ҒЫЛЫМ ТҰНЫҒЫНАН ОЙ-МАРЖАН ТЕРГЕН
03.06.2022
583
0

Сен жүрер жолды аңғалдау басып бұрын мен,
Мертіккенмін де, құлағанмын да, сүрінгем.
Азамат болып, сол жолмен сен де жөнелдің,
Айналдым, балам, алшаңдай басқан
түріңнен… –
деп, үлкен өмір жолына аттанып бара жатқан ұлының соңынан сүйіне қарап тұрған ақынның жыр жолдарында барша әкенің жүрегіндегі сезім күйі айқын бедерленген: перзент болашағына деген әкелік сенім мен алаң көңіл шебер қиюласқан.
Сөзіміздің әлқиссасына алынған бұл өлең жолдарының авторы сөз киесі қонған Семей өңірінің тумасы, Алашұранды талай ақтаңгер тұлғаларды тудырған Ақсуат еліне аты мәшһүр ағайынды Рай, Сығай, Дондағұл болыстың ұрпағы – ақын Мағауия Дуанбекұлы Раев болса, өлең кейіпкері – бүгінде Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттанушы, сыншы-ғалым Қайрат Мағауияұлы Раев. Ғылымдағы тырнақалды зерттеу еңбегін 1984 жылы қазақтың біртуар тұлғасы, атақты ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен «Бейім­бет Майлин творчествосының зерттелуі» тақырыбында студенттік диплом жұмысынан бастаған, Мемлекеттік комиссия төрағасы, профессор М.Базарбаев пен ұлағатты ұстазы, академик З.Қабдоловтардың оң бағасын, ағалық батасын алған сол бозбала бүгінде ел таныған ғалымға айналды.
Зерттеушінің Тұлғатану саласындағы еңбегі мұқановтанудан басталды. Ғалым 1986 жылдан бастап республикалық С.Мұқановтың музей-үйінің директоры бола жүріп, академик-жазушының мұраларын, өмірі мен шығармашылығын зерттеу, зерделеу жұмыстарын қатар жүргізді. Желтоқсан оқиғасының әсерінен арыла алмаған қоғамның еңсесін тіктеуге себепкер болған, келешегіне сенімі азайған жас толқынның рухын көтерген елдік шараның басында Қайрат Мағауияұлының жүргенін өз көзімізбен көрдік. Ол кісі басқарып отырған С.Мұқанов мұражайы ұлт зиялыларының бас қосатын ұлағатты ордасына айналғаны да есімізде. Сол қиын кезеңде тек мұражай-үйінде ғана емес, Алматыдағы «Арман», «Алатау», «Целинный» секілді кинотеатрларда, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, Абай атындағы ҚазПУ-дің, ҚазҚПУ-дың аудиторияларында Ә.Тәжібаев бастаған академиктер: М.Қаратаев, Ә.Шәріпов, Т.Амандосов, З.Қабдолов, З.Ахметов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғалиев, қазақ сөз өнерінің қайталанбас тұлғалары М.Хакімжанова, Д.Әбілев, С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, Ә.Нұршайы­қов, Т.Әбдірахманова, Ғ.Қайыр­беков, М.Әлімбаев, С.Шәймерденов, Т.Молдағалиев сынды алыптардың әрқайсысы «Сәбит Мұқанов сабағы» атты циклды мәдени-танымдық кештерде Сәбең шығармашылығы мен ғұмырнамасына арналған дәріс оқитын, естеліктерімен бөлісетін. Ондай шараларда жеке жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихы сөз болатын. Алдыңғы ұрпақтың атқарған сан тарау еңбектері жайлы толғаныстар өріс алатын. Осындай кештердің соңында Н.Тілендиев, Қ.Байбосынов, Н.Өнербай, Р.Рымбаева және өзге де танымал әншілер мен күйшілер өнер көрсетіп жататын. Жасамысы бар, жасы бар ақындар келіп өлең оқып, жұртшылықтың ризалығына бөленетін. Кеш соңында жазушының жары, қазақ әйелінің эталоны – қадірменді Мәриям апай Мұқанова келгендерге ақжарма тілек айтып, батасын берер еді…
Сол жылдарда жазушының шығармашылығын насихаттау бағытында «Сәбит Мұқанов тағылымы», «Қазақ қауымы (Халық мұрасы)», «Жарық жұлдыз», «Әдеби портреттер» (2 томдық) мен «Аққан жұлдыз», «Ботагөз», «Өмір мектебі», «Сұлушаш» және т.б. еңбектері үздіксіз жарияланып отырды. Тәуелсіздік жылдарының басында Алаш арыстары ақтала бастаған тұста «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп әртүрлі қауе­сеттерге бой алдырған жарияланымдардың қаптағаны рас. Сол кездерде Қ.Раев жазушы архивінде сақталып, көпшіліктің назарына түспеген, жары Мәриям Мұқанованың ыждағаттылығы арқасында жасырылған жеке мұрағаттық материалдарды зерделей отырып, республикалық мерзімді басылымдарда мақалалар жазды. Сәбит Мұқановтың Алаш арыстарымен, соның ішінде Мағжан Жұмабаевпен ара қатынасына байланысты ақиқатқа құрылған «Дақпырт пен дәйек», Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың шығармашылық сабақтастықтарын ашатын «Сәкен мен Сәбит» атты мақалалары жарық көрді. Ғалым ағамыз жазушы архивінде кеңес идеологиясынан жасырып сақталған Алаш ардақтысы – Манан Тұрғынбаевтың еңбектері жатқанын өз көзімен көргенін айтады.
Одан соң Қ.Раевтың шығармашылық жолы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жалғасты. Осында жүріп академик З.Ахметовтің жетекшілігімен Дулат Бабатайұлының шығармаларын зерттеді. Зерттеуші ХІХ ғасырдың ұлы ақыны, Абайдың ұстазы, жыр жампозы Дулат Бабайтайұлының совет кезеңінде цензураға ұшыраған еңбектеріне текстологиялық талдау жасай отырып, өңдеу, толықтыру жүргізді. 1880 жылы «Қазан» баспасынан шыққан кітап нұсқасы мен өзге де ақын мұрасын жинақтаушылар өткізген архив материалдарын салыстыра отырып, «Өсиетнама» атты өлеңдер мен дастандар жинағын 2001 жылы «Ғылым» баспасынан жариялады. Ақынның 200 жылдық мерейтойына орай «Дулат жырау тағылымы» атты 2 томнан тұратын «Тұнық тұма» атты толық шығармалар жинағын дайындап, «Раритет» баспасынан (2002) шығарды. Ұлы жыраудың туған жері Семей облысына қарасты Аягөз қаласында музей ашуға, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға, Сандықтас, Ақжайлау төрінде «Ақшатаудағы» зиратын қайта көтеруге атсалысты. Кейін Дулат жыраудың мұралары «Кеудем – ақыл сарайы» деген атпен жарияланды.
Зерттеушінің қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар айтулы тұлғалар Шернияз Жарылғасұлы мен Кемпірбай Бөгембайұлы, Ноғайбай Сүлейменұлы, Сара Тастанбекқызы жайлы зерттеу мақалалары да республикалық журналдарда жарияланды.
Қ.Раевтың тағы бір өндіре зерттеген саласы – алаштану. Ғалым 2000-2019 жылдар аралығында Алаш қайраткерлері: М.Бектенұлы, М.Тынышпаев, М.Дулатов, О.Әлжанұлы, Р.Мәрсекұлы, Б.Сәрсенов, Ж.Күдерин, Б.Сырттанов, Б.Сүлеев, К.Төгісов, Қ.Сәтбақов және т.б. тұлғалардың көпке беймәлім ғұмырнамалық деректері мен шығармашылық мұралары туралы зерттеу еңбектерін жазды. Олар жүйеленіп, 2010 жылы «Алаштың арда ұлдары» деген атаумен жарық көрді. Онда Алаш тарихына байланысты зерттеуші негіздеген талай тың деректер мен дәйектемелер бар. 2020 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің арнайы бағдарламасы аясында Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің ұсынысымен бұл кітап қайта жарық көрді. Архив материал­дарын зерттей отырып, кітаптың соңғы басылымында Алаш арыстарының тізімі ондаған есімдермен толығып жарияланды.
Қайрат Раев жүргізген ғылыми жұмыстардың үшінші үлкен арнасы ретінде қазақ классикалық әдебиетін талдау бағытындағы еңбектерін атауға болады. Оның өзі үш арнадан тұрады. Біріншісін қазақтың классикалық әдебиетіне қатысты зерттеулері құрайды. Ғалым әр жылдарда қазақ әдебие­тінің ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов және т.б. қаламгерлердің шығармалары жайлы сын-зерттеу мақалаларын жазды. Осы бағыттағы мақалаларында Абай мен Алаш идеяларының кеңестік кезеңде классикалық жазушылар шығармаларындағы жалғастығы тереңнен зерделенеді.
Қазақ әдебиеттану ғылымының сардарлары З.Ахметов, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев бастаған бірқатар ғалымдардың монографиялық еңбектерін зерделеген ғылыми-талдамалық зерттеулері мазмұны жағынан да, іргелі ойларды саралау тұрғысынан да бүгінгі «ғылым туралы ғылым» деп аталып жүрген концептуалдық бағдардың талаптарына толық сай келуімен құнды. Әдебиеттанушы ғалымдар Б.Адамбаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Л.Әуезова, Б.Майтанов, Б.Омаров еңбектерін де саралап, олардың шығармашылығындағы тың соқпақтар мен ғылыми қағидаларды зерделеп, мақалалар жазды. Ол жарияланымдарда зерттеу­шілердің жаңаша көзқарастары жан-жақты талданды.
Ғалымның қазіргі қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылығына қатысты әдеби-сын жанрында жазылған зерттеулері де бір төбе. Онда жаңа дәуір қаламгерлерінің шығармалары әр қырынан талданады. Бұл мақалаларда Т.Бердияров, Қ.Жұмәділов, М.Мағауин, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, О.Бөкей, Т.Есімжанов, Ұ.Есдәулет, С.Ақсұңқарұлы, Т.Сәукетай, Т.Әсемқұлов, Б.Үсенбаев, Ә.Қайран, Т.Ахметжанов, Р.Мұқанова, А.Алпысбай, Ж.Шағатай және т.б. жазушылардың көркем шығармалары зерттеу нысанына алынған. Мысалы, бүгінгі қазақ прозасының көрнекті өкілі, жазушы Роза Мұқанова жайлы жазылған «Сөз құдіреті және құндылықтар» мақаласы танымдық-философиялық, әдеби-эстетикалық деңгейі жоғарылығымен дара. Өскен ортасы ортақ, көрген тәрбиесі тамырлас қарындасының шығармашылық әлемінің жай көзге көріне бермейтін терең сырларына бойлауы заңды деп санаймыз.
Ғалым Қ.Раевтың шынайы азаматтық позициясы әдебиет өкілдерінің атын ұлықтаумен байланысты қызметтерінен де көрінеді. Мысалы, жазушы, ақын, сатирик, публицист Төлеуғали Есімжановтың шығармалары туралы ғылыми еңбек жазумен қатар, ол кісінің туған жері Семей облысы Шұбартау ауданындағы «Алғабас» орта мектебіне атын беру туралы бастама көтеріп, сол идеяның жүзеге асырылуына мұрындық болды.
Ұлттық Ғылым академиясында қызмет еткен жылдарында ғалым ағамыздың өндіре еңбектенген тағы бір саласы қазақ әдебиетіндегі айтулы тұлғалардың көптомдық зерттеулері мен шығармашылық мұраларын жинақтау, құрастыру болды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, М.Әуезовтің мемориалдық музей-үйінде еңбек ете жүріп, ғалым «Қазақ әдебиеті тарихының» 4,5,6-томдарын, Дулат Бабатайұлы шығармаларының 2 томдық және М.Өтемісұлы шығармашылығының 4 томдық академиялық шығармалар жинағын құрастырып, жарыққа шығарды. Академик-жазушы М.Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағын дайындаған топтың құрамында болды. Сонымен қатар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша дайындалған 100 томдық жинаққа енген талай дүниелердің түгенделуіне үлес қосты.
Қ.Раевтың ғылыми-педагогикалық жанрдағы еңбектер жазып, отандық білім беру жүйесінің дамуына да атсалысқанынан көпшілік хабардар. Ол кісі – Білім және ғылым министрлігі грифімен жарық көрген бірқатар төл оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Қ.Раев құрамында бар авторлық топ дайындап, «Мектеп» баспасынан шыққан жалпы білім беретін орта мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытының 11-сыныбына арналған «Қазақ тілі» оқулығы 2002-2020 жылдар аралығында, яғни күні кеше ғана жаңартылған оқу бағдарламасы енгенге дейін бүкіл республика мектептерінде базалық оқулық ретінде оқытылып келді. Танымдық деңгейі жоғары, тағылымдық мәні терең, практикалық бағдары айқын жаңа тұрпатты «Қазақ тілі» оқулығының мазмұнын жүйелеуде оқулық авторы Қ.Раевтың ұлттық дәстүріміздегі сөз шеберлігі мен шешендік өнер қағидаларының жас ұрпаққа жетуіне қосқан үлесі қомақты.
Соңғы жылдары жаңашылдыққа құмар, ізденімпаз ғалым Түркі дүниетанымы мен даналарын тану бағытында зерттеу жүргізіп келеді. Түркінің ұлы қағандары Кетбұғы мен Қаптағай өміріне қатысты зерттеулері танымдық тереңдігімен тәнті етеді. Осылайша, ғалым ағамыз әлемді тек рухты күшімен ғана емес, теңдессіз өркениетімен, терең дүниетанымымен бағындырған Түркі жұртының таным өзегі – Тәңіршілдіктің жалпыадамзаттық құндылықтардың бастауы екенін дәйектеуге бет бұрғаны байқалады. Тәңіршілдікдің гуманистік негіздерін, заңдылықтарын, танымдық, наным-сенім қағидаларын жан-жақты, терең зерттеу қажет деп санайды. Осындай көп салалы, аса күрделі міндетті мойнына ала отырып, барлық жағынан кемеліне келген қазіргі діндердің түпкі негізін айқындау, олардың Тәңіршілдікпен сабақтастығын діндердің генетикалық, оппозициялық, үндестік және кері байланыс сипаттары арқылы ашуды көксейді. Тәңіршілдіктің сипатын айқындап, танымдық контекст құрылымындағы орны мен қызметін саралауға, адамзаттық биік мұрат тұрғысынан атқарар функциясын анықтауға ден қояды.
Қорыта айтқанда, ұлттық ғылымның дамуында өзіндік қолтаңбасы бар ғалым Қайрат Раевтың шығармалары өзінің биік деңгейімен, мазмұн тереңдігімен айшықталып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ғылым тұнығынан ой маржанын терген талғампаз тұлғаның қаламынан әлі де құнды дүниелер туатынына бек сенеміз.

Саят Қамшыгер,
ақын, аудармашы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір