Мәжнүн және қасқыр
«Шын ақын 50-ге келген соң, өлеңді қою керек!»
А.С.Пушкин
Жамалдың небәрі екі балы жетпей, өзі қалаған университетке түсе алмады. Іші удай ашып, делсал болып, не істерін білмей тұрғанында, қасында тұрған сары қыз:
− Менің де жолым болмады, екі балл жетпей қалды. Бірақ мына жоғары оқу орындарына осы балмен түсуге болады екен − деп, дәптерін ашып, бір тізімді көрсетті.
Жамал:
− Рақмет! Көрсем бола ма? – деп, қыздың қолындағы тізімді алып, ары қарап, бері қарап, атағы дардай университеттің бір факультетін таңдай салған… «Оқуға түспей қалды!» дегеннен жақсы ғой… бітірген соң, көрермін!» деген оймен, құлазып тұрған көңілін сәл демдегендей болды.
Мұнай саласының маманы болады екен. Түсуі оңай болғанмен, оқуы қиын болды. Сабақтың көбі орыс тілінде жүреді. Бірге оқитындардың көбі екі иығын жұлып жеген мұнайлы өңірден келген жігіттер. Жамал да намысына тырысып, көз майын тауысып, кітапханадан шықпай жүріп, олардан қалыспады. Тіпті Қошқарата деген жерге барып, қап-қара майды жеті қат жер астынан қалай шығаратынын да көрді. Мұнай соратын алпамсадай «качалка» деген түн ішінде бағзы заманғы динозаврлардай мойны сорайып, қорқынышты көрінетін құрылғылармен танысып, тәжірибеден өтті.
Өзімен бір курста оқитын Жолан да барған. Араларындағы мектепті «Алтын белгімен» бітіріп келіп, оқуға түскен, үздік оқитын студенттердің бірі. Адамды өзіне тартып тұратын бір қасиеті бар… Тұңғиық, ойлы қара көзі ме, жоқ, қайратты құндыздай қапқара шашы ма, әйтеуір, бір тылсым күш Жамалды өзіне қарата беретін. Сүзіліп өзіне қарай беретін осы қыздан қашқақтап, ол қасына көп жоламайды. Бойшаң, ірі денелі Жамал келе жатса, әйтеуір, ебін тауып, кетіп қалатын. Бұны Жамал да талай рет байқаған…
Бірақ ішінен қанша өзінің намысын қайрап, «қарамайын, нем бар осыда?» десе де, бүкіл жан дүниесімен оның қайда тұрғанын, қандай киім киіп келгенін, қалай күлгенін, қалай сөйлегенін, кімге қарағанын көкірек көзімен, түп санасымен көріп тұрады… Оны тіпті алыстан көрсе де, жүрегі кеудесіне сыймай атқалақтап, көзінің алды буалдырланып, денесі бір күйіп, бір жанады… Өзін өзі қолға алып, сан мәрте өзін өзі тоқтатып, «несіне іздеймін соны!?» десе де, жанарының сол жаққа қадалып тұрғанын өзі де байқамай қалады…
Үшінші курсқа көшкенде, осы сезімі өлең болып төгілді. Күні-түні сол туралы ойлайды, сол туралы сезімін ақ қағазға түсіреді… Кейде қолы бос кезде, институт алдындағы орындықта отырып, жатақханаға кешке бірақ келеді. Оны ақша бұлттардың арасынан көреді, барлық жерден іздейді, ойынан бір сәт шықпайды…
Тіпті оның қай кезде спортзалда болатынын, қай кезде қай кітапханаға баратынын жатқа біледі. Сол отырған, сол жүрген жерге жақынырақ отырып, оның не істеп отырғанын бар болмысымен сезіп тұрады, көкірек көзімен көріп, санасымен біліп тұрады.
Турникте оның жап-жас денесі серіппеше серпіліп, неше мәрте шыр айналғанына сүйсіне қараса, алаңда допты лақтырғаны жас барыстың атылғанындай көрінетін, ал кітапханада ол қаламсабының басын тістелеп, алдындағы кітапқа еңкейіп отырғаны бейкүнә періштенің отырысындай әсер ететін… Қараса, қарай бергісі келеді, іші-бауыры елжіреп, жүрегі лүпілдеп, өңі бір қызарып, бір бозарып, көзі тоймайды…
Әйтеуір, қай кезде көрсе де, жандүниесін астан-кестен қылып, қызық күйге түсіретін бір күш бар…
Бүкіл жанжүрегімен діріл қағып, жүрегі кеудесіне сыймай, торға түскен торғайдай тыпырлап, оған ұрланып, мейірлене қарайды… «шіркін-ай, шашынан бір рет сыйпар ма еді?» деп армандайды… Ол жүрген жерде бұл да жүріп, сыртынан көріп, қарап отырғанының өзі тағдырдың бір үлкен сыйы, шексіз тартуы сияқты қабылдап, өзін бақытты сезінетін… Ол туралы жазып жүрген күнделігіне күнін, айын, жылын, сосын… «Мен оны көрдім. Бақыттымын!» деп жазып қоятын…
Бірақ анық білгені – Жолан бұған жоламайды, тіпті мойнын бұрып қарамайды, бұның өрттей жанған сезімін байқамайды…Қашады…Сөйтіп жүргенде, күлсе, отыз екі тісі түгел көрінетін, тау-кен факультетінде оқитын, ұзын бойлы, ақ құба Омар деген жігітпен орталық кітапхананың астыңғы қабатында орналасқан асханасына барғанда танысты. Қайда барса да, екеуінің жолы түйісе беріп, жатақханаға бірнеше рет бірге келді. Бір күні Омар:
− Ылғи қалың ойда, қолыңнан блокнотың түспей, жазып отырасың. Не жазасың? – деді.
− Өлең, – деді ұялып.
− О, ақын екенсің ғой! Оқып бересің бе? – деді.
Жамал не істерін білмей, екі ойлы болып, абдырап қалды. «Өлең жазамын деп несіне айттым? Енді қылымсығандай болмайын… Оқымасам, болмас!» деген оймен сөмкесінен блокнотын алды. Ынтыққан көңілінің сағынышын, мазасы кетіп, оны іздеген жүрегінің дүрсілін, жауапсыз махаббатының азабын, қаңғырып қалған жан дүниесінің құлазуын жазған бір-екі өлеңін оқып берді.
Үнсіз тыңдаған Омар:
− О, тамаша өлеңдер! – деді. – Жауапсыз махаббат… Жақсы жеткізіпсің… − Омар ыңғайсызданғандай жымиыспен Жамалға қарап, – осы жырларыңды арнаған сол бақытты адам кім екен? Білуге бола ма? – деді.
Жамалдың беті ду ете түсіп, денесі бір ысып, бір суып кеткендей болды. Тамағын кенеп:
− Абсолют махаббат қой, – деді, – көзінің қиығымен Омарға қарап, – оны ілуде бір адам ғана сезеді әрі мойындайды екен… Сирек кездесетін ауру сияқты…
Сендер, жігіттер ғана ғашықтық жырларын, пәк сезімін ашық білдіре алады деп ойлайсыңдар ма? Жоқ, сол сезім қыздардың да басынан өтеді… Бірақ олар білдіруге ұялады. Менталитет…
Бұл – бақ па, сор ма білмедім… жеткізе алыппын ба? – деді үлкен қара көздері боталап…
− Иә, сездім, − деді Омар. – Сен бұл өлеңдеріңді жинай берме! Талантты жастардан ақылын да, көмегін де аямайтын ақын әйел бар. Өзі бас редактор, біздің жақтың түлегі… құмды өңірден шыққан дегенім ғой… Сол кісіге көрсет, не дер екен? Қаласаң, ертіп барайын! Бізбен туыстығы бар адам, − деді.
Омардың ақылымен ол кісіге де барды. Сұсты әйел екен. Біраз өлеңдерін республикалық баспасөз беттеріне жариялатты. Газет беттерінен өзінің суретін, жазғандарын көргенде, жан сырын бүкіл ел біліп қойғандай, бір жайсыз сезімде болды… Бірақ осыдан кейін жас ақын ретінде танылып, курстастарының арасында беделге ие болып, жас қаламгерлердің бас қосқан жиналыстарына, іс-шараларына шақырылып отыратын болды.
Сонымен, осы кездесулердің соңы достыққа, ақыры үлкен сезімге ұласып, Омар екеуі қол ұстасып, өмірге бірге қадам басты…
Оның әке-шешесі қарапайым, жайдары адамдар екен. Қазақы қалыптағы Жамал олардың көңілінен шығып, жас келіндерін риясыз көңілмен қабылдады. Байсалды мінезі, үй жұмысына ұсынылықтығы, тиянақтылығы, қазақша әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жетік білетіні ұнады.
− Екеуі де бойлары сорайып, жарасып тұр. Жалғыз ұл орысша оқыған соң қорқып едім… Құдайға шүкір, орыс-оймауытты алып кетпей, шашы беліне түсетін, бота көзді, қазақша сөйлейтін, аппақ келін алып келгеніне ризамын, құдаларым да жайдары, жайлы, бақуатты, өсіп-өнген, жақсы кісілер екен, − деп отыратын шешесі.
Омар өзі оқыған оқу орнында оқуын жалғастырып әрі оқытушы болып, Алматыда қалатын болды. Жамал босанып, ұл туды.
Әке-шешесі ақылдаса келе:
«Балалар елдің босағасында жүрмесін»! деп, таудың етегінен келіскен үй алып берді. Нәрестені қырқынан шығарған соң, − Оқуларыңды бітіріп алыңдар! Бұл батыр – біздің баламыз, бұған алаңдамаңдар, өзіміз бағамыз! − деп немерелерін ауылға алып кетті.
Бір күні институтта қаламгерлермен кездесу кеші болатын болды. Ұйымдастырушылар басқа жоғары оқу орындарының студенттеріне де шақыру билеттерін жіберді. Омар аңқылдап келіпті.
− Жамал, сені өлең оқиды деп жазғызып қойдым. Даярлан! – деп ақсиып күліп тұр.
− Ойбу-у, өлеңдерім жарай ма? – деп, ыңғайсызданып қалған Жамал жазғандарын ақтарып, жақсы дегендерін іріктеп, жаттап, даярлана бастады.
«Поэзия кеші» болған күні студенттер де, ақындар да көп жиналды. Оқырмандарға кеңінен танымал болған ақын әйел де келді. Тым такаппар, тым паң… Алдынан жүгіріп шығып амандасқандармен тым ресми, тым салқын амандасты. Солардың қошаметімен төрге барып жайғасты.
Жамал бойына «ақын» деген қасиет қонған жігіттердің әртүрлі қызық қылықтарын көріп, әрі өздерін тым еркін ұстайтындарын байқап, таңғалды.
«Мен де бір тылсым әлеммін, танысаң, міне, тұрмын, көріп ал, танымасаң, жолың әне, кете бер!» дегендей, көбі жер-көкке сыймай жүр.
Кейбірі сахнаға жүгіре шығып, қолын сермеп, арқырап өлеңін оқи бастаған кезде зал теңселіп, қошемет көрсетіп, тіпті сатырлаған шапалақтың дауысынан айнала жаңғырып, төбе көтеріліп кеткендей болса… кейбіреуі тоқтамай өлеңдерін оқи бергісі келіп, мінберден түспей, ескерту алып жатты, кейбіреуі тамағын кенеп, дүниенің тұтқасын өзі ұстап тұрғандай, маңғазданып, дауысын созып, жер табандап тұрып алды… Кезегі келгенде Жамал да қызарып-бозарып тұрып, бірекі өлеңін оқыды. Зал тым-тырыс болып тыңдады…
Кеш соңында, ақын әйел:
− Өлеңдерін оқыған талантты жастарды сәрсенбі күні кабинетімде күтемін! – деді.
Айтылған күні барса, өзімен қатар оқыған бір топ жігіттерді көрді. Көбі мұнайлы өңірдің түлектері… Өздерін кабинетіне жинаған ақын әйел де сол жақтың тумасы екенін білетін.
Қатар-қатар отырғандар кезекпен өлең оқыды. Қаламын бір сәт үстелге қойып, бір алып, жастарға қарап, ойланып отырған ақын әйел Жамалға қадала қарап:
− Ақын болып туған соң, осы атаққа лайықты болып, ақын болып өлу үшін, нағыз ақындарға өмірді түгел Поэзияға арнауға тура келеді, сонда да аздық етеді! – деді.
Жамалдың беті дуылдап, тұла бойы бір ысып, бір суып кетті… «Апай бұл сөзімен не айтпақшы болды!? Маған көңілі толмайтын сияқты ғой… Өзі, расында да, бүкіл өмірін өлеңге арнап жүр…» деген көкейіндегі мазасыз сұрақ көпке дейін жанын жеді…
Ақындардың сол жерде оқылған өлеңдері республикалық газет беттерінде жарияланып, мұнай, тау кен мамандығын оқытып жатқан оқу орнынан бір топ жастар әдебиет деген үлкен арнаға бет бұрғандарын өздері де байқамай қалды. Кейін осы қыз-жігіттердің ортасынан елімізге танымал мықты ақын, жазушылар шықты.
Омар мен Жамал бұл кезде үш-төрт баланың ата-анасы болып, үлкен отбасына айналған. Ата-енесін де қастарына көшіріп алған. Қолдарын созса, таудың баурайына кіріп кетеді. Жаздай ызың еткен не бір шыбын, не бір масаны көрмейсің. Нағыз жайлау дерсің…
Жамал да көңіліне орала кеткен жыр жолдарын отбасы, ошақ қасында жүріп, жазып қояды… Жыр оны тастап кетпеді, сирек те болса, «бармын!» дегендей, көңіл төріне келіп тұрады. Жазғандары да жаман емес…
Оқу бітіргендеріне ширек ғасыр өткенде, бірге оқыған түлектер жастық шақтары бірге өткен, әсем Алматыда кездесу ұйымдастырды. Бұрынырақ келгендері отбасымен, балаларымен келген курстастармен шұрқырасып, бір кездегі институт, қазіргі университет алдында құшақтасып, көрісіп жатыр. Омар сол факультетте қызмет етіп жүрген соң, бұрынғы оқытқан ұстаздарын шақырып, акт залында ректордың өзі қатысып, құттықтау сөзін айтып, жиналыстарын бастап беруін қадағалау үшін, сосын, оқу орнының қалай өзгергенін көрсететін экскурсия жасап, өздерінің институтқа арнап алған сыйлықтарын музейіне салтанатты түрде тапсыру шараларын ұйымдастыру үшін таң атпастан кеткен.
Сондықтан Жамал жалғыз келген.
− О, Жамалжан, өзгермепсің! – деп құшағына алған оның бетіне қарамай-ақ, сол екенін білді. Денесі дір ете түсіп, қалтырап кетті. тіпті теңселіп, құлап қала жаздады. Оттай жанып, ду ете түскен бетін қайда жасырарын білмеді. Жүрегі аттай тулап, аузынан шығып кете жаздады. Не дегені, не істегені есінде жоқ. Көзінің алды тұманданып, өзіне күлімдей қарап тұрған, өзін бойжеткен кезден ынтықтырған, соншалықты қымбат, соншалықты ыстық бейнеге тоймай-тоймай қарағысы келген…
Қайдан… Жалт етіп, бір қарауға дәті шыдамай, көзін төмен салды, өзінен-өзі күлімсіреді, денесінің дірілі басылар емес. Ол оны құшағынан босатты.
− Қалайсыңдар? Омар ұйымдастыру жұмыстарымен шапқылап жүр ме? – деді мығым дауыспен.
−Иә… – деді басын изеп, – ж-жақсымыз, – деді тұтығып.
–Жақсы, – деді ол ақсия күліп, – түк өзгермепсің, мен аналармен амандасып келейін! – деп, иығынан ып-ыстық алақанымен бір сипап, ары кетті. Жамал есін жиып, оның қақпақтай жауырынына, болып-толған сымбатты тұрқына артынан қарап қалды.
Әне, ол келесі курстасымен амандасуға құшағын айқара ашып, жарқылдап кетіп бара жатыр. Жамал өзінің қалтиып тұрғанына, құламай қалғанына шүкіршілік етті. Соның арасынша Омар келіп:
– Жалғызсырап қалдың ба? Мен ана жақтан шыға алмай жатырмын. Не қып өңің қашып кеткен? – деді бетіне үңіліп.
– Білмедім, – деді Жамал күмілжіп, − маған алаңдама, жұмыстарыңды бітіре бер. Мен көпшілікпен бірге боламын ғой, − деді Омарға қарап.
Кеш бойы қанша жанарын алып қашса да, көзін солардан ала алмады. Мейрамханадағы самаладай жарқыраған жарықтан қонақтардың бет-жүзі балбұл жанып, ерекше реңді, сұлу көрінеді.
Оның әйелі де бір сылқым екен. Соңғы сәнмен киінген, гауһар жүзік тағып, гауһар көзді білезік салған келіншектің аты да Гауһар екен. Осы тойдың сәні болып, жарқырап отыр. Абайдың өлеңдерін сызылтып, нәшіне келтіре айтып, залды дүр сілкіндіріп тастады. Биді де қатырады екен. От болып, жанып отыр, жұрттың бәрін өзіне қаратып, тамсандырып, табындырып отыр.
Әрине, ол осындай әйелді жақсы көреді. Жамал өзіне қарады. Өңі де ескірген, көйлегі де солбырайған, шашы да қобырап тұрған шығар. Анандай адам бұған әйел деп қарай ма? Іші алай-дүлей болып, қорланып, кеңсірігі ашып, көзіне лықсып жас келді. «Қой, жын ұрды ма мені? Не болды маған?» деп, өзін-өзі сабырға шақырып, көңіліндегі дүлей, қара дауылды әрең тоқтатты. Сөз бергенде байқады, ол ірі мұнай компаниясының тұтқасын ұстап отырған, бүкіл қазақ еліне танымал адам болыпты. Жанында тонның ішкі бауындай болып, институт қабырғасында кездесу ұйымдастырған, ақын апайдың оң қолы болып, қасында жүрген, қазір танымал ақын, мүйізі қарағайдай, атағы дүркіреген, республикалық газеттің бас редакторы болған жігіт те жүр. Ол кластасы екен. Оқып жүргенде, мойындары қылдырықтай болып, бойлары сыбызғыдай тартылған жігіттердің бәрі есейген, бәрі бабында, болған-толған, тіпті кейбіреуінің қозы қарындары да бар. Келіншектері болса үлде мен бүлдеге оранып, сән көрсетуге келген сылқымдар сияқты жарқ-жұрқ етіп, үзіліп отыр. Жамал өзінің тым қарапайым, тіпті қарадүрсіндеу киініп келгенін байқады. Шашын да жай түйе салып еді. Ең құрымаса, тырнағын да боямапты. Ол айналасына қарады да отырды, тіпті мына мол дастарқаннан не жеп, не қойғанын өзі де білмейді.
− Тамақ алып отырсаңшы, − деп қояды Омар әлсін-әлсін Жамалға төніп. Оның өңі де шаршаулы сияқты… «Шаршамай қайтсін, кездесу болады дегелі бір күн маза жоқ – шапқылауда…» деп ойлады, күйеуіне қарап, оны аяп…
− Курстастарға қарап, көзайым болып отырмын, − деді Жамал жымиып. Сол кезде сөз кезегі тиген ұстаздарының бірі бұрынғы студенттерінің көбінің ел ардақтайтын аяулы азаматтар болғанын тілге тиек ете келіп:
− Осындай қиын мамандықты таңдай отырып, жігіттерден қалыспай оқып, көктемдегі өткір суықпен тайталасып, қарды жарып шығатын, өміршең бәйшешектей, жоғары рухты, жүректі жаулап алатын жыр жолдарын жазған, сол кезде баспасөз беттерінде туындылары жарық көрген ақын қыз бар еді.
Сол қыз бар ма, өлеңдерін жазып жүр ме екен? – деп сұрады айналасына қарап.
Кең залдың әр жерінен:
– Ол – Жамал ғой! – деген дауыстар шықты.
Жамал орнынан тұрып:
– Рақмет, ұмытпағандарыңызға! Сирек те болса, жазып жүрмін, − деді иіліп.
− Жақсы ақынсың, – деді ұстазы.
Антрактыға шыққанда, ол редактор досы екеуі келіп құттықтап, қай кезде көмек керек болса, хабарласуына болатынын айтып, аты-жөндері, телефон нөмірлері жазылған есімхаттарын беріп кетті.
Сөйтіп, «тойдың болғанынан «боладысы – − қызық» демекші ширек ғасырдан соң, бірін-бірі көріп, көзайым болған кездесу де өтті.
Содан бері Жамалдан ұйқы қашты. Сөйлесе, тек аузынан ұйқаспен өлең төгіледі. Үйге қарамайтын болды. Есіл-дерті − дала, таудың бөктерінде күбірлеп жүре бергісі келеді. Ауа райына қарамай, төбеден төбеге, бөктерден бөктерге, сайдан сайға өтіп, айдаланы кезе бергісі келеді.
Көп ұзамай Жамалдың бұл «қызық» халін жақындарының бәрі білді. Көбі «не болды екен?» деген дүдәмәл сұрақпен уайымдап, көңілін сұрап, үйге келіп те кетті. Бірақ Жамал ешкімге көңіл аудармай, ештемеге қарамай, қолына қалам, дәптер алып, көмейінен төгілген, бұлақтың бүлкіліндей бір ырғақпен келген жыр жолдарын жаза берді, жаза берді.
Түн жарымында терезенің ашылып қалған пердесін жабайын деп шетінен ұстап, тарта бергенінде, сыртта өзіне қарап, шоқиып отырған қысқы жүні толық түлемеген қызыл қасқырды көрді. Жон арқасы тоңазып, тағы қарады «елес пе?» деп.
Жоқ, расымен, тірі қасқыр бұған жап-жасыл көздері от шашып, тесіле қарап тұр. Ары қарап тұруға дәті шыдамай, шегініп кетті. Төсектің шетіне шоқиып отырып, тәтті ұйқыда жатқан күйеуін оятайын деп оқталды да айнып қалды. Терезенің пердесі солай жартылай ашық тұр. Қайта қарауға қорықты. Қисайып жастыққа басын қойып жатып еді, жыр шумақтары төгілді дейсің. Орнына тұрып, қалам, қағазын алып жаза берді, жаза берді.
Махаббат. жауапсыз сезімнің азабы, жүрек сыздатар сағыныш. Көзін жұмса да, санасындағы оның бейнесі. кеудесін кернеген көктен құйылған нұрдай бір сезім. Үзік-үзік елестер.
Ол таң сібірлеп атып келе жатқанда орнынан тұрып, дала кезіп кетті. Қолында қаламы, қағазы. Өлең легі құйылып жатыр, ағылып жатыр, толастар емес. Көзінен парлап аққан жас та тоқтар емес. Нәр татпағанын, оразасын ашпағанын мүлдем ұмытқан.
Артынан іздеп келген Омар:
– Жамал, не болды саған? Жүр үйге, шай да ішпедің ғой! – деген сөзіне.
– Бара бер! Өлең келді. Жазуға мұрша бер! Бара бер! – деді жалынып. Омар артына қарай-қарай кетті. Кеш батқанға дейін тау-тасты кезіп, ерні кеберсіп, өңі қашып, үйге келген Жамал бір кесе суық суды сімірді де төсекке құлады.
Түн жарымында терезеге жақындады. Сыртқа қараса қасқыр шоқиып отыр. Күдірейген жотасындағы жүні қызғылтым сияқты болып көрінеді. Бұл жолы түк те қорықпады, көптен күткен бір ежелгі жанашырын, сағынған қимасын көргендей күй кешті. Тіпті жүрегін бір қуаныш кернегендей болды. Далаға шықты. Қасына барды, тұрды қарап, жүрегі елжіреп… басынан сипауға батылы жетпеді…
Түн ішінде бір көйлекпен тастай қараңғы далаға шығып кеткен Жамалдың артынан шыққан Омар:
– Жамал, не болды саған? Жүр үйге! – деп еді, ол:
– Көріп тұрсың ба? Қасқырым келді, − деді.
– Қайда? – деді Омар жан-жағына алақтай қарап.
– Міне! – деді Жамал терезенің тұсын нұсқап.
Бірақ Омардың көзіне ештеңе көрінбеді.
Үйге әрең кірген Жамал таң атқанша терезенің алдында отырып, өлең жазды. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанып, түн ішінде қай кезде де Омар оянып қараса, Жамал… қасында қалтиып отырады. «Неге ұйықтамай отырсың?» десе, саусағын ерніне басып, «сөйлеме!» дегендей белгі беріп, ашық терезеден көз алмай, «Маған қасқыр келді!» дей берген соң, әке-шешесіне айтуға бел буды.
Таң атпай шығып еді, түске таман жетті. Жолдары бұзылып кетіпті. Таудың етегіндегі тақиядай ауыл сол баяғы қалпынан өзгермепті. Сол мамыражай тіршілік, Алатаудың баурайындағы алақандағыдай көрінетін ауылдың айналасындағы жазықта мал жайылып жүр. Саф таза ауа сарайыңды ашып жібергендей тынысың кеңіп, әуелі еліктегендей боласың… тап-таза мына дүниеге, айналаңа қарай бергің келеді… қарай бергің келеді… аспаннан, зеңгір көктен көз алмайсың. «Мынандай жерде туып, өлең жазбау күнә ғой…» деген ойлармен айналаға тоймай-тоймай қарай береді. Жалғыз өзі келген күйеубаласын көріп, Жамалдың шешесі үрпиіп қалды. Хал-жағдай сұрасып, бір шай ішкенше, азын-аулақ малын жөндеп, қайын атасы да келді.
Омар көп созбай, Жамалдың жағдайын айтты. Әсіресе Жамалға көрінетін қызыл қасқыр туралы айтқанда, екі кәрі бір-біріне жалт-жалт етіп қарап қалысты. Біраздан кейін төрде малдас құрып, төбедей болып отырған қария жөткірініп алып, сөз бастады:
− Қарағым, Омар! Біздің арғы атамыз Мұқабай деген кісі атақты шайыр, айтыскер, айтқаны қалт етпей келетін көріпкел, дұғасы ауырғанға ем, қасиетті кісі болған. Сол кісінің иесі бар еді… Ол – қызыл қасқыр болатын. Сол атамыз Қарқаралыда Албандардың патша Мекалайға қарсы бас көтеріп, көбі қырылатынын алдын ала біліп, бала-шағасын, мал-жанын алып, тау асып, Шығыс Түркістанға өтіп кетеді. Ол жақта да көзге түсіп, гоминдан үкіметінің итаршылары айтқан қиссаларын, айтысқан ақындарын, сөздерін тексеріп, маза бермеді. Сол кісі шекара ашылып, құжаттарымызды реттеп, туған жерге енді кетеміз деп жүргенде, аяқ астынан қайтыс болды. Сүйегі Шыңжаң өлкесінде қалды. Сол атамыз бақилыққа аттанардың алдында, екі-үш күн бұрын, ертеңгі шайымызды ішіп отырғанымызда: «Бүгін таң бозарып атып келе жатқанда, ием – қызыл қасқырым келіп, маған қарап отырып-отырып, күн қызарып шыққанда, мені тастап, кетіп қалды. Ерейін деп едім, «қал!» дегендей ишара жасады, ергенімді қаламады. Қызыл қасқырмен өлеңім кетті ме, жоқ, өмірім кетті ме, білмей отырмын!» − деген еді. Жарықтық дәм-тұзы таусылатынын біліп айтқан екен. Артынан өзі де кетті, – деді.
Бәрі үн-түнсіз отырып қалды. Қария сөзін ары қарата жалғастырды.
– Омар қарағым, атасының иесі – қызыл қасқыр Жамал баламызды тапса, киелі қасиет қызына келіп қонған екен. Құт болсын! Күні-түні өлең жазып жатыр дейсің бе? Жазсын! Шығарсын ішіндегісін! Дала кезеді дейсің бе? Иесінің артынан жүреді, шошынбаңдар! Атамыз да сөйтетін. Сосын, қалыпты өмірге оралады. Мына шешесі сенімен бірге барып, жағдайын жасайды. Бетінен қағып, шаршатпаңдар! Ал қазір ауқаттанып алған соң, жолға шығыңдар! Ана балалар қорқып қалмасын, – деді қария.
Соның арасынша, Омар үйге кіргенде, сойылған тоқтының еті де пісіп, буы бұрқырап, дастарқанға келіп қалып еді.
Жамалдың жазғандары төрт дәптер болғанда, кездесуде есімхатын берген ақын жігітке хабарласты. Ол телефонын көтерген бетте:
− Сәлеметсіз бе? Мен Жамалмын. Сізге айтатын сырым бар, оқитын жырым бар. Барайын ба? – деді.
− Келіңіз, – дегеннен кейін мекенжайын айтты.
Жамал келсе, ақын күтіп отыр екен. Ол бірден дәптерін ашып, өлеңдерін оқыды, біраздан кейін жатқа айтып отырғанын өзі де байқамай қалды. Ақын оның сөзін бөлмей, үнсіз тыңдады.
Жамал өлеңдерін оқыған сайын бойы жеңілдеп, жан сарайы ашылып, шабыттанып, тынысы кеңіп, өлең жолдары көктен құйылған нұрдай болып төгіліп, төпелеп, көктемгі тасыған өзендей арнасынан асып, долданып арқырап аққандай болып, жағасын соққылағандай болып, адамның асыл сезімдерінің нәзік иірімдерін небір бейнелі сөздермен астарлап, шендестіріп, суреттеп отырғанын байқады.
Шапқан сайын тынысы ашылған тұлпардай болды… аспанда армансыз қалықтаған құстай болды, жаны жай тапты, жүрегін қуаныш кернеді. Бір уақытта тоқтап, жағын таянып, барлық ынтасымен бұны тыңдап отырған қапсағай денелі, кең маңдайлы, аласы аз, қара көзді ақынға қарап:
– Қалай? – деді иегін қағып.
− Керемет! Мықты ақынсыз. Тіліңіз шұрайлы. Ең бастысы – құйылып тұр… зорлап ұйқас қуу жоқ, тұнық сезім… мөлдір сезім… Өмір туралы жыр. Шынайы… тамаша!
Баспам бар, кітабыңызды шығарып беремін, қалдырыңыз, − деді. Біраздан кейін аздап ыңғайсызданғандай жымиып, – осынша жыр арналған бақытты жанның прототипі бар ма? – деді.
Жамалдың ақ құба жүзіне қызыл арай теуіп, тұла бойы лап етіп, бусанып, күйіп-жанып кеткендей болды. Біраз үнсіздіктен соң:
– Абсолют махаббат қой, – деді.
Жамалдың түнде қызыл қасқырын қарсы алып, оның артынан еріп, тау-тасты кезгені, көзінің жасы моншақтап, қағаз, қаламын қолынан тастамай, жазған өлеңдері оны талантты ақын ретінде танымал етті. Бірнеше кітаптары шықты. Тіпті бір кездесуде атақты ақын апайының өзі жарық көрген кітабына оң пікірін білдіре отырып, «Бұл Жамал − поэзиядағы құбылыс!» дегенді де айтып қалды.
Айтарын айтып қалса да, артынан «тым артық айтып, асыра пікір білдірдім ба, менен артық кім жазар?» дегендей, өкініш бар екенін де жасырмады. Онысын кейінгі бір кездесуде өзін тым асқақ ұстап, бірлі-екілі шымшыма сөз тастап, байқатып та алды. Шашбауын көтеріп жүрген қыз-жігіттер де, ақын апайлары туралы небір ерлікке балаған қылықтары жайлы сүйсініп, аңыз қылып, айтып отырғанын естіген еді. Осындай әңгімелер көбейген сайын «Ақынға телегей-теңіз тереңдік, көркем мінез керек!» деген бір ауыз сөз көкірегінде ылғи тұратын.
Жамал да ақын апайының бұл қылығын анық байқаған соң, онша жолай қойған жоқ. «Осылардың бәрінен өзім артықпын, менен артық жыр дүлділі жоқ, төмен етектіден алдыма түсер ақын жоқ, себебі мен өмірімді поэзияға арнадым!» деген өзімшілдік эго тұрғанын ол бірден байқады. Бұл өңірден мамандығы бойынша жұмыс табылмаған соң, университеттің физика, математика факультетін бітіріп, педколледжде сабақ беріп жүрген. Өлеңдерінде де қазақ ақындарының творчествосында жоқ, физика заңдылықтарын адам сезімімен, өмірімен астастырып, мына Жаратқан жасаған жарық дүниенің бір тұтас дүние, бір дене екенін көрсететін жыр жолдары көктен саулаған нұрдай болып, молынан құйылып, жазыла берді, дәптері тола берді…
Қызыл қасқырының артынан жүргенде, шашы дудырап, шашырай берген соң, басына орамал салатын болды. Кең-молынан киінген Жамалдың тау-тасқа, ұшқан құсқа, маужыраған түнге, толықсыған айға, қара суға, асқақтаған тауға, көгілдір көкке табынып, шарқ ұрып, махаббатын іздеген жырлары төгіле берді, жазыла берді. Жамалды талант ретінде танып, алты аласы, бес бересі жоқ, бір адам шын жүректен көмек қолын созды.
Ол – ақын жігіт. Сыртынан түсі суық, сұсты көрінетін осы жігіт Жамалдың хабарласып, тәуліктің қай мезгілі болмасын «Өлең оқып берейін деп едім!» деген сөзін ести салысымен, басқарып отырған жиналысын, не қатысып отырған отырысын тастай салып, міндетсімей, кабинетіне келіп, оның жазғандарын үнсіз, ыждаһатпен тыңдайтын әдетінен айныған жоқ. Шын талантты таныған соң, өкпесінде қанаты бар, шын жүйрігін тауып, тұлпарын баптаған атбегідей ығына жығылып, жағдайын жасап, кітабын шығарысып, баспасөз беттерінде жариялануына бас-көз болып, ағалық қамқорлығын аямады.
Жамал болса, «Бұрын аралас-құраласым жоқ адамға неге сонша қолқа салып, батылданып кеттім? Әлде ақындықтың буы ма? Осындай жақсы адамға жолықтырып… бұл да болса, Құдайымның маған жіберген бір жақсылығы ғой!» деп, ішінен шүкіршілік ететін. Тіпті бір рет осы жігіттің баспасына тапсырған, шығайын деп тұрған кітабын «намаз оқитын баспагер бар екен!» дегенді естіп, алып кетіп, «А, Құдайы!» аузынан түспейтін бір адамға апарып тапсырғанда да, ренжімеді…
Шырт ұйқыда жатқан Жамал сол түні оянып кетті. Орнынан ұшып тұрып, халатын иығына іле салып, терезенің алдына барды. Қасқыры шоқиып отыр екен. Осы жылдар ішінде желкесі күжірейіп, бойы биіктепті, өзі іріленіп, аяқтары жуандап, арланға айналғаны, үлкейгені байқалып тұр.
Жамал сыртқа шықты. Қасына барып, арқасынан сипағысы келіп, қолын созып еді, көзінен от шашып, «ы-ы-р!» ете түсті. Шоқиып отырған орнынан тұрып, бүкеңдеп, тауға бет алды. Жамал артынан жүрді. Айнала бозарып, таң атып келе жатыр. Жамал жүрісін саябырлатып немесе сәл тоқтап қалса, қасқыр көзінен от шашып, артына бұрылып қарайды да, жер тырмалайды. Жамал қозғалса, артынан келе жатқанын көріп бүкеңдеп, жүріп береді. Қызарып шығып келе жатқан күннің нұры көлбеп, кей жерлерде жапырақ-жапырақ болып, қызыл арайға бөлеп, тау беткейіне түсті. Қызыл қасқыр келесі белеске шығып, артына қарады, бұның митыңдап шығып келе жатқанын көріп, шоқиып күтіп отыр. Жамал қасына жақын келіп тұрды. Қасқыр Жамалды иіскегісі келгендей, тұмсығын сәл алға созып, ұмсына түсіп, соңғы рет тесіле қарап, баяу орнынан тұрды да, тау бөктеріне көтеріле берді. Артынан жүрген Жамалға жақындасын дегендей тоқтап, қимастықпен сәл қарап тұрды да, желе жортып, мүлдем көрінбей кетті.
Қасқырда да осындай мейірімді көз болады деп, Жамал ешқашан ойламапты. Көкірек тұсын әлдене сығымдап жібергендей, жүрегі қысылып, қимасынан, қымбатынан айырылғандай, іші-бауыры езіліп кетті…
Ол жылап жіберді. «Кетті!» – деді дауыстап жылап, – қасқырым, кетті! Мені тастап кетті!» – деді алға қолын созып. Көзінің жасын сүртіп, төмен қараса, Омар жүгіріп келе жатыр.
− Кетті! – деді ботадай боздап жылап, Омарды құшақтап, – Кетті қасқырым!
− Болды, болды! Бәрі жақсы болады! – деп, Жамалды сүйемелдеп, таудан түсірді. – Алысқа кетіп қалыпсың. Құлап қалар ма екен деп, есім шығып кетті ғой, – деп сөйлеп келе жатыр.
Жамал содан бері бір жол да өлең жазбады. Жүрегі де қалыпты соғысына көшкен. Жанын жеген сағыныш, қанын тасытқан махаббат тыншыған. Алыстан сағыныш болып, қол бұлғап, жүрегін сығымдап, жарқ ете қалатын сол бейне көмескіленген, мүлдем алыстаған, тіпті ұмытылған. Көктен құйылған нұрдай болып тасыған өлең тоқтаған.
«Мен ақын едім! Жазайын!» деп, ұйқас іздеп, әуре болып, тау-тасқа басын соқпайды. Жан дүниесі тынышталған… өлеңі − иесі – қызыл қасқырымен бірге кеткенін біледі. Осы ақиқатты бар болмысымен қабылдаған… маңдайына жазылғанына көнген. Жүрегінде өкініш жоқ! Жаман өлең жазып, қасиетті поэзияны қорлағысы келмейді!
Кездесулерге барғанда:
− Не туралы жазып жүрсіз? – деген сұрақ жиі қойылады.
– Қазір өлең жазып жүрген жоқпын, – деп жауап береді.
Баяғы қалпына түсіп, неше түрлі тәтті тоқаштар пісіріп, үйдің бітпейтін шаруасымен айналысып, далаға да көп шықпайтын болды. Қызының жағдайын естіген әке-шешесі:
− Құдайға шүкір, баламыз аман. Иесі қонғанда, өнерін түгел шығарып, халқына беріп, көңілінен шыққан соң риза болып, таудың биік шоқысына шығарып, қоштасып кетіпті. Жамал киелі өнерге лайық, адал болған соң берекелі отанасы болсын, өмірі тыныш болсын деген тілекпен кетті. Атасының иесі – қызыл қасқыр Жамалдың өлеңін ғана алып кетті! Баламыздың жұлдызы жоғары, жолы ашық болады екен! Тәубе, тәубе! – деп, бір малын сойып, аруақтарға арнап Құран оқытты, «Құдайы тамақ» берді.
Бірақ былайғы жұрт оны бірнеше жыр жинақтары шыққан Жамал ақын, мықты ақын деп танитын еді.
Жанар ӘБДІШОВА