Адамның жаны барлық тілде сөйлейді
Әдебиет әуелі ұлттық болғанда, арғы жағы – адамзаттық. Біз бұл арада әдеби көркем шығармалар туралы айтып отырмыз. Қаламгер өзіне таныс ортаның, қоғамның, заманның келбетін ашып, мазмұнын береді. Ал соның ішінде адам жүреді. Адамның жаны барлық ұлтқа ортақ. Адамның жаны барлық тілде сөйлейді. Әдеби аудармалар сол үшін керек. Адам мен адамды жақындастыру үшін саясат пен экономикадан бұрын әдеби тараптар өзара тығыз байланыста болғаны абзал.
Біздің ақсақал жазушыларымыз осы күндері Совет өкіметін сағынып жүр. Неге? Өйткені Совет өкіметінің тұсында Одаққа қараған республикалардың қаламгерлері өзара тығыз қарым- қатынаста болды. Шығармалары 15 республиканың тіліне, оқырманы озық, мәртебесі үлкен өзге де шетел тілдеріне аударылды. Кітаптары шет елдерде жарық көрді. Мәскеудегі беделді басылымдарда жарияланды. Күреп тұрып қаламақы алды. Қазір соның бірі жоқ. Ақын-жазушылардың руханият әлеміндегі жалғастығы үзілген. Бір-бірімен дос, сырлас, сыйлас әдебиеттегі бұрынғы патриархтардың қатары мүлде сиреп кеткен. Кім не жазып жатыр – ешкім бұл сұраққа жауап іздеп елең етпейтін болды. Әйтсе де әдебиеттен өріс тілеп, көкжиекке көз салатындардан мүлде қол үзіп қалмаппыз. Мысалы, Шаһизада Әбдікәрімов, Кәдірбек Құныпияев, Әбділдәбек Салықбай, Мәлік Отарбаев, Армиябек Сағындықұлы, Гүлзат Шойбекова, Дәурен Берікқажыұлы, Ержан Алаштуған, Алпамыс Файзолла, Айнаш Қасым, Маржан Ершу, Саят Қамшыгер, Абзал Сүлеймен, Еділбек Дүйсен, Дүйсенәлі Әлімақын, Гүлнұр Қыранбайқызы, (т.б.) қатарлы қаламгерлер ағылшын, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт, қырғыз, ноғай, орыс, қытай тілдерінен тәржімалар жасап, әдебиетіміздің қорын біраз байытып тастады. Алайда жанкешті аудармашыларымыздың еңбегі бағаланып, олардың тәржіма саласындағы қызметі жүйеленбей-ақ келеді. Айта берсек әңгіме көп, осы арада тізгін тартып, Қазақстан Жазушылар одағына арнайы келген Түркісойдың ендігі Бас хатшысы Сұлтан Раевтың сапарына тоқталайық. Себебі Бас хатшының Қазақстан Жазушылар одағында отырып айтқан сөзінің бәрі біз жоғарыда көтерген мәселелерге жауап беретін сияқты.
Сонымен Қазақстан Жазушылар одағына Түркісойдың Бас хатшысы Сұлтан Раев келді. Сұлтан Әкімұлы – қырғыз сойынан. Жазушы. Сұлтекеңнің сөз ләмі бізге әбден жақты.
– Түркі ақын-жазушылары бір-бірімізден алыстап кеттік. Кім не жазып жүр – осы күні білмейміз, – дейді ол. – Сондықтан әдеби шығармашылық байланыстарымызды қалпына келтіруіміз керек, қоторманы (аударманы) жолға қоюымыз қажет.
Алдағы қазан айында Түркияда түркі дүниесі ақын-жазушыларының үлкен форумы өтеді екен. Түркісойдың сол форумға мұрындық болып отырғанын естіп қуанып қалдық. Форум барысында түркі ақын-жазушылары ұйымының нақты атауы анықталып, түркі қаламгерлеріне арналған сыйлық белгіленеді. Сол жиында түркі ақын-жазушылары одағының (бәлкім бірлестік, бәлкім конгресс) төрағасы тағайындалады. Содан кейін келесі бас қосуға дейін, мысалы, қазақ әдебиетінің Өзбекстандағы күндері, Қырғыз әдебиетінің Әзербайжандағы күндері өтіп, түркі тілдес қаламгерлердің өзара қарым-қатынасы қарқын ала түспек.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің тарапынан да Түркісойдың миссиясын күшейте түсетін ұсыныстар айтылды. Бас хатшы соның бәрін құп алды.
Қазақстан Жазушылар одағы түркі тілдес жас әдебиетшілердің форумын Түркістанда өткізуді жоспарлап отыр. Форумның Түркістанда болатынын естіп, Бас хатшымыз бас шұлғып ризашылығын білдірді. «Түркістан – біздің рухани астанамыз», – деп өзі де біраз толғанып ойлар айтты.
Түркісойда Дүйсен Қасейінов Бас хатшы болып тұрған кезде музыка саласына көбірек көңіл бөлінді. Нәтижесінде түркі өнерпаздары өзара жақсы араласып кетті. Әуелдесеңіз, Түркияны қазақтың әні мен күйі жаулап алды. Заманауи ырғаққа келтіріп өңделген қазақтың жырларын шалқыта жырлайтын түрік әншілері шықты сахнаға. Енді, міне, Бас хатшымыз – жазушы. Тәңірім қолдаса, қаламгерлердің де бағы жанғалы тұр.
Түркі жұрты, түгел болайық!
Д. Қасенұлы