ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДА
04.11.2024
128
0

(Шериаздан Елеукенов – 95 жыл)

 

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін тамамдаған соң, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына кіші ғылыми қызметкер болып келгендіктен ғылыммен айналысуға тура келді. Ғылымның не екенін толық түсінбесек те, жыл сайын студент­тер арасындағы ғылыми жұмыстарда баяндама жасап жүргеніміздің септігі тиген болса керек, келген бойда өзімізге берілген тапсырмаларды орындауға кірісіп кет­тік… 

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Алаш арыстарының ресми ақталып, олардың мұрасы ғылыми айналымға түсіп жатқан кез болғандықтан, сол тұста ғылымға келгендердің көпшілігіне бір-бір қаламгердің әдеби мұрасы кандидат­тық диссертация тақырыбы болып бекітілді. Менің еншіме «Қошке Кемеңгерұлының әдеби мұрасы» тиді. Біз институтқа келген жылдары М.Қаратаев, С.Қирабаев, М.Базарбаев, З.Ахметов, Р.Бердібаев, Б.Құндақбаев, Б.Ерзакович, Ж.Ысмағұлов, Ә.Нарымбетов, Ш.Елеукенов, Л.Әуезова, Ш.Сәтбаева, М.Атымов, Қ.Сыздиқов, М.Жармұхамедов, Ж.Тілепов, Ө.Күмісбаев, С.Әділгереева, Б.Әзібаева, Т.Жұртбаев, Б.Майтанов, Қ.Ергөбек, Б.Ыбырайым, Б.Мамыраев т.б. ағаларымыз негізгі жүкті көтеріп жүрген жетекші ғалымдар еді. Бұл қатарға ке­йінгі жылдары А.Егеубаев ағамыз қосылды, алдыңғы толқын ағалардың артынан ілесе жүріп, «ғылымның қия жолына» түстік…
1995 жылы кандидат­тық диссертацияма оппонент керек болды. Жетекшім Әбділхамит Қуанұлының ұйғарымымен Халықаралық әдеби байланыс бөлімінің меңгерушісі Шериаздан Рүстемұлы бірінші сарапшы, Қазақ қыздар педагогикалық университеті, филология факультетінің деканы Қансейіт Әбдезұлы екінші сарапшы болып бекітілді. Диссертациялық кеңестің тәртібі бойынша сарапшылар алдын ала 10-15 күн бұрын пікірлерін беріп қояды. Ондағы мақсат – қорғауға де­йін диссертант айтылған сауалдарға, сын-ескертулерге жауап дайындау керек. Бірінші сарапшымның айт­қан ескертпелеріне қолма-қол жауап беріп, Сәбит пен Қошкенің айтысына қатысты келіспейтін жерлерімді айт­тым. Ол кез­де жауап беру керек деген оймен жауап берсем керек, ке­йін ойлаймын, «жарайды, келісемін деп неге үнсіз қалмағам, филология ғылымының докторы, профессор ағамның айт­қанына келісе салмағам» деп.
Араға біраз жыл салып, 2004 жылдан бастап мемлекет­тік «Мәдени мұра» бағдарламасымен 10 томдық «Қазақ әдебие­тінің тарихын» жасайтын болдық. Қазіргі қазақ әдебиеті бөліміне кеңестік дәуір әдебиетін зерт­теу тиді де, Шериаздан ағай тәуелсіздік тұсындағы әдебиет­тің алғашқы онжылдығын, яғни тоқсаныншы жылдар әдебиетін зерт­теуге басшылық жасады. Барлық бөлімнің зерт­теу нысанына сай онтомдықты жазу жұмыстары басталып кет­ті. Академиялық кешенді зерт­теуге тек институт қызметкерлері емес, республикадағы барлық әдебиет­танушы ғалымдар тартылды. Нәтижесінде, дайындықпен кіріскендіктен, академик С.Қирабаевтың басшылығымен дайындалған 1920–1930 жылдар әдебиетін қамтитын 7 том мен 1940–1950 жылдар әдебиетін қамтитын 8 том 2004 жылы жарық көрді.
Келер жылы 1960–1980 жылдар әдебиетін зерт­тейтін кез­де, Серік Смайылұлы Шериаздан Рүстемұлына ұсыныс жасады.
– Шәке, сіз қазіргі әдебиет­тің бірден-бір маманысыз ғой, қазіргі әдебиет­ті зерт­теу үшін сіз бізге керексіз. Гүлнарды қыздардың қасына жібере­йін, олар «Әдебиет­танудың тарихын» бірлесе жасасын, – деді.
Шериаздан ағай сөзге келмей, ұсынысты құп көрді.
Шерағаң бөлімге біржолата келгеннен ке­йін 9-томға белсене араласып, «Осы заманғы роман», «Ілияс Есенберлин», «Тахауи Ахтанов», «Әбдіжәміл Нұрпейісов» тәрізді тарауларды жазды. 10-томға өзі басшылық жасағандықтан, «Алғы сөз», «Кіріспе», «Роман», «Повесть, хикаят­тар» тарауларын зерт­теді. Бұл томды жазып шығу оңай болған жоқ. Әдеби процеске араласып жүрген қаламгерлерді жинай жүріп, тоқсаныншы жылдар әдебиеті туралы зерт­теуді аяқтады. Бұл томды жазуға Ә.Нарымбетов, А.Мархабаев, Ү.Уайдин, Б.Мамраев, Р.Тұрысбек, Қ.Әбдезұлы, М.Маданова, Ә.Сығаев, Ә.Қайырбеков, С.Байжанов, К.Бейсенбіқызы, Д.Рамазан, А.Қалиасқарова тәрізді авторлар тартылды. Нәтижесінде проза, повесть, хикаят, әңгіме, деректі әдебиет, сатира, фантастика, лирика, поэма, драматургия, Қазақ­стан халықтарының әдебиеті, әдебиет­тану, әдеби-көркем сын, қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстарына шолу тараулары мен әдеби өмір шежіресі, бибилиографиялық көрсеткіш жасалды.

31 қазанда жазушы, журналист, әдебиетші-ғалым, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Шериаздан Елеукенов тұрған үйге белгі-тақта қойылды. Алматы қаласындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан бұл үйде қаламгер 1993 – 2020 жылдар аралығында ғұмырын өткізген. Жиынға Кенжехан Матыжанов, Бауыржан Жақып, Мамай Ахет, Дастан Елеукенов, Қансейіт Әбдезұлы, Нұрдәулет Ақыш, Гүлжаһан Орда сынды белгілі ақын-жазушылар мен ғалымдар қатысып, ғалым жайлы жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Сол күннен бастап, өмірінің соңына де­йін Шериаздан Рүстемұлы тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері болды. Ағамыздың өзге қызметкерлерден негізгі ерекшелігі – ешқашан қолжазбасын сұратып, жыл соңына де­йін зарықтырып тостырған емес. Еңбек демалысынан келгенде жылдық жоспар бойынша жазылған қолжазбасын алып келетін және тоқсаныншы жылдары компьютер алғаш шыққанда үйреніп алғандықтан қолжазбасын өзі теретін.
Ағамыздың екінші ерекшелігі – әдеби процеске белсене араласып, жаңадан шыққан романдарды дер шағында оқырманға таныстырып, сын-рецензиялар жазып отыратын. Тоқсаныншы жылдары жазылған Б.Жандарбековтің «Сақтар», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», Қ.Исабаевтың «Шоң би», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Ә.Сараевтың «Еділ-Жайық», Х.Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер», М.Мағауиннің «Шақан шері», Б.Қыдырбекұлының «Алатау», С.Елубайдың «Мінажат», А.Мекебаевтың «Қазына сыры», Б.Мұқайдың «Өмірзая», О.Сәрсенбайдың «Шеңбер», Ж.Ахмадидің «Дүрбелең», Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романдарының бірде-бірі ғалым назарынан тыс қалған жоқ. Бұл үрдіс өмірінің соңына де­йін жалғасын тапқанын С.Елубайдың «Ақ боз үй», Ұ.Доспанбетовтің «Ел есінде», «Абылайдың ақ туы», С.Сматаевтың «Біз – құлмыз ба, кімбіз?», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» және басқа романдар туралы жазылған мақалалары мен зерт­теулері растайды.
Келесі ерекшелігі – мерзімді басылым бетінде мақаласы жиі жарияланатын баспасөздегі белсенді ғалымдардың бірі еді.
Ол әдеби процеске араласа жүріп, саяси науқандарға да үнемі үн қосып отырды.
Сонымен бірге ағамыздың әзіл-қалжыңы бірге жүретін. Ол кез­де ғылыми зерт­теу инс­титут­тарының қызметкерелері қаңтар-наурыз айларында жалақысыз отыратын. Бөлімде үлкен кісілер басым болғандықтан, жалақы түскен бойда қоңырау соғып, жалақының түскенін айтатынбыз. Үш ай күт­тіріп берген жалақымызды «бұл – жалақы емес, зарақы ғой, осынша зарықтыруға бола ма?» – деп жымиып күлетін. Сондай кез­дерде, «Біздің зейнетақымыз жетпей жатқанда, жалақысыз отырған жастар қалай күн көріп жүр?» – деп жоғары жақтағыларға ренішін білдіретін.
Ғалым өмірінің соңына де­йін апта сайын бөлімге келіп, төбе көрсетуді ұмытқан емес. Осының бәрі – бүгінде біз айтып жүрген адал табысын қанағат тұтып, адал еңбек еткен адал азамат­тың ісі.
Кезекті мерейтойларын атап өтуге басы бүтін қарсы болатын. 75 жасқа толғанын жоғары деңгейде атап өт­тік. Содан ке­йін ұзамай қызы Гүлжауһар, оның артынан баласының күйігіне шыдамаған Жаңыл апамыз дүниеден өт­ті. Баласындай алақанына салып, бар жағдайын жасаған апамыздың дүниеден ертерек өткені ағамызға оңай болған жоқ. 15-16 жыл жалғыз тұрып, өмірдің бар тауқыметін тарт­ты.
Институт­ты Уалихан Қалижанұлы басқарып отырғанда, 2014 жылы 85 жасқа толғанын республика деңге­йінде атап өт­тік. Конференцияда У.Қалижанов, Б.Мамыраев, Б.Әбдіғазиұлы, Н.Ақыш, С.Қорабай, С.Ананьева және осы жолдардың авторы баяндама жасап, мерекелік ақ дастарқан жайылды. 2019 жылы 90 жасқа толғанын қаншама атап өткізіміз келгенмен, өзі рұқсат бермеді. Бірақ бағдарлама жасап, кімдер сөйлейтініне де­йін анықтап қойған болатынбыз. 2020 жылдың наурыз айынан әлемді коронавирус (COVID-19) тажалы шарлап, содан ке­йін ағамызды қайта көре алмадық. Қиын кез­дерде өмірден өткендіктен, соңғы сапарға шығарып та сала алмадық. Институт­тың қазіргі басшысы К.Ісләмжанұлының басшылығымен 95 жылдық мерейтойын өзі жоқта атап өт­тік.
Шериаздан ағамның қасында ұзақ уақыт бірге жүріп, ақ батасын алғанымды өзім де байқамаппын. 2013 жылы баспаға кеткелі жатқан «Сөз сыры» деген кітабымның қолжазбасына алғы сөз жазып берді. 2016 жылы белгілі ақын, баспагер Қасымхан Бегманов ағамның «Дәстүр» баспасынан «Әдебиет­тің әлеумет­тік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында «Сөз құдіреті» деген кітабым жарық көрді. Онда ақын-жазушылармен бірге «Мырзабек Дүйсенов», «Шериаздан Елеукенов» атты ағаларыма арналған шығармашылық портрет­тер, жақын араласқан Ә.Нарымбетов, Т.Кәкішев, Ж.Ысмағұлов, Б.Майтанов тәрізді ұстаз ағаларым жөнінде жазылған естеліктер болатын. Өзі туралы жазылғандықтан ағайға кітабымды сыйладым, қолына тиген бойда түгел қарап шығып, «Зерделі зерт­теуші» деген 5 бет­тік мақала жазып, 2017 жылдың 22 мамыр күнімен қол қойған қолжазбасын беріп кет­ті. Сөзінің соңын: «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – ғалым Гүлжаһан Орданың «Сөз құдіреті» кітабы бүгінгі талапқа сай, соңғы жылдарғы көркем әдебиет шығармаларының өзекті мәселелерін тәуелсіздік биігінен зерделеген салиқалы, құнды еңбек», – деп түйіндеген екен.
Шериаздан Рүстемұлы – ғылым жолына алғаш бата берген бірінші сарапшым (оппонент), ұзақ жылдар бір бөлімде қызмет­тес болған жақын ағаларымның бірегейі еді. Ғалымның өмірден өткенше әдеби процеске белсенді түрде араласып, жаңа туындыларға сын-рецензия жазып отырғаны – ке­йінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. ХХ–ХХІ ғасыр әдебиеті туралы ғалым қаламынан туған зерт­теулер – филология, журналистика факультеттерінде оқитын студент­терге таптырмас құрал. Шериаздан ағамыздың әдебиет пен әдебиет­тануға сіңірген еңбектері дер шағында бағаланып, түрлі марапат­тарға ие болды. «Мағжан» ат­ты монографиясы үшін
ҚР Мемлекет­тік сыйлығын алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ат­ты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген болатын. Қазіргі таңда кітап оқитын ұрпақ тәрбиелеу – өзекті мәселелердің біріне айналды. Жуырда жұмысшы мамандығында оқитын жастарды кітап оқуға баулудың әдемі үлгісіне куә болдым. 2023 жылы ашылған бағдарлама аясында жыл сайын мерейтой иелерінің кітаптары оқушыларға оқуға беріледі екен. Олар шамалары келгенше бір шығарма жөнінде эссе жазып, облыстық байқауға қатысып бақтарын сынайды екен. 2024 жылғы мерейтой иелерінің кітаптарын оқыту, насихат­тау барысында Ж.Аймауытұлы, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ш.Мұртаза (Т.Рысқұлов туралы), Б.Соқпақбаев, Ә.Нұрпейісов, Г.Бельгер сияқты қаламгерлердің қатарында Ш.Елеукеновтің «Әт­тең дүние…» романы Алматы облыстық білім басқармасы, Облыстық әдістемелік орталығы, Қаскелең мәдениет колледжі, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана ұйымдастырған «Кітап оқы. Шабыт­тан – 2024» облыстық байқауда оқуға ұсынылған кітаптардың тізіміне еніпті. Тізімді көргенде қуанышымды жасыра алмадым.
Сонымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің филология және журналистика факультет­терінде ұзақ жылдар Диссертациялық кеңес мүшесі ретінде қаншама шәкірт тәрбиеледі. Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы министрі болған жылдары баспасөзге жасаған қамқорлығын шәкірт­тері ұмытпай, 14 қарашада журналистика факультетінде Шериаздан Рүстемұлының 95 жылдық мерейтойына арналған республикалық конференция өтпек. Бұл конференциялар – ұстаз-ғалымның екінші өмірі жарқын болатынының мысалы.

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты
Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және
көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір