ЧЕМПИОН: АЙХАНОВ ФЕНОМЕНІ
26.01.2023
687
0

Қажымұқан, Балуан Шолақ, Боранқұл, Молдабайлардан соң Алаш жұрты ерекше ардақ тұтқан балуан Әбіл­сейіт Айханов десек, қателесе қоймаспыз. Себебі, Қажымұ­қаннан кейін әлемдік күрес майданында олжа салған бірінші қазақ балуаны осы – Айханов болатын.

Әбілсейіт – Алаш жұрты өз жерінде барынша азшылыққа ұшыраған (28 пайыз), совет­тік тоталитарлық жүйе әбден күшіне мінген тұста өз ұлтының рухын көтерген кесек тұлға. Тарихқа жүгінсек, өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қазақ мектептері ондап, керек десеңіз, жүздеп жабылып жат­ты. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 15-16 жыл жаңа болған, ел әлі еңсесін көтере қоймаған кез. Совет одағының басшысы Никита Хрущевтің пәрменімен «тың игеруге» сырт­тан екі миллион адам келіп, қазақ жұртының тағдыры таразыға түскен тар кезең еді.

Дәл осы тұста Әбілсейіт Айханов атойлап шықты. Ол – 1960 жылы совет құрамасына енді. 1961 ж, 1963 жылдары қатарынан екі рет «кіші әлем чемпионаты» саналған Тбилиси халықаралық турнирінде жеке-дара шықты. Еңселі, шалымды қазақ 1962 жылғы ССРО чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, бас жүлдеге қол созым қалған. Шешуші белдесуде эстон жігіті Тийт Мадалвеені еңсеріп тұрып, қапылыста болмашы ұпай айырмашылығымен опық жеген Айханов 1963 жылы Совет одағының спартакиадасы мен чемпионатын қатарынан ұтып алды. Бұл біздің халық үшін тарихи жеңіс болатын. Ұлт­тың рухы өсіп, ел бір жасап қалды. Әбілсейіт­тің есімі бүкіл қазақ даласына тез тарады. Осы жеңіспен қанат­танған мыңдаған қарадомалақ бала күрес үйірмесіне барды. Күрес секциясы жоқ қиырдағы ауыл балалары көгал үстінде, болмаса, қара жерге киіз төсеп алысып жат­ты. Сөйтіп, қазақтың бойындағы жауынгерлік рух қайта түледі.

Айхановтың даңқын шығарған оңтайлы әдісінің бірі – қарсыласына оң аяғын ұсынып, қарсыласы алға ұмсынып, аяқты ұстаған бет­те оның екпінін іле жалғап, бір бүйірге бұрқ еткізіп лақтыратын әрекеті. Дүниежүзіне аты мәлім балуандар мен бапкерлердің мыңнан бірі ғана тәуекел ететін тәсіл. Мұндай әдіс – жүрегінің түгі бар, ойы терең, нар тәуекелшіл адамның ғана қолынан келсе керек. Ал қарсыласты бір қапталға қайыра тастауға мүмкіндік тумаған жағдайда Айханов оң аяқты қарсыласқа артқан бойда сол аяқты одан алшақ ұстап, орғып жүретін болған. Алып қазақтың аяғына ие болу да оңай емес. Екі қол аяққа байлаулы. Аяқ болса, зілдей. Оның үстіне Айханов бойының ұзындығын пайдаланып, қарсыласын мойыннан қапсыра ұстап, немесе иығынан төмен тұқыртқан күйі діңкесін құртады. Шап беріп ұстаған сәт­те оң аяқ олжа тәрізді көрінгенімен, сәлден кейін қарсыластың қолы талып, шалдыға бастайды. Екі аяғымен жер басып тұрған балуан Әбілсейіт­тің оң аяғын бауырына басқан күйі сол аяқтан шалуға әрекет жасайды. Бірақ мұндай жағдайда Айхановты шалып жыққан балуанды естіген емеспіз.

Күрес мамандары жақсы біледі: еркін күресте қарсыласқа аяқты беру – футболда өз қақпаңа пенальти белгілегенмен пара-пар жағдай. Өз қақпасына пенальти сұрап алған бапкерді немесе ойыншыны кім естіген. Әлі күнге дейін әлемге әйгілі еркін күрес балуандарының өзі қарсыласына аяғын беруден зәредей қорқады. Ал Айханов небір мықтыға оң аяғын созып, ұста дейді, ұстамаса, аяғын созған күйі бір аяқпен қуа жөнеледі. Мұндай құбылыс әлемдік күрес тарихында өте сирек кездеседі. Ең бастысы, Айхановтан кейін бұл әдісті өзінің оңтайлы тәсіліне айналдырғысы келген бір-екі балуан болған шығар. Бірақ олардың ешқайсысы Айхановтың дәрежесіне жете алған жоқ. Әбекеңнің осы әдісті 21-22 жасында қапысыз жасағанын күрес мамандары жақсы біледі. Оң аяқ әдісі Айхановпен бірге дүркірей шықты, бірақ одан кейін жер жүзіне аты мәлім балуандардың бұл әдіспен атой салғанын естіген жоқпыз.

Ал Айхановтың тағы бір артықшы­лығы: әр қарсыласына қолданатын әдіс-айланы алдын ала қамдап шығ­уын­да еді. Ол кісі әр белдесуін қағазға түсіріп, ерінбей талдап отыратын болған. Мұның өзі оның ғажап тактик әрі ойшыл балуан болғанын дәлелдейді. Ағаның өзі хатқа түсірген мына бір белдесу сөзімізге нақты дәлел: «Мен де өлшендім. Жапонның атақтысы Сасаки де өлшенді. …Шабуылды мен бастадым. Соңғы кездерде жетілдіріп жүрген, кілем үстіндегі қаруым санайтын «қайшылау» әдісін қолдандым. Бұл тәсіл ауада жасалады. Бәсекелесіңнің қолынан бір қолыңмен мықтап ұстап, өте тез секіріп, ауада көлденең жағдайға келесің. Сол сәт­те екі аяғыңның арасында қалған әріптесіңді бір аяғыңмен кеудеден, екінші аяғыңмен тізе сыртынан қағасың да, өзің екінші қолыңа сүйене жамбастай түсесің.

Сасаки байқамады ма, менің осы әдісімді жасауыма қарсылық ете алмай қалды. Жапондықтар шу ете түсті. Ол бір жауырынымен қапталдай келіп, кілемге құлады».
Бойы екі метрге жуық Айханов сондай әбжілдікпен жапондар «ұлы чемпион» атаған Сасакиді сан соқтырды. Бұл әдіске жеңіл салмақтағы күшті, ылдым-жылдым деген балуандардың өзі тәуекел қылуы екіталай. Ал сом денелі жігіт­тер кейінгі жылдары «қайшылау­ға» мүлде жоламайтын болды. Демек, «қайшылау» өз-өзіне тым сенімді, керемет сезімтал, ерен батыр адамның ғана қолынан келеді.

Иә, бәзбір мықты балуандар тәрізді қара күш пен қайсар мінезге ғана сүйенбей, ақылын алға салып күрескен Әбілсейіт Рүстемұлы – заманынан озып туған алып еді. Ол – қазақтың боз кілемдегі несібесі мол екенін, Алаш ұлдары ақыл-ойы мен білек күшін, табандылығын ұштастыра білсе, жер жүзіндегі ең күшті ұлт­тың бірі екенін күмәнсіз дәлелдеген біртуар тұлға болатын.

Бір жолы Әбілсейіт аға басынан өткен мына жағдайды айтып берді: «Балуан кезімде ССРО құрамасының жат­тықтырушысы Сергей Преображенскийден хат алдым. Преображенский хатында мені Мәскеуге, ЦСКА-ға шақырыпты. «Мәскеуге кел, ЦСКА-ның намысын қорға. Сонда саған ССРО құрамасының есігі ашық. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионат­тарына тек Мәскеу арқылы ғана бара аласың. Егер осы ұсыныстан бас тартсаң, ата-бабаларың сол далада қалай шіріп өлсе, сен де сол жерде шіріп қаласың. Жолың біржола жабылады!..» деп жазған екен».

Не деген астамшылық, не деген зәрлі хат. Намысы бір басына жетіп асатын Айханов ЦСКА-ға барудан бас тартады. Содан бастап ол Мәскеудің қырына ілігеді. Біздің ойымызша, Преображенский Айхановқа хат жазбас бұрын ауызша ұсыныс жасаған шығар. Қазақ батыры көнбеген соң «менің сөзімді жерге тастайтын сен кімсің, кесімді сөз осы», деген оймен жоғарыдағы хат­ты жазды ма деп ойлаймыз.

Осы жерде Айхановтай ардағымызға сонша шүйлігетін Сергей Преображенский кім еді деген сұрақтың тууы заңды. Ол – Совет одағында еркін күрестің іргетасын қалаушылардың бірі. Өз заманында аты шыққан балуан. 1964, 1968, 1972, 1976 жылдардағы жазғы олимпиадаларға ССРО құрамасын баптауға атсалыса отырып, бірнеше олимпиада және әлем чемпиондарын тәрбиелеген айтулы бапкер. Еркін күрес туралы әдістемелік, деректі кітаптардың авторы. ССРО қарулы күштері құрамасының бас бапкері, еркін күрестен ЦСКА командасының бастығы әрі аға жат­тықтырушысы. Бір сөзбен айтқанда, совет күресінің жарты патшасы, бүкіл әскери балуандардың төбесінен қарайтын дөкейдің өзі. Мұндай алпауытқа хат жазғызып жүрген Айханов та тегін емес. Талайлар Преображенскийдің қолын ұстауға зар боп жүрсе, біздің ағамыз оның шақыруына құлақ аспайды. Ал Кавказ бен Якутия бапкерлері шәкірт­терін Преображенскийдің қол астына беріп, соның нәтижесінде олар олимпиада ойындары мен әлем чемпионат­тарына барып жүрді. Якутияның еркін күресін әлемдік деңгейге алып шыққан Дмитрий Коркин екі бірдей дарынды шәкіртін – Роман Дмитриев пен Павел Пинигинді Преображенскийдің қарауына берді. Коркин қателескен жоқ: екеуі де олимпиада ойындары мен әлем чемпионат­тарында топ жарды.

Ол кезде үлкен спортқа тәуекел қылған спортшылар ЦСКА-ға кіруге жанын салатын. Себебі, ЦСКА-ға кілең ССРО құрамасының мүшелері мен олармен тайталасуға жарайтын белділер ғана алынатын. Яғни, ЦСКА – бірнеше спорт түрінен ССРО құрамасының негізгі арқасүйер, базалық командасы болды. Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері, әйгілі баскетболшы Әлжан Жармұхамедов те алғашында ЦСКА-ға барудан бас тарт­ты. Сөзі жерде қалғанына ренжіген ССРО құрамасының бас жат­тықтырушысы Александр Гомель­ский Әлжанды 1968 жылы Мехико олимпиадасына апармай қойды. 1969 жылы ЦСКА-ның бас бапкері Арменак Алачачянның тікелей пәрменімен екі әскери адам келіп, оны Мәскеуге баруға күштеп көндіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Ал даңқты волейболшы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионы Жәнібек Сауранбаев та ЦСКА-ның шақыруын қабыл алмағаны үшін Токио және Мехико олимпиадаларына жолы түспеді. ССРО ұлт­тық құрамасының ең белді ойыншысының бірі саналған Сауранбаев тура олимпиада қарсаңында тізімнен түсіп қалды.

Енді біздің балуанға орыс маманы сонша неге қызықты, дегенге келейік. Әбілсейіт ССРО кубогы жолындағы бәсекеде Сергей Андрейұлының ең күшті шәкірті Александр Иваницкийге оң аяғын әдейі ұсынып, анау шап бергенде қарсы әдіспен атып ұрады ғой. Александр жер тоқпақтап қалады. Бұл кезде Иваницкий – ересектер арасындағы одақ чемпионатының жүлдегері, жастар арасында Совет одағының чемпионы. Ал Айхановтың әлі Қазақстан чемпионы атанбаған кезі. Бұдан кейін Иваницкийдің тасы өрге домалап, олимпиада жеңімпазы, әлемнің 4 дүркін чемпионы атанды.

Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, әлем кубогының жеңімпазы, Совет одағының 2 дүркін чемпионы Анатолий Албул – Преображенскийдің төл шәкірті. Айханов бұл балуанды таза жығады. Осыдан кейін Преображенскийдің Әбілсейітке қолқа салуы заңды. Өйткені Айханов феноменін Сергей Андрейұлының қапысыз танығаны анық.

Алпыс үштегі тамаша жеңістен кейін Әбілсейіт төрешілер тарапынан да тосқауылға ұшырады деп ойлаймыз. Себебі, Айханов Преображенскийдің ұсынысынан бас тарту арқылы тұтас тоталитарлық жүйеге, сұрапыл мемлекет­тік машинаға қарсы шыққан еді. Әбілсейіт Рүстемұлы олимпиада және әлем чемпионы болатын қарым-қабілеті бола тұра, совет күресінің басындағы әділетсіз адамдардың кесірінен діт­теген биігіне жете алмады. 1964, 1965, 1966 жылдардағы ССРО чемпионат­тарында Айханов 4-орынмен шектелді. 1971 жылы Әбілсейіт Айханов ССРО халықтарының жазғы спартакиадасына таза қазақ балуандарымен барайық, деп ұран тастады. Бұл – сол тұстағы жер шарындағы ең алып ССРО империясына ашық қарсы шығу еді. Яғни, рухы азат, ұлтының өр мінезі кеудесін кернеген нағыз батырдың нартәуекелі болатын! Есіл ердің ниеті жүзеге аспай, шәкірті Аманжол Бұғыбаев екеуін ұлт­тық құрамадан шығарып тастады.

Одақ құрамасы Айхановты ірі-ірі жарыстарға жіберіп тұрды. Әбілсейіт Айханов халықаралық жарыстарда бірде-бір рет жеңілген жоқ.
1961 жылы қазақ балуаны Чехословакияның астанасы Прагада болған айтулы бәсекеде жеті бірдей қарсыласын қапы қалдырып, финалда Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Богумил Кубатпен бетпе-бет шықты. Кубат­тың салмағы – 140 келіден артық, Айханов 83-84 келі шамасында. Кубат –Чехословакия тәрізді сол тұстағы күшті мемлекет­тің бір емес, тоғыз дүркін чемпионы.

Бұл Әбекеңнің шетелге алғаш шығуы еді. Соған қарамастан, жеті мемлекет­тің «мен» деген алыптарын жығып отыр. 23 жастағы Әбілсейіт мыңдаған чех жанкүйерлерінің көз алдында Богумилді таза жығады. Дөнен өгіздей Кубат­тың жауырынын кілемге жапсыру үшін айла-тәсілге қоса сұрапыл күштің қажет­тігі тағы белгілі.

Болгария тарихындағы тұңғыш олимпиада жеңімпазы, осы елдің 12 мәрте чемпионы Никола Станчев, әлемнің 2 дүркін чемпионы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Шота Ломидзе, олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Совет одағының 2 дүркін чемпионы Савкудз Дзарасов, олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Совет одағының 4 мәрте чемпионы Борис Кулаев, олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері Петр Кмент, ССРО чемпионы Нугзар Гогибедашвили… Айханов осы мықтылардың бәрін жеңді. Біз әлемдік күрес тарихындағы таңдаулы деген балуандарды ғана атап отырмыз. Бұларға әрқайсысы бір-бір елдің түйе балуандары саналған басқа да алыптарды қосыңыз. Осылардың арасынан суырылып шыққан Әбілсейіт Рүстемұлы олимпиада ойындарын айтпағанда, Еуропа біріншілігіне де барған жоқ.

Ел мен ер тағдыры егіз екен. Алаш жұрты киген отаршылдық қамытынан Айханов та құтыла алмапты. Тарпаң балуан басына ноқта салғызбаса да, отаршыл жүйе оның аяғына тұсау салыпты. Бірақ Айханов империяға бас иген жоқ. Балуан ағаның бар кінәсі: айтулы сындарға тек қазақтың атынан барғысы келгендігі, сосын ешкімнің ығына жығылмай, қабағына қарамай өз жолымды өзім ашамын деген қазақы намыс, дала батырына тән бұлталақсыз асқақ мінезі еді. Ал отыз жыл тәуелсіздік тұсында мыңдаған қазақ баласы еркін күрестен бағын сынады. Солардың ішінен Айхановтай бір балуан шыққан жоқ. Қазақ даласы қу тақыр емес еді ғой, бізге не болды, қайда кетіп барамыз?!

Қыдырбек РЫСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір