ӘШІРБЕК СЫҒАЙ ФЕНОМЕНІ
31.10.2023
262
0

Өткен ғасырдағы 70-жылдарда қазақ баспасөзі шырқай өрлеп, қай-қайсысы болмасын, қалың қауымға жүздеген мың данамен таралып отырды. Олардың сыртында, ақын-жазушылардың том-том шығып жататын кітаптары бар. Жаңадан отау тігіп, аяғын қаз-қаз басып келе жатқан жас шаңырақ – басылымдар өзінше. Бір ғана «Мәдениет және тұрмыс» журналының таралымы 400 мыңнан асқан еді сол тұстарда. Онда мен осында орынбасар – екі басшының бірімін. Күнделікті жұмыс бастан асады. Бұларды айтып отырған себебіміз, күнделікті қызмет қаншалық қауырт болса да, өзге басылымдарды оқуға уақыт табамыз.

 Баспасөзде бұрын көрінбеген жаңа есімдер бірден назарға ілігеді. Сондай шақтарда, әсіресе күн сайын шығатын газеттер бетінде жасындай жарқылдаған – бұрын байқалмаған бір жас перінің аты-жөні жиі көзге түсе бастады. Жазғандары өткір, терең, мазмұнды, ойлы, салмақты, салдарлы. Автордың аты-жөнінің астына сыншы деп жазылып жүрді. Біз, әрине, жазғандарын оқыған бойда бұл кім болды дейміз ғой, баяғы.
Ол – Әшірбек Сығай еді. Мақаласын, сыни тұжырымдамасын оқығанымыз болмаса, өзін біле бермейміз.
Бірде Мұхтар Әуезов атындағы театрдың директоры, халық артисі Райымбек Сейтметов таяу арада жаңа қойылымның тұсаукесері болатынын айтты. Өз басым онымен қимас дос ретінде жақын араласатынбыз. Поэзиялық жаңа спектакльдің аты – «Махаббат заңы». Белгілі ақын Мұхтар Шахановтың өлеңдері мен поэмалары негізінде. Алдын ала айта кетейік, дарынды режиссер Райымбек Сейтметов содан кейін де Мұхтардың екінші пьесасын, Абай, Т.Бердияров басқа да біраз ақынның өлеңдері бойынша спектакльдер қойды. Бәрі табысты өтті.
Мұхтардың пьесасын көруге келгендер залдың аузы-мұрнына сыймай кетті. Бұл жас ақынның алғашқы асқан биік асуларының бірі еді. Спектакль бітіп, жұрт тараған соң дастархан жайылды. Өнер маңайындағы біраз қауымның басы қосылды. Құттықтаулар, ақ тілеулер. Отырғандардың көбі таныс, бейтаныстар да баршылық. Дастарханның орта шеніндегі орта бойлы, шағын денелі ақ сары жігітке әлсін-әлсін көзім түсіп отырды. Жасы үлкендерден имене ме, сыйлағаны ма, ешкімнің бет-жүзіне қарамай, өзімен-өзі томаға-тұйық отыр. Сөзге араласпайды, сөйлемейді. Бірақ әлденеге риза еместей, өңі сұсты, қабағы қатулау. Біреу-міреуді менсінбей отыр ма деп те ойлауға болатындай. Бір жағына төгіле қайырылған жібектей сарғыш шаштарын жиі-жиі сипап қояды. Бұл кім деп маңайдағылардан сұрау ыңғайсыз. Біле жатармыз деп сабырға жеңдіреміз. Кенет дастарқан басқарушы Райымбек:
– Әй, Әшірбек, сен неге көңілсіз отырсың?! Бірдеңе демейсің бе? – деп саңқ етті. – Бұл менің інім Әшірбек Сығаев, екеуміз бір жер­ден­біз, жазғандарын оқып жүрген шығарсыңдар. Жақында актерлік факультетті бітірді, – деді онан соң. – Мамандығы актер, әнші, бірақ жазушы боламын деп жүр. Әзірше театр сынын дөңгелетуде.
Е, Әшірбек Сығаевымыз осы болды ғой, не айтар екен дейміз (оның сөйлемекке ұмсынғанын байқап). Сөйледі. Қысқа, нұсқа. Мазмұны есте жоқ. Пьесаны мақтады-ау деймін. Әйтпесе, Мұхтар сыр берер ме еді, қайтер еді. Тілектес Мейрамовты да мақтады. Тілектес басты рөлді ойна­ған-ды. Ақын бейнесін жақсы сомдады. Әшірбек мақтау айтқанда, жас актердің құлағына дейін қызарғаны көз алдымда.
Ол күні жақын танысудың сәті түскен жоқ. Бір-бірімізге бас изеп қоштастық та, жөнімізге тарастық.
Ертеңіне Мұхтар телефон шалып, алдағы сенбіде Райымбекті, тағы біреулерді шайға шақыратынын айтты. Маған да келіңіз деді. Айтылған күні шағын топ дастарқанда отырдық. Қуанышы тасып төгілген Мұхтарда ес жоқ. Жиналғандарды бір-бірлеп таныстырып болысымен Мұхтар Райымбекке қайта-қайта алғыс айтумен болды. Басқалар да қалысып жатқан жоқпыз. Жаратылысынан қолы ашық, барынша меймандос Мұхтар жайған дастарқанның басында ұмытпасам – Нұрғали Нүсіпжанов, телевизия қызметкері Жаңабек Тоқпановтар да болды-ау деймін. Мен үшін таңсықтауы – әнеугүні театрда көрген шынашақтай сарғалтақ жігіт – Әшірбек. Жеке өзі келіпті. Келініміз – Күләшпен кейінірек таныстық.
Мұхтарға құтты болсын, жаза бер дегендей тілек-ниеттер есесімен айтылып жатыр. Түннің бір уағында тарайтын мезгіл жетіп, тысқа шықтық. Қимай қоштасу, кім қай бағытқа, кім кіммен бірге қайтады – айтылып жатыр. – Мен сізбен бірге жүреді екенмін, өйткені сіз тұратын мөлтек ауданмен мен тұратын мөлтек аудан арасы жақын көрінеді, – деді Әшірбек маған қарап.
– Қарсылық жоқ.
Біз тұратын үйдің жанына келген соң көшеден ұстаған таксиден атып шыққан Әшірбек көліктің қаражатын төлеп қоя берді де, екеуміз ұзақ сонар әңгіме соқтық. О, тоба, әнеугүнгі театрда көрген қабағы қатулы Әшірбек пен қарсы алдымда тұрған ашық-жарқын Әшірбектің айырмасы жер мен көктей. Ағалап іші-бауырыма кіріп барады. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ашық-жарқын, қарапайым, көпшілдігі көрініп, білініп тұр. «Осылайша біраз қауқылдасайық, аға! Сізді сыртыңыздан жақсы білемін. Райымбек ағамнан естимін, жазғандарыңызды оқып жүре­мін. Алда араласып тұрайық. Үйіңізге барармыз, сіз де біздің үйге келерсіз», – дейді.
Не керек, Әшірбек екеуміздің ол өмірден өткенше жалғасып, жымдасып кеткен «аға дос, іні достық» қатынасымыз сол күнгі кештен бастау алған-ды. Ол үшін Райымбек пен Мұхтарға қарыздармын. Өмірдің айтулы кезеңдерінің бірінен саналатын сол шақтар неге ұмытылсын. Бәрі есте, көкейде.
Райымбек айтқандай, Әшірбек Мәдениет министрлігінде істейді екен. Мен ойлағандай, инспектор, нұсқаушы, басқа да емес, театр бөлімінің бастығы екен. Редакциямен екі ара қол созым жер. Сәл мүмкіндік болса, бір-бірімізге шауып барамыз. Түскі үзілісте іргедегі паркте түстеніп, серуендейміз. Не айтса да кесіп сөйлейтін, өткір, алғыр, майдалық, көлгірліктен ада, тура мінезді Әшірбек сыр бүкпейді. Қолында ата-анасы, келіншегі, жас сәбилері барын айтқан.
«Бұйырса, алысқа шабатын болар­сың» деймін ішімнен. «Алдың ашық болғай».
Даусы ашық, өткір, адуынды. Ме­німен құрдасындай әзілдесуге бейім­деліп алды. Қалжыңға бағып, айтпағанды айтады, демегенді дейді. Сыйымды, жарасымды. Қайта қылжақпастығы бір басына жететін мен пақыр кейде оның әзіліне жауап қайтара алмай, тосылыңқырап қаламын. Бір мүшелдей кіші, бірақ жаны жарқын інімен жасы қатар құрбыдай көсіле шабуға ыңғайсызданамын. «Иә, иә» деуден аспаймын.
– Өзіңіздесіз бе, қазір барамын, – деді ол бір күні күтпеген жерден.
– Келе бер! Келді. Әдеттегідей, иы­ғым­нан бір нұқып, күлімсірей қарады да:
– Сізге ешкім білмеуі тиіс құпия айтуға келдім, – деді бәсеңдеу үнмен. – Тек аузыңызға ие болыңыз. Райымбек ағама да айтқан жоқпын. Тек сізге. Бүгін министр шақырып алып, өнер істері жөніндегі басқарма бастығы боласың, бір күн мұрсат, ойланып кел де жауабын айт деді. Екеумізден өзге ешкім сезбесін деді. Оны білетін енді сіз үшінші боп тұрсыз. Не дейсіз, келісім берейін бе, жоқ па? Өзіме тәжірибем әлі аздай көрінеді. Ауыр соғып жүрмес пе екен?
– Сеніміңе рақмет. Шынында да, мұндай нәрсе тістен шықпауы тиіс. Айналаны білесің. Маған айтпасаң да өкпе болмас еді. Айтқан екенсің, онда тыңда. Бас тартпа. Келісім бер. Ондай жоғары лауазым текке ұсынылып отырған жоқ және күнде айтылмайды.
– О, бәрекелді, – деді кексе адамдарша мипаздай сөйлеп. – Өзім де солай дейтін шығар деп едім, дөп түстіңіз. Демек, енді ешкіммен ақылдасудың керегі жоқ қой, солай ма?
– Өзің білесің, бірақ меніңше, солай.
– Министр уәдесінде тұрмаса қалай болады? Осы жұмысты істей берейін бе, әлде арызымды беріп, кетіп қалайын ба? Қазір қайта-қайта шақырып жатқан редакциялар көп. Бәрі «кел, өнер бөлімін басқар» дейді. Мен бармай жүрмін.
– Қой енді, – деймін мен. – Ондайды ұмыт. Министр уәдесін жұтпайды. Көр де тұр. Бірақ сен де маған уәде бер, қай күні бұйрық шығады, сол күні мен бірінші құттықтап, бірінші боп жуамын. Келістік пе?
– Болды, ұрынып тұрған өзім, қалай келіспеске! Хабар менен. Күте тұрасыз.
– Күтуін күте тұрамыз әрі тілеуіңді ті­леп жүреміз. Басқарма бастығы міндетті түрде коллегия мүшесі болады. Әрі қарай одан да жоғарыға шырқайсың, Құдай қаласа!
Әшірбек қайтып кетті. «Е, Алла, жолын оңғара гөр» деймін іштей мінәжат етіп. Бір ойым айтады: «Өтпей қалса да ештеңе жоқ, бәрібір, өсетін жігіт» деп. Жүрегім шым етеді. Оқыс ойды қолма-қол қуып шығамын. Алдағы жарқын күнді күтемін.
Тілек қабыл болды. «Кеше Орталық комитет бекітті, бүгін бұйрық шықты. Әзірше онша көп ешкім білмейді. Білсе де мейлі. Ал қалай, мен кешке театрға барғалы отырмын. Келініңіз де келеді. Жеңгеміздің уақыты болмаса, өзіңіз келіңіз.
– Болды, – деймін. – Барамын.
– Онда жолыққанша!
Жұмысты ертелеу аяқтап, ертелеу бардым дегеннің өзінде, Әуезов театрының алдына жеткенімде жұрттың бәрі әлдеқашан ішке кіріп, асығып-аптыға жүгіріп бара жатқан бірді-екілі көрермендер көзге түседі. Әшірбек әлі жоқ. Тұр деген жерінде тұрмын. Бір кезде қарсы алдымнан бетінде тарыдай қара меңі бар, орта бойлы, аққұбаша, көркем келіншек маған бір қарап, кесе-көлденеңдеп өте шықты да, анадай жерге барып тұрды. Түсінікті. Күләш келін, жұмысынан жеткені осы болса керек. Ізінше Әшірбек те келді. Күләшқа апыл-ғұпыл мені таныстырып, ішке кірдік. Жайғастық. Мен үзілісті күтемін. Тағатсыздана. Бар есіл-дертім бір шампанның басына тезірек су құю. Уәде бойынша, Әшірбектің жаңа қызметін бірінші боп атау, жуу. Кеңсесіне кейін бара жатамыз.
Үзіліс те жетті. Күләш екеуін буфетке ертіп барып, ол мақсат та орындалды.
– Сіз де қадалған жерден қан алады екенсіз. Айтқаныңызды орындап тын­дыңыз! – деді Әшірбек жарқылдай күліп.
– Райымбек бар ғой, әлі спектакль­ден кейін тағы жалғастырамыз! – деймін.
Қанаты қатар-қатпаста дос-жаран­дарынан оқ бойы озып, жора-жолдас, тума-туыстарының көзайымына айнал­ған Әшірбектің үлкен асуларға басқан алғашқы қадамының бірі осылай. Күндердің күні Орталық комитетке нұс­қау­шы болатын мезгіл де жетті. 26 жасында. Үлкен бедел, абырой, мәртебе.
– Идеология хатшысы Саттар Имашев көмекшісіне бұл жігіт төрт жылдан кейін мынау деген кадр болады деп айтты, – деді бас бармағын көрсетіп.
Құдай қолдап, аруақ жар боп, дос інім солайша биіктен-биікке өрледі, бақыт құсы басына қонған үстіне қона түсті. Орталық комитеттен қай­тадан Мәдениет министрлігіне оралды, министрге орынбасар боп. Одан Өнер академиясына ректор, одан тағы да Мәдениет министрінің бірінші орынбасары. Отызында орда бұзып, қырқында қыр асқан, Алматы, Астанадан бастап, барлық облыс орталықтарында өткен (өтетін) неше алуан байқау, фестиваль, басқа да алқалы жиындарда жюри председателі, қазылар алқасын басқарған, белгілі театр сыншысы, ұстаз-профессор, Мемлекеттік сыйлықтың (басқалары бір төбе) иегері, «Театр тағлымы», «Сахна саңлақтары», «Толғам», «Жар­нама алдындағы ой» секілді кітаптардың авторы, көрнекті жазушы Әшір­бек Сығай жайлы кезінде талай айтылып, жазылды, ел-жұрты риясыз сыйлады, ардақтады, аялады.

* * *

Әшірбектің бүкіл болмысы, жүріс-тұрысы, қызметі, алқалы жиындардағы отырысы, ресми шара, жолдас-жоралармен қарым-қатынасы, тіпті қонаққа баруы, қонақ шақыруы – барлығы әзіл-қалжыңсыз болмайтын. Сол бір болмыс-оқиғалар кинолентасындай елестеп, түйдек-түйдегімен еске түседі. Тіпті әлденеге көңілі толмай, ашу шақырғанының өзі әзілмен әдіптеліп, зілі болмайтынын көріп-білген шақтар арманға айналып, келмеске кетті. Өмір бақи төбесіне көтеріп, риясыз ардақтаған, ұстаз санаған, аса қадірлі (он бес жыл министр болған мәдениет патриархы) Жексенбек Еркінбеков, оның орынбасары Ғайникен Бибатыроваларды аспандата отырып, шымши қалжыңдап қоятыны да болатын. Ең жақын отбасылық құрдас дос-жарандарына да керек жерде айтарын ашық айтып, «оңдырмай» шенеп-мінейтіні, тумаса да туғаннан артық болған жерлес ағасы Райымбек Сейтметов, одан бір де кем санамайтын мені де «тықсырып» тастайтын кездері осы күнде көзден бұл-бұл ұшты, о, жалған-ай. Иә, өмір жолын қағаз-қаламнан бастап, атышулы қоғам қайраткері, әйгілі сыншы-жазушы, телегей-теңіз білім иесі, ғұлама ғалым, үлгілі отбасы, ағайын-туыс, дос-жаранға қадірлі боп ғұмыр кешкен айналайын Әшірбегімнің әзіл-қалжыңдары ғибратқа толы еді-ау. Егер «әзіл түбі – зіл» дейтін дана қазақ тәмсілінің астарында зіл емес, ғаламат көрегендік, түпсіз тереңдік жатса, ол алдымен Әшірбекке тән болатын.
Енді осы айтқандарды бірер айғақ-деректермен – қос театр абызының бірі Асанәлі Әшімовті қалайша құрметтеп, қалайша еркелеп, әзілдесіп, қалжыңдайтынымен дәйектеп көрейік. Ұмытпай тұрғанда айта кетейік, бүгінгі қазақ театрындағы қос абыздың екіншісі – қадірменді Сәкең, Сәбит Оразбаев.
Өз басым өмірбақи негізінен бір-ақ редакция – «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарты ғасырдан астам қызмет атқарғандықтан, айтулы өнер өкілдерінің көбімен азды-көпті таныс-біліс, сыйлас, олардың ішінде Райымбек, Әшірбектей ерен өнер өкілдерімен етене жақындау болдық. Ал Асанәлі мен Сәбитті ол екеуінің үлкен өнерге қадам басқан шақтарынан бастап театр сахнасы, киноэкран арқылы білсем, кейін таныс-білістік аясы кеңіп, ұлғая түсті. Райымбек пен Әшірбектің арқасында одан сайын жақындастық. Олай дейтінім, басқаны айтпағанда, Райымбек пен Әшірбектің салтанатты мереке-жиын, мерейтойлары, қонақтықта бір дастарқанда бас қосып, сан қызықшылықты бірге өткердік. Оның үстіне, Райымбек Сәбит сырқаттанып қапты, көңілін сұрайық деп бұрынғы және қазіргі үйлеріне талай рет бірге бардық. Асекең, Асанәлінің үйіне де солай. Бір жолы Әшірбектің (Каменкадағы) үйінен шыққан бойда Райымбек «жолшыбай Асанәлінің үйіне соғамыз» деген соң, сонда барып, Асекеңнің анасымен сәлемдестік. Асекең жаңа үйінің қоршама балконын айналдыра көрсетіп, маған керемет альбом сыйлады. Райымбек екеумізді түннің бір уағына дейін жібермей, әңгіме-дүкен құрдық. Асекеңнің басына түскен қиын шақтарда да жұрт қатарлы басы-қасында болдық. Сонау жылы Асекеңмен «Алатау» санаторийінде қатар демалып, бірақ пәлендей сырласа алмадық. Себебі қасында алғашқы жарқосағы Айман бар еді, маған жерлес дәрігер оның ауыр сырқат екенін айтқан, сондықтан мен оларды мазаламауды ескердім. Асекеңе білдірмедім. Әйтсе де, бірде санаторийдің мәдениет үйінде опера театрының бір топ әншісі концерт беріп, Асекең, Айман үшеуміз қатар отырып көрдік. Бір әнші «Құсни-Қорланды» орындаған соң Айман: «Сізге ұнады ма?! – десін. Мен күлбілтелемей шынымды айттым: «Онша ұнаған жоқ» деп. «Маған да ұнамады» деді Айман. Кейін ойламаймын ба, сол жолы айтулы опера әншісі Айман менен неге пікір сұрады екен деп. Пікір сұрағанына риза болсам да, жауабым ұнамай қала ма деп ойлағаным рас. Ал марқұм Айманның сол жолы менен пікір сұрау себебін Асекең жақсы білсе керек. Өйткені содан бірер жыл бұрын ба екен, Асекең, Айман бәріміз Райымбектің үйінде қонақта болғанда… мен… Асекең осы күнге дейін көрген жерде… «әндеріңді сағындық қой» деп жүретініндей… біраз ән айтқан болып ем… қомсынатындар олай дей бермейді…
…Айман өмірден өткен соң, орны толмас қазаның Асекеңе оңай соқпағанын барша жұрт біліп, адал жанашырлар іштей де, сырттай да күйініп, егіліп жүрді. Сондайлардың бірі де бірегейі Әшірбек бірде: «Асекеңнің үйіндегі жеңгеміздің қайтыс болғанына жылдан асып кетті. Қу қызмет қол байлап, ағамызға көңіл шай бере алмай жүрмін. Бұйырса, алда сөйтемін. Осы бастан біліп жүріңіз, Рекең мен сіз міндетті түрде бірге боласыздар. Және өлгеннің артынан өлмек жоқ, біраз уақыт өтіп кетті ғой, сондықтан Асекеңнің көңілін көтеру үшін серперлетіп, қорқорлатып (Әшірбектің өз сөзі) дуылдатып өткізуіміз керек. Басқа да жігіттер болады», – деді.
– Біз дайын, ниетіңе жет, – дедім (басқа не дейін).
«Сәлемнің де сәті бар» дегендей, арадан тағы да біршама уақыт өткенде Асекеңді ортаға алып, Әшірбектің үйінде бас қостық. Мезгіл қыс. Ораза кезі. Күн қысқа, түн ұзақ. Дастарқан басында театр, өнер қайраткерлері. Директор, режиссер, халық артистері дегендей. Төрде – Асекең.
Бұл күні қонаққа Әшір­бект­ің облыстық театрлар­дың бірінде бас режиссер боп істей­тін жан досы, марқұм Жақып Омаров та келген-ді. Әшірбек ақ сары, Жақып қара торылау демесе, екеуінің кескін-келбет, ойы да, бойы да бірдей. Екеуі де алғыр, әзілкеш. Қосылып ән салғанда дауыстары да бірдей, ашық, сазды. Дуэтпен ән дегендер кетіп жатыр бірінен соң бірі әуелеп: «Сырымбет», «Дәйдидау», «Қара торғай», «Ақтолғай»…
Мәжіліс қыза түсті. Лұқпан хакім айтқандай, Асекеңнің құрметіне арналған бір күн мың жасаған күнмен тең болғандай болды.
Ақиқаттан артық не бар? Бұл фәниде осындай да сыйластық салтанат құрған думанды сәттер өткен. Сол кешке куә болғандардың біразы – Әшірбектен бастап бақилық. Алла Тағала тірілерге жүрім беріп, марқұмдардың аруағы шат болсын!
Асыл бейнең жадымызда, Әшірбек жаным! Рухыңа мың тағзым! Кешір!..

Зәкір АСАБАЕВ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының,
«Құрмет» орденінің лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір