Рух феномені – Адамтас
15.01.2023
348
0

Жазушы Ерғали Бақаштың
«Адамтас» әңгімелер жинағы хақында 

Кез келген мәтін белгілі бір құндылықтар аясында, таным-пайымның табиғатына қарай ғұмыр кешіп, сол түйсік-бітімнің ырқына қарай өріс алып, жандана түсетінін ескерсек, қазіргі қазақ прозасында да азды-көпті әңгімелер жоқ емес. Автор – қайткен күнде де өз мәдениетінің, болмыс-парасатының айнасы.

Жазушы – өзі таныған ажарлы танымның (бәлкім, ол ұнамды әрекет болмауы да мүмкін) құрбаны. Сол болмыс-бітім, кеңістіктегі рухани процестер автордың темірқазығы іспеттес. Осы бір таным өзге бір мәдениетпен қотандаса бастағанда, автордың, дәлірек айтқанда адамның табиғатына қандай өзгеріс әкелмек? Әлде осы қоғамның даму сатылары, өзгерістері мен жаңашылықтары біздің әу баста танып-білген, сең соқса да қозғалмайтын жадымызға қарама-қайшы емес пе? Бұл жайында осы мақаламызда азды-көпті тоқтала жатармыз. Негізінде бұл ой маған ақын-жазушы Ерғали Бақаштың «Адамтас» кітабын оқыған соң келген.
Өнер әлемін өлең жазудан бастаған Ерғали Бақаштың прозадағы ізденіс жолдары, баяндау машығы, мәтін танудағы өзіндік концепциялары шағын ғана «Адамтас» әңгімелер жинағынан анық аңғарылған. «Адамтас», «Еден жуушы», «Елес», «Түс», «Тоқал там», «Торытөбел», «Үрей», «Күтпеген кездесу», т.б әңгімелері жинаққа енген.
М.Бахтин өзінің «Достоевский шығармаларының поэтикасы» еңбегінде «…архаика жанрдың жадында үнемі сақталады, ол жоғалып кетпейді, ол тірі нәрсе, яғни архаика жаңарып, жанданып отыруға қауқарлы. Жанр қазіргі уақытта өмір сүргенімен әрдайым өткенін және бастауын ұмытпайды» дейді. Біздіңше, жазушы Ерғалидің «Елес», «Адамтас» әңгімелері сакральдық, архаикалық образға ұқсайды. «Ет-жүректі пенденің тасқа көңілі ауып, мият табарын кім болжапты?.. Оның үстіне Қағбаның қара тасы болса бір сәрі Жаратқанның құдіреті үшін бас шайқап, таң-тамаша қалуға болатын. Айдалада, ауылдан жырақ, анық дерек-дәйегі белгісіз, тек ел арасындағы алып-қашпа әңгіменің айтуынша, Адамтас кезінде ақиқат үшін күрескен жесір әйелдің жалғыз ұлы екен-мыс.»
Әңгіме кейіпкері Тасболат адал да рухы биік жан. Қоғамының жанына жақын, рухани серпін беретін өзгерістермен дамып жатқанына о баста өзге түгілі өзі де сенетін. Күнделікті күйкі тіршілік, заманалар өзгерісі, бәлкім, қала өмірі әу бастағы жадыға салмақ салғандай. Бұл жерде Тасболаттың рухына селкеу түсірген қала өмірі деп те, кесіп-пішіп айтуға болмас. Қоршаған ортаның кеспірсіз сиқы әу бастағы Тасболаттың бойына сіңген асыл мұратқа үнемі кедергі келтіре беретінін әңгіменің ауанынан байқаймыз. Әңгімеде Тасболат ең алғаш Адамтаспен кездескенде, одан бір рух, жанына қуат біткендей сезімде болады. Айдаладағы тасқа үнемі барғыштап, жиі сапарлап тұрады. Алғашқы сапарында әлгі меңіреу тас кейіпкердің артынан ілесіп келе жатқандай. Автор осы бір оқиғаны сәтті ойлап тапқан. Тасболат­тың үнемі қыр-соңынан қалмай, ұмыта алмай жүретін Адамтасы – автордың жадында мәңгі сақталған құндылығы деуге болады. Ол қандай құндылық? Өмірде адамдардың бір-біріне жақсылық жасауы, әдемілік, күнде көріп жүрген ерекшеліктері ме? Ал кейіпкер Тасболаттың Адамтасқа сонша тамырымен байланып, ешкім түсінбейтін ғажайып бір әлемді аңсауын қалай ұғамыз? Әсіресе көне бір ауанның айналасынан шыға алмауының сыры неде? Белгілі фольклортанушы Д.Лихачев «Көне орыс әдебие­тінің поэтикасы» еңбегінде бұрынғы әдебиеттің ерекшелігі «ұжымдық сана» екенін алға тартады. Яғни ұжымдық сана қауымына ортақ құндылық болған. Олардың ой-пікірі, қағидаттары ортақ бір негізде қалыптасқан. Ал бүгінгі қоғамда Адамтас сияқты көне дүниені қоғам түсіне алмауы, сол тастың бойында аңыз-әңгіме, ертегілер жатқанын автор бүгінгі оқырманға арқау еткен. Көне дүниенің астарында үн, иіс, асқақтық, еркіндік, батырлық, туралық, тіпті шексіз жомарт­тық сынды ұғымдардың дәні өлмеген бол­уы мүмкін. Тасболат бірде Адамтастың өзінен жырақтап, аспанға қалықтап, көз алдынан мүлде ғайып болғанын да білді. Автор осы арқылы адамтаспен бірге өзің сезе алмайтын әлдебір қаныңдағы тылсым құдіреттің кез келген қайшылықпен текетіресе алатынын сездіреді.
Ақиқатында «адамтас» феномені – автордың ішкі пайым-көзқарасы. Кейде осы болмыс-бітім, таным жаңа бір өркениетпен қарама-қайшылыққа түскенде, кейіпкер немесе автор жарақат (травма) алады, кейде кейіпкер жылдар бойы өз құндылығының шырмауынан шыға алмай әуре-сарсаң күй кешеді. Мұндағы жазушы Ерғалидің кейіпкері – Тасболат заманауи өзгерістерді игере алмай қалған жұмбақ жан. Бәлкім, қоғамның даму сатылары Тасболат танып білген көзқарастарға мүлде қайшы, кереғар іс-әрекетте шиеленісіп жатқан болуы бек-мүмкін. Автор әрине бұл әңгімесінде уақыт пен кеңістіктің жай-жапсарына және кеңістік кейіпкердің санасына салмақ салғанын ажыратып жатпайды. Әңгімеде автор мен кейіпкердің бір-бірінен қара үзіп, екеуі екі арнада өмір сүріп жатқанын мүлде байқамайсыз, қайта бір-бірімен қабысып, біте қайнасып кеткенін анық аңғарамыз. Әңгіме желісінде Адамтастан көз жазып қалғанда Тасболат жападан-жалғыз қалғандай, мең-зең күй кешеді. Бұл процестерді де біз құндылықтың сетінеуі, кейіпкер жанының катарсиске түскенінен-ақ байқаймыз. Тасболат болмысы өзіне даңғыл жол салып, сол жолдан мүлде тайқымауға әлдеқашан бекініп алған. Өз шамынан басқа да жарық бар екенін, енді бір кеңістікте өзге де бір тірліктің қазаны қайнап жатқанын бағдарлай қоймайды. Автор өз кейіпкерін сол қайнаған ортаға қосуға дәрменсіз. Егер Тасболаттың жан толғанысын ой сүзгісінен өткізер болсақ, жазушының аталған кейіпкері біздің қоғаммен емен-жарқын араласып кетуден қашқақтайтын сияқты. Оның белгілі бір себептері де бар. Өйткені Тасболат белгілі бір уақытта рухтың коды – Адамтастан көз жазып та қалады. Онымен мүлде қош айтысқандай күйді бастан кешеді. Рух феномені – Адамтас жанданып, жасару, өзгеру процестеріне қауқарсыз. «Әр нәрсені бір ойлап, қиялға шомып отырған. Кенет көз алдына Адамтас жалт етіп, қылаң берді. Сол-ақ екен, бөлме іші күңгірт тартып, аласапыран ой жан-жағынан қоршап, қаумалап алды. Сол сәттен бастап, Адамтас оның өмірімен біте қайнап, бір тұлғаға айналып кеткендей хәл кешті». Әңгіме межесіне үңілсек, Тасболат жоғалтып алған кұндылық коды Адамтаспен қайта қауышады. Өмірі жаздай жайнап, тіршілік тынысы бір сәт қалыпқа түскендей болады. Адам бойындағы беймазалық, тоқырау мен күйгелектік біржола сейілгендей мамыражай қалыпқа түседі. Ендігі асар асулар мен дүние тосқауылынан рух феномені Адамтассыз өту еш мүмкін емес. Біздің пайымдауымызда мұндағы адамтас автордың табынушы, сыйынушы дүниесі емес. Оған автордың өзі де мына бір сөйлеммен жауап бере кеткендей. «Бұрын керісінше, дабырлаған у-шудың бел ортасынан табылатын. Енді, міне, кеудедегі шыбыны тыныштық бермей, зымыстан ойдың жетегімен Адамтасқа бет алды. Ет жүректі пенденің тасқа көңілі ауып, мият табарын кім болжапты. Оның үстіне Қағбаның қара тасы болса бір сәрі Жаратқанның құдіреті үшін бас шайқап, таң-тамаша қалуға болатын». Байқап отырғанымыздай кейіпкер өз жанымен арпалысқа түседі. Баяғы бала кезіндегі тазалығын, өзінің қайда бара жатқанын бағдарлайды. Бұл әңгімедегі «адамтас» ұлттық рухтың серпілуі, іштей тазаруы десек қателеспейміз.
Жазушы Ерғалидің «Үрей» әңгімесі – бала кезде жиі кездесетін психологиялық жарақат. Психоанализде үрей адамның геніне, тіпті келер ұрпағына дейін өтіп кететінін көзі қарақты оқырман З.Фрейд­тің еңбектерінен оқып алар. Ал мұндағы баланың үрейі тіпті қызық. Аттан құлап, қолын сындырып алған Еміл сынықшыны көрсе, зәре-құты қалмай қаша жөнеледі. Аңғал бала сынықшының мейірімді жан екенін қайдан білсін. Біздің ауылда да осындай бір кісілер болатын. Алыстан сұлбасын көрсек, тығылатын тесік таппай кететінбіз. Кейін есейгенде, сол кісілерден сырт айналып, маңына көп жолай қоймайтынмын. Осы бір детальді Ерғали сәтті пайдаланған. Қолын ойын баласы бір емес, екі сындырған. Екеуінде де Әнеш сынықшыны шақырған. Содан бері сынықшыны көрсе, зәре құты қалмай зыта жөнеледі. Автор әңгіме бастауын осы тұстан бастайды. Сынықшыны көргенде, ойнап жүрген асықтарын тастай қашқаны несі? Келе жатқан кім болды екен? Бала бірдеңе бүлдіріп қойды ма? – деген сауалдар оқырманын да толғандыра түскендей. Одан кейін сүрлеуге түскен оқушы екі-үш беттік парақты бір демде тауысады. Әңгіменің ерекшелігі құрылымында және детальдің молдығында. Автор кейіпкерлерін әбден таныған, олардың бейнесін шебер суреттеген. Сынықшы Әнеш, әке бейнесі, құлдыраңдаған баласы жазым болғандағы ананың шыр-пыр болып безектеуі, қыр суреттері барлығы да жазушының қиялынан қалыс қалмаған. Әсіресе Қалибек пен Әнеш сынықшының жолай әңгімелесуі, жылқы малының қасиеті жайында сыр шертісуі оқырманды ғапыл тірліктен арашалап алатындай.
«Еден жуушы» атты әңгіменің жүгін көтеріп тұрған кейіпкер образы. Жазушының қиялынан өрбіп шыққан образ емес, өмірдің өзінен натуралды бейненің қағазға түскен сәті. Қандай таза адам. Кейіпкердің ғұмырбаяны, өмірге деген көзқарасы, ақ қардай таза жаны, мөлдір сезімі, бәрісі де оқырманды ғажап дүниеге шақырады. Тіпті осы бір әйел-ананы кейбіреулер күстәналап, жақтыртпай қарайды. Бірақ жаны-жайсаң жан өз ісінен қуат алып, өзгелерге жан шуағын шашуға қашанда әзір. Неге автор бұл адаммен әңгімелескісі, сырласқысы келеді. Қоғамның мынау дүрмегінен ада, ақ қардай ана бейнесі кез келген жанды өзінің бауырына тартпас па еді. Жақсылыққа ұмтылған адам айналасынан сол тазалықты іздемес пе еді. Міне, сондай кейіпкердің бірі – еден жуушы әйел. Бәлкім, бұл өмірде сіз ондай жандарды көрсеңіз, өзіңіз де сырласқыңыз келер. Әңгімені оқып отырғанда, сіз көрген асыл жандар сартап болған ескі сезімнің қылын қайта тұтатып, әлгі еден жуушы сияқты ізгі жандардың асқақ бейнелері көз алдыңнан мұнарлайды. «Өнер…» дейді Л.Толстой « адамдардың өзара байланысы. Өзге бір адам өзінің қасиетімен келесі жанға әсер етеді. Одан жұққан қасиеттен өзгелер қуат алады. Өнер – кейбіреулер айтатын ғарыштық әлемнен келетін идеялар да емес, әсерлену де емес, әдемілік те емес. Өнер – ізгілікке ұмтылу» дейді. Біздіңше Ерғали Бақаштың бұл кейіпкері – сол ізгілікке бастайтын асыл аналардың қатарындағы кейіпкер.
Жазушы сөз тіркестерін орынды жұмсаумен қатар, аңыз-әңгіме, көне мұраларды көп білетіні де әрбір әңгімесінен байқалады. «Қимыжық күй», «қамырық ойдың жұқанасы», «қойдың қабырғасындай жалғыз аяқ жол», «жыланның уына суарғандай бәкі» сияқты сөз орамдары әңгімеге әр бере түскен.
Бүгінде сөздің маңызы кетіп, самалы қалған кезеңде ата-баба дәстүрін, есті кісілердің таудай бейнелерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жүрген жазушы Ерғали Бақаштың ізгі қадамдарына тілекші болғанымызды жасырып қала алмадық. Сол қуаныштың лебімен жазушы ағамыз Жүсіпбек Қорғасбек жүргізетін «Үркер» әдеби-бағдарламасында да жүрекжарды тілегімізді ақтарған болатынбыз.

Марат Әзімхан,
әдебиет сыншысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір