Дауыстың түсі
Таяуда Түркияның астанасы Анкарада – Қазақстан Республикасының елшілігінде көрнекті қаламгер Мархабат Байғұттың түрік тілінде жарық көрген «Дауыстың түсі» атты әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Жазушының оқырмандарға белгілі шығармалары жинақталған кітапты Қазақстанның Түркиядағы елшілігі қаржыландырып, Еуразия Жазушылар одағының «Бенгу» баспасынан басылып шықты. Жинақты аударған ғылым докторы Эльмира Қалжанова, баспаға дайындап, ұсынған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев.
Тұсаукесерге Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Еуразия Жазушылар одағы, Түркі дүниесі өнерпаздары және қаламгерлері қауымдастығы, Әлем жазушылары және зиялылары қауымдастығы, Түркі дүниесі сәулетшілері және құрылысшылар қауымдастығы сынды шығармашылық орталықтардың мүшелері, Түркияның зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
Айтулы мәдени шараны Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев ашып, еліміздің ғасырлар қойнауындағы тарихи қалаларындағы өркениеттен сөз қозғай келіп, қазіргі Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси, сауда және экономикалық қарым-қатынастарға қаншалықты мән берілсе, мәдениет пен өнер саласына соншалықты көңіл бөліп отырғанын жеткізді. «Биылғы жылы елшілік тарапынан қазақ әдебиеті мен мәдениетін түрік жұртшылығына таныстыру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақтың ақтаңгер ақыны Сүйінбайдың 200 жылдығына орай Анкара қаласында “Сүйінбай Аронұлы” атындағы саябақ ашылды, түрік тілінде «Сүйінбай Аронұлы» атты кітап жарық көрді. Көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай әрі Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» роман-трилогиясын түрік тілінде сөйлеттік. Міне, сол игі істердің жалғасы ретінде бүгін қазақтың белгілі қаламгері, Оңтүстік Қазақстан өңірінің талантты тумасы Мархабат Байғұттың «Дауыстың түсі» атты кітабының тұсауын кесіп отырмыз. Қазақ әдебиетін Түркияда насихаттап, осындай ірі туындылардың жарық көруіне дәнекер болып жүрген Мәлік Отарбаевқа, кітапты аударған Эльмира Қалжановаға шын жүректен алғыс айтамын», – деді елші.
Қазақ әдебиетін зерттеп жүрген түрік ғалымы, Гази университетінің ғылым докторы Жәмиля Кынаджы жазушының «Дауыстың түсі» атты кітабындағы әңгімелерге шолу жасап, оның шығармаларының ерекшеліктері туралы баяндады.
Жиын соңында Елші Жансейіт Түймебаев баяндамашылар мен шығармашылық орталықтарының басшыларын Алғыс хатпен марапаттады.