Қызыл террор құрбаны болған халық
01.06.2022
4787
0

1897 жыл. Ресей империясында тұңғыш рет халық санағы өтті. Сол санақ нәтижесі бойынша қазақтар 4 млн 84 мың адам делінген. (В.И.Козлов.Национальности СССР.1982 г.) Қырғыздар 200 мың адам, түрікпендер – 281 мың адам, өзбектер 726 мың адам, тәжіктер 350 мың адам делінген. Қазақтан басқа біздің барлық көршілеріміз осы өткен 120 жыл ішінде 26 еседен астам көбейіпті. Яғни, Голощекин ойлап тапқан «Кіші Октябрь» бүлігін бастан кешпеген Орта Азиядағы көршілеріміз 26 есе көбейген. Мысалы, сол алғашқы санақта 200 мың адам болған қырғыздар бүгінде 26 есе көбейіп 5 млн болып отыр. Сұрақ туады. Қазақтар неге 26 есе көбеймеуге тиіс деген. Большевиктік 3 қызыл террорды бастан кешпегенде табиғи өсімімен қазақтар да 26 есеге көбейер еді. Яғни 1897 жылғы 4 млн 84 мың болған қазақ бүгінде 26 есе көбейіп, 100 млн халық болар еді.

Енді архив материалдарына жүгіне отырып сол қазақты жойып жіберуге шақ қалған 3 ашаршылық қалай өтті? Соған көз жіберелік.
1917 жылы большевиктер билікке келді. Ақтар мен қызылдар текетіресі басталды. Ленин ақ террорға қарсы қызыл террорды бастады. Ол деген сөз таптық тегі, сөзі, ісі қызылдарға ұнамағандарды тергеусіз, сотсыз атып тастай бер деген сөз еді. Яғни азамат соғысы басталды. Қазақ даласы ақтармен қызылдар қырғынының табанының астында қалды. Қазақ ауылын ақтар да тонады. Қызылдар да тонады. Салдарынан 1918-19 жылдары қазақ даласын аштық жайлады. Бұл туралы сол кездегі Түркістандағы советтердің бір көрнекті басшысы болған Тұрар Рысқұлов 1919 жылы «1 млн 200 мың қазақ аштан қырылды» деп мәлімдеді.
Большевиктік төңкерістен кейін Түркістанды басқаруға келген Иван Тоболин 1919 жылғы, 1921 жылғы қазақ даласындағы ашаршылықты көріп төмендегідей мәлімдеме жасады. «Марксистің теория тұрғысынан келгенде, қазақ тәрізді экономикалық артта қалған халықтың аштан қырылуы заңды» деп мәлімдеді. Және бұл теориясын қызыл комиссар жалпақ ел жиылған большевиктік жиында жария етті.
Азамат соғысы кезінде қаржыдан, азық-түліктен тарыққан Ленин басқарған большевиктер халықты сорлатқан «соғыс коммунизм» саясатын іске қосты. Бұл деген – сатып алуға мүмкіндігі жоқ большевиктердің ауқатты шаруалардан азық-түлігін тартып алу үшін ойлап тапқан тәсілі. Ауқатты шаруа азық-түлігін түгел өкіметке өткізу керек деген саясат еді. Іс жүзінде бұл саясат ауқатты шаруалардың алдындағы малы мен қолындағы нанын мылтық кезеніп тұрып тартып алу еді. Салдарынан большевиктер билігі орнаған аймақтарды тағы да алапат ашаршылық жайлады. Әсіресе бұл ашаршылыққа ақтар мен қызылдардың табанының астында қалған қазақ ауылдары ұрынды. Ашаршылықпен күрес комиссиясының бір басшысы болған жас жазушы Мұхтар Әуезов 1922 жылы бұл екінші ашаршылықта 1 млн 700 мың қазақты қырғанын мәлімдеді. Қазақ шаруаларынан тартып алынған мал мен астық дереу халыққа қайтарылмаса «Қазақстан қазақсыз қалады!» деп дабыл қақты.
1921-22 жылғы ашаршылық туралы архив құжаттары не дейді? («Қазақстандағы ашаршылық». Шығарушы: ҚР мемлекеттік архиві. 2021 ж.) Қазақстан Орталық атқару комитетінің төрағасы С.Меңдешов 1922 жылдың 8 шілдесі күні «Қазақстанда аштыққа шалдыққандар саны 2 млн 832 мың адам болды» деп мәлімдеді. Статистика: Қазақ­стан бойынша 1922 жылдың жазында 841 000 бала қараусыз қалған деді. Яғни, осынау бір миллионға жуық бала әке-шешесіз, аға-әпкесіз көшеде қалған. Өкімет оларды балалар үйіне жинаумен болған.
841 000 бала қандай жағдайда панасыз, қараусыз қаңғып қалады? Тек, әке-шешесі өлген жағдайда. Немесе ата-ананың орнын басар жас, үлкен қамқоршыларынан айырылған жағдайда. Ендеше, 1922 жылғы қызыл террор құрбандарының санын осынау статистика есепке алған 841 000 баланы негізге ала отырып, есептеп шығаруға болады. Яғни 841 000 баланың әке-шешесі де аштықтан ажал құшқан деуге болады. Ендеше, 841 000 деген санды екі есеге көбейтеміз. Сонда 1 млн 700 мың ата-ана ажал құшқан болып шығады. Коммунистердің қол астындағы қызыл статистика бұл жылдары Қазақстан бойынша қанша адамның аштан қырылғанын айтпайды. Яғни, билік партиясы қырылғандарды айтып өз қылмысын тарих алдында өзі әшкерелегісі келмейді. Ал мал санын санауға келгенде алдарына жан салмайды. 1921-22 жылдарға дейін республикада 30 млн мал болғанын, содан 1923 жылы 10 млн мал қалғанын жасырмаған.
Қазақстанды басқаруға 1925 жылы келген қанқұйлы Голощекиннің Қазақстанды қазақсыз қалдыруға сәл қалғаны бүгінде баршаға аян. Бұл жендет Сталин екеуі Қазақстанда 5 жылдың ішінде жұмақ орнатамыз деп дозақ орнатты. Осынау Кремль өкілінің Қазақстанды басқарған 7 жыл ішінде істеген «ерліктерінің» қанды іздері 2021 жылы ҚР Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев басшылығымен жарық көрген «Ашаршылық.Голод» атты 5 томдық архив материалдарында сайрап жатыр.
Бұл үшінші ұлы апатты 1992 жылы жан-жақты зерттеген ҚР парламенттік комиссиясы 1931-33 жылдардағы Қазақстанда орын алған осынау алапат ашаршылық құрбандарының саны 2 млн 300 мың адам болды деді. Оның 200 мыңы орыс шаруалары болғанын көрсетті. Қазақстан трагедиясы жалғыз қазақтың емес, күллі Қазақстан халқының трагедиясы.
Бұл архив құжаттарында аштан қырылған халық саны жасырылса да, осы 3 жылдардағы мал саны жасырылмады. Қазақстандағы мал саны 1928 жылы 40 миллион болса, содан 1932 жылы қалғаны 4 млн болып шықты. Енді, сол 40 млн мал 3 жыл ішінде қайда кетті деген сұрақ туады. Архив құжаттарында қазақ шаруаларынан кәмпескеленіп алынған 40 млн мал Мәскеу, Ленинград, Куйбышев тәрізді Ресейдің алып мегаполистерін етпен қамтамасыз етуге кетті. Ал негізгі асы да, табыс көзі де малға байланған қазақ халқы болса осы жылдары қара шыбындай қырылып жатты.
Бір сұрақ туындауы мүмкін. Голощекин төңірегінде қазақ басшылары да болды ғой, олар неге қазақ халқы үшін қасірет болған Голощекин жоспарлаған кәмпескені тоқтатпады деген сұрақ туындайды. Голощекин төңірегіндегі қазақ басшыларының бәрі оған құлақкесті құл болған жоқ. Осы қанды бесжылдықты күн тәртібіне қойған партия съезі 1927 жылы қарашада өтіп еді.
Қыршын жас Оқу-ағарту комиссары Смағұл Садуақасов республикалық бас газетте Голощекинге бас салды. «Асығыстық апатқа алып барады, көшпелілерді отырықшыландыруға біртіндеп кірісу керек!» деп. Голощекин қазақты қорғап, өзімен тайталасқан екінші хатшы Сұлтанбек Қожановты қызметтен қуды. Оның орнына Мәскеуден Н.Ежовты әкеліп отырғызды. Н.Ежовтың кім екені белгілі. Сөйтіп Сталинге арқа сүйеген Голощекин ешкімді тыңдамай «кәмпеске» мәселесін 1927 жылы қарашада Қызылордада өткен Қазақстан компартиясының 6 съезіне салды. Өзі 7 сағат бойы сөйледі. Одан кейін сөз алған 27 жастағы Смағұл Садуақасов: «Мен жолдас Голощекин пікірімен келіспеймін!» деп оған қарсы шықты. Осы съездің ізін суытпай С.Садуақасов «Большевик» журналында Голощекиннің ұрда жық ұлттық саясатын тас-талқан етіп сынаған мақала жариялады. Голощекин оны дереу Оқу-ағарту комиссары қызметінен жұлып алды. Сөйтіп, партия басшылығындағы өзіне қарсы келетін ұлт кадрларын қоғадай отады. Байтұрсынұлы бастаған топты, ішінде Әуезов те бар, түрмеге тоғытты. Смағұл Садуақасовты «оқып кел!» деп алыс Мәскеуге асырды. Смағұл Садуақасов Мәскеу ауруханасында 1933 жылы 33 жасында жұмбақ жағдайда ажал құшты.
Смағұл Сәдуақасовтың айтқаны келді. Байлардың малын тартып алып, қазақты опай-топай күштеп колхоздастыру ұлттық апатқа ұрындырды. 360 қарулы көтеріліс орын алды. Олар басып, жаншылды. Көшпелілер елін-жерін тастап көрші елдерге босып кетті. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман болды. Бұл 3-ші Голощекин лаңы бұрынғы 2 ашаршылықтан анағұрлым асып түсті. Бұрынғы 2 ашаршылықтан қалған қазақтың жартысы қырылды. Сүйегі шашылыпғ сай-салада қалды.
Қазақстанның Орынборда құрылған тарих институтының тұңғыш директоры А.Чулошников 1921 жылы жарыққа шыққан «Очерки историй киргиз-кайсацкого народа» атты кітабында статистикаға сүйеніп Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының саны 8,5 млн адам болғанын жазады. Арадан 20 жыл өткенде 1937 жылы, 1939 жылы тағы да халық санағы болды. Егер осы жиырма жыл ішінде орын алған 3 ашаршылық болмағанда 1939 жылғы санақта халқымыздың табиғи өсімі екі есе өсуі керек еді. Ал бұл санақта Қазақстандағы қазақ саны құлдырап небәрі 2 млн 300 кісіні құрады. Боль­шевиктер билігі астында 3 ашаршылықты бастан кешкен халқымыз шамамен 5 млн-дай адамынан айырылды.
Қызыл террор дозақтан естен айырылып есенгіреп шыққан қазақ ендігі жерде қазақ болудан қаша бастады. Тілін, дінін сатып, әсіресе қалаларда жаппай орыстана бастады. Осылайша ұлттық құндылықтарды үдере сату ұлттық менталитетке айнала бастады. Партия басшылары Совет Одағында тілі орыс – бір халық совет халқы болады деді. Және соған имандай сенді. Сол советтік санамен уланған ұлттық элитамыз, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақ тілін Қазақстан төріне шығаруға құлықты болмады.
Ендігі әңгіме тәуелсіз ел болған 30 жыл ішінде отызыншы жылдар қасіретін, ашаршылық қасіретін қалай ұлықтай алдық? Әнгіме осы туралы. Біріншіден, өткен 30 жыл ішінде жоқтаусыз кеткен жарты халықты жалпы халық болып 30 секундта үнсіз тұрып жоқтай алмаппыз. Тіптен 31 мамыр туралы Заңнан «ашаршылық» деген сөзді алып тастап, ол сөздің сыртында тұрған 5 миллиондай аруақты сыртқа тебуге тырысыппыз. 31 мамыр «Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болуға тиіс еді.
Рас, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында ашаршылық құрбандарына арналып екі ескерткіш қойылды. Бірақ бұндай ескерткіштер жүздеп-жүздеп жеке тұлғаларға да қойылды емес пе?! Жарты халықты жалмаған Ұлттық Қасіретке ескерткіштен гөрі Алматы қаласында Аза Сарайын салу лайықты емес пе еді?! Анау армияндар, еврейлер тәрізді. Жарты халықты жалмаған Қазақ Қасіреті осындай ұлықтауға лайықты емес пе?!
Бір рет Лондонда болғанымызда туристер көп баратын орын деп бізді әйгілі «Мадам Тюссоу» музейіне алып барды. Екі ғасырлық тарихы бар музей негізінен балауыздан жасалған мүсіндерден тұрады екен. Алған әсеріміз сұрапыл болды. Әсіресе орта ғасырларда өлімге кесілген адамдардың басын гильотинамен шабу сәтін көрсететін «үрей бөлмесі» есте қалды . Адам денесі мен ұшып түскен бас балауыздан жасалған. Бірақ адам денесінен аумайды. Туристер зәрелері ұшып қарап қалған. Шыға беріс бөлмеде әйгілі адамдардың балауыз мүсіндері де тұр. Арасында Британ патшайымы. Мүсіннің түпнұсқадан зәредей айырмашылығы жоқ. Сондықтан да жұрт кезекке тұрып «патшайыммен» суретке түсіп жатыр. Біздің ойымызша Қазақстандағы ашаршылыққа арналған мемориал-кешен осы үлгімен жасалуы керек. Ашаршылық жылдары қазақ өткен дозақтың фрагменттерін балауыз мүсіндермен қалыпқа келтіруге болады. Сонда оны көрген жұрттың да төбе шашы тік тұрар еді. Мысалы, аш баласын ажалдан құтқару үшін өз емшегін өзі кесіп беріп жатқан қазақ әйелі. Немесе, НКВД жендеттерінің Сәкен Сейфуллиннің мұртын жұлып жатуы. Немесе, оққа кеудесін тосқан Алаш алыптары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаевтар. Немесе, Голощекинмен айтысып тұрған жалынды жас Смағұл Садуақасов… Осындай тарихи көріністерді балауыз мүсін арқылы көз алдыңызға айнытпай «тірілтіп» көрсетуге болады. Балауызбен мүсіндеу – мүмкіндігі сондай шексіз өнер. Қолға түсе бермейтін бүгінгі күн тұлғаларын да мүсіндеп сол болашақ музей холлында тізілтіп қоюға болады. Сонда жастар өздері пір тұтатын «тұлғалармен» суретке түсіп мәз-мейрам боп жатар еді. «Мадам Тюссоу» музейі туристерге осынысымен тартымды екенін көрдік. Бұл музей филиалдарының бүгінде Нью-Йорк, Шанхай тәрізді әлемнің 16 алып шаһарында жұмыс істеп тұруының сыры осында. Көрер көзге тартымды болуынан. Неге үлгі алмасқа?
Биыл 1921-22 ашаршылығына – 100 жыл. 1931-33 жылдар ашаршылығына – 90 жыл. Атының өзі айқайлап тұрған даталар!! Ендеше, биыл, өткен ғасыр басында қызыл террор құрбаны болған халықты жалпы халық болып жоқтайтын жыл емес пе?! Жүзжылдықта жоқтамағанда, қашан жоқтаймыз?!
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың қолдауымен осы датаға арнап түсірілген «Ақ боз үй» фильмі бүгінде көрерменге жол тартуға дайын тұр. Жалпыұлттық жоқтауға бастама болсын деп режиссер ұлым Бегарыс екеуміз осы фильмге екі жыл өмірімізді сарп еттік. Бұл біздің ашаршылық құрбандары алдындағы азаматтық парызымыз еді.
Құрметті ағайын! 31 мамыр күні біз Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, қызыл террор қүрбандарына арнап Құран оқимыз, жоқтаусыз кеткен жарты халық аруағына тік тұрып тағзым етеміз! Сол күні барлық мешіттерде қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарына арналып дұға-намаз оқылатын болар деп сенеміз.
Қазақстанға Алла жар болғай! Алла алдындағы құрбандар аруағы жар болғай!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір