НАЙЗАҚАРА-НАЙЗАҚАРА (Эссе)
03.06.2022
215
0

Осынау азаматпен мен қашаннан таныспын? Қашаннан доспын? Құдай-ау, есімде жоқ!.. Жоқ, бәрі де есімде… Мен онымен сонау балалық шақтан дос, сырлас сияқтымын! Бәлкім, өзіңді көзіңнен ұғып тұратын бұл азаматтың маған балалық шақтан таныс сияқты көрінетіні де бекер емес-ау! Тіпті көңілім мұңға батса, жан әлем жарасын жазатын, жанымды ұғатын нағыз Азамат деп біледі екенмін оны. Ішкі жан сырыңды айтатын, түсінетін дос іздейді адам. Мен сондай күндердің бірінде жолығысқандаймын досыммен – Ерекеңмен!

Отызға толмаған шағымызда Алатау бөктерінде, ару Алматы төрінде емен-жарқын сырласып кетіппіз. Мен – бойдақ, ол – үйлі-баранды жас отағасы. Сол бір жігіттік есерге толы, жастық әсерге елтулі күндер Жетісу жерінің жып-жылы ақжауынындай ерекше сезімге малтығып жүретін шақтар ғой ол… Қазір ай нұры түскен әлемдей көмес­кі күндер сәулелене тіріліп, ойға анық та қанық болып орала береді.
Оның заңгер екеніне де, білікті маман еке­ніне ол кезде жете мән де бермеппін. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақжарқын мінезі жастық күндердің қызуымен алып-ұштырып, жігіттік серілікпен серуендетіп жүрген дос-жарлар көңілін қимай, оларға еріп кететін сәттері де біздерді тәнті ете берсе керек. Ерекеңнің отбасылық жайына да, Таня-Тыңғандай жарының көңіліне де қарамай, «қиқуға ит қосып» жүрген шақтар. Соның бірде бірінде Ерекең «жоқ, жігіттер» деп тежеле бермепті, сүйген жары біздей «итқуған» Түкеңдей «итқапқан» дүрлерге қабақ шытпапты. Бүгінде өзіме сол жиырмабес пен отызында ерен болған Ерекең – сол Ерекең!..
Сол баяғы адам көңіліне қаяу түсірмес, дос көңіліне кірбің ұялатпас атпал азамат қалпы. Сәл-пәл салмағы артып, салиқалы тұрғыдан толысқаны болмаса, мінезі баяғы ақжауындай риясыз ашыла күлетін, шын жүрегімен тебірене сөйлейтін бірегей дос. Туған-туыс пен дос-жаранның арасында аңқылдай алдыңнан шығатын арда азамат.
Сері күндер мен сергелдең күндер қызы­ғы мен шыжығын қатар кешкен Ерекең ту­ралы бір оқиға естен кетер ме осындай мерейлі, мерекелі күнде?! Еріксіздіктен емес, Ере­кеңдей сирек досқа еркелегендіктен де еске алғым келеді. Ондай зәру де зүмәрзат күндер біз екеуміздің, сол күндерде бірге жүрген Түкеңмен үшеуміздің басымызда баршылық.
Түкең екеуміз Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық Ғылым Академиясы кітапханасынан бастап, Алматының төрт бұрышын «түген­ деп» шығатын «жорықты күндеріміз» де бір Көктөбе-тін… Жыл жарым бұрын шаңырақ көтергем, тұңғыш перзентті болған кезім.
Қош делік!..
Ерекең достың дос көңілін қимай, тау етегіне ерулеген бір кешті еске алайықшы! Найзақара шыңы етегіндегі кеш еді…

* * *
Мамыражай май көктемнің мұңсыз күндері еді-ау!..
Түс әлеті. КазГУ қалашығы. Заң факуль­теті.
Түкең бар, салып-ұрып Еркін Шажаұлы Дүсіповтің кабинетіне кіріп бардық. Құшақтар айқаса кетіп, аман-сәлем сұрасып жатырмыз. Еркін – Заң факультеті деканының орынбасары. Жас та болса лауазымды қызметте шаруаны шыр айналдырып, жастық жігермен, албырт та ашық жүзбен еңбек етіп жүргені бәрімізге де белгілі.
Ал біз «көксоққандар» ертең күн сенбі деп, жұмыстан сытылып шығып, серілік құруға жұма күні дөп келіп, дос азаматты қоса ертіп алуға келген бетіміз. Түкең «біздің Байғанин» деп аузынан тастамайтын, Ақтөбенің алма мойын бір аруына ғашық болып қалып, соған «құрық» салғысы келіп, жақын іні достары – Еркін екеумізді Төлегенге ерген Шегедей «атқосшы қылып» еріп жүруге қолқа салып, КазГУ-дың аспиранттар жатақханасы ауылына бір-ақ тартуға бел байлаған бір шағы… Ал ондайға келгенде жастықпен бе, мастықпен бе, екеуміз де қарсы емеспіз, қайта жанып түсетініміз бар.
Ол заманда жекеменшік көлік қат кезең. Түкең екеуміз де «ит аузына ағаш тығардай» болып, екі аяққа сеніп, такси-максиге ғана иек артып, желе-жортып жүретін кезіміз. Түкеңнің қолында – қашанда тастамайтын қоңыр дипломат-боқша. Боқша ішінде ұқыптап салынған қағаздары мен тіске басарымен «ащысу» жүретіні тағы бар. Барған жеріміздің бәрінде сайдауыл сарбаздай дайынбыз: дастарханды жайнатып, қыз-қырқынды қайнатып жіберудің қас шеберіне айналған «қасқырлармыз».
Ерекеңнің кабинетіне келген бетте бұйымтай әңгіме сырын Түкең бипаздап отырып жеткізді. Шын дос «қияметке дейін­» екенін әріден тарқата отырып, Ерекең дәл бүгін Ақбозатына қамшы басуы керек екенін, қызыл арғымақ «Жигулиіне» жамбастай отырып, дәп қазір жолға шығуға тура келетінін айтты. Мен де Ерекеңнің жұмыс уақытына қарамастан екінші жақтан тақымдап жатырмын.
Еркін дос та, «Ай, жігіттер-ай!..» деп, риясыз бір күліп алып, деканына бір ауыз айтып шығайын деп, «сүрбойдақ» сүргінге суыт аттануға белін буды. Түкең отыр Қыз Жібекке ұрын баратын Төлегендей түксіз жағын сипап… Мен отырмын «осы сапарымыз қалай болар екен» деп, күмән меңдеп. Ерекеңнің ойында дәнеңе жоқ, бізге сеніп жүр.
Әлден уақта Еркін де аспай-саспай жиналып, деканаттағы жұмыстарды хатшы қыздарға тапсырып, біржолата босап шықты. Сол бетте Ерекеңнің қызыл жигули «шохасына» отырып, елең-селең етіп КазГУ-дың аспиранттар жатақханасына тарттық. Жол-жөнекей дүкенге соғып, жигулидің артқы жағына ас қамын да жасап алыстық.
Отбасылы азаматтарға ұқсамаймыз үшеумізде… Көгілдір көктеммен желігіп, бәрін ұмытқандаймыз, бірақ көңілде үйдегі қалған жас жарларымызға деген алаң да бар! Баяғы бір бойдақтықтың бал күндерін кешіп жүрген кезіміз сияқты, біржолата «сүрбойдақ образ» кебіне еніп алғандаймыз.
«Үш бойдаққа не сорым» деп, «біздің Байғанин» атап алған аспирант қыздың бөлмесіне ойда-жоқта жетіп-ақ барғанымыз. Әй, жастық шақтың алды-артыңа қаратпас сондай қызуқанды, албырт, алкеуде сәттері де қымбат қой! Бағымызға қарай, Түкең көз салған сұлу бөлмесінде болып шыққаны. Ол да соқталдай үш жігіттен қысылып қалып, біздің тападай тал түсте суық та суыт жүрген жүрісімізден сескеніп, үрке қарағаны әлі күнге естен кетпес.
Атүсті таныстықта Ерекең «байғаниндік бойжеткеннің» ақтөбелік жерлес ағасы болып шыға келді де, қасындағы қос құрбысына шығыстық мен бөгде болып қала бердім. Салған жерден қыздарға жылдам жиналуларын талап етіп, ай-шайға қаратпай Алатау бауырына барып, көгалда тізе бүгіп, көктем шуағына шомылып қайтуға шақырдық. Түкеңнің көңілін қимаған байғаниндік үркек керім тау бауыры деген соң оңай келісімге келіп, екі құрбысын да емеурінмен көндірген еді. (Бүгінде ол қос құрбы қыздардың аты да ұмытылыпты мен жазғанның жадынан)
Қызыл тұлпарының тізгінін тартпай, еркін сілтеген Ерекең қасындағы арулардай жұтынған Алатау қайдасың деп, Фараби күресімен зымыратып келеді. Алған бетіміз – тап алқымына плотина салынған Найзақара шыңы, алып шың төбесінен үңілген Үлкен Алматы аңғары іші.
Найзақара десе – Найзақара ғой бұл заңғар!..
Бұл шың маған Алматыға аяқ басқан он алты жасымнан таныс, ғашық құз. Өзі көктүріктің көк сүңгісінің ұшындай сұсты. Мысыңды басады. Қас кербездей сұлу мүсін. Алматының қай тұсынан қарасаң да менмұндалап, таудың ұлы аңғары арасында сынадай үшбұрыштана көрініп тұратын жаратылыстың бір сыйы. Мамыр мен маусымда басында ақ сәлде қар жатады да, шілде мен тамызда сірескен қар-мұзынан арылып, көксұр ұшы көк аспанға шаншылып қалады. Туған жерім Алтайдың шың-құзы мен шат-шатқалын, сұлу табиғатын сағынғанда осы Алатау ішіне, шыршалы қыр-жонына шығатыным бар. Әсіресе Күршім өңіріндегі басын теңбіл ілбіс пен ақиық қыран ғана мекендейтін Құзғынды шыңын сағынғанда қарасұр Найзақараға келетінмін. Міне, қазір де құрбы қыздар серіктес болған достарды жаныма жақын сол Найзақарама қарай бұрып әкеткен едім. Алдыңғы орындықта, Еркіннің қасындамын, артқы жаққа Түкең үш сұлумен қысыла-қымтырыла жайғасқан. Түкеңнің тізесіне байғаниндік бойжеткен ақ балтырын, тоқ балтырын амалсыз қиялай артқан.
Тасқынға тосқауыл болар су бөгетінен де жылдам асып, қала ішіндегі қапырықтау ауадан тез арылып, аңғардың қоңыр салқын ауасы өрекпіген өкпені ашып-ақ жібергені. Көкжасаң шырша мен ақ қарағайдың шайыр иісі саф ауамен қосылып, санаңды сергітіп, бойыңды балқытады. Көкорай шалғын мен қызыл жоса-қынаның танауыңды тұщынтар жұпары жаныңа ерекше леп береді. Сақырап тау өзені арқырайды, жылға бойлаған бұлақ сарқырайды. Аппақ күн төбемізде жарқырайды.
Дүние де жас. Біз де жас! Дүниеде мас. Біз де мас!
Найзақара шыңының жайыла жатқан тап етегі. Етегін жапқан қалың шырша мен самырсын, су бойлаған тал-терек пен ақ қайың. Құстардың сайраған сан алуан дауысы – алтаумыздың жан-дүниемізді желпінтіп әкеткен.
Түкең де, Ерекең де жол жүргенде аса бір жайлы жандар. Пысықтықтары бір бөлек. Шың шұңғымасы – жұмбақ та жұмақ мекен-ді. Көліктің тұмсығын орманға жасырып тастап, ас қамына кірісіп те кеттік. Шыршалар арасына, көлеңкеге дастархан жайып, көлік ішінде жүрген көрпені шетіне тастадық. Қыздардың жатақханасынан ала шыққан шәугім мен шәйнекті тасошаққа қойдық.
Жас адамға ойын-күлкі – витамин. Ыру-дыру қала шуынан құтылып, жан рахатына бой ұйытып, мәре-сәре болыстық та қалдық. Көңіл көкжиегі шарасынан асып, бойды кернеген нәзік сезім тасып, тасқындай берген. Не бір әңгіме арқаулары ағытылып, неше қайтара шай ішіліп, неше қайтара тостар көтерілді… Қыздардың қызыл виносы мен біздің «аққайнар» таусылып қалып, Ерекең екі қайтара «Орбита» мөлтек ауданына мөлдіреген «көзжас» үшін барып қайтты.
Түкең көз салған сұлуын қолтықтап алып шырша аралап, армансыз сырласып, орман ішінің салқын ауасы мен Қыз Жібектің «ыстық демін» жұтқан Төлегендей әсерленгені анық-ты. Ал Ерекең екеумізге қасымыздағы асау құрбылар жалынан да сипатпады. Олармен ашық жарқын әңгіме ауанына ғана елтіп, «Түкеңнің серілігі үшін сергелдең сынақ – сынақ емес шуақ» деп, сыр бермеуге тырыстық.
Тау ішінде күн тез батады, кеш ерте қараяды. Найзақара етегі күн жасырынысымен жылдам суына бастады. Мамырдың май тоңғысыз күнінде қала жақтан жеңіл келген бәріміз дірдектей бастадық. Іңір ілінісімен аңғар бойлай суық ызғырық соға бастады.
Ымырт жабылып, сам жамырады.
Көк күмбезінде жұлдыздар жарқырағанша тау арасын қимадық. Осы бір керемет, салқын кешті қимадық! Қызыл жигулиге топтана кіріп, жылынып та алыстық. Әйтеуір, әрнені сылтау қылысып, ырғалып-жырғалып жүріп алдық. Ай туа ғана Найзақараға рақмет айтысып, қызыл жигулидің басын кері бұрдық.
Сол бетімізде қыздардың айтқанына көніп, КазМУ қалашығының жатақханасында отырысты жалғастыруға келістік. Түкеңнің көңілі тоқ, біз де оның риза-қош болғанына шала мас болып алғанбыз. Оқу соғып, қолжазба мүжіп, кітапхана шаңын жұтып, қыстан шыққан «көтерем» аспирант қыздар да Найзақара етегіне дейін серуендеп қайтқандарына мәз еді.
Жатақханаға түнделетіп келіп, ыстық тамақ ішіп, отырысты жалғастырып-ақ бақтық. Түн ортасынан ауып кетіп еді. Міне, сол сәтте Еркін досым Найзақара ызғырығындай оқыс мінез танытып: «Мен үйге кетем», – демесі бар ма?! Қыздар да, Түкең екеуміз де «жатақхананы жауып тастаған, есікті ашпайды, не болса да таңды күтейік!» дегенімізге қарамады. «Мен Тыңғанға уәде бергем, бөгде жерге қонбаймын. Кеттім!» деп балконға атып-ақ шыққаны. Құдай сақтағанда, біз екінші қабатта отыр екенбіз, ол бірден балконның белдеме темірлерінен асыла ұстап, төмен қарай салбырап тұрды да, секіріп-ақ кеткені.
Ал балконның тап асты баспалдақпен түсетін жертөле қабаттың қуыс ұрасы еді. «Тоқта!» деген менің жанұшыра айқайлағаныма мән беріп те үлгермеген досым сол төртбұрыш келген бетон ұраның шетіндегі жалпақ ернеуіне дөп түсті. Абырой болғанда, Алла қолдап, періште қағып ұра ішіне түсуден аман қалды. Екінші қабаттан секірген бойы тереңдігі үш метрдей ұраға құлағанда, мерт болмаса да, мертігіп қалар ма еді. Қайтер еді?! Ол күнде досымның салмағы тоқсан килодан жоғары еді ғой.
Әлі күнге дейін ойласам, жон арқам мұздап кетеді. Көз алдымызда атпалдай азаматты бес метрлік биіктіктен қапшықтай тастап жібергендей болып, көпе-көрнеу Найзақара құзынан итергендей болып көрінер едік. Бұл да бір жастық шақта қызуқандылықпен болған Еркін досымыз екеуміздің арамызда айта жүретін, жиі еске алатын естелік болып қалды.
Бүгінде мерейлі алпысыншы көктемінің күншуағына аяқ суытқан Еркін Дүсіповтің өзі де сол Найзақара шыңындай биік азамат, бірегей тұлға. Заң ғылымы саласында іргелі еңбек жасап, Заң ғылымының докторы, профессор болған, жас шағынан өзі таңдаған ғылым саласының білімпазы, білікті маманы, білімнен қол үзбей келе жатқан ұлағатты ұстаз.

Асқар АЛТАЙ, жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір