Академиядағы жаңа бағыт: жаңғырулар мен жақсы бастамалар
05.11.2022
1049
0

Биылғы жыл –қазақ елі үшін өзгерістерге толы жыл болуда. Жылдың басы ауыр басталғанымен еліміз жаңа кезеңге аяғын нықтап басты. Ең бастысы саяси жаңғырулар басталып, Конституциялық реформа аясында Жаңа да әділетті Қазақстан құрудың қадамдары жасалды. Жуырда ғана араға 13 жыл салып Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Бұл да – Қазақстан тари­хының жарқын бір беті.

Еліміздегі игі істерге ІІМ Алматы академиясы да айтарлықтай үлес қосу­да. Ішкі істер органдарында жүзеге асырылып жатқан реформалар нәтижесінде полиция кадрларын оқыту процесінде елеулі реформалар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы: «Қазақ халқының тереңнен тамыр тартатын бай мемлекеттілік тарихы бар. Мыңдаған жылдар бойы Қазақстан аумағы алуан түрлі өркениеттердің даму жолы тоғысқан мекен болды, мұнда халықтар­дың ұлы көштерінің іздері жатыр. Біздің ата-бабаларымыз кең-байтақ Еуразия да­ласын игерді, төл материалдық және ру­ха­ни мәдениетін қалыптастырды. Бұл бі­ре­гей мәдениеттің жетістіктері күллі әлемде, оның ішінде, БҰҰ аясында да мойындалып отыр», – деген болатын. Бұл орайда ішкі істер органдары үшін рухани жағынан білімді де білікті кадр­лар даярлайтын ІІМ-нің іргелі оқу орны – М.Есболатов атындағы Алматы академиясындағы тарихи тағылымдар туралы айта кеткен жөн. Соның бірі де бірегейі – академияда Қазақстанда тұңғыш рет Қазақ мемлекеті көрсетілген Карта галереясы ашылды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, 15 жылдан астам уақытын дүниежүзінен Қазақ мемлекетін көрсететін көне карталарды іздеуге арнаған Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың бұл еңбегі Академия үшін баға жетпес байлық. Сондай-ақ автор Академияға Қазақстанның тарих толқынындағы үздіксіз мемлекеттілігі. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті. Атлас атты кітабын тарту етті. Аталған кітап Брюссельде қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл еңбектің еліміздің объективті және шынайы тарихын қалпына келтірудің белсенді үдерісі жүріп жатқан кезде маңыздылығы зор.
Шығармашылық үдерістің ең биік шыңы – ғылыми ізденіс. Академияда білікті профессорлар мен оқытушылар, оның ішінде тәжірибесі мол ғылым кандидаттары және докторлар (PhD) жұмыс істейді. Қоғам руханиятын жаңғырту белсенді жүргізіліп жатқан бүгінгі күні біздің ғалымдардың жетістіктері де айтарлықтай. Сондай-ақ Халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүрген ғалымдарымыз да бар.
Қазіргі уақытта елімізде жастардың өз еліне адал, білімді де білікті болып қалыптасып, бойына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіре отырып, жаңашылдықты таразылай білуге жетелеу аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай жастардың қоғамнан өз орнын адаспай тауып, Жаңа Қазақстан құруға белсене үлес қосатыны даусыз.
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ахметжанов Марат Мұратұлы оқу-тәрбие барысында полиция қызметкерлерін ұлтжандылыққа, отаншылдық пен салт-дәстүрімізді құрметтеуге баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғa етіп қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Біздің мақсат – тыңдаушыларға осы талаптарға сай білім беріп, сол арқылы Қазақстан полициясының беделін арттыру.
Академияда егемендігіміздің еңсесін биіктетуге бағытталған іс-шаралардың ішінде жастарды әдебиет пен өнерге баулитын тұрақты үрдіс бар. Полиция қызметкерлерінің халықтың рухани байлығы – әдебиетінен еркін сусындап, ғылыммен алаңсыз айналыс­уы үшін бізде екі кітапхана қызмет көрсетеді. Онда қызметкерлер әлем әдебиетінен бастап бүгінгі жазушылардың еңбегімен де таныса алады. Бұл жерде тағы бір ескере кететін жайт – полиция қызметкерлерінің кітапханаға баруға үнемі мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан биыл заман талабына сай цифрлық кітапхана аштық. Енді олар кітаптардың электронды нұсқасымен де танысып, керекті мәліметтерді оңай ала алады.
Биылғы жылғы атқарылған жұмыстардың тағы бір парасы – Алматы академиясында еліміз егемендік алған 30 жылдың ішінде қызмет бабында қаза тапқан академия түлектеріне арналған ескерткіш орнатылды.
Алматы академиясының алдына тұрғызылған мемориалды ескерткіштің тас тұғырына 32 полиция қызметкерінің есімі қашалып, ескерткіштің екі қанатына олардың суреттері қойылды. Бұл – Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында халық тыныштығы үшін құрбан болған әріптестерімізге деген құрмет. Мемориалды ескерткіш тасқа есімдері жазылған полиция қызметкерлері – өмірлерінің соңына дейін Отан алдында қабылдаған анттарына адалдық танытқан бейбіт күннің батырлары.
«Қазақстан полициясының патриоттық рухын көтеру жолында Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп жұмыс істеу мақсатында жыл басында жасалған меморандум аясында да атқарылған жұмыстар баршылық. Жуырда Қазақстан Жазушылар одағымен де өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы академиясының болашақтағы ынтымақтастығы біздің кадрлардың әдебиет арқылы рухани баюына өзіндік үлес қосады деп сенеміз. Өйткені әдебиет сөз маржанын терең түсінуге ықпал етіп, адам жүрегін жақсылық пен ізгілікке толтырады. Ал мұндай қасиеттер ішкі істер органдарының әр қызметкеріне ауадай қажет.
Адам әдебиет пен өнер туындылары, ұлттық салт-сана арқылы руханият­тылыққа қол жеткізеді десек, Жазу­шылар одағымен арадағы ынтымақтастық біздің академия тыңдау­шыларының әдебиет пен өнерге, сол арқылы ұлттық руханиятқа деген құштарлығын арттыра түсетіні даусыз.

Айдар САЙТБЕКОВ,
ҚР ІІМ Алматы
академиясының бастығы,
полиция полковнигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір