Маңдай термен маржан терген
17.08.2022
310
0

Әуезов дәрісін тыңдаған сан алуан саңлақтардың санатындағы Сұлтанғали Садырбаев бүкіл ғұмырын қазақ ауыз әдебиетінің фольклорлық қазынасына бағыштады. Сексен үш жасында университет қабырғасында дәріс оқыған ұстаз-ғалым ұлы Мұхтардың нағыз аңыз шәкірт екенін танытты. М.Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің жетекшілік тізгінін ұзақ жылдар ұстады. Ұстаздықпен қоса әдебиет айдынында айқара жүзген Сұлтанғали Садырбаев көптеген оқулық кітаптарын да студенттерге тарту етті. «Фольклор және эстетика» (1976), «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1977), «Қазақ халық әдебиеті» (1990), «Халық әдебиетінің тарихи негіздері» (1992), «Жамбыл және фальклор» (1996), «Фольклор және публицистика» (2002) тәрізді оқулықтар мен монографиялар жазды. Университеттегі ұзақ жылғы ұстаздық жолда Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов, Бақтажар Бекішов тақылеттес ғалым-әріптестермен қанаттасып жүрді. Табаны күректей қырық сегіз жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және журналистика факультеттерінің студенттеріне «Қақақ халық әдебиеті» (фольклор) және «Шешендік өнердің творчествосы мен тарихы» пәнінен сабақ берді. Әрі «Қазақ фольклористикасы» ғылыми-зерттеу лабораториясының жетекшісі қызметін қоса атқарды. Бүгінде ҚазҰУ-дың бір дәрісханасы Сұлтанғали Садырбайұлының атында. Арнаулы аудиторияны оның белгілі сәулетші-архитектор ұлы Ғабит Садырбаев жаңғыртып, жаңалап тұрады. Филология ғылымының докторы, профессор, «Қазақстан ғылымына ерекше еңбегі сіңген қайраткер», Ыбырай Алтынсарин және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Назарларыңызға Сұлтанғали Садырбаевтың мың-сан шәкірттерінің бірі, өзі үлкен үміт артқан төл ізбасары Баян Анарбекованың эссесін ұсынып отырмыз.
Редакциядан

Әңгімені әріден бастамасам, тұзы кемдеу болатын сияқты… Майтөбенің етегіндегі бір шоқ гүлдей Бұрған ауылы атақты ақиық ақын Сүйінбайдың үрім-бұтақтарымен елге белгілі. Сол айтулы арқалы адамның шөбересі болып келетін Сұлтанғали аға Зүкен атты келіншегін Бұрғанға жерсіндіріп, өзі Алматыда қызмет бабымен тұрып жатты. Бастауыш сыныпқа сабақ берген Зүкен Кеңшілікова апайдың әдемілігіне жұрттың бәрі қызығып қарайтын болған ғой. Қолшашы беліне түскен, қызылшырайлының әдемісі қазақы қалпын сақтап, баршасына иіліп-бүгіліп тұратын кішіпейілдігімен, мәдениеттілігімен өзіне тартатын. Ағайын-туыстығы жағынан жақындығын малданып: «Маған «бес» қойыңыз» деп саусақтарымды көкке созатыным қызық еді. «Бізге туыс боп келеді» деп әкем Садақбай, шешем Шәрбану құлағыма құйып тастағандықтан да шығар, ол кісінің алдында өзімді еркін сезініп, еркелей сөйлейтінмін. Әліппенің бетін ашқан алғашқы оқу жылдарын Зүкен тәтемен тікелей байланысты. Апай бастауыш сыныптан бастап үлкен кластарға да сызудан сабақ беретін…
Білім бұлағының көзін ашқан Зүкен тәтенің сол бір сұлу қалпы әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Сымбатымен көз тартатын Зүкен Кеңшілікова тәтей (ол тұстарда әйел мұғалімдерді тәтей дейтінбіз) біздің ауылдан Жамбыл ауданына қарасты Жамбыл атындағы орта мектепке ауысып, сабақ беруін сонда жалғастырды. Сұлтанғали аға да Жамбыл ауылындағы мектепке орналасты.
Жылдар жылжып, өмір толқынында кемеміз алға жүзе бастады. Ақын ауылының перзентті болған соң, әдебиетке ықыласымыз көбірек ауып, сол саланың мамандығын меңгеруге тырыстық. Алғашқы жылы көздеген оқуыма түсе алмай, қажетті балл жинай алмай, тауым шағылып, ауылға қайттым. Жатақханада жатсам да аға мен жеңгенің үйіне барып тұрдым. Ғабит, Ғабиден, Ләззат есімді ұл-қыздары айран-асыр қуанып, көшеге ілестіріп әкететін. Балмұздақ жеп, ауыладағы алтыбақанға ойнап ой бір жырғап қалатынбыз. Әсіресе Ғабит ауылды аузына ала беретін. Өйткені ол Бұрғанда Тоғызбай атаның қолында өсіп, ауыл маңындағы табиғат тамашаларын ақ қағазға шимайлап, суретшілік қабілетін жетілдіргісі келетін. Бір атты кісіні келістіріп салып, «бұл Атшабар ата, сиыр бағып жүр» деп өзіне-өзі риза болып бәрімізге көрсететін. Ақыры сол Ғабит елімізге белгілі сәулетші болды. Небір архитектуралық жұмыстардың авторы атанды. Сонау үш жүздің басын қосқан Ордабасында қолтаңбасы бар…
Алғашқы талпынысым сәтсіз болғанда аға мен тәте: «Қамықпа, қарағым. жақсылап дайындалып, келесі жылы қалай да түсуге тырыс. Сенен әлеуетті әдебиетші шығады» деп намысымды қайрап, жігерімді жаныған еді…
Айтқандары айдай келіп, келесі кезекте ҚазМУ-дің филология факультетіне алдыңғыларының бірі болып іліктім. Жұртпен бірге жатақханада жатып, жан салып дайындалдым. Ара-арасында аға мен тәтенің ақыл-кеңесін алу үшін Қашқария көшесіндегі тап-тар (полуторка) үйлеріне барып тұратынмын. Әдеби, мәдени әлем жаңалықтарын судай сапырып Сұлтанғали аға арғы-бергіден көл-көсір әңгімелерді ағытады дерсің. Әлгі қуықтай тар бөлмелері кілең кітаптардың қоймасы. Дүние-мүлік жинау деген ол кісілердің ойларына кіріп те шықпайтын. Ол үйден арқаланып, өзімді кәнігі әдебиетшідей сезініп қайтамын жатақханаға.
Құдай сәтін салып, оқуға түскен соң да демалыс күндері олардың төрінен табылып тұрдым. Ауылдың амандығын жеткізіп, туған-туыстардың сәлемін жеткіземін баяғы. «Сен қыз аруақты ауылдың перзентісің. Өткен жылдың өкініші толды. Тыңғылықты дайындалған еңбегің жанды. Енді еш нәрсеге алаңдамай, елес қуып, қыдырып кетпей оқуыңды тәмамда» дегенді Сұлтанғали аға шегелеп айта беретін. «Бізге арқа сүйеп сабаққа салғыртсыма. Туыс болсақ та тұрмыс-тіршілігіміз бөлек» дегенді әмісе ескертетін. Талай-талай қазақтың мүйізі қарағайдай азаматтарын осы үйден көріп, ғибрат алдық. Зүкен тәтеміз жайған дастарханнан кімдер дәм татпады дейсің. Айтпақшы, тәтеміз дастархан жайған сайын: «Бұл ақ дастарханды Сұлтекеңнің ұстазы Мұхтар Әуезов сыйлаған» деп ақжарыла күлімдейтін.
Соншама қонақ күтіп, шаршап-шалдықса да Сұлтанғали аға таң сәріден тұрып, міндетті түрде киімдерін үтіктейтін. Әр күні кәстем-сымын, жейдесін, галстүгін үтіктемей сыртқа шықпайтын. Тәртіптің, тазалықтың символы еді ғой.
Бұйрық дегенді қойсаңшы, бірінші курстан кейін тұрмысқа шығып кетіп, ұл-қыздарымды көтеріп жүріп оқуды тәмамдадым. Сұлтанғали аға алғашында кішкене ренжігендей болды. «Сені ғылым соңына түседі ғой деп ойлап едім. Бірақ сен менің төл шәкіртіме сыңар болыпсың. Оны мен мектепте және университетте оқытқанмын. Қосағыңмен қоса ағар, бақтарың ашылсын» деп батасын берді. Университетті бітірерде дипломдық тақырыпты аға өзі ұсынды. Яғни, халық ақыны Әбдіғали Сариевтің шығармашылық қалам қуатын қаузауды тапсырды. Әбдіғали ақын туралы кең мағлұмат айтып, көп нәрсені құлағыма құйып берді. Жетекшім Мырзатай Жолдасбеков ағай болды. Сөйтіп Сұлтанғали ағаның ақыл-кеңесімен Әбдіғали Сариевтің шығармашылығы туралы диплом жаздым. Ақынның жарияланған және жарық көрмеген өлең-жырларын, дастандарын оқып, зерделеп, зерттеу жүргіздім. Ақын тұрған үйдің шатырынан қолжазбаларының кейбір бөліктері табылды. Көбісі арабша (төтеше) жазылған екен. Араб жазуын ажыратып жақсы оқи алатын Махамбет деген ақын жанды адамды тауып алып, үйде оншақты күн күтіп, арабша жазылған өлеңдерді аударттық. Ол жолма-жол ежіктеп аудара береді, жолдасымыз екеуміз сойдақтатып қағазға түсіре береміз. Өзі тауып берген, белгілеп берген диплом жұмысына Сұлтанғали аға рецензент болып мақтауын жеткізді. «Осы тақырыпты қаузай берсең, ғылыми атаққа жеткізеді» деп үлкен сенім артқан-ды. Бірақ отбасылық жағдай ғылым жолына түсуге мүмкіндік бермеді. Жеті жылдан астам кісі есігінде пәтер жалдап тұрдық, көшпенді күйін кештік. Кейде қол қалт еткенде жазуды сағынып кетіп, өлең, рецензия жазған сәттер болды. Соны естіген Сұлтанғали ағай бір күні үйіне шақырып:
– Азды-көпті жыр құрайды деп естідім. Қане, бір-екеуін оқышы, – деді.
Әдейі ала барған қалың дәптерімді парақтап, өлеңдерімді қымсына, қымтырыла оқи бастадым:
Гүлдей майысып күнде,
Алдымнан шығатындарым.
Жайыма қайысып мүлде,
Жанымды ұғатындарым.
Сағынып жетесіңдер,
Құшағыма жамырап бәрің.
Бейкүнә бөпесіңдер,
Болашақ шаңырақтарым…
– Болды, болды, түсінікті. Тоқ етерін оқышы. Лекциямен алысып жүріп төрт бірдей перзентті өмірге әкелгенің ерлікке тең. Ғылымды қуатын жөнің бар-ақ еді, амал қайсы, өмір заңы, шаңырақ құрдың. Оған да тәубе деген дұрыс шығар. «Сен енді өлең өлкесіне құлаш жая бер. «Жолын бөгеме» деп жолдасыңа ескертермін. Тағы қандай тақырыптарға түрен салдың? – деп бетіме пейілдене қарады.
– Сүйінбай ақынды аңсағандықтың белгісі болсын деп «Пәрменді жырдың пірі» деген дастан жаздым, – дедім өзімді кішкене еркін сезініп.
– Әр, әр жерінен теріп оқышы, – деп ғалым аға Сүйінбай деген сөзіме сүйсініп қалды. Дәптердегі шимайымнан дауыстап оқи жөнелдім:
Қырғыз-қазақ құрметтеп,
Қол қусырып тұратын.
Жүрегінде жыр көктеп,
Ән салтанат құратын.
Ата-баба дәулеті,
Асырайды деп білді.
Сырлы сөздің құдыреті,
Сансыз сапар шектірді…
– Тәуір, тәуір, тым тәуір! Осы жерден бір қайырып тастап, соңынан соқталы бір жерін естіртші, – деп аға мейірлене бастады. Ұнағанына қуанып, дауысымды көтере, біртүрлі желік бітіп оқи жөнелдім:
Қатағанмен бақ сынап,
Қағысқанын ел көрді.
Атажұртын жақсылап,
Айта алғаны жел берді.
Ел бірлігін салмақтап,
Алға тартты егіліп.
Қатағанға қармақ сап,
Жыр төгеді төгіліп.
Ынтымақ боп ұраны,
Елге арқа сүйеді.
Жұртқа жағып жыр-әні,
Бәрі басын иеді…
– Жә, жә, енді ең соңғы түйінін тарқатшы, – деп Сұлтекең әдеттегінше иегін көкке көтерді. Ішім жылып сала берген басым парақтарды асыға ақтарып барып, соңын әзер таптым да, қуана оқыдым дерсің:
Кескен кекіл, Күнбала,
Уәзипа мен Тәті қыз.
Түскен талай сынға да,
Ақын әйел-затымыз.
Сүйекең де солар мен,
Сөз сайысын жасаған.
Жан ерітіп жанармен.
Жыр мүсінін қашаған…
Жанын жырмен өртеген,
Жаратқанның пендесі.
Эпос шерткен ертеден –
Сыр сандығы кеудесі.
Өлең-өмір өлмейді,
Ұрпақ барда өскелең.
Сүйінбай боп сөйлейді,
Мәңгі ілесіп көшпенен!
– Дұрыс түйіпсің ойыңды, – деп манағы көтерілген иегін төмен қарай изеп қалды Сұлтанғали аға. Бір нәрсені құптағанда ол кісі ылғи осылай басын мойнына салып изейтін. Ағаның құптауына қуанып мен отырмын. Жүзімді тер басып кетіпті. Ағаның алдында өлең оқып тұрғаным осы…
Әрине, Сұлтанғали күткен межеден шыға алған жоқпын. Қол байлау тұрмыс тауқыметін көп кештік. Мұғалімдік орын табылмай, балабақшаны, Кітап палатасын жағаладық. Екі-үш өлең жинағым басылғаны болмаса, аңсап жеткен әдебиет әлеміне аттай шауып араласу аз болды. Төрт перзенттен өрбіген қарадомалықтардың қызық-шыжығымен «осығанда шүкір!» деген отбасына айналдық.
Сұлу сөйлеп, кербез киініп, қаланың кино-театрларына Зүкен тәтені қолтықтап апарып, сән-салтанатпен жүретін өмірі ертегідей ғылым маңғазын күн өткен сайын сағынамыз, еске аламыз. Тазалыққа, тәртіптілікке, жинақылыққа жаны құмар қайран ұстазға сағынышымыз басылмақ емес. Зерделі жинақтарын, зерттеулерін, кітаптарын парақтаған сайын жылы да мейірімді ағамыз ойға оралады…
…Мыңдаған шәкірттер тәрбиелеген тәлімгер ұстаз, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бата алған ауыз әдебиетінің ақжүрек білгірі Сұлтанғали Садырбаев ағай егер жер басып жүре тұрғанда, тоқсан жастың торқалы тойына куә болар еді. Тағдыр оған жазбады. Енді, міне, ел-жұрты еске алып, ұлағатты ғылыми еңбектерімен сусындау үстінде.

Баян АНАРБЕКОВА,
филолог

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір