себепкер болды».
Сонымен алдағы жыл «ұлу жылы» ма, «қасқыр» ма, «айдаһар жылы» ма – жоғарыдағы сөз болған жайттарды салыстырып, әркім өзінше ой түюге ерікті.
Күнтізбелік ресми Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір