ШӘМШІ ФЕНОМЕНІ
10.06.2022
2822
0

Шәмші… Жамшид… Айтары жоқ, айдарлы есім, қазы­на­лы, қайнарлы әлем! Иә, бүгінде Шәмші Қазақ деген халыққа, халық Шәмші деген алыпқа айналды! Алып қашанда анық! Көзге анадайдан көрініп тұрады. Көрініп қана қоймайды, көп өтпей-ақ өзіңізге айналып жүре береді. Бұған таңғалмасқа шараңыз жоқ. Тұтас халыққа айналған адамды жақсы көрмеуге бола ма?! Жатырқау – жаттың ісі, жақындау – хақтың ісі. Өйткені Рух Хақ тарапынан адам баласына жіберілетін шарапат, шафқат! Ол екінің басына қона беретін бақтан да аяулы һәм әзіз. Бақ қонбалы, Рух ұшпалы. Тұтас халықтың бақытты һәм баянды болмағы бақтың өзіне ғана емес, рухқа бек байланысты. Бұл әзелгі ақиқат. Біздің Өнер деп жүргеніміздің тірегі де, жүрегі де осы рух. Өнерін, оның ішінде, өнер адамын көкке көтерген елдің әрқашанда өресі биік, өрісі кең. Көбелек те қонарға гүл таңдайды. Әуедегі құс та ұя басарға тал таңдай­ды. Хақ тарапынан адам баласына жіберілетін рухтың да дәл осындай тылсым табиғаты бар. Сол рухтың патшаға емес, басқаға емес, Шәмшіге, иә, біз білетін Шәмшіге адаспай, айнымай келіп қонғанын, міне, енді шамалаған боларсыз. Ұлы композитордың әйгілі ән падишасының соншалықты атақты һәм қарапайым, кішіпейіл һәм кірпияз, көпшіл һәм көнекөз, сергек һәм көргек болмағының қыр-сыры да осы арадан қылаң берсе керек.

Халық әндерін не үшін жақсы көретініміз бесенеден белгілі, ал Шәмші әндері ше? Естіген сайын емешегіміздің үзіліп тұратыны неліктен? Нәші келсін-келмесін айтқымыз кеп тұратыны несі екен? Сонан соң естіген сайын жүрегімізге еніп, айтқан сайын жан дүниемізді аялай, аймалай, әлдилей түсетін әуенінде нендей сыр, сиқыр жатыр? «Алты айлық әндерді» былай қойғанның өзінде, небір айшықты әндер, неше жерден әуезді, сазды болғанымен, уақыт өте келе көңілден көшіп, санадан өшіп қалып жатқанын да көріп, біліп жүрміз. Ал Шәмші әндерінің, қай-қайсысы да айтқан сайын жаңғыра, жаңара түсетіні неліктен? Осыған аз-кем болса да ой жіберіп көрген жеріңіз бар ма? Бар болса, бұл жөнінде нендей уәж, дәлел, дәйек айта алар едіңіз? Музыка әлеміне, саз сиқырына көз майын тауысып, сөз мәйегін сарп етіп жүрген сарабдал өнертанушылар бұған не дейді? Айтпақшы, сол сабаздарыңыз бүгінде бар ма екен өзі? Бар болса, неге бой көрсетпейді? Басқа-басқа, Шәмші шығармашылығының соңына неге шырақ алып түспейді? Шынын айтсақ, тәуелсіздікке қол жеткізген аз ғана жылдың ішінде жол жөнекей жоғалтып, не тоналтып үлгерген рухани игіліктеріміз бен ізгіліктеріміз аз емес сияқты. Өнер дейтін өркені өскір әлемнің басқа саласын ауызға алмағанның өзінде, Әдебиет сыншысынан айрылды, Музыка зерттеушісінен қол үзді. Сыншысы өлген әдебиеттің оңдырып оқырманы болмайтынына да соңғы кезде көзіміз жетіп жүр. Ал «Өнертанушы» деген сөздің қоғамдық қолданыстан, адамдық ара-қатынастан шығып қалғанын немен түсіндіруге болады? Бұл ненің салдары? Кешегі бар бүгін неге жоқ? Әуелі экономикамызды епке келтіріп, тұрмысымызды түзеп алайық дегенге құлақ ассақ, шалқып-шаттанып, балқып-баптанып жүргеніміз тағы шамалы.
Есті ел материалдық игілік пен рухани құндылықты егіз қатар алып жүрер болар еді… Барқадар жұрт жол жөнекей барын жоғалтпайды, жоғын табады. Керуен көштен бірде уық, бірде басқұр жолай жоғала берсе, келер кезек бір күні Шаңыраққа келіп жетпесіне кім кепіл? Әйтпегенде, күні кешегі Шәмші, Нұрғиса, Әсеттердің тағдыр, таланты, анау Садық, Сыдық, Мұқандардың мәңгілік музасын тілге тиек етіп, ауызға алмағанның өзінде, қай халықтың тайқы маңдайына тар келіпті?!
Айтулы өнер адамының өмірінде туған күні, өлген жылы деген болмайды. Ол шенге де, шекпенге де, шекке де, шеңберге де сыймайды! Ұлылықты танып білем десеңіз әуелі өзіңіздің зердеңізге зейін салыңыз. Ал зерде жеке адамға да, жәми жамағатқа да бірдей қатысты. Ұлттың ұлы болмағы есіктегі мен бесіктегінің белгі, нышанынан көрініс табады. Төрдегінің бәрі ұлық емес, жердегінің бәрі құлың емес. Әсілі, ұлылық ұғымын аса асқақтата берудің қажеті жоқ. Оның Тәңірі көкте, тамыры жерде. Аралықта өмір бар. Ол біреуге ұзақ, біреуге қысқа. Шәмшінің өлердегі жасын қайдам, өнердегі жасы ұзақ, тым-тым ұзақ!.. Қазақтың бүгінге дейінгі және бүгіннен кейінгі ғұмыры қаншаға ұзарса, Шәмшінің аты да, заты да соншаға созылмақ! Ақиқи шындық осы. Аңызға айналған адамның ақиқаты да – аңыз. Өз басым Шәмші туралы не айтсам да, не жазсам да алдымен осы қағидаға арқа сүйеймін. Әркім әр саққа жүгіртіп жүрген «Сыған серенадасы» да әу бастан осы ұстанымға негізделіп жазылған. Кім не десе о десін, көркем шығарманың райы да, шырайы да алдымен шындыққа жүгінеді. Арғысы толығымен қаламгердің қалауында.
«Сыған серенадасы» қалай жазылды?
Шәкеңнің Шымкентке келуі соңғы кезде жиіледі. Көбінесе не Тараздан, не «Манкент» шипажайынан Оразбек Бодықов екеуі самауыр-шәйнектей тізілісіп кеп тұрғаны. Оның себебі бар. Біріншіден, күтіп алатын, басы-қасында болатын, шығарып салатын, қасында жүретін інілері мұнда көп. Қаланың өзінде белді қызметте істейтін інілері Мұхамеджан Рүстемов, Қуаныш Төлеметов, Рыстай Артықбаев бар. Сонау Мырзашөлдің орталығы Гагаринде тұратын Көбейді (Сейдеханов) туыс-туғанынан да артық көреді. Жетісайдың музыкалық драма театрында бірі күйші, бірі әнші Бөрі Исаев, Жеңіс Қарғабаев және ақын Әлібек Мейірбеков тағы бар. Екінші бір себебі, соңғы кезде денсаулығы әжептәуір сыр беріп жүр. «Манкентті» айтпағанда, Жетісайда да, Мырзашөлде де Шәкеңнің деніне дауа минеральды жылы су бар. Ара-арасында ауруханаға да жатып шығады. Осындай бір күндері облыстық ауруханада (Шымқала) емделіп жатқан ағамызға хал-ахуалын сұрай бардым. Екі иығынан дем алып жатыр екен. Көкірегі сыр-сыр етеді. Маңдайы шып-шып терге түсіпті. Палата іші қапырық. Әбден әлжуазданып қалған адамның жанына желдеткіш қоюға да болмайды екен. Кірерін кірсем де, көңілін немен ауларымды білмей далмын. «Кеше Мұхтар келіп кетті… Алматыға алып кетемін дейді… Бүгін сен…» Шәкеңнің үзік-үзік сөзі бұл. Көкірегі сыр-сыр еткен ағамыз алып келген оны-пұныма көз салмады. Бет-жүзі жұтаң болған соң ба, қос құлағы одан сайын қалқая түсіпті. «Не ем қабылдап жатсыз?» – дедім дегбірім қашып. «Дәрісі дарымай жатыр… дәрі басқа, дауа басқа білем…» Тағы да әлжуаз сөз. Медбике келіп тершіген маңдайын мақтамен сүртіп, ем-дом жасады.
– Аға, – дедім, ентігі саябырсып шәйдан ұрттаған бір сәтте, айып көрмесеңіз, көкейде көптен жүрген бір сауалым бар еді…
Бесін ауып қалған мезгіл ғой, жартылай ашылған әйнекшенің аржағынан ептеп жылы-жұмсақ желемік ішке енгендей болды. Орнынан қозғалып, отыруға әрекеттенді.
– Ал айта бер, айналайын…
– Айтсам… кешіріңіз, Сіздің басқа әндеріңіз – бір төбе-дағы, «Сыған серенадаңыз» – бір төбе. Өлердей жақсы көремін. Сыры бөлек, сиқыры ерек бір дүние. Қалай шықты? Қашан? Соны білсем дегенім ғой…
– Сұрағаның жақсы. Бірақ қазір мен айта алар ма екенмін… Ұзақтау әңгіме ғой ол… Анау Алматыңдағы Қадыр ағаңнан сұрасаң қайтеді?
– Ол кісі қайда қашар дейсіз, ертең Алматыға қайтам ғой, сонда… Дегенмен өзіңізден бір ауыздай болса да естісем деп едім де…
– Сұрамайтын кезде сұрадың-ау… Білгенің де дұрыс. Қадыр айтар-айт­пас, қайдағыны еске түсірдің ау, қарағым…

* * *
…Арғысы қалың жұртқа белгілі. Қайталаудың қажеті жоқ. Қазір мұны екінің бірі біледі. «Сыған серенадасы» ойдан шығарылған дүние емес. Ағаның алқына, деміге, қинала отырып айтқан бес-алты ауыз ақиқатының айна-қатесіз айғағы. Ұштығы ұшан-теңіз бір үзік мөлтек сыр ғана. Жалт етпе жастық дәуренінің елеулі де қалаулы тұсы болар ма, бәлкім… Аз күн болса да армандай азат әлемнің ішіне еніп үлгерген елгезек жігіттің ғажайып түс көргендей осынау бір қасқағым сәттік алай-дүлей сезім төңкерісін сол жігіттің өзіне неге қимаймыз? Тіпті қызғанатынымыз қалай? Оның үстіне, ол жігіттің тұла бойында болашақ ұлы композитордың бүкіл болмыс-бітімі менмұндалап тұрса ше?! Мәселен, сіз, иә, мына сіз сол Шәмші

сияқты кез келген көшеде кез келген әлгі сыған қыз-келіншектерімен кездесе қалсаңыз, олар сізге «бал ашамын, бар-жоғыңызды болжап беремін…» – деп қиылып, қиылғанымен қоймай қылмыңдап қылық көрсетіп тұрса, қайтер едіңіз? «Кет әрі!» деп қабақтан қар жаудырып өте шығу оп-оңай. Көбіміз сөйтіп те жүрміз. Ал Шәмші аға өйткен жоқ. Еркінен гөрі елп етпе елікпелігі басым. Оны аз десеңіз, ожданы азат ой мен сергек сезімнің серісі. Бұл үрдіс кешегі бірегей Біржаннан, ақиық Ақаннан қалған сарқыт. Сол сарқытты сарқып емес, сақтай алғанның өзі өнер емес пе?! Оны айтасыз, сізге өтірік, маған шын, сол Ақан серіңіз Шәмші Қалдаяқовтың түсіне екі рет енген. «Бұл жүрісіңді қой, анау айкәпір ащы уыңнан тиыл!» деген. Суыңнан емес, уыңнан деп отыр. Қабағын шытып, қатқыл үнмен. Үшіншісінде Шәкеңнің өзі Ақаңның басына барған. Құраннан аят қайырып, алақан жайып ақ батасын алған. Кеш болса да кешірім өтінген. Бұған да дәлел керек пе? Күдік күмәніңіз болса, анау Арыстанбаб бабамыздың қасы мен қабағының аясында байыз тауып жатқан Өзағаңның (Өзбекәлі Жәнібеков) рухынан сұраңыз! Күнәлі адам күдікшіл келеді, зиялы адам үмітшіл келеді. Бәріміз де күнәдан ада күде емеспіз, әйткенмен, көкірек қуысыңызда сол күнәдан арылмақ ниеттің жұмыртқа басып, балапан ұшырып жатқанынан артық не бар дейсіз?!
Жасыратын несі бар, біз көбіне Шәкеңді құр мақтанның құрбанына айналдырып жүрміз. Құлдығына жарасақ бір сәрі… Әрі кеткенде бірер естелік кітабын ғана жарыққа шығардық. Ана бір жылдары «Кеңсайдағы» жатаған қабірінің басы-қасы қараусыз қалып, шөп-шаламнан көрінер-көрінбес боп жатқанының да куәсі болғанбыз. «Ештен кеш жақсы» деп өзімізді-өзіміз жұбатқанымыз болмаса, Шәмші өмірі мен өнеріне қатысты шаралар едәуір кешігіп барып қолға алынды. Бұл орайда ақын-жазушылар, баспасөз қызметкерлері аз дабыл қаққан жоқ. Нәтижесінде Шәмші Қалдаяқов әндерінің фестивалі дүниеге келді. Мың болғыр атпал азамат Амалбек Тшановтың арқасында ол фестиваль тұңғыш рет Шымкент шаһарында тұсауын кесті. Шынын айту керек, алғаш республикалық, кейін келе халықаралық мәртебеге ие болған бұл игілікті іс кейінгі кезде ақаба судай тартылуға айналып бара жатқан сыңай танытады. Олай дейтініміз, әнқұмар жұрт арасында алғашқы кездегідей құба-құп құлшыныс, әмбеге ортақ әсер әдепкідегідей емес. Рас, «Шәмші» журналы жарық көрді. Рас, жыл сайын Алматыда екі рет, Астанада екі рет Шәмші әндеріне арналған дәстүрлі концерттер өткізіліп жүр. Журналдың көркемдік сапасы мен мазмұнына көш жүре түзеледі деген баға беруге болар. Ал жыл сайын ең кемінде үш-төрт рет бірі екіншісін қайталаудан аспайтын концерт өткізудің аяғы немен тын­бақшы? Күндердің күнінде «Шәмшіден де зеріктік» деп жүрмейміз бе? Жаңа әндерін неге естімейміз? Аса сауатты, білімді, мандолиноны айтпағанда, күйсандықтың құлағында құлыншақтай ойнайтын ағамыз әр жаңа шыққан әнін нотаға түсіріп, мүмкіндігінше мұқияттап жүретінін кім білмейді? Олар, өзі айтқандай, үш жүзден әрі асып жығылмайтын ба еді? Рас, бәрін өте кеткен шендессіз шедевр демесек те, тіске басары мен іске асары аз емес екені айдан анық. Шын жанашырлық жасайды екенбіз, сол әндерді біртіндеп неге әйгілей түспеске?! Әншейіндегі елп етпе елгезек әншілеріміздің осы орайдағы еңбегі мен ізденісі қайда? Тіпті Шәмші ағамыздың су жаңа әндерінен арнайы кеш, концерттерді неге жаңалай, жарылқай түспеске? Көрермен мен тыңдарманда айып жоқ. Барға мәзір, азға шүкіршілік—қарапайым халықтың қашанғы қасиеті. Мейлі, шығып жатсын, мейлі бұғып жатсын, әр әннің өз тағдыр талайы бар. Әйткенмен, сахнаға шығуын сан жылдар сағына, зарыға күтіп жатқан Ән—мұңлықтың көзайым сүйінішін көппен бірге ертерек көргенге не жетсін?! Әсіресе Шәмшідей ұлы рух иесінің ырзалығы үшін!..
Шәмшіні «Вальс королі» деуге әбден дағдыланып кеткенбіз. Маған одан гөрі «Ән падишасы» деген айшуақ ат көбірек ұнайды. Себебі онда көңіл тоғайтатын толыққанды айдарлы әлем, әсіре лақаптан ада-күде ән иесіне лайықты рухани лауазым бар. Байқаған кісіге Шәмші әндерінің ауқым-аясы, өлшем-мөлшері бірыңғай вальстің аясында тұсалып қалатындай аса тар емес. Құдайға шүкір, айтушысынан шендессіз шеберлікті талап ететін шеңберсіз, шексіз дүрдана дүниелері аз емес. Әлі күнге бізге таңсық шығармаларын айтпағанда, «Теріскей», «Өмір өзен», «Отырардағы той», «Дүнген қызы», «Сағынышым менің», т.б. шоқтығы биік әндерін қайда қоясыз?! Адамзат баласының әлімсақтан бергі арман-арзуындай азат дүниені, ботақанның көзіндей барынша бекзат бағыбостан әлемді көз алдыңызға айна қатесіз әкелетін «Сыған серенадасы» ше? Біздің ғашық та машық пәруана көңіліміз осы әнге неге сонша айрықша ынтық, іңкәр, ынтызар? Бұл әнді кім айтпады дейсіз?! Бәрі де өз шама-шарқынша әрледі, әспеттеді, әуелетті, әлдиледі… Кезінде Шәмші ағамыз: «Сыған серенадасын» Зәуре Есбергеновадан асып ешкім де айта алған жоқ» деп ағынан жарылған болатын. Одан бері біраз жыл араға ат шалдырды. Жарылқаушысын күтіп жамбастап жатып алған ән қайта дүниеге келді. Алтынбек, Мақпалдар домбыра сазымен нәштеп, нақыштады. Шымкенттік әнші қызымыз Қадиша Сейітованың кең тынысты, үлбір үнді, әсем әуезді дауысымен едәуір биікке шарықтады. Ақыр соңында әнші-сазгер Лұқпан Жолдасовтың бірегей де тамаша әрлеуі нәтижесінде лирикалық мақам сазы-мәйін, жұмсақ әншіміз Тоқтар Серіков аталмыш әнді өзінің құтты орнына біржолата қондырды. Ән жәми жұртшылықтың жүрегіне ұялады. Өз құпиясын, өз сыр-сымбатын алғаш рет бетін ашқан арудайын әмбеге жария етті. Әлемі тылсым, әсері гүлсім айрықша ән төресі деп таныдық. Мұндай әндер, ақ жарылып мойындауымыз керек, айында, жылында емес, мыңнан бір мезетте бір-ақ туады! Және сонан соң, мұндай ән төресінің ілкіалды ішкі иірім, үйірім, үйлесімімен қоса, сөз жоқ, сұңғыла көз сұқтанатындай сұмдық (жақсы мағынасында) тағдыры болады! Қызығасың да қызғанасың! Қызғанасың да қызығасың! Бұл ән, мен сіздерге айтайын, қазақы қауым-қарындастықтың қаймана харекетінен, тозақы тұрмыс тіршіліктің аядай ғана аясынан әлдеқашан шығып кеткен! Жігіт Шәмшінің жұдырықтай жүрегіне симай, аласұра алқынып, булыға бұлқынып аспан төріне ұшып шыққалы бері! Бәлкім, жұлдызы жамыраған, Айы ақ шәлі жамылған түн жарымында, бәлкім, шашақты шапағы шартарапқа шашырай төгілген таң шағында… Оны, тағы да айтайық, қалақтай қазақ баласы Шәмші мен жамалы жәннәттай сыған қызы ғана біледі! «Шәмші шынтуайтында сығандар таборында болған ба, болмаған ба?» деген әлдебіреулердің қитұрқы, қисық-қыңыр қысыр, қырсық сұрағы, «Шәмші сығандар арасында болмаған, бұл ойдан шығарылған, қиялдан туған» деген сияқты бейшара, бейбақ түсініктер мен ұсақ-түйек ұғымдар, шынын айтсам, мені елең еткізбейді. Әңгіме әннің туғанында! Оның басқаныкі емес, Шәмшінікі екенінде! Шәмшінің әнін Шәмшіге қимайтын ағайын­дар арамыздан табылып жатса, оған да таңғалуға болмас, амалың қанша?..
…Огинскийдің полонезін алыңыз. Қандай ғажайып сазды дүние?! Сөзі жоқ болғанымен өзі бар! Бәрімізге ортақ, бәрімізге етене. Біртуар дүние, туасы, ұлт таңдамайтын болса керек. Ол адамзат қауымының ортақ игілігі. Аталмыш ән, өздеріңіз білесіздер, «Туған жермен қоштасу» деп аталады. Әскери шендегі граф Клефас Огинскийдің туған жері—Польшаны тастап шығар алдындағы өкініші мен өксігі… Огинский бұдан бұрын да жиырма шақты полонезді дүниеге келтірген. Бірақ… атын шығарған, артында қалған мәңгілік музасы мен мұрасы осы. Әрине, Огинский мен Шәмші және ол екеуінің қоғамы мен заманы өзара салыстыруға келмейді. Огинский ұлт-азаттық күресінің көсемі, Шәмші қазақ ән өнерінің қайталанбас хас Бекзадасы. Екеуін табыстырып отырған, әрине, алтын арқау, жібек желі ән мен әуен әлемі.
«Қазақ ән өнерінің…» деген сөзімізге қайтара бір үңілсеңіз, айтпағымызды алдына ала аңғара қояр едіңіз. Біз, бүгінгі ұрпақ Шәмші рухының алдында әлі көп-көп қарыздармыз. Өзіміз ғана қызықтап, өзіміз ғана ардақтау, кешірерсіз, аздық етеді. Әсіресе кешеден бүгінге келіп, кемелдікке аяқ басқан кезімізде. Шәмшіні, әрі кеткенде, анау Штраустардың қатарына сөзбен қоямыз да, оны іспен дәлелдей, дәнекерлей алмаймыз. Қазақы ұғымға сайсақ, Шәмшінің басқаныкі емес, тек өзіміздікі болғаны өзіміз үшін жетіп артылатын сияқты. Қайтерсің, тар ая, тапшы түсінік. Бұған етіміздің үйренгені қа-ш-а-н… Егер өзегінде өксігінен гөрі өрті басым халық мына біз болсақ, Абайды әлдеқашан алты әлемге, Шәмшіні тым болмағанда ТМД елдеріне әйгілей алар едік. Менің түйсігім мен түсінігімдегі Шәмші өзіне қонымды киімімен болсын, өзіне жарасымды жүріс-тұрысымен болсын, өзіне лайықты тағдыр-талайы­мен болсын, ең аяғында бір ғана «Сыған серенадасымен» болсын (өмір болса, өзге дүниесін де өзектен тебе қоймаспыз) Штраустың ғана емес, анау Шопен, Моцарт, Бетховендердің қатарында тұруға әбден лайықты! Шәмші ағадан «Сыған серенадасын» аттай қалап алғанымның мәнісі мен түп-төркіні, міне, осында жатыр. Мен оны екі жылдай көкейіме сақтап, көкірегімде хаттап жүрдім. Журналистикаға жуықтау жанр Эссеге де, тіпті поэзияның қаранары поэмаға да қиғым келмеді. Неге дейсіз бе, Шәмші ағаның аурухана төсегінде жатса да менің көңілімді қимай жан сырын қинала отырып айтқаны үшін!.. Мен сұрамай, ол айтпай, ішінде кетсе қайтер едім? Құдайдың бұл да болса иігені де… Ойлана, толғана жүріп драмалық шығармаға тоқтадым. Мұның алдында «Ауылдан келген ару», «Әмір Темір» атты сахналық дүниелер Алматы мен Шымкент театрларында жүріп жатқан. «Сыған серенадасы» поэтикалық драма үлгісінде жазылды. Әрине, мұның алдында сығандар өмірі туралы жазылған шығармаларды, экрандық дүниелерді іздеп жүріп оқуға, көруге тура келді. Соның ішінде, әсіресе ұнағаны Пушкиннің «Сығандар» поэмасы. Содан болар, Пушкиннің Алекосын сол күйінше алдым. Онда жағымды болса, мұнда жағымсыз кейіпкер. Шәмшіні Изольдаға біржола басыбайлы бермес үшін Сағыныш линиясын қоса таңдадым. Өйткені қанша дегенмен, орекеңдерден гөрі біздің менталитетіміз басқашалау ғой. Шынтуайтында, ол да өмірде бар адам, жасанды, жалған кейіпкер емес. Шәкеңнің «Сағынышым менің» әні қазақтың осы бір аяулы қызына арналған. Шәмші аруағының әзіздігін, Шәмші рухының мәңгі өлмес өміршеңдігін осыдан-ақ пайымдай беріңіз!

* * *
Іздеймін, табамын деген адамға көрінбей жатқан көмбе, ашылмай жатқан бұлақ көзі аз емес. Әлімсақтан әрі, болымсақтан бері шартарапты шарлап кеткен сығандардың өмір тағдыры да осы тақылеттес. Жыл құстары секілді олар да жылы жаққа, әлдеқайдағы әлдебір Жұмақстан жұртына әуесек. Құстар ұшпалы, сығандар көшпелі. Мифке, романтикаға, қиял-ғажайып әлеміне жаны жақын серішатыс адам, әлдеқалай кезіге қалса, сығандардың сыңсыған скрипкасына, алпыс екі тамырыңды жайлап, жаулап, ерітіп, балқытып әкететін әні мен биіне, гитара сазына, қызу қанды қыз қалқаның қылықты қимылы мен назына лезде арбалып жүре беретіні айдан анық. Орыс ақсүйектерінің қай-қайсысы да осы халден ада-күде арыла алмаған, керісінше, керек болса, сыған қызының бір сәттік ыстық жанары мен бір кештік оттай құшағы үшін бар дүние-мүлкін, үй-жайын, жар-қосағын тәрк етуге дейін барған! Бәлкім, біздің Шәмшіміз де әуейілікпен емес, әуесектікпен, еріккендіктен емес, еліткендіктен «Тастақтағы» табордан бір-ақ шыққан болар ма!.. Әбден мүмкін-ау. Әрі-беріден соң, ол да, мына біз де кешегі көшпелі жұрттың бүгінгі бір тұтам жұрнағы емеспіз пе?! Күнделікті мезі тірліктен меймана ен жайлауға, пешенелі пенделіктен періштелік дүниесіне кеткісі келіп тұратын құбақан құлын құдайым өзі кешіре көргей дейміз-дағы…
«Сығандардың дулы, шулы дабыры
Бессарабияны кезіп жүр…» («Сығандар» поэмасынан)
Сол дабыр, сол тобыр, сол табордың шадыман шағы Пушкиннің де басын шыр айналдырып, шабытын шарпып өтпесе нағылсын!..
* * *
…Өзекті қызыл шоқтай өртеп жүрген бір өкініш бар. Ол – Шәмші өміріне кеш, өте кеш үңілгендігім. Жазылған бір ғана пьеса көңілге жұбаныш, арманға алданыш бола алмайды. «Ұлық болсаң — кішік болдының» қарапайым ғана бір үлгісіндей Шәмші Қалдаяқов ғұмыры біреуге аңыз, біреуге ән, біреу­ге ақиқат… Үшеуі де, бәрібір, ұлы тұлғаның толыққанды тағдырының кесімді, пішімді үлгісін сомдай алмақ емес. Шәмшіғұмыр— күрделі де қарапайым, әсерлі де қызықты… Біз әлі оның бәріміз болып бар болғаны алғышартында ғана жүрміз. Шәмші берді, біз алдық. «Бергеннің берекесі – алғанның мерекесі» деп жүре беруге де болады. Бірақ… «Алмақтың да салмағы бар» деген сөз балаға емес, алдымен санаға қарап айтылса керек…

РS: Жуырда ғана бір әріптесім «Шәмшінің қасында бір емес, бірнеше жыл жүрдім, бірақ «Шәмші сығандар таборына қоныпты, сыған қызға ғашық болыпты» деген сөзді естіген емеспін» деп отыр. Дұрыс айтады, ішіне кіре алмаған адамға, қырық жыл бірге жүрсе де, сыртын бермесе, кім ішін ақтара қойсын…

 

Исраил САПАРБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір