«Шәмші – ән патшасы» драмалық байқауы мәреге жет­ті
05.07.2024
606
0

Түркістан музыкалық драма театры Қазақ­стан Жазушылар одағымен бірлесіп көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты жариялаған «Шәмші – ән патшасы» республикалық драма байқауы қорытындыланды.

«Ән-ғұмыр» пьесасы үшін ақын-драматург А.Байділдаға бас жүлде (1 млн. теңге) берілді. Жүлдені Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орын­басары, ақын, жазушы Н.Қуантай табыстады. Театрдың көркемдік жетекшісі Ш.Омарованың айтуынша, байқауға түскен бірталай пьесадан сарапшылар алқасы көпшілік дауысымен таңдаған пьеса жаңа маусымда сахналанады. Автормен бірігіп жұмыс жасамақшы театр жаңа маусымын Шәмшіге арналған спектакльмен ашпақшы.
Салтанат­ты шара «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы» ат­ты интенсив семинармен жалғасты. Республика бо­йынша мұндай формат­та алғаш рет өткізілген, театрлардағы әдебиет бөлімі мамандарының біліктілігін арт­тырып, шығармашылық байланыстарды нығайтуды мақсат еткен семинарда ҚР Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Н.Қуантай «Әдебиет пен өнерді мемлекет­тік қолдау саясатының заманауи ерекшелігі», театрдың көркемдік жетекшісі, әдебиет бөлімі меңгерушісі Ш.Омарова «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы», ҚР Жазушылар одағы Басқарма хатшысы, әдебиет және театр сыншысы Ә.Бөпежанова «Театрлардың репертуарлық саясаты», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, Қазақ­стан театр сыншылары бірлестігінің вице-президенті, өнертану кандидаты, театртанушы А.Мұқан «Қазақ драматургиясының даму тенденциялары», Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, жазушы-драматург, әдебиет­танушы-ғалым Ә.Байболов «Балалар әдебиетіндегі заманауи ізденістер» тақырыбында лекциялар оқып, пікіралысулар жасады және жазушы-драматург, режиссер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факуль­тетінің аға оқытушысы А.Ихсанов «Прозаға инсценировка жасау өнері» ат­ты шеберлік сабағын өткізді.
Семинар жұмысына театрлардың әдебиет бөлімі меңгерушілері: Ғ.Мүсірепов театрынан А.Көлбаева, Ж.Шанин театрынан С.Қасымбек, Алматы Қуыршақ театрынан Ж.Ахмет, БҚО театрынан Ә.Шакуова, Ұлытаудан Ү.Молдаберген, Б.Жаппарханова, Талдықорғаннан Б.Толқынбекқызы, Көкшетаудан М.Хыдырбай, Ақтөбеден Ж.Дәулеткерей, СҚО театрынан О.Зейноллин, Қызылордадан Ұ.Қылышбаева және Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрынан С.Кенжехандар қатысты. Басқосуда театр әдеби бөлімдерінің рөлі мен маңызы, жұмыс тәжірибесі, өзекті мәселелері, бүгінгі уақыт ағымына сай икемділік пен мобильдік, тағы да басқа көптеген жайт­тар кеңінен сөз болды. Осындай маңызды басқосуды ұйымдастырған Түркістан театрының басшылығы мен ұжымына алғысын білдірген қатысушылардың ойынша, мұндай шара өзге театрларда жалғасын табуы қажет. Ал қос шарасын табысты өткізген Түркістан музыкалық драма театры бұл маусымын өткен жұмада «Келіндер көтерілісі» (С.Ахмад, аударған А.Сүлейменов, режиссері Д.Серғазин) спектаклімен аяқтады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір