ӘДЕБИ ТЕОРИЯЛАРДАН ХАБАРЫМ ЖОҚ…
10.06.2022
453
0

Өзіндік өрнегімен оқырманды селт еткізген жас жазушы Бақытгүл Сәрмекованың шығармалар жинағы ағылшын баспасынан шыққалы жатқаны барша әдебиетсүйер қауымды ерекше қуантты. Бұған дейін қаламгердің Pen America 2022 грантына ие болғаны да көпшілікке мәлім. Жазушыға хабарласып, кезекті қуанышымен құттықтап, аз-кем әңгімелескен едік.

– Бақытгүл, сізді тағы да құттықтаймыз! Әңгімелеріңіз ағылшын елінде шыққалы жатыр екен. Бұл қуаныштың орайы қалай туды?
– Рақмет! Бұл бағым шауып кеткен жаңалық болды деп ойлаймын. Мен мұны жиі айтамын, жолымда үнемі жақсы адамдар кездесіп, елеулі өзгерістерге себепші болып жатады. Бұл жерде әдеби аудармашы Миргүл Қалидың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Себебі шығармаларым еш мақсатсыз әрі аса ізденіп, көп күш жұмсамай-ақ жазылған болатын. Сондықтан еңбегім ақталды деп өзеуремеймін. АҚШ-та тұратын Миргүл Қали екі жыл бұрын кітабымды алдыртқан. Одан кейін «Кейіпкер» атты кітабымды ағылшын тіліне аударып, халықаралық конкурстарға жолдады. Pen America 2022 грантын ұтып алғанымызды білесіздер. Тек бұнымен ғана тоқтап қалмай, Миргүл ханым жақсы баспа іздей бастады. Күні кеше Tilted Axis Press ағылшын баспасынан хат алдық.

– Жинаққа қанша туындыңыз енеді? Олар қалай таңдалды?
– Олар «To hell with poets» («Ақындардан жеріну» әңгімесін негізге ала отырып «Кейіпкер» кітабын осылай атадық ) кітабын басып шығаруға қызығушылық танытып, келісімшарт жасасуды ұсынып отыр. Қаламақы, кітап сатудан түскен табыстың пайызын және төлейді бізге. Керемет қой, иә?
Жазушы үшін өз шығармасын сата алу – жоғары мәртебе. Біз елімізде құр сөзге, құр мақтауға ғана малданып жүрміз! Соған әбден етіміз үйреніп қалған ғой, қадіріміз де аса қадірлі емес күйдеміз, негізі…
Жинаққа осы уақытқа дейін жазғандарымның бәрі енді, таңдау жасайтындай көп жазбадым, бас-аяғын құрағанда жиырма шақты әңгіме ғой. Батыс елдеріне әсіресе өтімді тақырып – әйелдер, азиялық әйел­дер өмірі. Боямасыз әйелдер өмірін бейнелеу арқылы осы тұстан мен ұтып тұрған сияқтымын. Алдында Pen America грантын алғанымда, олар «Ақындардан жеріну» әңгімеме елең ете түскен, негізі. Ол жерде аңғал қияли қыз әбден әккі болып алған ақынсымақтың қойнында кете барады. Осы тұста біздің кейбір қаламгерлер: «Шетелге шығарманы жіберерде абай болуы керек, өз артымызды өзіміз ашып, әлем алдында аймаңдай қылудың қажеті не? Басқа тақырыппен неге шықпасқа?» – деп ренжіді. Жөн шығар, шығармаларды жазарда, айттым ғой, менде мақсат болмайды, қазақтың осындай даңғойлығын жазып әлемді таңғалдырайын деген ойым жоқ еді, мен тек қоғамды қалай бар, сол күйінде жаздым.

– Жалпы, ағылшын баспаларында кітап шығару ісі қалай жүргізілетінінен хабарыңыз бар ма?
– Ешқандай хабарым жоқ, әдебиет жөнінде де білімім өте аз, ағылшын тілін де білмеймін, шынымды айтсам. Енді ғана қызығушылық танытып, елеңдеп, тіл үйренгім келіп ниет етіп жүрмін.
Ғылыми еңбек қорғап, әдебиеттің жолына түсіп, суын ішіп жүргендердің қасында менің мына жетістігім ұяттау ма деп те ойлаймын. Бірақ көбі көзіме шұқып айтатын – әдебиетке адасып келіп, шикі талантты піспеген күйінде шашып жүргенім маған мен ойламаған, армандамаған жетістіктер әкелді. Кез келген іспен айналысарда, оған хобби, яғни сүйікті іс ретінде қарау керек-ау. Жазу техникасы, теңеулер, әдеби теориялардан хабарым жоқ күйінде жазамын мен. Сондықтан да шығармаларым маған ғана тән стильмен шығатын секілді.
– Дүниежүзі қаламгерлерін оқып тұрасыз ба? Салыстырмалы түрде, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің қандай ортақ тұстары, айырмашылықтары бар деп ойлайсыз?
– Кітап оқуға уақытым аз, жақсы кітап көрсем, оқысам, жаным байып қалатыны рас. Көп оқу да жақсы шығарма жазуға септігін тигізеді деп жатады ғой, дұрыс та шығар. Бірақ менің тәжірибемде емес. Кітапты аз оқитын адам болғандықтан салыстырмалы түрде ештеңе айта алмаймын. Шығармашылық ортада отырғанда өзімді кейде топас сезінетін едім, себебі бәрі әлем әдебие­тін талқылап жатады… Әлемдік жазушылардың шығармаларының шаңын қағып жатады. Біраз жыл бұрын мен жайлы «Ешқандай білімі жоқ, жазуы құрғақ біреуді несіне мақтайсыңдар?» – деген сөздер болды. Содан кейін тырмысып, сол сөзді айтқан жазушының сұхбаттарын оқып, өзі атап өткен танымал жазушыларды оқи бастадым. Баяғы өлтіріп бара жатқан намыс қой. Жер-көкке сиғызбай мақтаған Эмиль Золяның шығармалары маған өтпеді, мысалы. Уақытымды бекер кетірдім деп өкініп қалдым. Сондықтан жұрт оқитынның бәрін оқып, білім толықтыру деген – мен үшін қате ұғым.
– Қандай стильдерге қызығасыз? Қандай стильдерге қалам тартқыңыз келеді?
– Ұзақ шығармалар, қала өмірін жазғым келеді, дегенмен қолымнан келмей жатыр. Тәжірибе үшін жазып көру деген болмапты. Тәжірибе үшін жазу – жүрексіз, жансыз шығарма шығару деп ойлаймын.
– Сәттілік тілеймін. Көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір