Заманға сай ықшамдалуы тиіс
24.05.2022
1920
0

2021 жылы балалар поэзиясы бойынша жарық көрген кітап саны мол. Оның ішінде мемлекет­тік тапсырыспен де, баспа тарапынан да, авторлардың жеке шығарған да кітаптары бар. Солардың ішіндегі айтулысы – «Атамұра» баспасынан шыққан «Балалар поэзиясының антологиясы».

Асылан Тілегенұлы

320 бет­тік жинақта тақпақтан бастап, жұмбақ, жаңылтпаш, айтыс, метаграмма, санамақ, мазақтама – бәрі-бәрі бар. Құрастырушысы – ақын Серік Әкірамұлы Қалиев. Дегенмен оған енбей қалған шебер қаламгерлердің бар екенін де айта кету керек.
Енді жекелей кітаптарға тоқталсақ… Ақын Серік Байхоновтың «Сара апамның сабақтары» жинағы балабақша тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін қосымша оқу құралы ретінде пайдалануға өте қолайлы екенін аңғарт­ты. Кітап бастан аяқ жүйелі жазылған, бөтен тақырып, бөгде жанр жоқ. Бастауыш сынып мұғалімдері үшін таптырмас оқулық.
Тани алсаң
Шучье жақтың шортанын,
Ол да саған мол таным.
Петропавл…
Павлодар мен Қорғанға,
Апарар ем…
Туған тілін ұмытып…
Кете ме деп қорқамын… – деген сынды мінезді шумақтар көптеп кездеседі.
Сейфолла Оспановтың «Қоңырау» кітабына өлеңдер, жаңылтпаштар мен жұмбақтар, аңыз-ертегілер топтастырылған. Балалар әдебиетіне бар ғұмырын арнаған ақсақалдың бұл еңбегі де – балалар үшін мол қазына. Бірақ суреті аз, мәтіні көп. «Әріптер – кім менен нені дәріптер?» топтасында:
«Утюкпенен жөндейді апам, біл, түсін,
Умаждалған көйлектердің қыртысын», – деген жолдарды оқығанда тосырқап қалғанымыз рас. У әрпінен басталатын Уыз, Уық деген сынды қазаққа ғана тән сөздеріміз тұрғанда, «Утюктың» бетімізді дуылдатып жібергенін айтпасқа болмас. Оның үстіне Үтік (кей өңірлерде Өтек) деген әп-әдемі қолданыстағы сөзі бар.
Нұртан Төлепбергенұлының журнал форматында шыққан «Қорқақ қоян, ашулы арыстан», «Қамқор болған баласына, Гүл сыйлайын Анашыма» ат­ты қос жинағы танымдық тұрғыда ауқымы кең. Ересектерге тосын, дегенмен балалардың түрлі анимациялық фильмдерден-ақ, кітаптардан танып алған аң-құстарды қаламгер жіті зерт­теген. Оның бәрін өлеңмен шебер өрнектей білген.
Серікбол Хасанның «Әкесінің қызы» кітабында әке мен қыз арасындағы сүйіс­пеншілік, ізгілік қасиет­терді қамтитын өлеңдері жарияланыпты.
Сатып алған жаңадан,
Самокаты самғайды.
Алып шықса далаға,
Балаларды баурайды, – деген сияқты балалар әлеміндегі жаңа технологиялар да біршама қамтылған.
«Қолыңды жу» өлеңі пандемия кезінде балалардың ұранына айналды десек қателеспеспіз. Өлеңге ән жазылып, «Балапан» арнасынан сәт сайын берілгені жадымызда. Балаларға арналған мөлдір жыр, шынайы тақырыптың осылайша ауыздан-ауызға таралып кетуі жедел. Кітаптағы «Баға» өлеңі тілі жеңіл, көркемдігі жоғары, жат­тауға да лайық.
Балалар әдебиетіне жас қаламгерлердің мойын бұруы қиын. Ара-тұра өтетін шығармашылық байқаулардың нәтижесінде ғана «тауып алатын» жастар да бар. Дегенмен жоғарыда аталған «Балалар поэзиясы антологиясы» жинағында біршама жас қаламгерлердің шығармалары қуант­ты. Антологиядағы Мирас Асан, Серікбол Хасан, Олжас Қасым, Мерей Қарт, Асылан Тілеген, Еділбек Дүйсен сынды жас қаламгерлердің топтамасы, негізінен, танымдық бағыт­та жазылған. Әрқайсысы бір-бір шағын кітап болуға жарап-ақ тұр.
Сыр өңіріндегі қаламгер Қуат Адистің «Дәрумендер дауасы» жинағындағы танымдық өлеңдер балалар түгіл, ересектерге де мол ақпарат береді. Қай жемістің қай ағзаға пайдалы екенін қос шумақ өлеңмен өрнектеген қызылордалық Қуат Адистің бұл жинағы, жалпы, қаламгерлік қуаты – дариядай тынып ағып жатқанын, алайда, арнасы кең екенін байқатады. «Хайуанат­тардың жыл басына таласуы» ат­ты әйгілі хикаят­ты балалар поэзиясына лайықтап жазуы да ұтымды шыққан. «Жабайы табиғатпен танысайық», «Төрт түліктің төлдері және Балақай», «Дыбыстар әлемі» ат­ты топтамалары бір-бір энциклопедиялық жинақ деуге тұрарлық. Қаламгер бұл шығармаларды жазуда танымдық ақпарат­тар төңірегінде біршама ізденгенін байқайсыз.
Бүлдіршіндерге айтарлықтай сый болатұғын осынау жинақтың республикаға таралмай, кітап саны облыс көлемінен аспай қалғаны – кітапқа қатысты жалқы өкініш. Алдағы уақыт­та Жазушылар одағы жанындағы Балалар әдебиеті секциясы аймақтағы қаламгерлерге де іздеу салып, жинағының шығуына мұрындық болса деген тілегіміз бар.
Қалампыр Кенжеғалиқызының «Балапан мен алақан» кітабы кішкентай бөбектерді туған жерді сүюге, салт-дәстүрді біліп өсуге талпындырады. Табиғат­ты тануға, жан-жануарларды сипат­тап түсіндіруге де баулиды. Балаларға арнап жазу мұқият­тылықты қажет ететін болса, бұл кітаптағы тақпақтардың ұйқасына да баса мән берген жөн деп есептейміз. Шын көркем шығармаға қойылар талап зор. Ол талап күн өткен сайын жаңарып келеді.
Саят Қамшыгердің боямақтар кітабының бүлдіршіндерге пайдасы зор. Кітапша ішіндегі жапсырма да, тақпағы да, боямағы да балаларды қызықтырмай қоймайды.
Мұзафар Әлімбаев атамыздың «Балдырған» журналы – балалар әдебиетінің бас кітабы» деген сөзін есепке алсақ, баянадамамыз үшін журналдың бір жылдық тігіндісін парақтап шығуымыз да маңызды. Себебі айына бір жарық көретін журнал 1 жылда өзі тамаша сурет­ті, мазмұны мәнді 12 бірдей кітапты тарту етеді. Журналда балаларға арналған өлеңдерге орын молынан берілген. Бір әт­теген-айы – журналды аша қалғанда-ақ «Кім тез жат­тап алады?» айдары тақпаққа зәру екені байқалады. Расында, қазір балаларға арналған түрлі өлеңдер мол кездескенімен тақпақ жанрының жазылуы кемшін. Бір оқығаннан-ақ жат­талып қалатын, сонымен бірге қазіргі заманғы технологияларды қамтитын тақпақтар керек-ақ. Мәселен, бала біткеннің қолындағы смартфон, самокат, гераскутер, ютуб сияқты тақырыптарды жоғарыда аты аталған қаламгердің кез келгені жаза алады деп ойлаймыз.
Көпен Әмірбектің бірнеше нөмірде жарияланған жаңылтпаштары, біріншіден, тіл жат­тықтыруға септессе, екіншіден, балаларға арналған өлеңге қояр талапты да игерген. Яғни әрі жаңылтпаш, әрі өлең. Мұндайды шебердің шебері ғана қиыстыра алса керек. Жас талапкерлерге осыны үйренбек ләзім.
Сонымен бірге журналдан Манарбек Қарекенов, Дина Бөкебай есімді жаңа авторларды да кездестіріп, өлеңдеріне тәнті болдық.
Жоғарыда аты аталған жинақтарды шолып шыққанда түйгеніміз – ықшамдылықтың жетіспеуі. Қазір балалар көретін мультфильмдердің өзі уақытын мейлінше қысқартуда. 15 секундтық Тик-Ток әлемі балаларды ықшам дүниелерге ғана назар аударуға үйретіп тастады. Ендеше, балаларға арналған өлеңдер де заманға сай ықшамдалуға тиіс деп ойлаймыз. Ұзақ-сонар хикаяттарды, микропоэмаларды оқыта алмайтынымыз анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір